Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сөгүт – барша түркілер мекені

3602
Сөгүт – барша түркілер мекені - e-history.kz

Жыл сайын қыркүйек айының екінші аптасының соңында Түркияның Ески­шеһир қаласының маңындағы Сөгүт қалашығында Иорүк мерекесі өтеді. Ол Орталық Азиядан шыққан Қайы Қаңлы тайпасының бір бөлегінің Анадолы жеріне табан тіреуінен бас­талады екен. Бұл әрі олардың көсемі Ертұғрыл Ғазиді еске алуға арналған шара. Бұл жиынға менің әкем Марат Тоқашбаев та талай мәрте біраз зиялы азаматтармен барып қатысып қайтқан болатын. [8, Марат Тоқашбаев «Сөгүттегі Иорук мерекесі», «Президент және Халық» газеті, 17 қыркүйек, 2012 жыл.].

Османлылардан жеткен жорық мерекесі

Қазіргі Түрік Республикасының бастауында тұрған Османлы империясы Ертұғрыл ғази заманында дүниеге келген. Сонау Орталық Азиядан шыққан қайы түркілер тобы 1281 жылы Анадолы жеріне табан тіреді. Моңғолдарға қарсы шайқаста түркілердің көрсеткен көмегі үшін Селжүк билеушісі Алаеддин Кейқубат оларға Сөгүтті қыстау, Доманішті жайлау етіп беріпті. Иорүк мерекесі міне, содан бері тойланып келеді екен. Мерекеге жыл сайын түркі мемлекеттерінен қонақтар шақырылатын көрінеді.

Басы: Түбі бір түркілер. Қаңлылар

Оқи отырыңыз: Осман империясының даму эпогеясы

«Алла тағала нәсіп етіп осы мекенде бұдан 730 жыл бұрын Ертұғрыл ғази салдырған кішкентай мешітте болдық. Іші 20 шаршы метрдей ғана. Алайда бұл ғибадатхана мұсылманшылықты таратуда зор рөл атқарыпты. Мешіт имамы қызықты бір әңгіме айтып берді. Жорықшылар осы жерге тұрақтағанда оларды жергілікті рұмдықтар қонысынан шағын өзен ғана бөліп тұрады екен. Ертұғрыл мешіт салуды ойластырғанда сұрақ туындайды: ғибадатхананы өздері жаққа салған дұрыс па, әлде рұмдықтар жаққа салған дұрыс па? Ойлана келе ол мешітті рұмдықтар жаққа салғанды жөн көреді. Сөйтіп әлгі кішкентай ғана мешітті салады. Мұсылман қауымы намаз уақыты жақындағанда әдетінше дәрет алады. Мұны көріп рұмдықтар таңдана сұрақ қояды: «біз қолдарыңды, аяқтарыңды жуғандарыңды көрдік. Қолмен лас нәрсе ұстайсың, аяқпен лас нәрсе басасың – мұны түсіндік. Ал не үшін ауыз шаясыңдар?». Ертұғрыл түсіндіріп береді: «Ауызбен кейде біреуге тілің тиеді. Көңілін қалдырасың. Сондайды болдырмау үшін аузымызды жуамыз». Әлгі сөзді естіген кісі мұны бүкіл ауыл-аймаққа жаяды. Рұмдықтар өздері көріп, көздері жеткен соң мұсылман дінінің тазалығы мен артықшылығына деген ықылас-ынтасы артып топ-тобымен мұсылманшылыққа өтеді. Сөйтіп Сөгүт жері исламның орнығуына да қызмет еткен екен», – дейді менің әкем Жорұқ мерекесіне барғанда түркиялық ғалымдармен әңгімесі жайлы.     

Қайы қаңлылардың бұл жерге табан тіреуі ХШ ғасырдан бастау алады. Осы кезеңдегі моңғол шапқыншылығы бүкіл әлемнің бет-бейнесін айтарлықтай өзгерткені мәлім. Моңғолдар батысқа қарай бет түзеді. Орталық Азияны тапап өтіп Еуропаны жайпады. Жеңіліс тапқан немесе қырылып кетуден қорыққан ру-тайпалар шеткеріге ығысты. Шапқыншылық салдарынан Орталық Азиядан батысқа ойысқан түркілер жаңа жерлер іздеді. Қаңлы тайпасының Қайы қаңлы руы XIII ғасырдың орта тұсында Сейхундария (Сырдария) бойынан Махан өңіріне (қазіргі Түркменстан жеріне) келіп бірнеше жыл аялдайды. Оларды бастап шыққан Сүлеймен бай ұлдарына (кей деректерде Гүндіз Алып делінеді) үнемі басқа шұрайлы қоныс керектігін құлақтарына құйып отыратын. Мұны Хайма ананың да құлағы шалушы еді.

Қоныс алу үшін де, оны қорғау үшін де күш-қуат керек. Сондықтан ежелден жауынгер көшпелілердің бұл ұрпағы садақ тарту, найза шаншу, басқа ұрыс тәсілдерін үнемі жетілдіріп отырды. Батысқа қарай жорық жолында Сүлеймен Фрат (Ефрат) өзенінен өтерде суға кетіп өледі. Батырдың төрт ұлының екеуі бұл уақиғаны бақытсыздыққа балап кері қайтқанды жөн көреді. Қалған екі ұл Ертұғұрыл мен Дұндар елін бытыратпай, көшті кері қайтармай шешесі Хайманың қолдауымен 440 шаңырақ әкелерінің арманын іске асыру үшін жорық жолын әрі жалғастырады.  

Қолды Ертұғұрыл басқарды. Олар алдымен Қаражадаға, одан Сөгүтке келеді. Дәл осы Сөгүтте алты ғасырлық Османлы империясының негізі қаланды. Қайы қаңлылар Сейхундария бойынан шығып арбасының дөңгелегін шиқылдатып, мал шалдырта жүріп Сөгүтке жеткенше оншақты жыл уақыт өтсе керек. Мұндай деректер Османлы тарихшыларының көрнекті өкілі Нешриддиннің жазбаларымен де растала түседі.  

osman-imperiyasy-ne-sebepti-qulady.jpg

Бұлар Сөгүтке жеткенде қиян-кескі ұрыстың үстінен шығады. Дұндар мырза «Не істейіз?» дегенде Ертұғрыл ғази: «Қайсысы жеңіліп жатса соған көмектеселік», – дейді. Қайы қаңлылар бұрыннан мұсылман болатын. Сондықтан Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) жолынан, өздерінің ғұлама туысы әл-Фараби (870 жылы Отырарда туған) мен Қожа Ахмет Иассауидің (1103 жылы Сайрамда туған) имани ілімдерінен хабардар еді. Сондықтан олар үшін әділдік, әлсіздерге көмек қа­ны­на сіңген қасиет болатын. Ұрысты бақылап тұрған бұлар біраз уақыттан соң соғысушылардың ойсырай жеңіліп бара жатқан жағына болыса кетеді. Тасадан тап берген тың күш қойсын ба, екінші жақтың тас-талқанын шығарады. Сөйтсе соғыс осындағы Селжүк патшасы Алаеддин Кейқуаттың әскері мен бұл жаққа да жеткен моңғол қолының арасында жүріп жатыпты. Жеңіліп бара жатқанда қолұшын беріп, көмектескені үшін Ертұғрылға Селжүктердің патшасы Кейқуат қатты риза болады. Патша Қайы қаңлыларға әуелі қазіргі Анкара маңындағы Қаратауды береді. Артынан   румдықтардан өздеріне қаратып алған жаңа жер Сөгүтті қыстаулыққа, Доманішті жайлауға береді.

Қайы қаңлылар содан әр жылы жазда Доманіш жайлауына шығып, қыркүйекте Сөгүтке қайта түсетін. Мырзалары Ертұғрыл Ғазидің қолбасшылығында «Әуелі – қоныс, артынан – жеңіс» тұжырымын ұстанды, аймақта тұрақтап қалуды көздеді. Бұл олардың ежелгі атамекенін еске салатын. Ертұғрыл ғази жайлаудан қыстауға аман-есен оралғандарын халқына «ет пен қаңлы палауын» сыйлау жолымен тойлатқызатын. 727 жыл бұрын Ертұғрылдың тірі кезінде басталған бұл әдетті Қайы қаңлы руы ол 1281 жылы өлген соң да дәстүр ретінде жалғастырды.    [4, Әбдуали Қайдари «Қаңлы» кітабы, Алматы «Дайк пресс», 2004 жыл.].

Қайы қаңлылар туралы Түркияның белгілі мемлекет қайраткері Дәулет Бахчели мырза былай деген екен: «Түрік тарихының марапатты беттері­нен орын алған Османды мемлекеті дүние тарихындағы ең ірі мемлекеттердің бірі екен­дігі шүбәсіз. Бұдан 720 жыл бұрын селжүктердің қолбасшысы сипатында Ертұғрыл Ғази салған негіз Қайы қаңлы ұрпақтарының әлемде алып бір империя құратынын әрине білмеуші еді. Алайда ол Анадолыда түрік дәулетінің іргетасын қалаудың және ағайын арасындағы қақтығыстарды жоюдың қажеттігін өте жақсы білетін. Сол үшін де өзі және кейін билікке ие болған ұлы Осман Ғази мен немерелері батысқа қарай бет алып, қандастар қақтығысынан аулақтануды жөн санаған. Кейін келе күшті бір мемлекет тек бірлік арқылы қаланатындығына сенгендері себепті, өзге түрік бектіктерін де бір тудың астына топтастыруға күш салды. Сөйтіп Шығыс, Орта Европадан Орта Шығысқа, Қырым мен Кавказдан Солтүстік Африкаға дейінгі ұлан-байтақ кеңістікте билік құрған Османды (Османлы) мемлекеті пайда болды». [ 6. Дәулет Бахчели «Түркия бастауларында», «Еуразия» журналы, №2, 2002 жыл.].

Сөйтіп Сөгүт пен Доманіш түрік тарихында маңызды орынға ие айналды. 1289 жылы Селжүк патшасы   Ертұғрыл мырзаның батырлығымен көзге түсіп жүр­ген кіші ұлы Оспан (Осман) мырзаға рұмдармен шекарадағы уәлаяттың билігі беріледі. Осы кезде Білежікте Әбдібәли деген шайық өмір сүретін. Ол төңірегіне иман нұрын шашқан жан еді. Мықтылар мен мырзалар одан тәрбие, білім және мінез-құлық сабағын алатын. Сөгүтте Ертұғрыл Гази, Білежікте шәйық Әбдібәли Ұлы Осман империясы бәйтерегінің ұрығын сепкен деуге болады. Өйткені Ертұғрыл Гази кіші ұлы Османға шайық Әбдібәлидің қызы Бал ханымды алып берген. Осы некеден жарты әлемге алты ғасыр билік жүргізген, әлемде бұрынды-соңды кездеспеген ең ұзақ өмір сүрген Османұлдары хандығы дүниеге келді. Сонымен әлемдегі ең ұлы өркениет қалыптасты. Осы теңдессіз өркениеттің алғашқы шырағы Сөгүтте алауланып бірте-бірте Бурса, Едірне, Стамбұлға, одан ары қарай үш құрлыққа тараған. Ұлы бәйтерек тамырының осыншама кең жайылуының себебін мына сөздердің түйінінен тіпті айқын ұғуға болады. Ертұғрыл Ғази ұлы Осман Ғазиға былай депті:

Бері қара, ұлым,

Мені ренжіт, шайық Әбдібәлиді ренжітпе,

Ол біздің тайпамыздың нұры,

Таразысы ақша шашпайды.

Маған қарсы шық, оған қарсы шықпа.

Маған қарсы шықсаң, қайғырып мұңаярмын,

Оған қарсы келсең, көздерім саған қарамас,

Қараса да көрмес болар.

Сөзім Әбдібәли үшін емес,

Аймағымыз үшін,

Осы айтқанымды өсиет деп біл...

Бұл ел бірлігін көздеген көсемнің кейін ұлы империя құратын ұлына арнаған жүрек сөзі, Әбдібәли арқылы рухани тазалыққа шақырған шынайы өсиеті болатын. Бұған қосымша Шайық Әбдібәли де күйеу баласы Қайы қаңлы Осман мырзаға шекара уәлаятының басшысы болып тағайындалған кезде мынадай өсиет айтқан:

Әй, ұлым, билеушісің!

Бұдан былай алу – бізден, ынтымақ – сенен.

Ренжу – бізден, төзу – сенен.

Әлсіздік, жаңылысу, мәз болу – бізден, әділет – сенен.

Қырын қарау, бейпіл ауыздық,

Қақсыз баға – бізден, кешіру – сенен.

Бұдан былай бөлу – бізден, қосу – сенен.

Жалқаулық – бізден, ояту, жігер беру – сенен.

 

Әй, ұлым! Сабыр сақтай біл!

Уақыты толмай гүл ашылмайды, соны ұмытпа!

Адамдарға үйрет, мемлекетін жасасын.

Әй, ұлым! Жүгің ауыр, жұмысың жапалы, күшің қыл үстінде

Бір Аллаң қолдаушың болсын!

Ертұғрыл ұлы Осман Ғази әкесі мен қайын атасының сөздерін жадынан еш шығарған емес. Ол ең алдымен өзінің құтты қоныс іздеген ата-бабаларының асыл армандарын орындауға ұмтылды. Ұтымды дипломатиямен, қажет жерде күшпен Осман ғази өз иелігін кеңейте берді. Қайы қаңлыларды сөйлейтін тіліне қарап айналасындағы және бағынышты елдер түрік деп те атайтын болды. Жеңістер бірінен кейін бірі жалғасты. Жапырағын жайған Османлы бәйтерегі Франция, Балкан, Хижаз аймағы, Мысыр, Морокко, Тунис, Алжир, Жерорта теңізі, Еуропа, Қырым және Үнді мұхитына дейін созылды. Осы керемет өркениеттің бесігі Сөгүт болған. Өздерін Қайы қаңлының ұрпағы санаған түркінің қабырларында жатқан ұлы перзенттері ғасырлар бойы адамдарға рухани күш беріп келді. Кейін қараусыз қалған Сөгүт жері II Әбдулхамит хан тұсында қайтадан өңделіп, онда Хамиддие мешіті мен медресесі салынды.

Империяның Анадолы аумағының бір түкпірінде түрік билігінің арқасында негізі қалануы – өте маңызды тарихи оқиға. Үш құрлықты қамтитын шекарасы бар Оспан құрған (өздері Османлы атап кеткен) түрік мемлекеті тек әскери қуатымен, соғыс тәсілдерімен ғана күшті емес еді. Османлылардың жеңіс рухы керемет болатын. Қайы қаңлылардың ынтымақты бірлігі жоғары болды. Өздеріне қараған аймақтарда түріктер отарлау ойында болмай әділ билік орнатты. Бағынған елдердің дамуы мен көркеюіне еселеп үлес қосты. Мұсылманшылық пен әділ­дік Османлы дәулетінің даңқын арттырып, мемлекеттің үлкеюінде, әлемдік дер­жаваға айналуына негіз қалады. Жаңа мәдениеттің қалыптасып, жетілуіне жол ашты. Осы арада заңдылық пен әділетке арқа сүйеген, нәсілге, тілге, дінге бөлінбейтін мемлекет құру арқылы   бүкіл әлемге үлгі көрсетілген еді.

Бүгінгі күні сол орасан кең аумақта Османлы мәдениетіне қатысты теңдесі жоқ көптеген ескерткіштер сақталып қалған. Қазір әлемде кезінде Османлы империясының қоластында болған   үлкенді-кішілі 56 мемлекет бар. Жеті ғасырдай үздіксіз өмір сүрген Османлы дәуірі түрік ұлтының келешегі үшін өмірлік тәжірибе сабақтарына толы.

Соның бәрі Ертұғрыл ғазидің жеңістерінен басталады. Бұл Сырдария бойы­нан басталған ұзақ жорықтың соңғы қадамы, соңғы жеңісі болса, Османлы им­периясының іргетасы қалануына себеп болған алғашқы қадам, алғашқы жеңіс еді. Сөгүттегі мерекенің халық арасында йорук (жорық) мейрамы аталуы да сондықтан. Оның тарихы ауыздан-ауызға, әкеден балаға хикая ретінде жалғасып отырды. Осы арадан әлемде заң және әділет таратқан, нәсілге, тілге, дінге бөлінбеген бір мемлекет құру арқылы үлгі көрсеткен еді.

slide-1 (1).jpg

Ертұғрыл ғази 1281 жылы дүние салыпты. Оның көзі тірісінде бастатқан мерекелері әлі   жалғасып келеді.   Бұл салтты өткізу үшін жұртшылық әр жылы қыркүйек айының екінші жексенбісінде Ертұғұрыл батырдың кесенесіне жиналады. «Шипалы палау», «тәтті шелпек» сияқты тағамдар тартылады. Жиналған жұрт сөйтіп Жорық мерекесін тойлайды. Османлы сарайының ең сенімді әскерлері бұрын Сөгүтте таңдалатын. Олар патшалардың ең жақындарының ішіндегі ең лайықтылары болды. Сөгүт шын мәнінде дамыған құрылыстың да, кейін азаттық үшін айқастардың да бесігі болған. Мұстафа Кемал Ататүріктің: «Сіздер ол жерде жауды ғана емес ұлттың бақытсыздығын да жеңдіңіздер» деуі тегіннен-тегін емес.

Түркия Республикасының негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүрік 1933 жылдың күзінде, Түркия Республикасының онжылдығында сөйлеген сөзінде: «Біз бүгін Кеңестік Ресеймен доспыз, көршіміз, одақтаспыз. Бұл достыққа біз бүгін мұқтажбыз. Бірақ, ертең не боларын ешкім дөп басып айта алмайды. Дәл Осман империясы секілді ол да ыдырауы мүмкін. Бүгін уысына қысып ұстап отырған халықтар уысынан шығып кетуі мүмкін. Міне, сол кезде Түркия не істейтінін білуге тиіс. Осы досымыздың билігінде біздің тілі бір, наным-сенімі бір туыс бауырларымыз бар. Соларға қолұшын беруге дайын болуымыз керек. Дайын болу деген сөз – сол күнді күтіп отыру емес. Дайындалуымыз керек. Халық бұған қалай дайындалады? Тіл – бір көпір, тарих – бір көпір, наным-сенім – бір көпір. Біз бүгін олардан тіл тұрғысынан да, салт-дәстүр жөнінен де, тарихи байланыстар саласында да ажырап, өте алыс қалып қойдық. Біз тұрған белес дұрыс па, олар тұрған жер дұрыс па, мұны есептеп жатудың пайдасы жоқ. Олардың бізге жақындасуын күте алмаймыз. Біздің оларға жақындасуымыз қажет» деген болатын. [18, Энциклопедия «Согют-2010»].

Көреген Түркия көсемінің сөзі айдан анық келіп, социалистік лагерьге айналған кеңестік империя күйреп, әр халық өз қайнар бастауына қайта оралды. Тілі, діні, тарихы, мәдениеті жаңғырды. Ұлттық бастауларға қайта оралды.     

Тәуелсіз мемлекеттер қатарына 1991 жылы Қазақстан да қосылды. Ел тәуелсіздігін алғаш мойындаған түрік ағайындарымызбен үзілген байланысымыз жалғасын тауып, тарихтың ақтаңдақ беттері ашылды. Міне, сол тәуелсіздігіміздің бір жемісі ретінде әлемді дүр сілкіндірген Осман империясының негізін қалаған қазақтар болғандығы жария болып, тарихымыз жаңа деректермен қайта жаңғырды.

Қазақстандағы күллі қазақ халқы Османлы империясының құқықтық мұрагері Түркия еліне жаңаша көзқараспен қарап, тың деректермен толығып, екі ел арасындағы достық қарым-қатынас нығая береді деген ойдамын.

Жалғасы бар...

Жанерке МАРАТ,

№12 мамандандыралған

мектеп-гимназияның

11 «А» сынып оқушысы,

Алматы қаласы.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?