Үстіміздегі жылдың 29 мамырында Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қазақстан, Ресей, Беларусь Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа үш елдің Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев, Владимир Путин, Александр Лукашенко қол қояды.
Осы тарихи шешімге орай 28 мамырда Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тақыр Балықбаев, «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП Басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары Рахым Ошақбаев, Еуразиялық интеграция институтының директоры Жанаргүл Құсманалиева «Еуразиялық экономикалық интеграция: ел дамуының перспективалары» атты тақырыпта ашық дәріс оқыды. Президент аудиториясында өткен дәріске профессор-оқытушылар, журналистер мен студент жастар қатысы.
Шараны Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов ашты. ЖОО ректоры сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы ММУ оқытушылары мен студенттеріне сөйлеген тарихи сөзінде тұңғыш рет мемлекеттердің Еуразиялық одағын құру туралы батыл идеясын жария еткенін, өзінің бұл өміршең идеясын посткеңестік елдер аумағында тұрақтылық пен қауіпсіздікті, әлеуметтік-экономикалық модернизациялауды нығайту мақсатындағы егемен мемлекеттердің интеграциялау формасы ретінде айқындағандығын атай келіп, Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы шартқа қол қою Елордамыздың төрі Астанада өтетіндігін, Елбасының бұл шешімі тағы да олжа салатынын жеткізді. Содан кейін сөз кезегін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке берді.
Жетекші партия төрағасының бірінші орынбасары дәріс оқу алдында Беларуссия астанасы Минск қаласында Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ТМД сыйлығымен марапатталғандығымен құттықтады. Бұл құттықтау сөз университет ұжымын биік белестерге көтеріп, жігерлендіре түсті.
— Еуразиялық кеңістіктегі ықпалдастықтың бастамалары Қазақстан Президентінен өрбігенін қазір бәрі біледі. Содан бері бұл жобаның өміршеңдігі мен өзектілігін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Көптеген әлемдік зерделі зерттеушілердің өзі посткеңестік кеңістікте ықпалдастық тудырған негізгі күш — Қазақстан Президенті екенін бүгінде сөзсіз мойындап отыр, — деді Бауыржан Байбек. Содан кейін Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарттың ерекшеліктеріне тоқталды. Атап айтқанда:
Бірінші, Еуразиялық экономикалық одақ саяси бірлестік болып табылмайды. Шарт тек экономикалық ықпалдастық мәселелерін ғана қамтиды.
Екінші, Еуразиялық экономикалық одақты құру КСРО-ға қайта оралу емес. Тараптардың теңдік, тең құқылық және ұлттық мүдделерін ескеру қағидаттары барынша қамтамасыз етілген.
Үшінші, Шартқа сәйкес, біздің үшінші бір мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен келісімшарт жасасуымызға ештеңенің де тиым салмайтыны қарастырылған.
Төртінші, Қазақстан Одақ органдарына тиісті-деңгейде көрініс таппақ.Одақта екі тұрақты жұмыс істейтін орган — Еуразиялық экономикалық комиссия және Сот болады, оларда да тараптар теңдігі қамтамасыз етіледі, — деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Еуразиялық экономикалық интеграция: ел дамуының перспективалары» атты ашықдәріс сұрақ-жауап түрінде өрбіп, еркін жағдайда өтті. Олай дейтініміз, алғашқыда жетекші партия төрағасының бірінші орынбасары студент жастарға «бүйірден» сұрақ қойса, келесі кезекте студент жастар сөз алып, дәріс оқыған лекторларға Еуразиялық экономикалық одақты құру туралым сауалдарын жолдады.