Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Оқулықтар жазуда олқылықтар бар

13260
Оқулықтар жазуда олқылықтар бар - e-history.kz
Қазақстанның қазіргі кезең тарихына «сындарлы он жыл» мен «бейбітшілік пен жасампаздық» жылдары болып енген онжылдықтарда мемлекетіміз қалыптасты.

Қазақстанның қазіргі кезең тарихына «сындарлы он жыл» мен «бейбітшілік пен жасампаздық» жылдары болып енген онжылдықтарда мемлекетіміз қалыптасты. «Қазақстан-2050» стратегиясында айтылғандай, «Ел 20 жыл бойы егемендігіміз бен саяси салмағымызды нығайтуға жұмыс істеді. 20 жыл өткен соң бұл мақсатқа қол жетті. Қалыптасу кезеңі табысты аяқталды». Ал енді сол мемлекетті құраушы «...ұлтты ұлт ететін не? Оның тәуелсіз мемлекеті. Нақтырақ айтсақ, мемлекет жүргізетін саясат. Мемлекеттік саясат». Осы мемлекеттік саясаттың ғылымдағы, соның ішінде тарих ғылымындағы ұстанымы қандай?

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан тарихына» қатысты тапсырмалары нені мегзейді? Осы сұрақтарға қатысты күрделі мәселелер жақында Астана қаласында болған Ұлттық тарихты зерделеу бойынша ведомоствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында (жалпыұлттық кеңес) көтерілді.

Отандық тарихшылардың басын біріктірген бұл кеңесте негізгі баяндама жасаған Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин: «Ұлттық тарихқа стратегиялық тұрғыдағы өзінің көзқарасын Мемлекет басшысы 1999 жылы шыққан «Тарих толқынында» кітабында баян етіп берді. 2003 жылы, Қазақстан халқына Жолдауында Президент Н.Ә.Назарбаев бұрын-соңды болып көрмеген «Мәдени мұра» бағдарламасын бастайтынын жариялады. Бағдарлама жүзеге асырылған жеті жылда – 2004-2011 жылдар аралығында Қазақстанның тарихы, археологиясы мен этнографиясы бойынша 26 арнаулы зерттеу жүргізілді. Дегенмен, мұның бәрі – тарихи жады мен тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы ауқымды жұмыстың басы ғана» екенін атап өтті.

Ал «Тарих толқынында» атты кітапқа 1995 жылғы «Қазақстан Республикасының тарихи санасын қалыптастыру» тұжырымдамасының қабылдануы, 1997 жылдың «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандары еске алу жылы»,1998 жылдың «Халық бірлігі мен Ұлттық тарих жылы» деп аталуы негіз жасады. Осы кітапта еліміздің өткен тарихы жүйелі берілген және оның жастар үшін тарихи тағлымы мол. Бұл еңбекте тарихи-хронологиялық қағида басшылыққа алынған және оқиғалар желісі ғылыми-көпшілік қауымға түсінікті [4]. Жалпы бұл кітапты отандық тарих ғылымының биік бір белесі ретінде де бағалауға болады. Бұл – бір.

Екінші жағынан, содан бергі уақытта ғылыми айналымға қаншама жаңа тарихи деректер енді. Тарихтың негізі сол қалпында қалғанмен, жаңа тарихи тұжырымдар жасалуда. Мысалы, қазіргі археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «Алтын адам» ескерткішінің саны 6-уға жетті. Сол сияқты Астана қаласының тарихындағы ортағасырлық «Бозоқ» ескерткішін жаңа қырынан зерттеу қолға алынды. Қыпшақтардың астанасына айналған Бозоқ қаласы – Астана қаласының өрлеу тарихындағы бір белес болып табылады. Тарих ғылымының соңғы жаңалықтарын мүмкіндігінше оқу құралдары мен оқулықтарға енгізіп отырған абзал. 

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы төл тарихымызды жаңа сипатта зерттеуге жол ашты.

Тәуелсіздік жылдарында 1993-1994 жылдары екі тілде «Қазақстан тарихы» очерктерi, 1996-2010 жылдар аралығында 5 томдық «Қазақстан тарихы», сондай-ақ жалпы бiлiм беретiн орта және жоғары мектептерге арналған тарих оқулықтары баспадан шықты.

 Солардың iшiнде 2009 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан «Қазақстанның қазiргi заман тарихы» деп аталатын жалпы бiлiм беретiн мектептiң 9-сыныбына арналған оқулық пен жоғары оқу орындарының тарихшы емес мамандықтарына (бакалавриат) арналған 448 беттiк «Қазiргi Қазақстан тарихы» оқулығының жетістіктері мен кемшіліктеріне тоқтала кетейік. Сол арқылы қазіргі оқулықтардың проблемаларын анықтау көзделеді. Алғашқы 9 сынып оқулығын баспаға ұсынған ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi, бұл өңделген 2-басылымы. Төрт бөлiмнен тұратын оқулық мазмұнында бiрiншi (1914-1918 жж.), екiншi дүниежүзiлiк (1939-1945 жж.) соғыстар, «қырғи қабақ» соғыс аралығындағы Қазақстанның жағдайы мен тәуелсiздiк тарихы толық қамтылған. Оқулықта құжаттар мен материалдар, глоссарий, схемалар, тест және шығармашылық тапсырмалар, мәтiндер, карталар берiлiп, дәуiр суреттерiмен көркемделген. Кiтаптың безендiрiлу сапасы өте жоғары. Оқулық Болон декларациясын қабылдаған Қазақстанның бiлiм мен ғылым саласындағы модульдiк және кредиттiк оқыту жүйесiне сәйкестендiрiлiп жазылған.

 Әлемдiк тәжiрибе көрсеткендей, тарихи сананы қалыптастыру үшiн ең алдымен, тарихтың «ақтаңдақ беттерiн» ашуды одан әрі жетілдіру керек, соған сәйкес жаңа концепциялар жасалады. Қазіргі Отандық тарихнаманың мазмұны түбірінен өзгердi, жаңа тұжырымдар пайда болды. Мысалы, патшалық және кеңестік отарлау саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалыс тарихындағы Алаш қозғалысы тақырыбы. Аталған мектеп оқулығында Алашорда тарихы толық қамтылған. Қосымша материалдар, дәуір құжаттары мен суреттер сәтті іріктелген.

Ал жоғары оқу орындарына арналған «Қазіргі Қазақстан тарихы» оқулығына келсек, ол «Тәуелсiздiктiң тарихи-өркениеттiк негiздерi» және «Тәуелсiз Қазақстан» деп аталатын екi көлемдi бөлiмнен тұрады. Бiрiншi бөлiмде «Ежелгi және орта ғасырлардағы Қазақстан (ХV ғасырдың басына дейiн)», «Қазақ хандығы: орта ғасырлардан жаңа заманға дейiн (ХV-ХVШ ғ. басы)», «Отарлық және Кеңестiк Қазақстан (ХVШ-ХХ ғғ.)» тақырыптары, екiншi бөлiмiнде «Тәуелсiздiк қарсаңында», «Тәуелсiздiк және Қазақстан мемлекеттiлiгiнiң қалыптасуы», «Нарыққа өту және экономиканың қазақстандық үлгiсi», «Тәуелсiздiктiң әлеуметтiк-мәдени негiзi», «Қазақстан және қазiргi әлем», «Н.Назарбаев – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi» тақырыптары мейлiнше толық қамтылған. Бұл оқулықтың ерекшелiгi - хронологиялық дәуiрлеуi өзгеше; соған сәйкес тақырыптардың берiлуi үйлесiмiн тапқан; екiншiден, тәуелсiздiк тарихына кеңiрек тоқталған; үшiншiден, тәуелсiздiк жылдары жарияланған құжаттар мен материалдар бiрiздiленiп, айналымға түскен. Қоғамның сұранысына сәйкес дайындалған салмағы бар бұл оқулықта Тәуелсiздiк шежiресi жүйелi мазмұндалған.

 Осыдан екі жыл бұрын болған Қазақстан тарихшыларының I Конгресi мен жақында өткен ведомоствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында тәуелсiз Қазақстанның дербес мемлекет ретiнде қалыптасу кезеңдерiн дәйектеу және қалыптасқан мемлекетіміздің тарихын зерделеудің уақыты келгені нақты айтылды. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, авторлар үшiн әртүрлі жанрда (оқулық, монография, құжаттар жинағы т.б.) шыққан кітаптардың сапасы алдыңғы кезекке шығуы шарт, бұл – заман талабы, ал оған Міржақып Дулатовтың сөзімен айтқанда, «оң мен солды айтып беруші тарих» жауап береді.

 Бүгінге дейін жарық көрген «Қазақстан тарихы» оқулықтарында саяси оқиғалар мен даталарға байланысты қарама-қайшылықтар, бiрқатар тақырыптардың ашылмауы, оқулық тiлiнiң күрделiлiгi және т.б. толып жатқан кемшiлiктер орын алғаны жасырын емес. Осы оқулықтардың басым бөлiгi «неге қоғам сұранысын қанағаттандыра алмай отыр?», «нендей кедергiлер бар?», «не iстеу керек?» деген сауалдар бар. Бiздiң ойымызша, енді тарихшылардың бірінші жұмысы бүгiнге дейiн баспадан шыққан оқулықтарды талдаудан басталу керек. Ол үшiн Қазақстан тарихшыларының I Конгресi мен Ұлттық тарихты зерделеу бойынша ведомоствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысының шешімдерін іске асыру керек. Бізге Қазақстан тарихы оқулықтарын қайта жазудан пайда жоқ, көшiрмелер саны жетіп артылады. Бізге қазіргі қолданыстағы оқулықтарды жетiлдiру жұмыстарын қолға алған тиімді.

 Тарих пәнiнен жаңадан жазуды талап ететiн оқу құралдары мен оқулықтар жеткiлiктi. Мысалы, Отан тарихын Әлем тарихының құрамдас бiр бөлiгi ретiнде оқытсақ, ең алдымен, қазақ тарихына қатысты мемлекеттердiң, айталық ерте дүние тарихынан Персия, Грекия, орта ғасырлардан Қытай, Араб елдерi, Орталық Азия, Моңғолия, Осман империясы, жаңа және қазiргi заман тарихынан Ресей, Оңтүстiк Шығыс Азия елдерiнiң тарихын бiлу керек. Аталған мемлекеттер тарихын Қазақстан тарихымен байланыстыратын дербес оқу құралдары мен оқулықтар дайындау қажеттiлiгi сезiледi. Бұл – Қазақстан тарихын оқыту мен зерттеуде күнделiктi кездесетiн проблема.

 Отан тарихын әлем халықтарының тарихынан бөлiп түсiндiру мүмкiн емес. Демек, бұл мәселеге сұраныс бар деген сөз. Әрине, Әлем тарихынан дайын-далған қазақ тiлiндегi оқулықтар да жеткiлiктi. Солардың материалдарын пайдалана отырып, соңғы ақпараттармен толықтырылған жаңа оқулықтар жазуға болады. Тек ескеретiн жағдай – тақырыптың ашылуы, оқушының немесе студенттiң оқулық мәтiнiн тез игеруi, қысқа әрi нұсқа танымдық ақпараттардың мол берiлуi. Бұл аңа типтiк оқу бағдарламаларын дайындаудан басталады. Өйткенi, соңғы өзгерiстер типтiк бағдарламада көрiнiс беруi керек.

Келесi мәселе: жоғары сыныптарға арналған бағдарлы оқулықтар сабақ процесiнде айтарлықтай қолданылмайды екен. Оның себептерi неге анықталмайды? Қазіргі тарих оқулықтарының олқы тұстарын түзету үшiн мектеп мұғалiмдерiнiң шығармашылық жұмыстармен айналысуына тура келедi. Бiрақ, оған мектептегі тәрбие жұмысы мен қоғамдық жұмыстар қосылып, мұғалiмнiң ізденуіне уақыты болмайды. Заманауи талабы жоғары, ағымдағы жаңалықтарға iлесiп отыру керек. Мұның бәрi – оқулық дайындайтын мамандар мен оны жарыққа шығаратын баспаларға үлкен сын.

Ғылыми ортада тарих методологиясы мен тарих философиясын жетiк меңгерген мамандар көп емес. Тәуелсiздiк жылдарында тарих ғылымына жаңа серпiн әкелген, тарихты оқыту мен зерттеудiң қыр-сырларын әбден игерген, өздерінің шәкiрттерiмен мақтана алатын, ресми емес тарих мектебiн қалыптастырған Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Ханкелдi Әбжанов т.б. сияқты мықты тарихшыларымыз бар. Олар тарих методологиясына қатысты көптеген маңызды ғылыми мақалалар жариялады, тарихнамалық еңбектерiн шығарды. Бірақ тарих (отан тарихы) методологиясынан арнайы еңбектер жоқтың қасы деуге болады. Аталған авторлардан басқа қазақ тiлiнде жарық көрген кiтаптар саусақпен санарлық, оның өзi – тарих методологиясының бiр тармағын ғана қамтитын еңбектер (Д.Кiшiбеков, З.Алдамжар, Қ.Атабаев, О.Мұқатова т.б.). Соған орай болашақта жоғарыда аталған авторлардың еңбектерiндегi тарих методологиясына қатысты мәселелердiң басын бiрiктiрiп, «Тарих методологиясы» немесе «Отан тарихы методологиясы», «Тарихи таным және тарихи процесс», «Тарих философиясы» т.б. атаулармен кiтаптар көптеп даярланса, оң іс болар едi.

«Оқулық – ғылым емес» дегенмен, жастардың ұлттық санасын қалыптастыруда оқулықтың алатын рөлі өте зор. Сондықтан, оқулықтар мен оқу құралдарының авторлар қоғамға пайдалы оқулықтарды шығаруда бәсекелестік ортаны қалыптастырып, қоғам сұранысына сәйкес тың дүниелердi жарық шығарса деген тілек бар.

 Күн тәртiбiнен түспейтiн тағы бір мәселе - «Қазақстан тарихы» (көне дәуiрден бүгiнге дейiн) пәнiн жоғары оқу орындарында оқыту жайы. 

Өкінішке орай жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы кәсiби тұрғыдан оқытылмайды. Кадрлардың біліксіздігі ме, әлде басқа себептері бар ма, кейде БАҚ мен теледидардан жастарымыздың Қазақ тарихынан қойылатын сұрақтарға жауап бере алмай жататынын көріп жүрміз. Кейбiр әрiптестерiмiздiң оқу процесiн ұйымдастырудағы кемшіліктерін айтуға болады, «стандартта солай жазылған» деп, қатып қалған догмалық әдiспен оқыту осы заманның талабына сәйкес келмейді.

 Жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттарына Қазақстан тарихы пәнi 3 кредит деген жерге  «Қазақстан тарихы (кәсiби)» деген сөздi қосу керек. Тiл мамандықтары бойынша білім беру стандарттарында «ағылшын тiлi (кәсiби)» деп нақты көрсетiледi. Сол сияқты кейбiр кафедра меңгерушiлерiне заңнамалық құжатта осылайша нақты көрсетiлмесе, стандарт мазмұнына шығармашылық көзқарас жоқтың қасы. Өкінішке орай осындай келеңсiз құбылыстар бiздiң білім беру жүйесінде кездеседi. Сөз соңында мынадай ұсыныстар білдіреміз:

  1. Жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихын оқытудың пішімі мен мазмұнын өзгерту мақсатында Мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттарына сәйкес жаңа Типтік оқу бағдарламаларын жасау;

 2. Қазақстан тарихын әлем тарихының құрамдас бір бөлігі ретінде оқытудың жаңа механизмдерiн жасау;

3. Жарияланған тарих оқулықтарын негiзге ала отырып, олардың  сапасын көтеру қажет.

 Қорыта айтқанда, тарих оқулықтарын дайындауда бұрын жіберілген олқылықтардың орнын толықтырып, олардың сапасына күш жұмылдырсақ, қоғамға пайдалы іс болмақ.  Өйткені, тарих оқулықтарының сапасы көтерілсе, елдің тарихи санасы да жетілмек.

Күлпаш IЛИЯСОВА,  Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, доцент

Дерек көзі «АСТАНА АҚШАМЫ газеті»,  13.07.2013ж.

Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.