Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ЕАЭО-ның экономикалық даму акценттері

1453
Еуразиялық экономикалық интеграция алдымызға ашып отырған артықшылықтарды барынша пайдалану қажеттігі мына проблемалар мен оларды шешу жолдарына назар аударуды талап етеді.
1. Жиынтығында интеграцияның іргетасын құрайтын түйінді мәселелерді бірінші кезекте шешу 2013 жылғы 24 желтоқсанда Мәскеуде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Мемлекет басшысы «қазіргі кезеңде үйлестірілген немесе келісілген саясатқа, барлық қатысушыларды қызықтыратын салаларда ортақ нарық қалыптастыруға ден қойған пайдалырақ болар еді. Сауда саясаты біз бірыңғай саясатқа қол жеткізген бағыттарда, мысалы, үшінші елдерге қатысты, сөз жоқ, сақталуға тиіс. Ал бірақ басқа салаларда «бірыңғай саясат» және «бірыңғай нарық» түсініктерін қолданудың түгел қамтитын сипатына назар аудару артық деп санаймын» деп атап өтті . Содан сәл алдында, 2013 жылғы 24 қазанда Минскде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қазақстан Президенті «мұнай мен газ тасымалдау, теміржол тарифтері, электр энергиясы саласындағы қазірдің өзінде қол жеткізілген келісімдер бойынша жұмысты аяқтауға ұмтылған жөн» екендігін тағы бір рет атап көрсеткен болатын . 2. КО және БЭК елдерінің негізгі күш-жігерін табиғи шикізатты өндіру мен қайта өңдеуді жаңғыртудан және оның тиімділігін арттырудан болатын негізгі қайтарымды алуға бағыттау Беларусьтің, Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсібінің едәуір бөлігін осы міндетті шешуге бағыттау керек. Сонымен бір мезгілде өндіруші салаларды, отын-энергетика және химия-металлургия кешендерін жаңғырту жоғары технологиялы болуға тиіс көптеген сабақтас салалардың дамуын ынталандырады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің KAZENERGY VIII Еуразиялық форумының қатысушыларына арнаған құттықтау сөзінде: «Қазақстан энергетика саласындағы өзара тиімді халықаралық ынтымақтастықты қалайды. Осы орайда біз мұнай өндіруден жаңа технологиялармен алмасуға көшу үдерісін елді дамытудың негізгі басымдығы ретінде қарастырамыз» деп атап өтті . Қазақстан мен Ресейдің таяу перспективадағы шешуші міндеттерінің бірі Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бірлескен энергетикалық стратегия әзірлеу болары анық. Мұнай мен газдың, сондай-ақ көмір мен уранның орасан зор запастарын пайдаланудың неғұрлым оңтайлы әрі ұтымды стратегиясын табу қажет. Осы форумда сөз сөйлеген Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Даниал Ахметов шикізатты өндіру тиімділігін арттырудың және осы салада жаңа технологиялар енгізудің маңызы зор екенін атап көрсетті. Жеткізілім герграфиясын кеңейту – ел алдымен оңтүстік-шығыс Азия және Қытай бағытында кеңейту үшін құбыржол көлігін дамыту да шешуші фактор болып табылады. Мұнай-газ секторы кәсіпорындарының мемлекеттік және корпоративтік басқару сапасын арттырудың да маңызы аз емес. Оның айтуынша, мұнай-газ саласындағы кооперация «Ресей, Қазақстан мен Беларусь құратын интеграциялық бірлестіктің әлемдік энергетикалық нарықтағы рөлі мен орнын» айқындайды. ЕЭК министрі осы саладағы негізгі сын-қатерлер арасынан мұнай мен газды шығарып алудың қазіргі кезде дамып келе жатқан баламалы әдістерін атап өтті. «Сарапшылардың бағалауы бойынша, соңғы бес жылда тақтатас мұнайын өндіру 2007 жылғы 8 миллионнан өткен жылы (2012 жылы – редактордың ескертуі) 100 миллионға дейін өсті, тақтатас газын өндіру де осындай қарқынмен өсіп отыр. «Тақтатас революциясы» әлемдік нарық құрылымының түбегейлі түрде өзгеруіне алып келді: ғалымдардың болжамы бойынша, 2020 жылдан кейін Қытайдың, Иордания мен Моңғолияның кен орындарын пайдалануға қосатын жаңа технология пайда болады және осы сценарий іске асатын болса, дәстүрлі экспорттаушы елдерде өндірудің қысқаруынан қашып құтылу қиын» , – деді Д.Ахметов. ЕАЭО туралы шартқа сәйкес мұнайдың және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру және газ тасымал инфрақұрылымына қолжетімділік беру 2025 жылға дейін тұжырымдаманы, бағдарламаны және тиісті келісімдерді дәйекті түрде әзірлеу негізінде кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады. 3. Еуропа мен Азияның, еуроатлантикалық, азия-тынық мұхиттық және солтүстік америкалық экономикалық ареалдардың арасын жалғайтын ортақ көліктік және коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту. Көліктің және ақпараттық коммуникацияларды ұлттық ауқымда немесе елдер тобының арасында ғана емес, бүкіл еуразиялық кеңістіктің мүдделері мен ерекшеліктерін негізге ала отытып, тұтастай қалыптастырып-құру қажет. Н.Ә. Назарбаев: «Экономикалық тұрғыда біз Еуроодақтың, Шығыс, Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік Азияның серпімді экономикаларын байланыстыратын көпір ғана емес (бұл өте пайдакүнемдік әрі тар салалы мақсат), оған бәсекелес экономикалық және коммуникациялық кеңістік бола аламыз» деп атап өтті . Трансконтиненттік шығындарды айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік беретін ең жаңа логистикалық және ақпараттық технологияларды, озық халықаралық стандарттарды қолдана отырып, жаһандық көліктік-логистикалық тораптарды қалыптастыру, трансұлттық көліктік-экспедициялық корпорацияларды құру керек. Қазақстанның, Ресей мен Беларусьтің аумағы арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль магистралы салынып жатыр, ол көрсетілген өңірлердің нарықтарына тауар жеткізу мерзімін 3,5 есе қысқартуға мүмкіндік береді. ЕАЭО туралы шартқа сәйкес мүше мемлекеттердің әрбірінің ішкі нарығында автомобильмен тасымалдаушыларға қолжетімділік беру кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Бұл мәселе егжей-тегжейлі түрде 2015 жылғы 1 шілдеге дейін әзірленетін Тасымалдарды ырықтандыру бағдарламасында көрсетіледі. Ырықтандыруды 2016-2025 жылдар аралығында жүзеге асыру белгіленіп отыр. Атап айтқанда, Қазақстан 2025 жылдан бастап ішкі нарығына қолжетімділік ұсынатын болады. Қазіргі таңда үш елдің сарапшылары бірыңғай кедендік кеңістікті бірыңғай экономикалық кеңістікке айналдыру жөніндегі жұмыс шеңберінде Кеден одағының сыртқы және ішкі саудасының интеграцияланған ақпараттық жүйесін құру және дамыту бойынша іс-шараларды белгіледі. Статистика саласында ақпараттық өзара іс-қимыл туралы келісім жасалды . 4. Қазақстанның, Ресей мен Беларусьтің маңызды бәсекелестік артықшылығы – азық-түлік өндірісін күшейту Әлемде азық-түлікке сұраныс өсіп отырған жағдайда Н.Ә. Назарбаев: «ТМД елдерінде айтарлықтай аграрлық әлеует, ұлан-байтақ аумақ, ауылшаруашылық мақсатындағы жүздеген миллион гектар жер бар. БЭК пен ТМД шеңберінде Еуразиялық азық-түліктің ортақ қазанын қалыптастыруға талпыну маңызды. Бұл жоба – тек қатысушы мемлекеттердің халқын БЭК-те өндірілетін тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге азық-түлікті БЭК-тен тысқары жерлерге экспорттау үшін қолайлы жағдай жасау тұрғысынан да маңызды. Бізде ұлттық агроөнеркәсіп кешендерін, әсіресе, дәнді дақылдар саласын дамытуды үйлестірудің, азық-түліктің дүниежүзілік рыногында жалпы бәсеке мен экспорт саясатының негіздерін тұжырымдаудың, ұлттық инфрақұрылымдық желіні сыртқа астық шығару үшін үйлесімді пайдалануды жүзеге асырудың мүмкіндігі бар» деп есептейді . Ет өндірісінде де осындай мүмкіндіктер бар. ЕАЭО туралы шартты дайындау кезінде Қазақстан 2016 жылы ауыл шаруашылығында мемлекеттік қолдауды есептеудің халықаралық қағидаттарға негізделген жаңа әдістемесін әзірлеу туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Бұл отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көрсетілетін қолдауды күшейтіп, оны Беларусь пен Ресейде көрсетіліп жатқан қолдау деңгейімен теңестіруге мүмкіндік береді. Осының барлығы, жалпы алғанда, еуразиялық интеграцияны қатысушы елдердің ауыл шаруашылығын дамытудың маңызды ынталандырушысына айналдыруға мүмкіндік береді; ауыл шаруашылығы өнімін тасымалдауға, сақтауға, өткізуге жұмсалатын шығындарды қысқартуға алып келіп, агроөнеркәсіптік салада жаңа нарықтық институттар (сақтандыру, банктік, лизингтік, биржалық және т.б.) құруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Кеден одағына және Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің Келісілген агроөнеркәсіптік саясат тұжырымдамасы мақұлданды. 5. Жаһандық экономикалық өсімнің серпімді бағыттарында инвестицияларды жинақтау және шоғырландыру нормаларын арттыру Соңғы он жылдықта, дағдарысқа қарамастан, алдыңғы қатарлы елдерде технологиялардың жаңа құрылысын құраушыларға жұмсалатын шығыстар және олардың қолданылу ауқымы жылына 35 %-ға жуық қарқынмен өсіп келе жатыр. Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, Қазақстанда ҮИИДБ-ны мемлекеттік бюджет тарапынан қаржыландыру айқын жеткіліксіз болып отыр. Егер «Өнімділік-2020» бағдарламасына ұқсас әртараптандыруға қатаң бағытталған нысаналы трансферттерді алатын болсақ, олардың үлесі мемлекеттік бюджеттің 5 пайыздан азын құрайды. КО мен БЭК-тің әрбір елінің ішінде де, бүкіл инвестициялық жоба ауқымында да жаңа технологиялық құрылыс өндірістерін дамытуға салынатын инвестицияны жыл сайын кемінде 1,5 есе арттыру қажет. ЖІӨ-де ҒЗТКЖ-ге жұмсалатын шығыстардың жалпы үлесі 4 %-ға жетуге тиіс. 6. Инновациялық даму жолына көшу мәселесінде жекеше бизнестің ұстанымын өзгерту Қазірше кәсіпкерлердің басым бөлігі сапалық сипаттағы өзгерістерге және бизнесті жүргізудің жаңа форматына көшуге дайын емес. Бұл тұрғыдан алғанда, ДСҰ-ға кіру қажетті талықсытпалы ем болып табылады, кез келген «қайта құрылымдану» онсыз болмайды. Мұнда да КО мен БЭК ашық халықаралық нарықтар мен бірыңғай сауда қағидалары жағдайында жұмыс істеуге бірқалыпты көшу үшін дайындық алаңы ретінде өте маңызды рөл атқарады. Екі бағытты пайдаланған жөн. Біріншіден, инновациялық даму жобаларының едәуір бөлігін мемлекеттік құрылымдар мемлекет ақшасына іске асыруға тиіс және осы жобаларды жаңа технологиялық даму жолына түсірген кезде ғана оларды жекеше секторға беруге болады. Екіншіден, кәсіпкерлердің өздерінің инновациялық белсенділігін арттыру үшін ынталандыруды (жаңа технологияларды коммерцияландыруға және өндіріске енгізуге ынталандыруға бағытталған салық, кеден және тариф саясаты шараларын) қалыптастыру қажет. «Үштік» елдерінде интеграциялық процестерді жандандыру жағдайларында КО және БЭК мемлекеттері бизнес-құрылымдарының осы елдердің экспорттық әлеуетін дамыту бойынша неғұрлым тығыз өзара іс-қимыл жасасқаны маңызды мәнге ие бола түседі. ЕАЭО туралы шарт жобасымен бүкіл жұмыс процесі барысында Қазақстанның мемлекеттік органдары бизнес-қоғамдастықтың атынан 800 мыңнан астам кәсіпкерді біріктіретін Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен белсенді түрде ынтымақтасып, шарттағы барлық ережелерді бірлесіп қарады. Палата Үкіметке ресми түрде 120 әртүрлі ескертпесі мен ұсынысын енгізді. Олардың 90%-ға жуығы, яғни бизнес берген ұсыныстардың басым көпшілігі қазақстандық келіссөз жүргізуші топтың ресми ұсанымына айналды, олардың көпшілігін қорғап, шарттың қорытынды редакциясына енгізудің сәті түсті. 7. Капиталдың тиімді түрде бөлінуін қамтамасыз етіп, тәуекелдерді әртараптандыруға мүмкіндік беретін, қаржылық көрсетілетін қызметтер нарығында бәсекелестікті артырып, өзара қолжетімділік жолындағы кедергілерді алып тастайтын үш елдің ортақ қаржы нарығын құру ЕЭК-тің Экономика және қаржы саясаты жөніндегі алқасының мүшесі (Министр) Тимур Сүлейменов: Интеграциялық процестердің бір мезгілде тауар нарығында да, қаржы нарығында да жүргені маңызды. БЭК-ке мүше елдер арасындағы сауда қарқын алып бара жатқандықтан, қазір банк, сақтандыру секторында қаржылық көрсетілетін қызметтердің өзара саудасын, КО мен БЭК-ке қатысушы елдер арасында бағалы қағаздар нарығындағы өзара сауданы кеңейте отырып, біздің елдеріміздің қаржы нарықтарын интеграциялау бағытында жұмыс істейтін кез келді» . Атап айтқанда, 2020 жылы қаржылық көрсетілетін қызметтер саласындағы ұлттық заңнамаларды үйлестіру процесін аяқтап, тараптардың қаржы нарықтарына банк, сақтандыру секторларындағы және бағалы қағаздар нарығындағы лицензияларды өзара тану рәсімі арқылы БЭК-тің кәсіби қатысушы – резиденттерін жіберуді қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Осы мақсатта БЭК-тің қаржы нарықтарында қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптар туралы келісім дайындалды, ол қаржы саласындағы қызметті реттеу тәсілдерін өзара жақындатады. Сонымен бірге, Уәкілетті органдар арасында ақпарат алмасу туралы келісім әзірленді, бұл қадағалау органдарының жалпыға қол жетімді ақпарат қана емес, құпия ақпарат алмасуына мүмкіндік береді. ЕАЭО туралы шартқа сәйкес Қазақстан тарапының ұсынысы бойынша Алматыда қаржы нарығын реттеу жөніндегі ұлтүстілік орган орналасады, ол интеграцияланған қаржы нарығына қатысушыларды реттеуге бірыңғай тәсіл қолданылуын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда Қазақстанды 38 банк жұмыс істейді, олардың 17-сі шетелдік қатысуы бар банктер, 14-і әлемнің ірі банктерінің еншілес ұйымдары болып табылады. ҚР Ұлттық банкі интеграциялық процестер аясында БЭК елдерінің орталық банктарымен белсенді түрде ынтымақтасып отыр. Бағамдық саясатты үйлестіру мақсатында 2012 жылда бастап БЭК-ке қатысушы елдердің валюталық саясаты жөніндегі консультациялық кеңес жұмыс істейді, оның құрамына орталық банктердің басшылары кірді. Бұл ретте қаралатын мәселелердің негізгі ауқымы орталық банктердің ақша-кредит саласындағы іс-қимылы бойынша ақпарат алмасуды жүзеге асыруға және өзара консультация жүргізуге байланысты. Осы сатыда біздің көршілеріміздің ақша, қаржы және валюта нарықтарындағы іс-қимылына дұрыс баға беріп, түсіну неғұрлым маңызды болып табылады . 2013 жылғы 15 қарашада Алматыда елдің ұлттық валютасы – теңгенің 20 жылдығына арналған халықаралық конференцияда ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов: «Қазақстанда ортақ валюта енгізу мәселелері бойынша ешқандай міндеттеме жоқ әрі қол қойылған интеграциялық құжаттардың мазмұны мен сипатынан мұндай мәселелер туындап отырған жоқ. Оның үстіне, ортақ валюта енгізу – ақша-кредит параметрлерін келісуді ғана емес, бірыңғай салық-бюджет саясатын да талап ететін, ұзаққа созылатын әрі күрделі процесс. Қазірше ондай интеграция дәрежесі туралы айту ертерек. Мәселен, ЕО ортақ валютасы еуроға 50 жылға жуық уақыттан кейін жетті» . ҚР ДСҰ-ға кіргеннен кейін «қаржылық шекараларды» ашу және БЭК елдерінің аумағында ортақ қаржы нарығын құру жағдайында отандық қаржы нарығының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету халықаралық реттеу стандарттарына тезірек көшуді талап етеді, бұл қаржы ұйымдарының капитал базасын нығайуға мүмкіндік береді. БЭК-тің және одан әрі ЕАЭО-ның валюта-қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін халықаралық есеп айырысуларда өңірлік валютаның пайдаланылуын елеулі түрде көбейткен жөн. Осы мақсатта Одақ аумағында өзіміздің есеп айырысу-төлем жүйесін құру қажет. Интеграциялық процестердің перспективада даму бағдарларын айқындау және елдің қаржы нарықтарын дамыту саласындағы ұзақ мерзімді саясатын келісу, бүкпесіз ойын қағидаларын жасау мақсатында Еуразиялық Экономикалық Комиссия БЭК шеңберінде қаржы нарығын датымудың бірыңғай стратегиясын әзірлеуге кіріскен жөн деп санайды . 8. Елдер арасында экономикалық, ең алдымен өнеркәсіптік кооперацияны және салалық интеграцияны дамыту Ғылыми-техникалық өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету және еуразиялық технологиялық тұғырнамаларды жасау негізінде инновациялық-инвестициялық жобалар қажет. Мұнда посткеңестік елдерде жаңа даму деңгейіне шығу үшін әлі қолайлы экономикалық жағдайлардың жасалмағаны кедергі болып табылады. Өңдеуші өнеркәсіптің дамымағандығы осы салаларды интеграциялау мақсатында өзара ынтымақтастық үшін базис қалыптастыруды қиындатады. Таяу перспективада елдердің неғұрлым ауқымды технологиялық альянсы – тығыз өндірістік кооперация және кәсіпорындардың байланысын нығайтатын өндірістік тізбектер құру туралы сөз болуға тиіс. Атап айтқанда, олар отын-энергетика, ғарыш, атом салаларында және аграрлық секторда, болашақ медицинасында құрылуға тиіс. Кәсіпорындар арасында тікелей байланыстарды дамыту, жалпы салалық және салааралық бағдарламаларды жүзеге асыру және субөңірлік кооперацияларды ынталандыру үлкен маңызға ие болады. ЕАЭО туралы шартқа сәйкес ортақ электр-энергетикалық нарық 2019 жылы Қазақстанның, Ресей мен Беларусьтің ұлттық электр энергия нарықтарын интеграциялау арқылы қалыптастырылады деп жоспарланып отыр. Ортақ электр-энергетикалық нарық қалыптастырудың тұжырымдамасы (2015 жылғы 1 шілдеге дейін) және бағдарламасы (2016 жылғы 1 шілдеге дейін) әзірленіп, оларды мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары экономикалық кеңес бекітетін болады. Тұжырымдама мен бағдарлама бекітілгеннен кейін мүше мемлекеттер ортақ электр-энергетикалық нарық қалыптастыру туралы халықаралық шарт жасасады. KAZENERGY VIII Еуразиялық Энергетикалық форумы барысында БЭК-тің энергетика және инфрақұрылым мәселелері жөніндегі министрі Д. Ахметов «Алдымызда тұрған міндеттердің күрделі екенін, сондай-ақ электр-энергетикалық нарықтардың модельдеріндегі, энергетикалық саладағы өзгерістер деңгейлеріндегі айырмашылықтарды ескере отырып, біз ортақ электр-энергетикалық нарықты үш кезеңде қалыптастыру қажет деген тұжырымға келдік», – деді . Оның айтуынша, бірінші кезеңде БЭК-тің күш-жігері электр энергиясының мемлекетаралық саудасын кеңейтуге бағытталады, ол үшін тараптар өзара сауданың, техникалық реттеудің қазіргі бар нормативтік-құқықтық базасын, регламенттер мен стандарттарды үйлестіруге, электр энергетикасы саласындағы кейбір тігінен интеграцияланған мемлекеттік компанияларды бәсекелес және монополиялық қызмет түрлеріне бөле отырып, трансформациялауға, ұлтүстілік басқару құрылымдарын құру үшін құқықтық база қалыптастыруға тиіс. Екінші кезеңде басқа елдерден келген қатысушыларға ұлттық көтерме электр нарықтарының есігі ашылады, бұл электр энергиясының айналымы саласын реттейтін ұлттық заңнамаларды үйлестіруді, оларға тиісті өзгерістер енгізуді, сондай-ақ техникалық реттеудің нормативтік-құқықтық базасын одан әрі бірізге түсіруді талап етеді. Бұған қоса, осы кезеңде ортақ нарықты басқару құрылымдары мен тетіктері қалыптастырылуға тиіс, оған, мысалы, сауда алаңы, ортақ нарықтың жұмысын басқаруды қамтамасыз ететін ұйым, атап айтқанда, өзара іс-қимыл жөніндегі агенттік – реттеуші, үйлестіруші – жүйелік оператор жатады, сондай-ақ магистралдық желілер операторларының қауымдастығын құру көзделіп отыр. Үшінші кезеңде ұлттық электр нарықтарын ортақ электр-энергетикалық нарыққа интеграциялау көзделеді, ол үшін оның нормативтік-құқықтық базасы аяқталып, биржа сауда ұйымдастырылуға, клирингтік орталық және басқа да басқару органдары құрылуға тиіс. Сонымен бірге, мемлекетаралық магистралдық желілерді басқару мақсатында оларды басқаратын оператор құрылуы мүмкін. Д. Ахметовтың пікірі бойынша, осы барлық кезеңдердің міндеттерін іске асыру бәсекеге және төлемге қабілетті ортақ электр-энергетикалық нарық құруға алып келеді. «Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл біздің елдеріміздің қажеттілігін өтеп, өзіндік құнды азайтуға және біздің энергетикалық қуаттарымыздың пайдаланылу тиімділігін шамамен 7 пайызға арттыруға мүмкіндік береді» – деп нақтылай түсті БЭК министрі. «Біз электр энергиямыздың үшінші елдергі экспортталу мүмкіндігін арттырамыз. Бұған қоса, Белоруссия Чернобыль станциясының жоғалтылған қуатының орнын толтыруға мүмкіндік алады. Қазақстан электр энергиясын транзиттеудің, өз табиғи ресурстарын пайдаланудың бірегей мүмкіндігін алады. Сонымен бірге, Ресей Федерациясының электр энергиясының 48 %-ы газ көздеріне негізделгені белгілі, бұл қазіргі газдың қымбаттау үрдісінде басқа – газ емес өндіріс көздерін пайдалану әлеуетін береді. Осылайша, біздің мемлекеттеріміздің аумағына үшінші елдерге экспортталу әлеуеті зор, мейлінше жоғары сападағы жаңа тауар тартылатын болады», – деп атап көрсетті ол. Д. Ахметовтың айтуынша, үш мемлекеттің ортақ электр-энергетикалық нарығының негізгі қағидаттары қалыптастырылған, қазір оның моделі әзірленіп жатыр. «Бұл жұмыс аяқталу сатысында тұр, келесі жылы (ортақ нарық моделі) сарапшылардың талқысына ұсынылатын болады», – деп түйіндеді министр . Екатеринбургте екі мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының оныншы форумы қарсаңында Өскеменде ресейлік АвтоВАЗ-бен әріптестікте толық циклді жаңа автомобиль зауытының құрылысы басталғаны салтанатты түрде мәлім етілді. Жаңа зауыт жылына 120 мың автомобиль шығара алады, онда сабақтас және жасақтаушы кешен болады және онда 12 мың жұмыс орны ашылады. Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасының шеңберінде іске асырылады. Республикалық бюджеттен шамамен 6 млрд. теңге бөлінеді. «Бұл оқиға Ресей мен Қазақстан ынтымақтастығының жаңа парағын жазады» – деп атап өтті Ресей Федерациясы Өнеркәсіп және сауда министрінің бірінші орынбасары Глеб Никитин . 2013 жылғы 11 қарашада Екатеринбургте Ресей Федерациясы мен Қазақстанның өнеркәсіптік кооперациясын жандандыру бойынша 2013-2014 жылдарға арналған жол картасына, РФ Өнеркәсіп сауда министрлігі мен Қазақстанның Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі арасында Өнеркәсіп саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту бойынша өзара түсініктік туралы меморандумға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы мұнайды тасымалдау мен кепілдіктердің алдын ала шартына қол қойылды . Мақсат – ЖІӨ қарқынын ғана емес, бюджет пен халықтың кірістерін де арттыру. Салалар және салаішілік сауданың деңгейі бойынша теңгерім, тауарлар сапасының, есеп айырысу рәсімдерінің және т.с.с. ұқсастығы қажет. ЕАЭО туралы шартта дәрілік заттардың ортақ нарығы 2016 жылдан бастап жұмыс істей бастайды деп көзделген. Бұл ретте Қазақстан тарапы осы нарықты тиісті фармацевтикалық практикалар стандарттарының негізінде құру қажеттігін қорғап қалды. Тиісті келісім 2015 жылғы 1 қаңтардан кешіктірілмей әзірленеді және оған қол қойылады. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде көрсетілетіни қызметтер нарығын кезең-кезеңмен қалыптастыру көзделген. Оны ырықтандыруды мемлекет басшылары деңгейіндегі шешімдерге сәйкес «жол карталары» негізінде жүзеге асыру болжанып отыр. Шартта ырықтандырылуға жатпайтын көрсетілетін қызметтер секторларының тізбесі бекітілген. Олардың қатарына байланыс қызметтерінің секторы мен көлденең шектеулер кірді, бұл шектеулер (мысалы: жер иелену, бюджеттік субсидиялау, жергілікті қамту жөніндегі шектеулер) көрсетілетін қызметтердің барлық секторларына қолданылатын болады. 9. АҚШ-пен, Еуроодақпен. Қытаймен, Азия-Тынықмұхит экономикалық қоғамдастығы елдерімен инвестициялық және технологиялық ынтымақтастыққа белсенді түрде қарқын беру . Жалпы ЕАЭО-ның да, атап айтқанда Қазақстанның өзі де еуразиялық интеграцияның басқа бағыттарын елеусіз қалдырып, өз шеңберімен шектеліп қалуына болмайды. КО және БЭК елдерінің көрсетілген елдермен ынтымақөтасуы үшін объективті алғышартар оңтайлы түрде қалыптасып отыр. Ресей мен Қазақстан – табиғи ресурстарды өндіретін және экспорттайтын елдерге, ал Еуроодақ елдері мен Қытай, керісінше, табиғи ресурстардың басқалардан гөрі көбірек тұтынатын және экспорттайтын елдерге жатады. Ресей мен Қазақстан – күшті шикізаттық нарыққа, ал ЕО мен Қытай күшті тұтынушылық нарыққа ие болып тұрған кезде екі тараптың да интеграциялық мүдделері орайласады. 2013 жылғы қазанда Астанада ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин өзара сауданы дамытып қана қоймай, қарым-қатынасты жаңа сапалық деңгейге көшіруге шақырды. Ол «Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты ауқымды жобаның маңызды бағыттарын белгілеп берді. Бірінші – екі ел интеграциясының нақты бағдарламаларын жасау үшін экономикалық стратегияның әртүрлі мәселелері бойынша ұдайы пікір алмасу бағыты. Екінші – Тынық мұхиттан Балтық теңізіне дейін біртұтас көліктік инфрақұрылым құру. Үшінші – ықтимал барлық кедергілерді жою және жеткізу жылдамдығын арттыру арқылы сауда байланыстарын күшейту. Ең соңында, төртінші бағыт – валюта ағымдарын күшейту. Соңғы тармаққа қатысты Си Цзиньпин Қазақстанға өзара есеп айырысуларды ұлттық валютамен жүргізуді ұсынды. Оның пікірі бойынша, бұл ақша операцияларының шығындарын айтарлықтай азайтып, қаржылық тәуекелдерге неғұрлым ойдағыдай қарсы іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді және бүкіл өңір экономикасының халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырады. ҚХР Төрағасы сапарының маңызды қорытындысы 35 млрд. АҚШ долларынан астам сомаға 23 екіжақты құжатқа қол қою болды . Қалыптасып жатқан жағдай Қытаймен арадағы қатынастарды жаңа жүйе құраушы және ұзақ мерзімді негізде қайта қарауды және оның стратегиялық мүмкіндіктерін еуразиялық интеграцияны дамыту үшін пайдалануды жандандыра түсуді талап етеді. Елдің экономикалық әлеуетін кеңейту, экономиканың индустриялық-инновациялық бағдары және елдің инвестициялық ахуалын жақсартуға байланысты мәселелер «экономикалық дипломатияны» жандандыруды талап етеді. Қазақстан Еуропа Одағымен, Азия елдерімен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясында белгілеп берген міндеттер тұрғысынан одан арғы сыртқы саясат қызметінің негізгі басымдықтарын үйлестіру жұмысын жалғастыруға ниеттеніп отыр. Сыртқы экономикалық қызмет Қазақстанның ішкі дамуын толықтыратын фактордан оның шаруашылығының қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті шартқа айналып отыр. 2014 жылғы 28 сәуірде өзінің ММУ-дағы лекциясында Н.Ә. Назарбаев «еуразиялық интеграция бізге келе жатқан Үшінші жаһандық индустриялық революция алдында ортақ стратегиялық басымдықты қамтамасыз етеді» деген тұжырым жасады . 
В.Тельнов Еуразиялық интеграция институты Саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?