Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ә.М. Оразбаев және Қазақстанның қола дәуірі

5069
Ә.М. Оразбаев және Қазақстанның қола дәуірі - e-history.kz
Ғылыми жұмыстарының басым бөлігі қола дәуіріне арналған ғалымның өмірден мансұқ еткен мақсаты да, бақыты да тарихтың осы кезеңдерімен тікелей қатысты болды.

Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев өзінің елу жылға жуық ғылыми шығармашылығында Қазақстанның Орталық, Солтүстік, Шығыс және Оңтүстік өңірлерінде қола дәуірінің көптеген қорымдары мен ірі жеті қонысында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ғылыми жұмыстарының басым бөлігі қола дәуіріне арналған ғалымның өмірден мансұқ еткен мақсаты да, бақыты да тарихтың осы кезеңдерімен тікелей қатысты болды. Бұл да ғалымның басты мұраты саналатын жетістігі, өз мамандығына деген шын сүйіспеншілігі болса керек. Әбдіманап Медеуұлының өз мамандығына шын берілгендігін және қола дәуірін зерттеуді жанына жақын көргендігін жеке мұрағатында сақтаулы төмендегі қолжазбаларынан да көре аламыз:

«Археологиялық қазба жұмыстары қазіргі археологиялық ғылымның талаптарына сай  жоғары ғылыми деңгейде жүргізіліп жатыр. Мұны мен археолог жұмысындағы басты талап деп есептеймін. Дұрыс қазып ашылған мен ғылыми тұрғыдан дұрыс белгіленген материалдар жариялануға мен кез-келген мамандардың ғылыми айналымына енгізуге де болады. Сондай деректер қазба жұмыстарын жүргізген адамға мен ғылыми еңбекті жазатын адамға да дереккөздер ретінде пайдалы болады. Соның бәрі де маманның (археологтың) біліктілігі болып есептеледі. Егер археологиялық қазба жұмыстарын маман емес жүргізсе, онда көптеген материалдар мен теңдесі жоқ ескерткіштер жойылып кете алады. Сондықтан мен жоспарлы қазба жұмыстарын жүргізгенде, «Қола дәуірінде бүкіл Қазақстан» атты  көлемді тақарып бойынша зерттеулер жүргіздім» «Эпоха бронзы всего Казахстана» [Оразбаев Ә.М., Алматы қалалық Мемлекеттік Орталық мұрағаты. Ә.М. Оразбаевтың жеке қоры. № 282 қор, № 14 іс, 1-3 бб]. 

Қай адамның болсын мамандығындағы мәңгілікке мұрат етіп алар ісіндегі түйінді сәті жас шағынан басталары анық. Ол қазба жұмыстарын қазу әдістерін толықтай сақтап, өте таза қазуды ұстазы М. П. Грязновтан қабылдап, шәкірттеріне көп жылғы тәжірибесі негізінде толықтырып беріп келді. Әбдіманап Медеуұлын көзі көрген шәкірттері қазба жұмыстарында сурет салу, фото суретке түсіру кезінде өте қатал болатынын, тіпті бір тасты қозғап алмауды қадағалайтынын еске алады [Төлеубаев Ә.Т., 1998]. 

Ғалымның Қазақстан жерін мекендеген қола дәуірі адамдары мен олардың заңды ұрпақтары ежелгі көшпелілер тарихына үлкен үлес қосқан тұлға ретінде қарағанымызбен, алайда ұстазымыздың археологиялық зерттеулерінің әлі де байыбына толықтай жетіп аңдамаған тұстарымыз баршылық. Өмірінің соңғы жылдары археологиялық экспедицияда жүргенде қола дәуірінің жерлеу орындарындағы кездесетін тас жәшіктер мен ерте темір дәуіріне жататын құлажорғалықтардың қабірлеріндегі тас жәшіктер арасында мәдени сабақтастық, генетикалық жалғастық барын үнемі айтып отыратын. Ұстазымыздың тағы бір ерекше қасиеттерінің бірі — ерте темір дәуірінің қорғандарын қазып жатсақ та, міндетті түрде сол маңнан өзіне алабөтен жақын қола дәуірі ескерткіштерін тауып, зерттегенде ғана көңілі тыныштанатын [Омаров Ғ.Қ., 2010]. 

Әбдіманап Медеуұлы зерттеулерінің негізгі бағытына айналған қола дәуірін қоғамда болған ірі өзгерістер мен шаруашылық және мәдени секірістер кезеңі деп ерекшелеуге болады. Тарихи кезеңдер ішінде б. з. д. екінші мыңжылдықтағы қола дәуірі тайпаларының ең бір тіршілік етудегі қолайлы ортасына айналған Еуразия кеңістігінің, соның ішінде Қазақстан далаларының маңызды өлке болғандығы археологиялық зерттеулер бойынша бізге таныс. Кең жазықты, қыратты, далалы болып келетін Қазақстан жерінде металл өндірісінің дамуына әсерін тигізген көп кен орындарының__болуының өзі қола дәуірі қоғамының басты сипаттарының бірі болды. Сонымен бірге қола дәуірінің негізгі шаруашылықтарының бірі отырықшы бақташылық пен суармалы егіншіліктің дамуы қола дәуірі тайпаларының тіршілігіне қарқын берді. Табиғи қолайлы ортада ұдайы даму үстінде болған қола дәуірінің көне тұрғындары б. з. д. бірінші мыңжылдықтың басына қарай мал санының өсуіне байланысты және металл өндірісінің дамуы дәрежесінде және Батыс Сібір, Орта Азия сияқты аймақтармен саяси, экономикалық байланыстар орнату арқасында ірі тайпа бірлестіктері одағына айналды.

Бұған дәлел ретінде соңғы қола дәуірінің Беғазы-Дәндібай сияқты жерлеу тас мазарлары мен бірге Алат І, ІІ, ІІІ ескерткіштері және Кент қонысының археологиялық деректерін келтіруге болады [Варфоломеев В. В., 2003]. Алғашқы қоғам тарихының соңғы белесі саналатын тарихымыздың үлкен бір кезеңін алып жатқан қола дәуірі өзінің хронологиялық уақытымен бірге, ғылыми тұрғыдан зерттелу деңгейі жағынан да бір ғасырдан асатын тарихнамасы бар. 

Қола дәуірі басқа тарихи кезеңдерге қарағанда көбірек зерттелгенімен, аталмыш дәуірдегі тарихи проблемалардың көпшілігі шешіле қойған жоқ. Неғұрлым қола дәуіріне тән ескерткіштер көбірек зерттелген сайын, бұл тарихи мәдени кезеңге қатысты сан алуан мәселелер легі де ұлғая бастайтыны тарихи шындық болып отыр. Мұның өзі бір шетінен отандық археология ғылымының дамуын да көрсетеді [Құрманқұлов Ж.Қ., Байғонақов Д. С., 2008]. 

Қазақстан жерінің қола дәуірі терең зерттелген аймақтар саналатын Орталық және Солтүстік Қазақстан жерлеріндегі Ә.Х. Марғұлан бастаған ғалымдарымыздың мақсатты түрде жүргізілген зерттеулері үлкен маңызға ие. 

Сол зерттеулердің бастамасы ретінде қола дәуіріне өз кезеңдемелерін жасаған қазақ археологиясының алғашқы қарлығаштары К. А. Ақышев (1953), Ә.М. Оразбаевтар (1958) еді. 

Қазақстан жеріндегі кезеңдеме ісін К. А. Ақышев, Ә.М. Оразбаевтар тарапынан жасалған үлгілері сол уақыттағы ғылыми айналымда үстемдік құрған К. В. Сальниковтың кезеңдемесі негізінде жасалды дегенмен де, өзіндік ұстанған бағыты, бағдары бар еді. Олар үш кезеңнен тұратындығы мен атауларының біркелкілігін сақтағанмен жергілікті мәдениеттердің өзіндік ерекшеліктерін және ұқсастығының ара-жігін ажырата отырып, өз кезеңдемелерін ұсынды. Сондай-ақ бұл ғалымдар К. В. Сальниковқа дейінгі зерттеушілердің еңбектерін де қолданғанын ескеруіміз керек. К. А. Ақышев пен Ә.М. Оразбаевтардың кезеңдеме жұмыстары жинақталған мәліметтердің аздығымен бірге сол уақыттағы Қазақстан жерінің қола дәуірін зерттеуде жеделдету қажеттілігі де асығыс пікірлер орын алуына әсер етті. Сонымен бірге, ғалымдарымыздың зерттеулеріндегі бір ізділік бір орталықтан бағындырылған кеңестік ғылымның жүйесіндегі осал тұсы болуымен бірге зерттеушілердің ұшқыр қиялы мен қарымды қаламына да салқынын тигізді. Алайда, ғалымдарымыз қола дәуірінің жергілікті аймақтық нұсқаларын олардың өзіндік ерекшеліктерін тани отырып, жеке мәдениет ретінде қарастырды және жаңа атауларын ұсынды. 

Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев өзінің 1958 жылы жарық көрген «Солтүстік Қазақстанның қола дәуірі» атты еңбегінде сол кездегі бар деректерге сүйене отырып Солтүстік Қазақстанның қола дәуірін кезеңдеп, ғылыми ой тұжырымдарын айтты. Әбдіманап Медеуұлының бұл тырнақ алды еңбегі Солтүстік Қазақстан және Ресейдің Челябі өңірі ескерткіштеріне қатысты жүргізілді. Өңір ескерткіштерінің зерттелу тұрғысы Қазақстанның басқа аймақтарымен салыстырғанда аз зерттелгеніне қарамастан, бар мәліметтерді қамтуға тырысты. Негізінен кезеңдеме ісі Ленинградтағы мемлекеттік Эрмитаж мұрағаттарына және Солтүстік Қазақстаннан алынған археологиялық деректерге қатысты қарастырылды. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан өңірінің ерте қола дәуірінен соңғы қола дәуіріне дейінгі аралықтағы небәрі бес топты жерлеу ескерткіштерінің 45 қоршауына және көне тау-кен жұмыстарына қатысты 4 қоныс орындарының мәліметтері зерттелді. Бұл жерлеу ескерткіштері мен қоныс орындарының көпшілігі толық ғылыми тұрғыда зерттелмеуімен тоналып кеткендіктерін ескерер болсақ, бір мыңжылдықтың қоғамдық сипатын беру үшін бұлардың аздық етері анық, былай қойғанда, жоққа тән мәлімет десе болады. 

Сол уақыттағы бар деректерге байланысты Ә.М. Оразбаев Солтүстік Қазақстан жеріндегі көне тайпалардың қола дәуіріне дейінгі кезеңдерінен бастап соңғы қолаға дейінгі уақыт аралығындағы қоғамдық көріністеріне өзінің ғылыми ой-тұжырымдарын білдірді. Андронов мәдениетіне дейінгі (энеолит) дәуірде негізгі шаруашылық аңшылық болып қала берді, бірақ қолға үйретілген малшылық та осы уақытта қалыптасып үлгерді, өйткені осы кезең қоныстарынан (Светлый, Жаркөл, Сексеуіл және т. б), жерлеу орындарынан (Шағалалы, Светлый, Жаркөл) үй жануарларының (сиыр, жылқы, қой) сүйектері табылған болатын. Ғалым, сондай-ақ, Қысыкөл қонысынан дәнүккіштің табылуы жер өңдеу, егін салу болғанын көрсетеді деген қорытындыға келді. Андроновқа дейінгі кезеңде өндірісте металмен де таныс болғанын Қысыкөл, Қаратомар, Затобол және Шағалалы қоныстары көрсетеді. Алайда, өндірісте негізгі орында тас еңбек құралдары орын алғанын жерлеу орындары мен қоныстарда табылған заттардан байқауға болады. Сондықтан, Солтүстік Қазақстанның андронов мәдениеті (федоров кезеңінде) малшылық, егін салу, мыс өндірісі бар, әрі андроновқа дейінгі кезеңге қарағанда ілгері дамыған қоғам еді. Андронов мәдениетінің федоров кезеңіндегі тайпалардың шаруашылығы өзен аңғарларында қалыптасты. Бұл кезде жетекші шаруашылық мал шаруашылығы болған, ал суармалы егіншілік әлі де тайпаның азыққа қажеттілігін қамтамасыз ете қоймаған. Дәнді дақылдар тек ет тағамдарына қосымша қор ретінде болды. Дамыған мал шаруашылығының әсерінде мал басының көбейуіне байланысты жеке бай отбасылардың қалыптасуына және патриархалды тайпа көсемдерінің қалыптасуы алғы шарттары қалыптасты [Оразбаев А. М., 1958]. 

Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев сол уақыттағы деректердің аздығына қарамастан, көне дәуірдің мәдени ерекшелігіне, шаруашылығына және дүниетанымдық түсініктеріне терең тұжырымдар жасай білді. Сол уақыттағы феодоров кезеңіне жатқызылған ескерткіштер уақыт өте келе мерзімі жағынан кейінге шегерілгенімен, мәдениеттің өзіндік ерекшеліктері сол күйінде сақталуы Қазақстандық жетекші ғалымдардың жетістігі еді. 

Солтүстік Қазақстанның Алакөл кезеңі ескерткіштері федоров кезеңіне қарағанда аз зерттелгенімен, осы кезеңнің хронологиялық мерзімдемесін белгілеуде нақты мәліметтер бере алды. Бұл кезең ескерткіштеріне Петропавл, Ефимовка және Бурабай шипажайы жанындағы федоровтық ескерткіштер арасындағы кейінгі алакөлдік ескерткіштер және Степняк кеніші жанындағы алтын рудасын қорытқан көне кенорыны жатады. 

Ғалым алакөл кезеңіндегі қыш бұйымдар сыртындағы өрнектердің өзіндік ерекшеліктері деп, ыдыстардың иығынан жоғары белдеуде өрнек салынбай жолақ болып қалдырылуы, ондағы кейбір элементтер ұшы жоғары қараған үшбұрыш, тік бұрышты меандр, әртүрлі сызықтар, белдеулер, кейде күрделі меандр, үшбұрыштар мен ромбылар тізбегі екенін айтты. Солтүстік Қазақстанның андронов мәдениеті алакөл кезеңінде жерлеу дәстүрінде үлкен өзгеріс табады. Алғашқы федоров кезеңінде жерлеу салтында өртеп жерлеу орын алса, ал алакөл кезеңінде өртемей қою қалыптасады. Бұл кезеңде қыш ыдыстарының сыртқы формасы мен өрнегі де өзгеріске ұшырайды. Өлікке арнап құрбан шалу салты (ыдысқа тамақ салып қоса жерлеу, мал арнап сойып көму) орын алады. Федоров және алакөл кезеңдерінің жерлеу салтында, тұрмыстық заттарында өзгешелік болуына қарай дүниетанымдық түсініктерінде және өмір салтында өзгеріс болды дегенмен, шаруашылығы мен негізгі қоғамдық құрылысы сол күйінде қала берді. Металл өңдеу өндірісінде федоров кезеңіне қарағанда алакөл кезеңінде де бәлендей ілгері даму бола қойған жоқ. Ғалымның еңбектерінде, алайда, алакөл кезеңінің федоровқа қарағандағы мәдени ерекшелігі мен өзіндік даму үрдісін бірден байқауға болады деп атап көрсетілді. 

Әбдіманап Медеуұлының андронов мәдениетін кезеңдеуде феодоров және алакөл кезеңдері ескерткіштерінде, әсіресе, жерлеу дәстүрлерінде маңызды өзгешеліктер бар екендігін анықтағандығы сол уақыттағы ғылыми жетістік еді. Сондай-ақ, ғалым еңбегінің құндылығы Солтүстік Қазақстанның қола дәуірі ескерткіштерінің жүйеленіп ғылыми айналымға енуі мен Еуразия археологиясының ортақ арқауына енуінде жатыр. Ғалым зерттеулеріндегі түпкілікті өзгеріске ұшыраған феодоров және алакөл кезеңдерінің кейіннен орын ауыстыруы немесе қатар өмір сүруі мәселесі соңғы жылдардағы мәліметтердің молайуы нәтижесінде жеткен жетістік екенін ұмытпауымыз керек. 

Ғалым Солтүстік Қазақстанның замараевтық ескерткіштері аз зерттелінуіне байланысты Челябі өңірімен бір мәдениет деуге де, бөлек атау беруге де әлі ерте екенін айтты. Осы кезеңге тән ескерткіштер андроновтық ескерткіштермен салыстырғанда анағұрлым белгілі болуымен бірге зерттелуі жағынан да төмен деңгейде. Ол мысалы, екі қабірдің бірінің кездейсоқ қазылуы, өлкеде бұл тақырып бойынша тек барлау жұмыстары ғана жүргізілгендігі, кездейсоқ олжалар, маман емес адамдардың сауатсыз зерттеулері. Соған қарамастан бұл деректер бізге құнды дей отырып, терең зерттеп, ой қорытуға талпынды. 

Зерттеуші Солтүстік Қазақстанның замараев мәдениетіне Бурабай, Ақкөл жерлеу орындары мен көне тау-кен жұмыстарына байланысты 11 қоныс орынын жатқызды. 

Ә.М. Оразбаев өз еңбегінде қазба деректерінің аздығына байланысты Солтүстік Қазақстанда мекен еткен қола дәуірі тайпаларының мәдениетіндегі даму ерекшелігінің жекелеген элементтерін ашуға мүмкіндік болмады деді. Бірақ, жалпы алғанда Солтүстік Қазақстан жерінде б. з. д.. ІІ-І мыңжылдықта қоғамдық даму секірісі анық көрінеді деп баса айтты. 

Замараев мәдениетінде шаруашылықта және өмір тұрмысында үлкен өзгерістер болғанын көруге болады. Шалқар қонысынан ат әбзелі — сулықтың табылуы Солтүстік Қазақстан жерінде, жалпы далалы өңірлерде жылқы малының шаруашылықта нақты мініске қолданылғаны көрінеді деді. Жылқыны мініске пайдалану дегеніміз малды алыс жайылымдарға жаю немесе малды қорғау үшін, жер үшін соғыстар кезінде қажеттілігі артқанын айтты [Сонда]. Осындай жылжымалы мал шаруашылығымен қатар жер өңдеу, егін салу шаруашылығы жүргенін егін жинауға қатысты қола орақтардың табылуынан көруге болады. Металл өңдеу ісінде де осы кезеңде үлкен өзгеріс болғанын қоныстардан табылған әр түрлі қола еңбек құралдары мен қару жарақтардың формаларынан байқауға болады. Еңбек құралдардың әсіресе сом металдан сабына дейін құйылған түрлері шыққан. Салмағы ауыр еңбек құралдардан балға, қайла, шапқыш түрлері кездеседі. Қыш ыдыстары да өзгеріс тауып, андрондық ыдыстарға қарағанда қалың, тұрпайы жасалған, өрнегі де жеңілденген. 

Замараев мәдениетінің өндірістегі даму қарқыны өзінен кейінгі ерте темір дәуірінің көшпелі мал шаруашылығына бағытталған қоғамына тың серпін берді. Көршілес жатқан аймақтардың ұқсас ескерткіштерімен салыстырғанда осы соңғы қола дәуірі алғашқы қоғамдық құрылыстың дамыған соңғы белесі болып, бұл жетістіктер келесі көшпенді мал шаруашылығына негізделген тайпалық бірлестіктер қоғамына өтті [Оразбаев А. М., 1958]. 

1959 жылы Әбдіманап Медеуұлы өзінің Солтүстік Қазақстанға жасаған кезеңдеме еңбегінен кейін Орталық Қазақстан жеріндегі Елшібек, Беласар, Қанаттас, Егізқойтас сынды ескерткіштерін зерттеді. Деректерді саралай келе ол аталмыш қорымдардағы қоршауларды сыртқы құрылысы мен ішкі табылымдарына қарай екі топқа бөліп қарастыруға болады деді. Негізінен жерлеу дәстүрінде өртемей жерлеу көп орын алатындықтан, оларды К. А. Ақышев зерттеулеріндегі андронов мәдениетінің алакөл кезеңімен мерзімдеуге болады. Сондай-ақ, бұл ескерткіштердің жақын үлгілерін Солтүстік Қазақстан мен Челябі өңірлерінің б. з. д. ХІІІ-ХІ ғғ. мерзімделетін ескерткіштерінен көреміз деді [Оразбаев А. М., Архив ИА КН МОН РК, ф. № 31, д. № 128, 3-63 бб]. 

Қазақстан территориясындағы деректердің жинақталуымен бірге бір жүйеге келтіру барысында Ә.Х. Марғұлан, К. А. Ақышев, М.Қ. Қадырбаев, Ә.М. Оразбаевтар авторлығымен 1966 жылы «Древняя культура Центрального Казахстана» атты ірі ғылыми монография жарық көрді. Онда андронов пен беғазы-дәндібай мәдениеттерінің тың материалдары беріліп, еңбекте хронологиямен кезеңдестіру мәселелері қарастырылды. Әсіресе, бұл зерттеулерде Орталық Қазақстан жерінің молынан жинақталған деректері негізінде андронов мәдениетінің кезеңдері феодоровпен мерзімдес «нұра», алакөлмен мерзімдес «атасу» деген жергілікті ерекшеліктеріне қарай атаулар ұсынылды. Отандық ғалымдардың бұл шешімге баруы қазба деректерінің молығуы барысында алғашқы кезеңдемелер жасалған Орал сырты өлкесіне байланысты атаулар Орталық Қазақстан жерінің кезеңдемесіне сәйкес келмейтінін көрсете бастауынан еді. Сондай-ақ, атасу кезеңі ескерткіштері нұралықтардың генетикалық жалғасы болып табылатын тайпалардың жерлеу орындары деген қорытынды жасалды [Маргулан А. Х., Акишев К. А., Кадырбаев М. К., Оразбаев А. М., 1966]. 

Отандық ғалымдар тарапынан жасалған кезеңдемеден сәл ертерек 1960 жылы Орынбор облысындағы Близнецы қорымындағы қабірлерден сейма типіндегі найза ұшы мен, алакөл және қожамберді типіндегі ыдыстардың шығуы Э. Ф. Федорова-Давыдова сынды мамандарға федоров және алакөл ескерткіштерінің бір мезгілде өмір сүргендігін алғаш айтуға мүмкіндік берген болатын [Федорова-Давыдова Э. Ф., 1960]. Кейіннен 1964 жылы жасаған М. Г. Мошкова мен Э. Ф. Федорова-Давыдованың алакөл және феодоров қоныстанушыларының әртүрлі табиғи климаттық зонада қалыптасқандығы туралы идеялары екінші мәрте осы мәселе төңірегіндегі ойларын нақтылай түсті [Мошкова М. Г., Федорова-Давыдова Э. Ф., 1964]. Сондай-ақ, бұл тұжырымдар М. Ф. Косарев жұмыстарынан қолдау тауып, ол андронов қауымдастығының территориясында үш түрлі — алакөлдік, феодоровтық және шығыстық топты мәдениеттер өмір сүрді деді. Федоров және алакөлдік тұрғындардың арасындағы генетикалық байланысты жоққа шығара келіп, М. Ф. Косарев белгіленген әрбір топтан жеке этносты көрді. Оның пікірінше, феодоров тайпалары орманды-далалы Орал маңында қалыптасты және далалық алакөл тайпалары арқылы шығысқа ығыстырылды, сондықтан, феодоровтық ескерткіштер оңтүстік сулы-нулы өңірлерге, ал алакөлдік ескерткіштер далалық аймақтарға қатысты болып келеді [Косарев М. Ф., 1975]. 1970-1980 жылдары қол дәуірі ескерткіштерін зерттеу ісі зор қарқынмен дамыды. Кейбір ескерткіштердің материалдары бұрынғы айтылған кезеңдестіру мен хронологияны қайта қарастыруға мәжбүрледі. 

Әбдіманап Медеуұлы Оразбаевтың қола дәуіріне қатысты сексенінші жылдардағы тұжырымдары сол күйінде 1958 жылы жасаған Солтүстік Қазақстанның қола дәуірінің кезеңдемесі кестесін сақтады. Өйткені, ғалымның тұңғыш кезеңдеме еңбегінен кейінгі зерттеулері негізінен қола дәуірінің соңғы кезеңдеріне арналды. 

Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев зерттеулерінің бағыты жетпісінші жылдардың соңына қарай мүлдем басқа арнаға бұрылып, ол тек өз қазбаларындағы мол мәліметтер берген Шағалалы қонысының жекелеген әлеуметтік, шаруашылық мәселелеріне ден қойды. Ал, соңғы қола дәуірі мәселесіндегі мәдени байланыстар мен жергілікті жекелеген ерекшеліктер жөнінде өз тұжырымдарының Г. Б. Зданович, В. В. Евдокимов, Т. М. Потемкиналар тарапынан қолдау тапқаны ғалымды іштей қуантып жүргені анық еді. Ә.М. Оразбаевтың жеке мұрағатында сақтаулы хаттардан ғалымның жетпісінші жылдардың соңында соңғы қола дәуірі мәселелеріне байланысты М. П. Грязнов, Н. А. Аванесова, Г. Б. Здановичтармен жиі пікір алмасқанын көруге болады [Алматы қалалық Мемлекеттік Орталық мұрағаты. Ә.М. Оразбаевтың жеке қоры. № 282 қор, № 47 іс, 5 б.]. 

Қазіргі таңда Ә.М. Оразбаев зерттеулері қола дәуірінің соңғы кезеңдерін қарастыруда өз бағасын алуда, әсіресе оның белдеулі замараевтық қыш ыдыстар мәдени тұрғыдан алып қарағанда жеке деген пікірі өте — мөте маңызды болды. Қазақстандық зерттеушінің «уақыттан озған бұл пікірі 20 жылдан соң, яғни ХХ ғасырдың 70 — ші жылдары толығымен расталды» [Бейсенов А. З., Варфоломеев В. В., 2008, 13 б.]. 

Әбдіманап Медеуұлы Оразбаевтың қола дәуірін зерттеуде Қазақстанның барлық өңірлерінің материалдарын жинақтауына байланысты және жеке ісіне қатысты әл-Фараби ат. Қазақ Ұлттық университетінің мұрағатында докторлық диссертациясын аяқтау үшін кезектен тыс демалыс сұраған өтініштері сақталған. Ғалымның андронов мәдениетінің ерте кезеңдеріне қатысты зерттеулері менғылыми тұжырымдары ұзақ жылдардан кейін Шығыс Қазақстан өңірін зерттеу нәтижелеріне қатысты айтылды. 

Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев ғылыми шығармашылығының соңғы кезеңдерінде Шығыс Қазақстан облысы жерінде Қазақ Ұлттық университетінің археологиялық экспедициясына жетекшілік етіп, қола дәуірінің Сабындыкөл ескерткішінен 15 қоршау қазды, оларды жерлеу дәстүрі мен қоршау құрылыстарына және қыш ыдыстарына қарай алакөл кезеңімен б. з. д. ХV-ХІІ ғғ. Мерзімдеді [Оразбаев А. М., Төлеубаев Ә.Т., Омаров Г. К., 1996]. 

Баймұрат, Қойтас ескерткіштерін жерлеу дәстүрлері мен қыш ыдыстарының күрделі геометриялық өрнектеріне және формасына қарай андронов мәдениетінің феодоров кезеңімен б. з. д. ХVІІІ-ХІV ғғ. Мерзімдеді [Сонда]. Жоғарғы Ертіс бойының қола дәуірі кезеңдемесін жасаған А. А. Ткачев бұларды ескі кезеңдеме негізінде жасалған тұжырым деп сынға алды [Ткачева Н. А., Ткачев А. А., 2008]. Бұл зерттеу қорытындылары тоқсаныншы жылдардың басында жасалғандықтан, Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев сол уақытта қалыптасқан жаңаша кезеңдестіруді білмей қалған жоқ, біле тұрып осындай тұжырымдар жасауға барды. Ғалымның ескі кезеңдеме кестесі негізінде тоқсаныншы жылдары Шығыс Қазақстанның қола дәуірін межелеуін біржақты, кертартпа пікір деп түсінетіндер бар болғанымен, Еуразияның қола дәуірі проблемаларын көзін ашқаннан көріп келе жатқан ғалым пікірлерімен де санасу керек сияқты. 

Жалпы алғанда, отандық тарихнамада қола дәуірі ескерткіштерін кезеңдестіру мен хронологиясын анықтауда ғалымдар тарапынан өз пікірлерін өзгертіп тұруы жиі кездесетін жайт. Бұл уақыт өте келе жаңа мағлұматтардың жинақтала бастағандығын, ғылыми ізденістердің дамуын да көрсетеді. Сондықтан да ғалымдардың алакөл және феодоров мәдениеттерінің қатар өмір сүруі немесе соңғы қола дәуірлерінің алдында санаулы ғана ғасырлар бірге өмір кешкендігі жөніндегі байламдар әлі де өзгеруі мүмкін. Феодоров мәдениетінің өзіндік ерекшелігі саналатын қыш ыдыстарының аздаған ерекшелігі мен өртеп жерлеу салты аз да болса алакөл мәдениетінде де кездесетіндіктен, бұл дәстүр жоралғылардың бір мәдениет ішіндегі белгілі бір салтты орындау барысында жасалған шаралар болуы мүмкін бе деген де ойлар бар. Бұл әлі де терең зерттеулерді қажет ететін және осы проблемалармен айналысатын тағы бір ұрпақ ізденушілеріне жүк болатын мәселе. 

Қорыта келе, Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев қола дәуірін зерттеуші ірі ғалым ретінде қазақ археологиясының тарихында айрықша орын алатын тұлға деп айта аламыз. Оған ғалымның 50 жылға жуық ғылыми ғұмырындағы қола дәуіріне қатысты зерттеулері дәйек бола алады. Жарты ғасырлық зерттеулерінде біздің қолдағы бар деректер бойынша Қазақстанның барлық өңірлерінде 57 қорымнан 235 қоршау мен 7 ірі қоныстардан 24 үй-жай орынын қазып зерттеген. Бұл қазба деректерінің барлығы тек Ә.М. Оразбаевтың өзінің тікелей қазба жұмыстарына қатысуымен атқарылған шаралар. Алайда, осыншама мол деректердің санаулысы ғана жарыққа шығып, қалғаны мұрағат деректері күйінде ғылыми айналымға енбей шет қалған. Алдағы уақытта жарыққа шыққан және шықпаған ғалым мұраларына қатысты бірнеше томдық ғылыми еңбек құрастыру жоспарлануда. Артына өшпес мұра қалдырған ғалымның қола дәуіріне қатысты зерттеулері Отан тарихының көне дәуірлерін зерттеуде мол мағлұмат берері сөзсіз. Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев зерттеулерінде ең көп қарастырылған және ғылыми еңбектерінің салмағын арттыратын соңғы қола дәуіріне қатысты зерттеулері болды. Соңғы қола дәуірі проблемалары Қазақстан археологиясының тарихымен бірге жасасып келе жатқан тақырып болғандықтан, оның сан-салалы қырлары Ә.М. Оразбаев еңбектерінен шет қалған жоқ. Соңғы қола дәуіріндегі ірі қоғамдық өзгеріс нәтижесінде қалыптасқан дамыған жаңа үлгідегі мәдениетті қыш ыдыстары бойынша ерекшелеу қазіргі таңда қола дәуірін зерттеуші белді мамандардан қолдау табуда. Сондай-ақ, соңғы қола дәуірінің келесі бір өзекті мәселесіне айналған карасук проблемасына да зерттеуші өз тарапынан үн қосты, атап айтқанда, ол карасуктың Қазақстан жеріндегі мәдениеттерге ықпалы жөніндегі пікірді қабылдамады.

Ұ.Ү. Үмітқалиев 

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Алматы қалалық Мемлекеттік Орталық мұрағаты. Ә.М. Оразбаевтың жеке қоры. №
282 қор. № 14 іс.
2. Бейсенов А. З, Варфоломеев В. В. Беғазы зираты. Орталық Қазақстан Беғазы-
Дәндібай дәуірінде. — Алматы: Інжу маржан, 2008. — 126 б.
3. Варфоломеев В. В. Кент и его округа (некоторые итоги социокультурного анализа
памятников Восточной Сарыарки) // Степная цивилизация восточной Евразии. — Астана: Култегін, 2003. — Т. 1.
4. Косарев М. Ф. Этнокультурные ареалы в Западной Сибири в бронзовом веке // ИИС. — 1973. — Вып. 7. — С. 65-77.
5. Құрманқұлов Ж.Қ., Байгунаков Д. С. Қазақстанның қола дәуірі. — Алматы, 2008. — 192 б.
6. Оразбаев А. М. Северный Казахстан в эпоху бронзы // Тр. ИИАЭ. — 1958. — Т. 5. — С. 216-283.
7. Оразбаев А. М. Архив ИА КН МОН РК. Фонд № 31, дело № 128. — 3-63 бб.
8. Оразбаев, А. М, Төлеубаев Ә.Т, Омаров Г. К. Могильник эпохи бронзы Сабындыколь. Этнокультурные процессы на территории Казахстана. — Алматы: Санат, 1996. — 152 с.
9. Оразбаев А. М., Омаров Г. К. Некоторые итоги археологического исследования Восточного Казахстана // Проблемы изучения и сохранения исторического наследия. — Алматы: КазНУ, 1998. — С. 9-71.
10. Омаров Ғ.Қ. Ә.М. Оразбаевтың Шығыс Қазақстандағы зерттеулері // Оразбаев оқулары — 2: халықаралық ғылыми тәжірбиелік конф. матер. жинағы. — Алматы: ҚазҰУ, 2010.
11. Төлеубаев Ә.Т. Жизнь и научная деятельность А. М. Оразбаева // Проблемы и изучения и сохранения исторического наследия. — Алматы: КазНУ, 1998. — 4-8 бб.
12. Ткачева Н. А, Ткачев А. А. Эпоха бронзы Верхнего Прииртышья. — Новосибирск, 2008. — 304 с.
13.Маргулан А. Х, Акишев К. А, Кадырбаев М. К, Оразбаев А. М. Древняя культура Центрального Казахстана.— Алматы, 1966. — 434 с.
14. Мошкова М. Г., Федорова-Давыдова Э. Ф. Погребения эпохи бронзы Новокумакского могильника // КСИА. — 1964. — Вып. 101. — C. 135-141.
15. Федорова-Давыдова Э. Ф. Андроновское погребение ХV-ХІІІ вв. до н. э. (к вопросу о периодизации андроновской культуры) // Тр. ГИМ. — 1960. — Вып. 37. — C. 56-59.

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?