Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ даласына тән дәстүрлі билік және билер институты

4093
Кез-келген өркениеттiлiк үлгiсi шеңберiнде этникалық құрылымның өмiр сүру тәжiрбиесiн ұдайы өндiрiс айналымына түсiрiп отыратын арнайы бiр мәдени үрдiс қалыптасатыны белгiлi.

Өз өркенін, екі бірдей отырықшы дүниенің арасын жалғауға дәнекер болған, еуразия далалық аумағының көшпелілер өркениетінен өрбітуші ортағасырлық дәстүрлі қазақ қоғамының бүгінгі заманғы тікелей мирасқоры болып табылар Сіз бен Бізге жеткен атамұра ұшан-қиыр. Десек те, Өзгенің дауы жоқ, шынайы қазақи, төл-де дербес саясиәлеуметтік құрылым, мәдениәлеуметтік құндылықтар қатарындағы дәстүрлі қазақ қоғамына тән билер институтының өркениеттілік ерекшеліктері жайында сөз өрбітер тұста, ең алдымен, белгілі бір мәдени үрдіс шеңберінде қалыптасатын билік формасы мен табиғаты, тарихи үздіксіздік пен логика, өмір сүру салтының философиясы секілді феномендерге көңіл бөлген абзал.

Кез-келген өркениеттiлiк үлгiсi шеңберiнде этникалық құрылымның өмiр сүру тәжiрбиесiн ұдайы өндiрiс айналымына түсiрiп отыратын арнайы бiр мәдени үрдiс қалыптасатыны белгiлi. Далалық көшпелiлер өркениетiнiң пайда болуы мен қалыптасуына ықпал еткен мұндай үрдiс, көшпелiлер мәдениетiнiң күре тамыры болып табылар қоғам мен табиғат арасындағы тығыз қарым-қатынастан келiп туындайды.

Демоәлеуметтiк организмдер (көшпелi қоғамдар) мен геоәлеуметтiк организмдердiң (отырықшы қоғамдар), көшпелiлер мәдениетi мен отырықшылық мәдениеттер арасындағы алшақтықты айқындар негізгі фактор — қоғамның саяси құрылымы мен ондағы билік институттарының ұйымдастырылу формалары. Отырықшы қоғамдардың саяси жүйесi негiзiнен таптық жiктелiске негiзделсе, көшпелi қоғамдарда әлеуметтiк жiктелiс анағұрлым күрделiрек. Мәселен, отырықшы қоғамдарда мемлекет белгiлi бiр таптардың экономикалық мүддесiн қорғауды қамтамасыз ету барысында пайда болса, көшпелi қоғамдағы мемлекеттiң генезисi қандай да бiр көлемдi әлеуметтiк организм немесе қандай да бiр шаруашылық-мәдени аймақты бiрыңғай әлеуметтiк-саяси қауымдастыққа интеграциялау үдерісімен тiкелей байланысты. Соңғы ретте әңгiме үйреншікті мемлекет ұғымы емес, саяси организмнiң, ең алдымен, әлеуметтiк-мәдени негiзiн бiлдiретiн мемлекеттiлiк ұғымы төңiрегiнде болып отыр.

Ұлттық тарихымызды талдау, саралау барысында зерттеудiң негiзгi нысаны ретiнде қандай да бiр жалаң, абстрактiлi өндiрiс тәсiлiн емес, қоғамдық дамудың әлеуметтiк-мәдени қырынан келгендегi ұдайы өндiрiсiн қарастыру тиiмдi.

Кез келген қоғамдық құбылыстың сан-салалы талдамасы оның туындау, пайда болу және әрi қарайғы дамуының iшкi мүмкiншiлiктерiн байқататын басты белгiлерi айқындала бастайтын уақыттан бас алады десек, болашақ билер институты үшiн мұндай белгi — көшпелi қоғамға тән қарым-қатынастардың бүккiл жиынтығын құрайтын ру-тайпалық құрылым едi.
Iргетасы рулар мен тайпалардан тұратын икемдi әлеуметтiк құрылым, оның iшкi оралымдығы, қозғалмалығы, демографиялық дамуға байланысты iрi тайпалардың аракiдiк шағын руларға бөлiнiп отыруы, жердi ұжымдасып пайдалану — осының барлығы ортақ территория, тығыз шаруашылық-экономикалық байланыстар, қандас-туысқандық қарым-қатынастар тәрiздi шынайы алғышарттар мен ру-тайпалардың генеалогиялық бiрлiгi тәрiздi мифтер арқылы беки түстi. Ендеше, мұндай қауымдастықтардағы әлеуметтiк байланыстардың негiзгi түрлерi бiрiншiден, қандас туыстыққа, екiншiден, рулық туыстыққа, үшiншiден, саяси-территориялық (тайпалық) туыстыққа тәуелдi болмауы мүмкiн емес едi.

Еуразия даласының геосаяси жағдайы, сондай-ақ әлеуметтiк-демографиялық, шаруашылық-экономикалық және саяси жағынан қуатты рулар мен тайпалардың жүйелi түрде бiрi бiрiнiң орнын басып, алдыңғы қатарға кезектесе шығып отыруы көшпелi ру-тайпалардың үстiнен қарап, олардың iшкi және сыртқы саясатын бiр iзге түсiретін iрi саяси-әлеуметтiк құрылымның пайда болуына алып келiп отырды. Осылайша аталмыш кеңiстiкте болашақ көшпелi мемлекеттердiң iргетасына айналған саяси бiрлестiктер — тайпалық одақтар қалыптасқан-ды. Мұндай бiрлестiктердiң басында ру және тайпа басшыларының бас қосуларында сайланған ықпалды және саяси қабiлетi мол харизмалы жетекшiлер тұрды да олардың әу бастағы қоғамдық қызметі сыртқы саясат мәселелерiне қатысты болды. Саяси бiрлестiктiң өз iшiнде болса, олар әлеуметтiк-саяси қарым-қатынастарды реттеумен қатар, қандай да бiр ортақ әлеуметтiк құндылықтар төңiрегiне топтасу тенденциясына да қызмет еттi.

Отырықшылыққа негiзделген мемлекеттiк құрылымдармен салыстырғанда көшпелi саяси бiрлестiктердiң территориясы оны құрайтын тайпалардың территорияларына сәйкес келмейтiн-дi. Себебi, iрi әлеуметтiк организм ретiнде тайпаның өзi iрiлi-уақты иерархияны құрайтын ұсақ бөлшектерден — рулардан тұратын. Мұндай әлеуметтiк стереотип жеке адамның өз орнын осы тектес әлеуметтiк микроорганизмдер арқылы, солардың сандық және сапалық күш-қуаты арқылы ғана анықтай бiлуiне алып келдi-де, бұл өз кезегiнде қайсiбiр рулар мен тайпалардың ықпалы ең алдымен олардың арасынан шыққан жекелеген саяси қайраткерлердiң, яки билердiң жеке басының беделiне тәуелдi болуын алғы шарттады.

Көрiп отырғанымыздай, қоғамдық өмiрдi тарихи түрде дендеп алған ру-тайпалық құрылым жекелеген әлеуметтiк организмдердi басқаратын тұлғалар арасында өз саяси ықпалын күшейту үшiн күрестiң ерекше үлгiсiн қалыптастырды. Осының әсерiнен, әрбiр ру-тайпалық бiрлестiк iшiнде бiр жағынан әлеуметтiк-саяси бiрлiктi сақтауға деген ұмтылыс, екiншi жағынан азды-көптi тәуелсiздiкке қол жеткiзiуге тырысқан саяси шашыраңқылық тенденциясы қатар өмiр сүрдi. Мұндай қарама-қайшылықты саяси-әлеуметтiк ұмтылыстар, алғашында тайпалық одақтың, кейiннен мемлекеттiң орталық басқару буынындағылар (хандар) мен тайпалық одақты құраушы жекелеген әлеуметтiк-саяси құрылымдар жетекшiлерi (билер) арасындағы саяси бақталастықтың әсерiнен тiптi күрделенiп, күшейiп отырды. Бiреулерi тура не жанама түрде келiп, бiрiгудi қолдады, ал бiреулерi «тәуелсiздiк» ұранымен «ыдырату» жолын таңдады. Онда да, қандас-туысқандыққа негiзделген микросаяси-деңгейде түрлi әлеуметтiк топтар (отбасылар, рулар) нақты экономикалық мүдделер негiзiнде бiрiксе, ал мифтiк-генеалогиялық туыстыққа негiзделген макросаяси-деңгейде әр қилы iрi әлеуметтiк құрылымдарды (тайпалық одақтар, мемлекет) экономикалық мүддемен қатар әскери-саяси мүдделер-де бiрiктiрдi.

Көшпелiлердiң қоғамдық құрылысының жекелеген элементтерi және бұл элементтердiң қоян-қолтық қызметi барысындағы өзара арақатынасы, белгiлi бiр нақты қоғамдық-экономикалық және саяси-әлеуметтiк жағдайларға байланысты өзгерiп отырды. Бiршама тұрақты кезеңдерде көшпелi әлеуметтiк құрылымдар өздерiнiң шаруашылық-экономикалық мүдделiлiктерiне сай бiр-бiрiнен алыстап, тайпалар мен рулар арасындағы қарым-қатынас әлсiреп, территориялық байланыстардың маңызы кеми түстi. Орталық тайпааралық билiк пен басқару институттары жойылып кеткендей болып отырды. Ағымдағы мәселелер, рулар мен тайпалардың анағұрлым ықпалды жетекшiлерi, яки билер арқылы шешiлдi.

Соғыстарға, ауа көшу немесе қоныс аударуларға байланысты тұрақсыз кезеңдерде, көшпелi қоғамдық құрылымдар жылдам және сапалы түрде қайта құрылып, әскери-саяси мүдделер алдыңғы қатарға шықты да, шаруашылық-экономикалық мүдделiлiктер, оның iшiнде әлеуметтiк негiздегi руаралық және тайпааралық қақтығыстар жоққа сайып отырды. Осыдан келiп рулардың, тайпалардың бiрлiгi күрт жоғарылап, бүкiл көшпелi организм бiртұтас күшке айналды. Орталықтандырылған билiк, басқару аппараты пайда болды.

Сондықтан да болар, ру-тайпалық әлеуметтiк құрылым келе-келе мемлекет тәрiздi табиғаты аса күрделi қоғамдық құбылыстың өзiне әсер етiп, рухани-дүниетанымдық ықпалы бар күшке айналды. Тап осы руханишылдық және дүниетанымдық қасиет ру-тайпалық немесе жүздiк форманың өмiршеңдiгiне соқтырды. Осы тұрғыдан келгенде, қазақтардың орта ғасырлар мен iшiнара жаңа замандағы саяси қарым-қатынастарының бүкiл мазмұны, ру-тайпалық әлеуметттiк құрылымдар мен мемлекет институты арасындағы тепе-теңдiктi сақтауға негiзделген десе болады.
Отырықшылыққа негiзделген мемлекеттiк құылымдармен салыстырғанда көшпелi саяси бiрлестiктердiң территориясы оны құрайтын тайпалардың территорияларына сәйкес келмейтiн-дi. Себебi, iрi әлеуметтiк организм ретiнде тайпаның өзі iрiлi-уақты иерархияны құрайтын ұсақ бөлшектерден — рулардан тұратын. Бұған қоса, қазақ қоғамының құрамында екi iрi әлеуметтiк топтар болды: Шыңғыс хан ұрпақтарынан тұратын аристократиялық «ақ-сүйектер» тобы және қарапайым тұрғындардың басым көпшiлiгiн басын қосқан «қара-сүйектер» тобы.
Ру-тайпалық құрылымға негізделген дәстүрлі қазақ қоғамындағы ру мен ру, тайпа мен тайпа, жүз бен жүз арасындағы шаруашылық-экономикалық себеп-салдарлы қақтығыстарды реттеп отырушы бiрден-бiр күш — билер институты болған-ды. Iс жүзiнде қазақ қоғамындағы «ақсүйек», «қарасүйек», «төре», «қарашы» құрылымдары мен «сұлтан», «би», «батыр», «бай, «төлеңгiт» тәрiздi әлеуметтiк категорияларды алғаш рет талдаған Е. Бекмахановтың пiкiрiнше, қазақ қоғамындағы билер айрықша құқықтық және экономикалық артықшылықтарға ие билеушi топ өкiлдерi. Ақсүйек тұқымы боп есептелетiн сұлтандармен салыстырғанда билер көшпелi қауымның өз ортасынан шыққан ру-тайпаигi-жақсылары[1, 75].

Билердiң саяси ықпалы олардың сан жағынан басымдылығы мен қарамағындағы рулардың қуаттылығымен анықталып отырды. Қазақ ұлыстарында билер ерекше құқыққа ие болды: олар сот, әкiмшiлiктiк және әскери билiктi iс жүзiне асыра, сұлтандармен қатар жалпымемлекеттiк басқару iстерiне араласып отырған. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер институты өкілдерінің бойына тән негізгі төрт лауазымды қасиеттер:
 әскери қолбасшы
 әкiмшiлiктiк тұлға
 төрешi
 дала аристократиясының өкiлi
Билердiң саяси салмағы едәуiр болғаны соншалық, кей жағдайда, тіпті ханның өзі аталмыш институттың беделді өкілдерімен, ақылдаса отырып, хан кеңесiнде қарастырылған мәселелер шешімін біріге қабылдап отырған.
Соғыс және бiтiм мәселелерiнде байланысты сыртқы жаумен келiссөздерге көбiне билер жүргендiктен, түпкi шешiмдi шығару сөз саптаған шешен-билерге жүктелгенi даусыз. Тiптi, хан сайлау тәрiздi аса маңызды қоғамдық рәсiмдi атқару сонау Шыңғыс ханнан бастап негiзiнен билер атқарып келгенi, ақиқат. Керек болса, хандық институтының қашанғы әлеуметтiк негiзi болып келген сұлтандар тәрiздi әлеуметтiк категорияның өзi қоғамдық салмағы жөнiнен билер hәм батырлармен тең түсе алмай қалған едi. Осыған жүгiне келiп, белгiлi ғалым Салық Зиманов «билер — қоғамдық құрылымда сұлтандардан бiр саты төмен орналасқан ру шонжарлары» [2, 193] деп атаған. Билердiң беделi сонша мықты болғаны, руаралық дауларды шешу негiзiнен олардың мойнына жүктелетiн.
Әрине, билер руаралық, тайпаралық дауларды шешу барысында тек сот мәселесiмен шектелiп қоя бермеген. Олардың басты мiндетi барлық ру-тайпалардың мүдделерiнiң тепе-теңдiлiгiн қамтамасыз ету. Яғни, саяси тұрақтылықтың бұзылуына жол бермеу. Мәселен «Жетi Жарғының" бiр бабында: «Хандар мен сұлтандар, ақсақалдар мен рубасылар күздiң күнi даланың орта кiндiгiнде жиналып, халық мәселелерiн талқылауы тиiс» [3, 370] делiнген. Соған қарағанда, қазақ қоғамындағы билiк өкiлеттi болса керек. Аталған халық маслихаты — хан немесе сұлтандардың жеке басы мәселелерi үшiн емес, ал жалпыхалықтық мүдделерге жауап беретiн маңызды мәселелердi шешуге жиналатын. Олай болса — ортағасырлық көшпелi қоғам — қазiргi заман талаптарына сәйкестiрiлген демократиялық саяси жүйе. Саясаттану ғылымында мұны плебесцитарлық, яғни «тiкелей бұқаралық" демократия деп атайды.

Айтылған жәйттердан шыға отырып, ортағасырлық қазақ қоғамының әлеуметтiк құрылымында билер хан, сұлтан тәрiздi әлеуметтiк топтардан кейiн орналасқанымен, iс жүзiнде олардың қолына бүкiл iшкi саяси-әлеуметтiк билiк тетiктерiн шоғырландырған және нақты iс-әрекетке қабiлеттi бiрден-бiр қоғамдық институт рөлiн атқарды деуге толық мүкiндiк бар. Мұның дәлелi ретiнде халықтың ауызша тарих айту дәстүрi туындыларын кеңiнен тарта аламыз. Мәселен, ескiнiң жолын жоқтап, хан институтының Әз-Жәнiбек, Қасым хан, Хақназар, Есiм замандарындағыдай қуаттылығын, аңсаған, елдiң өз бiрлiгiнен айрылғанын осы хан билiгiнiң дағдарысынан көрген Бұқар жыраудың (1668–1781 жж.): «Ақтың жолын күзетпей, жамандықты тұтқан жұрт. Мамыр асып, бай болып, байсал тауып жортқан жұрт. Ханға тiзiгiн салмады, хан жарлығын алмады. Баяғыдай баршындап, бiрауызды болмады» " [4, 84] — деп күйзеле жырлайтыны бар.

Билер билiк басындағылар мен бұқара халық арасындағы тiкелей және керi байланысты iс жүзiне асырушы негiзгi саяси құрылым болды. Олардың мiндетi тұрғындардың талап-тiлегiн саяси жүйеге жеткiзiп, қоғамдағы саяси-әлеуметтiк тепе-теңдiлiк күйiнiң бұзылуына жол бермеу. Би институтының арқасында қазақ қоғамы бiр қалыпты күйде қызмет етiп, дағдарысқа ұшырамады. Бұған септiгiн тигiзген келесi факторлар:
 Билер қазақ елiнiң бүкiл аумағы бойынша тармақталған саяси институт болды, сол себептен олардың iс-әрекетi қоғам мүшелерiнiң басым көпшiлiгiн қамтып отырды;
 Билер халық арасынан сайланатын болғандықтан, хандық билiкке тосқауыл болды. Билердiң қолында әскери, саяси-әкiмшiлiктiк, сот және заң шығарушы билiк тетiктерiнiң шоғырлануының өзi хандық билiктi тежеуге ықпалын тигiзiп отырды;
 Құрылтайда әрбiр жүз немесе ру-тайпаның мүддесiн белгiлi бiр би қорғағандықтан, аумақтық мүдделердiң өзара тепе-теңдiлiгi қамтамасыз етiлетiн;
 Билер қоғам мүшелерiн сот үкiмiнiң шешiмiн бұлжытпай орындауға жоғарыдан «қысым көрсетiп» мiндеттемеген.
Өз төркінін ежелгі түркінің «бек» және «бей» сөздерінен өрбітер «би» этимологиясы негiзiнен «басқару», «билеу», «билiк ету» ұғымдарын бiлдiредi.
Тарихи материалдардың жан-жақты сараптамасы негізінде, көшпелi тұрмыс-тiршiлiк үрдiсiне сүйенген қоғам жағдайындағы билер институты [5] — мұрагерлiк заңына негiзделген дәстүрлi бекзадалық билiк, хандық институтына қарағанда, халықтың қайнаған ортасының өзi тарихи қалыптастырып шығарған демократиялық билiк тұтқасы ретінде бағалана алатын институт-дәстүр деуге тұрарлық.

Өзiнiң XVIII-ғасырдағы дәстүрлі қазақ қоғамына тән классикалық үлгiсiне дейiн билер институты бiрнеше сатыдан өттi:
 қазiргi Қазақстан территориясында қалыптасқан көшпелi қоғамдардың ерте кезеңiндегi, ақсақалдар кеңесi, ру-тайпалық құрылымның өзiн-өзi басқару тәрiздi қоғамдық тетiгi ретiнде бек, би институтарының пайда болуының негiзгi алғы шарты болып табылды;
 ерте орта ғасырларда бек, яки билер институты ру-тайпалардың бетке ұстар игi-жақсыларынан құралып, бекзадалық қаған билiгi жүйесiнде халық тарапынан өкiлдiк етушi әлеуметтiк тетiк рөлiн атқарды. Бұл тұста бек, яки билер институтының аражiгi әлеуметтiк өмiрдiң жоғарғы сатысында тұрғандардан да, төменгi сатысында орналасқандарынан да нақты ажырамаған;
 орта ғасырлардағы көшпелi қоғамдар үшiн билер институты — бекзадалық хан билiгiнiң халық тарапынан қолдау көруiн қамтамасыз етушi саяси тетiк. Алайда, бұл дәуiрде билер институты хандық институтынан iргесi ажыраса да, бұқара халықтан әлi нақты бөлiне қоймаған-ды, сондықтан да сөз болып отырған кезеңде би институты «батыр», «жырау» институттарымен тығыз астасып жатыр;
 кейiнгi орта ғасырлар үшiн хандық институтына да тәуелсiз, халықтың қалың топтарынан да дербес билер институты тән. Бұл тұстағы билер институтының тарихи функциясы — бiр жағынан ру-тайпалық қарым-қатынастарды реттеп отырушы әлеуметтiк тетiк, екiншi жағынан аристократиялық хан билiгi мен демократиялық халық билiгiн теңдестiрiп отырушы саяси тетiк.
 ал ендi, көшпелi қоғам жағдайындағы сонау ерте замандардан бас алатын ғұрыптық сот билiгiнiң бүкiл тарихи тәжiрибиесiнiң жинақталып, саяси-әлеуметтiк тиiмдiлiгi барынша жетiлдiрiлген, классикалық түрi — XVIII-ғасырдағы дәстүрлі қазақ қоғамына тән билер институты болып табылады.
ХVIII-ғ. қазақ қоғамындағы билер институтының аса елеулi маңызы әлсiн-әлсiн жиналып отырған халық құрылтайларынан көрiнiс табады. Осындай құрылтайлардың бiрiнде қазақ тарихының ежелгi дәуiрлерiнен бастап ауызша тарих айту дәстүрі арқылы берiлiп келе жатқан дағдылы әдет-ғұрып нормаларының, оның iшiнде «Есiм ханның ескi жолы», «Қасым ханның қасқа» жолы тәрiздi ауызекi ғұрыптық құқыққа негiзделе отырып жүйеленген, әркелкi ғұрыптық нормалар бiр iзге түсiрiлiп, реттелген заңдар ережесi «Жетi жарғы» қабылданғаны белгiлi.

«Жетi жарғының" пайда болуына Жетiсудың жау қолына өтуi себептi қазақ ұлыстарының (жүздерiнiң) тарылып кеткен жайылымдық жерлер үшiн өзара қырқысы және береке-бiрлiгiнен айрылған елдiң басын қайта қосып, бiр орталықтандыру мақсатында әрекет еткен Тәуке ханнның белсендiлiгi алғышарт болды. Десек те, ақсүйек тұқымдарының өзара қырқысынан берекесi кетiп, күйзелген халықтың басын қосып, ру-тайпа, жүзаралық дау-дамай, жанжалдарды тиып, «Алтын ғасыр» орнатқан Тәуке хан, елдi өзi Түркiстанда отырып, ұлы жүзге тағайындалған Төле би, Орта жүзге қойылған Қазыбек би, Кiшi жүзге бас етiлген Әйтеке билер, ал қалған ұлыстарды ұлыс билерi арқылы басқарған.

Алайда орыс тарихшысы А. И. Левшин аталған үш бидiң хан тарапынан тағайындалып қана қоймай, халық тарапынан сайланғанын да айтып өтедi [2, 165]. Соған қарағанда, Тәуке хан, қазақ қоғамының дәстүрлi әдет-ғұрып құқығына ғана емес, ел басқару үлгiсiне-де үлкен жаңалық енгiзген. Себебi, әңгiме, ақсүйек хан тұқымдарының қарадан шыққан ел көсемдерiн мойындап, ел басқару тiзгiнiн алғаш рет өз еркiмен бөлiсуi туралы болып отыр.
Билердiң халық тарапынан сайлануын Қазанғап Байболұлының «Төле бидiң тарихы» дастанында [6, 185] келтiрiлетiн мәлiметтер-де растай түседi. Мәселен, Төленiң әкесi Әлiбек Ұлы жүздiң «сөз тияр» игi-жақсыларының арнайы жиынында би сайланған. «Төле бидiң тарихында» Әлiбектiң әкесi, Төленiң атасы Құдайбердiнiң де би болғаны айтылады: «Би сайланған Әлiбек, Құдайбердi биден соң, опат болып жасында, Құдайменде, ағасы»….. Сол сияқты Қаз дауысты Қазыбектiң әкесi Келдiбек те, баласы Бекболат та би болған кiсiлер.

Патша шенеунiгi Д.Андренiң жазбаларына қарағанда, бидiң мақсаты «кiнәлiнi жазалау емес, тәртiпке шақырып, дау-дамай, жанжалдардың ушығып кетуiне жол бермеу, ауылдың, елдiң тыныштығын сақтау… Одан басқа, сот-билердi, әскербасы-билермен шатастыруға болмайды. Соңғыларының мiндетi бiлгiрлiгiмен қол бастап, халықтың қамын ойлау, отандастарын жаудан қорғау» [7, 124–125]. Д, Андре би лауазымының мұрагерлiкке еш негiзделмейтiнiн арнайы атап өтедi.
Мемлекеттiң саяси және әлеуметтiк құрылымының ғұрыптық құқық негiзiнде жүзеге асырылуын қамтамасыз етушi бiрден-бiр әлеуметтiк құрылым ретiнде билер институты қоғамдық күштердiң арасалмағын теңдестiрушi тетік рөлiн атқарып, қоғам дамуындағы бүкiл саяси-әлеуметтiк қарым-қатынастарды реттеп отырған. Сонымен бiрге, қазақ қоғамындағы билер институтының ерекшелiгi, оның мемлекеттiк басқару институттарымен тығыз байланыса келiп, билеушiлер мен бұқара халықтың белгiлi бiр саяси-әлеуметтiк құндылықтар төңiрегiнде топтасуын қамтамасыз етуімен сипаттала алады. Яғни, билер институтының дәстүрлi қазақ қоғамындағы тарихи қызметі негiзгi үш саланы қамтыған деуге толық негiз бар:
 қоғам iшiндегi көлбеу қарым-қатынастарды реттеушi әлеуметтiк құрал — бұл билер институтының әлеуметтiк өлшемi;
 қоғам мен оның мемлекеттiк жүйесi арасындағы жоғарылы-төменді қарым-қатынастарды реттеушi саяси құрал — бұл билер институтының саяси өлшемi;
 қоғамының дәстүрлi рухани мәдениетiн сақтауды, жаңғыртуды және одан әрi дамытуды қамтамасыз етушi мәдени және рухани құрал — бұл билер институтының идеологиялық өлшемi.
Дәстүрлі қазақ қоғамына тән билер институты, көшпелi қоғам жағдайындағы сонау ерте замандардан бас алатын ғұрыптық сот билiгiнiң бүкiл тарихи тәжiрибиесiнiң жинақталып, саяси-әлеуметтiк тиiмдiлiгi барынша жетiлдiрiлген түрi болып табылады. Билер институт-дәстүрі тек қана ғұрып құқығы мен әдет заңдарына ғана емес, сонымен қатар белгiлi бiр дәрежеде жазба құқықтық жүйеге келтiрiлген билiк шешiмдерi үлгiлерiне арқа сүйеген құқықтық институт-деңгейiнен көрiне алды. Ал патша үкiметiнiң қазақ даласында кеңiнен жүргiзе бастаған саяси-әкiмшiлiк реформалары жағдайында, билер институты негiзiнен сырттан таңылған, қазақ қоғамының саяси-әлеуметтiк психологиясына жат құқықтық нормаларға балама тұжырымдар ұсыну және көп ретте өз пiкiрiмен санасуға мәжбүр ету арқылы қазақтың дәстүрлi құқықтық сана-сезiмiн сақтауға, дамытуға ұмтылған-ды.
Көшпелi қазақ қоғамында заңның орны айрықша болды. Даналықты пiр тұтқан қазақ халқы заңды немесе халықтық дәстүрлердi тұрақтылықтың көзi және тәртiптiң алғышарты ретiнде қарастыратын. Заң әдiлеттiлiк, ар, ұят, намыс немесе адалдық сияқты түсiнiктерге пара-пар басты құндылық болды. Содан болар, қазақ халқы парасаттылық пен имандылыққа табынып, адамгершiлiктiң «ала жiбiн» аттамауды ұрпақтан ұрпаққа аманат-өсиет етiп келедi.
Қазақ халқының құқықтық мәдениетiнiң берiк iргетасы — әдет-ғұрып құқығы нормалары. Бұл нормалар өз кезегiнде, ұлттық ой-түсiнiк жүйесiнiң бейнесi болып табылады. Осы орайда Ұлы Абайдың ықшамдап, өлеңге келтiрiп айтқан қағидасын еске алуға болады: «малым — жанымның садағасы, жаным — арымның садағасы». Яғни, көшпелiлердiң құқықтық мәдениетi халық тұрмысы мен тiршiлiгiне, iшкi ұлттық болмысына лайықтанып жаратылған күнделiктi өмiрдiң бiр бөлiгi болды, өйткенi заңдар белгiлi бiр дәлме-дәл iске асып қолдануға арналған болатын.
Құқықтық нормалардың қайнар көзi — мемлекет емес, ал сол қоғам мүшелерiнiң өздерi. Қандай да заң, я ереже болмасын ол халықтың сынынан өтiп, нақты қалыптасқан жағдайдың талабына жауап беруi тиiс едi. Қазақтың әдет-ғұрып құқығы нормаларына «адамгершiлiктiк» сипаттың тән болуы осыдан.

Қазақтың құқықтық мәдениетi жөнiнде сөз қозғағанда, ұлттық құндылықтар жүйесi туралы айтпай кету мүмкiн емес. Қарапайым көшпелi үшiн ең басты өмiрлiк құндылық ол — оның ар-намысы, абыройы, ожданы және iшкi дүниетанымы. Сондықан, заңдар, ең алдымен, осы адамгершiлiктiк құндылықтарды қорғауға бағышталды. Ал, байлық — адамның рухани болмысының өлшемi ретiнде танылмады. Керiсiнше, «батыр — бiр оқтық, бай — бiр жұттық" дегендей, дәулет мәңгі құндылықтар қатарына жатқызылмады.
„Ер намысы — ел намысы“ деген қағидаға сәйкес, әрбiр көшпелi туған халқының ар-намысы үшiн өзiнiң өмiрiн құрбан етуге даяр болу қажет едi. Мысалы, бiрде жоңғар басқыншылары қазақ даласының бiраз жерiн иеленiп, елге үлкен қатер төндiредi. Күлтөбенiң басына жиналған халыққа Қарабек батыр, жауға тiзе бүгiп, мойынсұну қажет деп өз сөзiн айтады. Алайда, Төле би:
Атадан ұл туса игi,
Ата жолын қуса игi.
Өзiне келер ұятын,
Өзi бiлiп тұрса игi,
Жаудан бұққан неменi,
Ортасына қуса игi, — деп оның сөзiн қайтарып тастайды. Содан соң:
Уа, көсiле шабар жерiң бар,
Ту көтерген ерiң бар,
Қол боларлық елiң бар,
Атадан қалған сара жолың бар,
Құлдық ұрсаң дұшпанға,
Арылмайтын сорың бар.
Құлдық ұрсаң дұшпанға,
Еркек болып туды деп,
Мына сенi кiм айтар? — деп толғайды……
Қазақтың әдет-ғұрып құқығының басты нормасы әдiлеттiлiк. Онсыз қоғамда немесе мемлекеттi басқару iсiнде тепе-теңдiлiктi орнату мүмкiн емес. Соттың қабылдаған шешiмi, я болмаса ханның шығарған үкiмi айыпталушының iстеген iсiне сәйкес болып, халықтың мүддесiне қайшы келмеуi тиiс. Қазақ халқында әдiлеттiлiктiң күшi жөнiнде сөз қозғағанда, әдетте былай дейдi: „әдiлдiгiмен қара қылды қақ жарған“. Осы сөздiң өзi, ақ көшпелiлердiң әдiлеттiлiкке бас иiп, оны ерекше қастерлегенiн айғақтап тұр.

Қазақ халқының құқықтық мәдениетiнiң тағы бiр көрiнiсi — ол айыпталушының ақыр сөз айтуға құқығы (дат). Шын мәнiсiнде „дат“ түсiнiгiнiң ұғымы кең және оның түп астарында үлкен әлеуметтiк мағына жатыр. „Дат“ — басқа халықтардың ұлттық мәдениетiнде кездесе бермейтiн ерекше норма. Әрбiр адам, тегi мен жасына, кәсiбi мен әлеуметтiк статусына қарамастан сот шешiмiне келiспеушiлiгiн жариялап, өзiнiң қарсы пiкiрiн бiлдiрiп, абыройын, ақтауға құқылы болатын. Қазақта осы жөнiнде келелi сөз бар: „Бас кеспек болса да тiл кеспек жоқ“. Соған қарағанда, қазақ халқының түсiнiгiнде соттың басты мiндетi үкiм шығарып, айыпталушыны қайткен-де жазалау емес, төрелiк етiп, әдiлеттiлiктi орнату. Осының өзi-де қазақ халқына тән болған ерекше ойлау үрдiсi болса керек. Дегенмен-де, соттың шығарған үкiмiне хан мен сұлтанның өзi-де бас иiп, бағынуы тиiс едi. Себебi, мемлекеттiк билiктiң бiр тармағы болып есептелетiн сот билiгiнiң мәртебесi қазақ жұртында жоғары бағаланатын. Бидiң қаруы — сөз, ал сөзге тоқтамау — ең ауыр қылмыс саналған.
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер институтының руханишылдық, өркениеттілік астары ең алдымен, ғасырлар бойы қалыптасып, тұрақталған шаруашылық, саяси, әлеуметтiк және мәдени-рухани қоғамдық қарым-қатынастар шеңберiнде қарастырырылуы керек болады. Мәселен, дәстүрлi көшпелi қоғамдарға, оның iшiнде дәстүрлі қазақ қоғамына тән дау-дамай, талас-тартыстардың барлығы негiзiнен екi мәселе — „жер дауы“ мен „жесiр дауы“ — төңiрегiнен өрбiп отырғандығын есте ұстар болсақ, мұның алғашқысы шаруашылық стереотиптерден, кейiнгiсi — дәстүр, әдет-ғұрып стереотиптерiнен келiп туындайтыны айдан анық. Екеуiнiң де шешiмi, шешiм болғанда да барынша тиiмдi шешiмi, тек билер институты арқылы ғана мүмкiн едi. Бұл жерде атап айтуды қажет ететiн нәрсе сол, билер институтының аясында „жер дауы“ мен „жесiр дауы“ қоғам өмiрiнiң iшкi өмiрiне тән тар мағынасын ғана бiлдiрмейдi. Билер институты үшiн „жер дауы“ — отан қорғау, отаншылдық, ал „жесiр дауы“ — атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа қалдырылып келе жатқан рухани құндылықтарды қорғау — рухани жасампаздық мәселесiне айналып кететiнi бар.

Халық ауыз әдебиетi билердiң жер дауына байланысты ұтымды айтылған билiк үлгiлерiне аса бай. Тiптi, Төле бидiң он бес жасында-ақ даңқын шығарған оның осындай кезектi жер дауына байланысты айтқан байламы болатын.
Шу өзенiнiң Балқашқа жақын жайылым алқабына үйсiн мен арғын тайпалары таласып, пәтуаға келе алмай-ақ қойғанда:
„Ақты, ақ деп бағалар!
О, игi жақсы, ағалар!“- деп сөз бастай берген Төленi төрдегi төбе би:
„Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без!
Ана тұрып қыз сөйлегеннен без!,„ — деп тоқтата берген көрiнедi. Сонда Төле:
— О, би, аға, он үште отау иесi демес пе,
Кiнәм қайсы, келiп қалмас он беске?
Сөз сөйледiм, бұйырмаңыз айыпқа.
Ала көздiк, ағайынға лайық па? — деп суырып салып,
— Жасы кiшi деме“ дер,
Ақылы асса, аға ғой“,- деп қателiгiн мойындаған төбе бидiң ризашылығын алып, мынадай билiк айтыпты: өзен бiреу болса да, жаға екеу. Шудың оң жағын үйсiн, сол жағын арғын жайласын [8, 48–49]!- деген екен.
Қазақта жер дауынан кейiнгi көп аса ушықты болып келетiн жесiр дауы деген болатынбыз. Бұл да болса XVIII-ғ. би институтының көп араласып, бiршама жол-жоралғылардың iзiн салып кеткен мәселе. Ұлы жүз бен Орта жүз арасындағы осындай бiр жесiр дауында үйсiн Төле би Қаз дауысты Қазыбек биге:
— Артымнан ерген еркемсiң, ағаның көзi тiрi ғой, жеңгеңдi неге ертесiң, — деп кiнәләй сөйлесе керек. Қазыбек би-де ренжи жауап қайтарыпты:
— Аға болып алдымен туасың,
Алдымен тағы жылқымды неге қуасың».
Екеуiн тыңдап отырған Әйтеке би сонда:
— Сабыр, билер, сабыр! Кiсi бiрге туыспау керек, туысқан соң сөз қуыспау керек. Сөз қуған пәлеге жолығады, жол қуған олжаға жолығады. Төле сен жылқыны қайыр, Қазыбек, сен жесiрiн қайыр[9, 146] ! — деп екi елдi ұтымды табыстырған.
XVIII-ғ. қазақ қоғамына тән, тән болғанда да билер институтының әлеуметтiк ролiн айқындай түсiп, таныта тiндейтiн тағы бiр мәселе — құн дауы. Сөз болып өткен жер дауы болсын, жесiр дауы болсын кейде ушығып, қарулы қақтығыстарға, кiсi өлiмiне соқтырып жататыны аз кездеспейдi. Мұндай күрделi жанжалдардың да түйiнi билер институты арқылы шешiлiп отырған. Мәселен, 1748 жылдың тамыз айында Барақ сұлтан Кiшi жүздiң ханы Әбiлхайырды өлтiрiп, қолына қарайтын елмен Орта жүзге қарай ауа көшкенде, орта жолдан Қаз дауысты Қазыбек көлденең тұрып: «… ханыңды қарадай өлтiрсең, халқыңды қынадай қырарсың… сылтауратып сытыла алмайсың, бұлталақтап құтыла алмайсың…" дей келiп, билер сотына мойынсұнуға мәжбүр еткен[9, 81–82]. Бiр қызығы, хан тұқымы Барақ қарадан шыққан Қазыбектiң айтқанына көнiп қана қоймай, өзiнiң iсiн қарайтын билердi-де өзi таңдап алыпты: «Алшын-төртқара Қаратоға би, Қаракесек-қозанай Мәмбет би, Найман-бағаналы Өтебай би.
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер институтының сыртқы қарым-қатынастардағы алар орны мен атқарар рөлi жөнінде баяндар болсақ, тарихи деректере қазақ-орыс байланыстары болсын, қазақ-жоңғар қарым-қатынастары яки басқалай iс-әрекеттердің алдыңғы легiнде билер институтының өкiлдерi жүргендiгiн мәлiмдейдi. Мәселен, 1715 жылы Уфаға аттандырылған қазақ елшелiгiне Тайқоңыр би жетекшiлiк еткенi белгiлi. Сол сияқты, Әз-Тәукенiң қазасынан соң хан сайланған Қайып хан да Тобылдағы Сiбiр генерал-губернаторына елшiлiк аттандырып, оны Бекболат пен Байдәулет билер басқарғаны[10, 110], ал мұнан кейiн екi жылдан соң Қазан қаласына жоғарыдағы Тайқоңыр би тағы келгенi мәлiм.
Билер институтының өкiлдерi сыртқы жаудан қорғану барысында да аса маңызды рөл атқарған. Жоңғарларға соққы беру жолында белсендi әрекет еткен бiрқатар билер мен батырлардың табандылығы, Төле мен Қазыбек билер қатысқан 1710 жылғы Қарақұм құрылтайынан соң Бөгенбай бастаған қазақ әскерiнiң жоңғарларға берген алғашқы соққысы — осының дәйегi. Ал үш жүздiң Қарақұм құрылтайындағы кесiмiн аттап өтiп, ел бiрлiгiн бұзған, сөйтiп сыныққа сылтау iздеген жоңғардың тыныш жатқан қазаққа аттануына түрткi болған Қайыпты хан атағынан айыруды талап еткен былайғы хандар мен билер көп кешiкпей Қайыпты емес, оны өлтiрген „қанiшер Абылайды“ хан атынан айыруға мәжбүр болды.

Назар аударуға тұрарлық нәрсе сол, „қанiшер Абылайдың" хан атынан айырған алты би делiнедi [11, 6] Ал бұл оқиға Әз-Тәуке өлген соң үш жылдан кейiн, яғни 1718 жылы орын алғанын есте ұстар болсақ, бұл алты бидiң М. Тынышпайұлы келтiретiн Тәуке заманындағы „алты алаш“ билерi — Төле, Қазыбек, Әйтеке, Қоқым, Сасық және Қатаған мен тағы басқа майда рулардың есiмi белгiсiз биi екендiгiнде күмән жоқ.[11, 161] Себебi, ақсүйек төре әулетiнiң өкiлiн хан атағынан айыру халық атынан сөйлеуге толық құқы бар бiр емес, бiрнеше кiсiлердiң қолынан ғана келмек.

Қазақ даласы мен Ресейдің патша өкiметi арасындағы қарым-қатынастарда тек хана хан әулетi емес, елдiң „хан ұлынан кем емес“ беделдi билерi-де бiршама елеулi рөл ойнағанға ұқсайды. Мәселен, Орынбор әкiмшiлiгi мен Орта жүз өкiлдерiнiң арасындағы келiссөздерге Қазыбек би-де араласқаны белгiлi. Қазыбек би алысты болжап, саяси мәселелердiң аужайын дұрыс, аңғара бiлетiн дипломат ретiнде көрiнедi. Оның дипломатиялық дарыны Орта жүздiң сұлтаны Абылайды жоңғар тұтқынынан босатып алу барысында аса тамаша көрiнген-дi.

Айта кету керек, ұлы жүздiң Ресей қол астына кiруi туралы мәселе сонау 1733 жылы-ақ күн тәртiбiне қойылып, ұлы жүз билерi Қодар мен Төле-де орыс патшайымына хат жазғаны белгiлi [12, 102–103]
XVIII ғ. екiншi жартысындағы қазақ-қытай қарым-қатынастары „екi мемлекет арасындағы әдеттегiдей байланыстар“ [13, 82], ендеше әдеттегiдей дипломатиялық қарым-қатынастар шеңберiнен шыққан жоқты-ты. Ал мұндай дипломатиялық өкiлеттiк, жоғарыда айтып өткенiмiздей, көп аса билер институтының өкiлдерiне тиесiлi болғандығы тiптi-де кездейсоқ емес. Мәселен, 1755–1799 жж. аралығында қазақтар Қытайға жиырма алты елшiлiк аттандырған болса, оның тоғызына аузын айға бiлеген билер бас болған: Өмiртай би, Досай би, Құттыбай би, Мамық би, Байтұрған би, Отаршы би, Бұқар жыраудың баласы Жарылғап би, Қаратоқа би және т.б. Қазақ елшiлiктерiн басқарған билерге әрқашан iлтипатпен қарап, қайта-қайта әрi молынан сый-сыйапат көрсетуiне қарағанда, Цин өкiметi билердiң ел iшi, халық арасындағы саяси-әлеуметтiк үлес-салмағын жақсы түсiнген ұқсайды. Мұның кезектi дәлелi сол, Қытай боғдыханы бұрынғы жоңғар иелiктерiнен жер беремiн деп хан тұқымы Абылаймен қатар қарадан шыққан Қазыбек биге-де сөз салатыны бар.

Сол сияқты, XVIII ғ. ортасы мен аяғына қарай маңызы арта түскен Орта Азия хандықтарымен арадағы қарым-қатынастар да белгiлiсi бар, белгiсiзi бар, әйтеуiр билердiң аралық ағайындық жасауы арқылы реттелiп отырғаны байқалады. Мысалы, аты аталған Байтұрған би 1764 ж. Қытайға қарсы одақтас iздеген Абылай ханның Ауғанстан астанасы Кабулға жiберген елшiлiгiне жетекшiлiк жасаған.
Билер институтының рухани жасампаздығының тағы бiр айғағы — оның халық ауыз әдебиетiне қосқан орасан зор қомақты үлесiнде. Жалпы, қазаққа тән, ақын-жырау, шежiре-шешендiк өнерi өзi көтерiлген шырқау шыңы үшiн билер институтына қарыздар десек артық айтқандық емес. Осы тұрғыдан келгенде, көшпелi қоғамдардағы, оның iшiнде көшпелi қазақ қоғамындағы билер институтының себеп-салдарлы талдамасы, халық ауыз әдебиетiнің аңыз-әңгiме, жыр, терме, мақал-мәтелдер, шешендiк сөздер тәрiздi аса құнарлы әрi құнды үлгiлерiнсiз мүмкiн емес. Бұл жерде мәселе тек олардың деректiк мән-маңызы ғана емес, сол сияқты қазақтың жалпы дәстүрлi рухани мәдениетiнен алар орны мен үлес-салмағы жайында болып отыр.

Дәстүр дегенiмiздiң өзi — мәдени құндылықтардың уақыт iшiндегi үздiксiздiгiн қамтамасыз ететiн бiрден-бiр тетiк. Өткен кезеңнiң, замана сағымының элементi болса да, рухани мұра атаулыны жаңғырта бiлуде дәстүрден артық даналықты табу әсте қиын. Әрине, дәстүрдiң даналығы тек жекелеген тұлғалар немесе әлеуметтiк институттар арқылы қамтамасыз етiлiп, тек белгiлi бiр кеңiстiк және уақыт шеңберiнде жүзеге асырылады. Ендеше, рухани болмыстың тарихи үздiксiздiгi мен дәстүр жалғастылығы процесiнде билер институтының орны айрықша.

Мәселен, қазақтың көркем сөз hәм шешендiк өнерiн алар болсақ, би мен шешен халық ұғымында бiрiнен бiрi ажырағысыз тел түсiнiктер. Бисiз — көркем сөз болмақ емес, шешен сөйлей алмайтын адам — би болмақ емес. Екеуiне-де бiрдей тән қасиет — белгiлi бiр үрдiс, дәстүрге бағынушылық. Тап осы дәстүрге бағынушылықтан келiп би институты өкiлдерiнiң белгiлi бiр қоғамдық талапқа сәйкес келу қажеттiгi туындайды: бiрiншiден би сайланбалы лауазым; екiншiден, би сайлану үшiн дүние-малға бай дәулеттi болу мiндеттi емес, ақыл-парасатты, кешiрiмдi-де турашыл болу керек; үшiншiден, тектi атаның, яки, бұл жерде би тұқымынан болуы тиiс.

Әдiлеттiлiгiмен аты шығып, турашылдығымен жұрт көңiлiнен шыққан көптеген өкiлдерiнiң мұраты да мақсаты да бiр — елдiң бiрлiгiне нұқсан келтiрмей, ағайын арасын алшақтатпау. Ендеше, билер институтының ру, тайпа, жүз аралық қарым-қатынастарды реттеп, жүйеге түсiрiп отырушы әлеуметтiк рөлiнен оның тағы бiр көлеңкелi қалтарысы — идеологиялық функциясы туындайды. Дәстүрлі қазақ қоғамының идеологиялық iргетасының өзi билер институтынан нәр алып жатыр десек артық айтқан емес.

Шын мәнiнде, „Алтау ала болсын, ауыздағы кетедi. Төртеу түгел болса, төбедегi келедi… Бiрлiк түбi — береке. Береке түбi — мереке. Ақ бiлектiң күшiмен, ақ найзаның ұшымен, ел болуды ойлаңдар“[8,15], — деген түгел сөздiң түп атасы, Майқы бидi былай қойғанда, „Арғымақ баптап не керек, жабы қуып жеткен соң. Ағайын-туған не керек, аңдысып күнi өткен соң“, немесе: „Жалғанда ойлап тұрсаң бiрлiк керек, бiрлiктi ойлаған соң тiрлiк керек. Ағайынға ала көз бола қалсаң, аузыңдағы несiбеңдi бiреу жемек“,- деген Төле би-де, „Алтын ұя“ — Отан қымбат. Құт береке“ — атаң қымбат. Аймалайтын анаң қымбат. Мейiрiмдi апаң қымбат. Ұят пенен ар қымбат», немесе: «Бiр дегенiңiз — бiрлiгi кеткен ел жаман. Екi дегенiңiз — егейiп өткен ер жаман — деп нақылдатқан Қазыбек би-де, «Ашу деген, ағын су, алдын ашсаң арқырар. Ақыл деген дария, алдын тосса» тоқырар," немесе: «Жақсылардың белгiсi сол емес пе, қара қылды қақ жарған әдiл болса»[8,132–133], — деп келтiретiн Әйтеке би-де, тоғыса, тоғыстыра келе ел мен ерлердiң береке-бiрлiгi, отан сүйгiштiк, патриотизм, азаматтық, ерлiк, ақыл-парасаттылық, ар-ұжданға тәуелдiлiк тәрiздi этикалық маңызы еш жоғалмайтын жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттаушы идеологтар ретiнде көрiнедi. XVIII-ғасырдағы билер институты ел мен ерлердiң береке-бiрлiгi, отан сүйгiштiк, азаматтық, ерлiк, ақыл-парасаттылық, ар-ұжданға тәуелдiлiк тәрiздi этикалық маңызы еш жоғалмайтын жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттаушы идеологтар ретiнде көрiнедi. Мұндай сарын XVIII-ғасырда өмiр сүрген билер мен, ақын-жырауларға тегiс тән.

Бұл жолда билер институты үшiн Шыңғыстан тарайтын төре тұқымы да, малға дәулеттi бай тұқымы да кедергi бола алған емес. Сондықтан да, қазақ қоғамындағы билер институтының руханишылдық астары жайлы сөз бола қалған күннiң өзiнде оны ең алдымен ғасырлар бойы қалыптасып, тұрақталған шаруашылық, саяси, әлеуметтiк және мәдени-рухани қоғамдық қарым-қатынастар шеңберiнде қарастыру керек болады.

Шешендiк өнер — қазақ әдебиетiнiң бiр түрi, әрi сот билiгiнiң бiр қыры. Халықтың әдет-ғұрпына, салт-санасына, барынша әдiл төрелiк ететiн сөзге шапшаң адамдарды ел арасында «би» деп атаған екен. Би — ақыл мен даналықты уағыздап, халқының мұң-мұқтаждығын жырмен, ағытып, бiр ауыз сөзбен жаудың бетiн қайтаруға шамасы келуi қажет. Би — адал төрелiк, әдiл билiк ету үшiн сөз қаруын жетiк меңгеруi тиiс, себебi би болу алайда үлкен жауапкершiлiктi талап етедi. Бидiң әрбiр iс-қимылы, айтқан сөзi жұрттың назарында. Ол бiреудiң тағдырын шешiп, өлiм мен өмiрдi таразылайтын халық қалаулысы. Осыны сезiне алған азамат елiне сыйлы би атануы ықтимал. Жоғарыда айтқанымыздай, шешендiк даудың басым көпшiлiгi — жер дауы мен ер құнының үлесiне тиедi. Әрине, халқымыз ешқашан жердi жеке-меншiкке бөлiп қырқысып-таласпаған, алайда кейбiр сәттерде жайылым үшiн кiшiгiрiм қақтығыстар болып тұрған. Сол сияқты ер құнының дауы, я болмаса мал дауы болсын — халқымыз күш-қуаттың әмiрiне бағынбай және сөз қадiрiн түсiрмей, әдiл төрелiкке жүгiнiп, қолына, ақиқатты iздеген. Бiр, аңызда Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек ертеректе өлген кiсiнiң құнын даулап, Кiшi жүзге келедi: дау бiрнеше күнге созылып, екi жақ келiсе алмайды. Бiр күнi есiк жақта отырған бiр жiгiт:
— Асқар тау, сенде бiр мiн бар — асу бермейсiң,
Тасқын су, сенде бiр мiн бар — өткел бермейсiң,
Билер сендерде бiр мiн бар — басқаға сөз бермейсiздер, — деп әлгi жiгiт тұрып кете берген, бiрақ Қазыбек би оны қайтып шақыртып алыпты.
Шырағым қай баласың, аты-жөнiң кiм?
Әкемдi сұрасаңыз — жетесiз,
Шешемдi сұрасаңыз — некесiз.
Туа салған бiр баламын,
Тегiмдi сұрап қайтесiз? — дейдi жiгiт.
Балам, сөзiң жеттi, ендi төрелiгiн айтып, осы дауға ие бола ғой, — дейдi Төле би.
Сонда жiгiт: Алты атасын арқалап жүрген сiздерден көрдім, жетi атасын жетектеп жүрген сiздерден көрдiм. Ескiрiп кеткен дау екен. Құр қайтсаңыздар, ағалық назарларыңа қалармын. Ердiң құны жүз қара қой. Кiшi жүз санын жүзге толтырып тайынша-торпақ берсiн, соған разы болыңдар. — дейдi. Екi жағы да разы болып жарасады. Шешендiк өнермен дауды әдiл шешкен жiгiт — Әйтеке едi.
Қорытындылай келе, билер институты, оның iшiнде дәстүрлі қазақ қоғамына тән билер институтының өркениеттілік ерекшелігі, оның қоғам өмiрiнiң саяси, әлеуметтiк және рухани салаларын ұлттың ғасырлар бойғы арман-мұраты — тәуелсiздiк жолындағы тынымсыз күреске жұмылдыра бiлген қоғамдық тетiктердiң бiрi ғана емес, бiрегейi ретінде бағалана алынуымен айқындалса керек. Нақ осы себепті, замануи қоғамымыздың идеологиялық негізін нығайту бағытындағы мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған іс-шараларды жандандыру мақсатында, ұлтымыздың Үштағаны іспеттес: Сөз-Билік-Заң секілді құндылықтар құдіретін бірдей ұштастыра білген қазақ билері үлгісі қоғамымызда іргелі түде кеңінен насихатталып жатса, нұр үстіне нұр жауары хақ демекпіз.

Алтайы Оразбаева, т.ғ.д., профессор

                                                            Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Бекмаханов Е. Б. Казахстан в 20–40 гг. XIX века. Алма-Ата,1992.
2. Левшин А. И. Описаниекиргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. Алматы,1996.
3. Зиманов С. З. Общественный строй казахов первой половины XIX века. Алма-Ата,1958.
4. Бес ғасыр жырлайды. Екі томдық. Бірінші том. Алматы,1989.
5. Оразбаева А.И.Дәстүрлі қазақ қоғамына тән билер институты. Алматы, Дайк-Пресс, 2004.
6. Байболұлы Қ. Төле би. Дастандар. Алматы,1991.
7. Материалы по казахскому обычному праву. Алма-Ата, 1948.
8. Төреқұлов Н., Қазбеков М. Қазақтың би-шешендерi. 1,2-кiтаптар. Алматы,1993.
9. Үш пайғамбар. Алматы,1992.
10. Басин В. Я. Россия и казахские ханства в XVI—XVIII вв.: Казахстан в системе внешней политики Российской империи. Алма-Ата, 1971.
11. Толе — великий бий. Алматы,1993.
12. Казахско-русские отношения в XVI—XVIII вв.Алма-Ата, 1961.
13. Сулейменов Р. Б., Моисеев В. А. Из истории Казахстана XVIII века. (О внешней и внутренней политике Аблая). Алма-Ата, 1988.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?