Ұзақ жылдар бойы қазақ халқының
тарихында орын алған осы бір зұлмат жылдар туралы ізденістер тарихи
жирияланымдар мен бұқара ақпарат құралдарында орын алған жоқ.
Ашаршылық жылдарын дəйектейтін мұрағат құжаттары құпия бөлімдеріне көшіріліп, оларға деген сұранысқа шектеу қойылды.
Кеңес өкіметі жылдары шаруашылықтарды жаппай ұжымдастыру, ауыл шаруашылығы тарихын зерттеу, тағы да басқалай аграрлық сипаттағы жарық көрген мұрағат құжаттары жинақтарынан кеңес өкіметінің қазақ ауылында жүргізген солақай саясатының салдары туралы ешбір мəлімет таба алмайсыз.
Тіпті аталып өтілген құжаттар жинағында миллиондаған қазақтардың ашаршылықтан жаппай қырғынға ұшырауына алып келген бірден-бір себеп кеңес өкіметі жүргізген «тарихи іс-қимылдары» екендігі тұспалдап, не астарлап болса да айтылмады.
ХХ ғасырдың 80–90-жылдары Орталық мемлекеттік мұрағатының қызметкерлері қазақ халқы тарихының осы күнге дейін жасырынып, бүркеліп келген осы тарихи бетпердесін азда болса ашып, ол туралы ашық айтудың алғашқы қадамдарын жасаған болатын. Атап айтқанда, республикалық Орталық мемлекеттік мұрағатының сол кездегі директоры Марат Жақсыбайұлы Хасанаев бұқаралық ақпарат құралдарында осы тақырыпта бірнеше мақалалар мен зерттеулерін жариялаған болатын. Мақалалар мұрағат қойнауында сақтаулы мұрағат құжаттарының негізінде, əсіресе жеке қордың тарихи-құжаттық жинақтарында сақталған тарихи фактілер негізінде жазылған болатын.
Олардың ішінде бір мұрағат қорына – Татьяна Гавриловна Невадовскаяның жеке қорына ерекше тоқтағым келеді.
Татьяна Гавриловна Невадовская Мəскеу қаласының жанындағы Пушкино қаласында туып-өскен хирург-дəрігер, Қазақстанға жер аударылған əкесі профессор Гаврил Степанович Невадовскиймен 1931–1933 жылдары қазақ жеріне тұрақтайды. Əкесі ол кезде «Союзсахар» тресіне қарасты, 1931 жылы қазақ тұрғындары тастап кеткен «Шындаулет» ауылының орнында ұйымдастырылған Алматы зоналық тəжірибе станциясының меңгерушісі қызметін атқарған болатын.
Т.Г. Невадовскаяның өзі куəгер болған зұлматты жылдар туралы жазған «Казахстанская трагедия» атты естелік өлеңі ашаршылық жылдары адамдардың өздеріне тəн адамгершілік қасиетін əсте де жоғалтпағанын дəйектейтін сияқты.
Т.Г. Невадовская миллиондаған адам өмірін алып кеткен ашаршылық жылдарын еске ала отырып, сол кездегі қазақ халқының жан айқайын ой елегі мен жүрегінен өткізіп, арада ұзақ жылдар өтсе де ұмыта алмай, «халықтың жаппай қырылуына не себеп болды, оған кінəлі кім?» деген сауал қояды.
Өзі құрастырған «Годы, люди и судьбы» атты альбомына кіргізген естелігінде былай деп жазады: «Бұл сурет – сол жылдары орын алған «асыра сілтеушіліктің» салдарын дəйектейтін бірден-бір құжат. 1933 жылдың көктемі, мен станция мамандарының бірімен жол бойында келе жаттым. Өзіммен бірге фотоапаратымды ала шыққанмын... Біздің үйден онша қашық емес жерде, жолда əбден ашыққан, өне бойынан күші кеткен қазақ отыр екен. Ол егін даласынан соңғы күшін жинап келе жатқан беті екен, əбден ашыққан, су мен тамақ сұрады. Мен фотоаппаратымды қасымдағы досыма беріп, су алып келуге кеттім... Ол суды асығып-үсігіп ішті. Осы мезетте досымның мені суретке түсіріп алғанын байқамай қалыппын (осы сурет). Сонан соң ашыққан қазаққа бір үзім нан мен қант əкелуге жүгіріп кеттім. Алайда мен келгенде, ол о дүниелік болып кетіпті. 1932–1933 зұлмат жылдары талай адамдар осылайша жан тапсырды... [1]».
Сол кезде небəрі 19 жаста болған Т.Г. Невадовскаяның «Казахстанская трагедия» атты өлеңі «елдің көпшілік бөлігінің тағдырын шешкен үлкен істе шаруаларға деген лениндік саясаттан шегінген» дəуірді шынайы түрде дəйектейтін құжат болып табылады.
Осы өлеңнен үзінді келтіруге рұқсат етіңіздер:
Көктем туып бар тіршілік оянған,
Қаумалаған қалың ойдан жеріп көр.
Жерде, міне жасыл реңге боянған,
Көз алдымда.. мұз құрсанған өліктер.
Кір-қожалақ, балақ биті басқа өрген,
Бірақ оны елемеймін мен тіптен.
Көрген сəтте сорлыларды босқа өлген
Ет жүрегім жүгірмей-ақ ентіккен.
Шыр айналды бұл қазақты мың қайғы.
Кім жіберді аштық деген пəлені?
Кім жауапты? Білгім келер соны мен.
Түйе мініп, атпен шапқан жан еді,
Малын айдап, көшіп жүрген жөнімен1... [2]
Т.Г. Невадовскаяның «Сол кезеңде қазақ халқының ешбір себепсіз, жазықсыз қайғы-қасірет, азап шегуіне естелік ретінде ескерткіш қоятын едім [3]» деген сөзі осы күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ.
Ұзақ жылдар бойы «жаппай индустрияландыру мен коллективтендіру кезеңінің қиындықтары» деп аталып кеткен дəстүрлі формуланың мағынасын ашуға, зерттеуге астыртын тыйым салынып келді. Кейбір зерттеулерде 1931–1933 жж. Қазақстанда болған ашаршылық «халықты азық-түлікпен жабдықтаудағы қиындықтар» деп аталды. Қазақ Орталық Атқару Комитеті, Халық Комиссарлары Кеңесі, Ағарту Халық Комиссариаты, Денсаулық сақтау Халық Комиссариаты жəне тағы да басқа мемлекеттік басқару органдары мен мекемелерінің мұрағаттық құжаттары жаппай құпияландыру пресінің астында жатты.
Алайда оларды құпиясыздандыру нəтижесінде түйсінгеніміз, шындығын айту керек, көлемі мен ақпараттық деңгейі мұрағатшылармен осы тақырыпты зерттеп жүрген зерттеушілерге үлкен болып көрінгендей көлемді, əрі терең емес болып шықты. Себебі, құжаттары республикалық Орталық мұрағатта сақтаулы кеңестік мекемелер мен ұйымдар тек қана орындаушы рөлін атқарып келген болатын. Ол кезде негізгі шешуші ұйымдастырушылық рөл партия органдарына беріліп «голощекин репрессиясы жылдары» деген атқа ие болған кезең еді.
Кез келген тарихи, экономикалық жəне əлеуметтік жағдай асталуының өзіндік себептеріне ие болады.
Өткен ғасырдың 30-шы жылдары орын алған ашаршылық туралы сөз қозғағанда біз көбіне оның салдары туралы ғана айтамыз. Əрине оның көлемі мен түрлері жан түршігерлік. Аз уақыт ішінде бұқара халықты қасіретке ұшыратқан, қолдан жасалынған деп айтуға болатын ашаршылықтың шығу себептерінің өзі ақылға сыйымсыз дер едім.
Ол туралы жақын аралықта құпиясыздандырылған Қазақ Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінің мұрағаттық құжаттары дəйектейді. Осы екі қордың құжаттарының жалпы сипаттамасына тоқталатын болсақ, олар жиналыс хаттамалары, циркулярлық нұсқау хаттары, басқарушы органдар өкілдерінің қызмет бабымен жазған хаттары, ақпараттары, ОГПУ құпия бөлімі қызметкерлерінің күнделікті беріп отырған ақпараттары жəне т.б.
Бұл құжаттар бізге не туралы мəлімет бере алады? Оларды оқи отырып, əрі сараптама жасай отырып, сол кезеңнің толықтай суреттемесін қалыптастыруға болады: ірі бай шаруашылықтарын тəркілеу жəне жер аудару, мəжбүрлеу арқылы шаруашылықтарды ұжымдастыру, мемлекетке ет пен нан өткізу, оларды іске асыру барысында орын алған асыра сілтеушіліктер, алғашқы азық-түлік жетіспеушілігі, оның ақыр аяғында халықты ашаршылыққа ұшыратуы, қазақ ауылдарының шет ел асып, үдере көшуі, ашаршылық салдарынан бұқара халықтың қырғынға ұшырауы, көшіп кеткен «босқындардың» туған жерге қайтып келуі...
Аталып өткен əрбір жайтты шартты түрде «белгілі бір кезең» ретінде алатын болсақ, олардың əр қайсысы мұрағаттық құжаттардың бөлек бір топтамасын құрайды.
Халықтың ұлттық, өлкенің əлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктерін, қазақтардың ғасырлар бойы жүргізіп, сақтап келген көшпелі өмір салтын, таптар күштерінің қарым-қатынастарын, еңбекші шаруалардың санасы мен ұйымдастырушылық қабілетінің деңгейін ескермеу халықты қайғы қасіретке ұшыратты. Украина, Солтүстік Кавказ бен Төменгі Повольжье сияқты ірі егіншілік аудандарында құрғақшылық салдарынан егіннің шықпауы ашаршылықтың көлемі мен салдарының ұлғаюына себеп болды.
Бұл қасіреттен қашып құтылуға болатын ба еді? Адамзат тарихының кез келген кезеңінде кішкене ғана бидай сабағы дүние жүзі халықтарының тағдырын шешуші рөл атқарып келді десек, артық айтпаған болар едік. Тіпті ол ірі цивилизациялардың пайда болуына да, жойылуына да негіз болып отырған.
Əр кезеңде өмір сүрген көптеген халықтардың ойшылдарының тоқшылық жағдайы мен бақытты өмір сүру арманында кəдуілгі қарапайым бидай сабағына жəне оны өсіріп, баптайтын шаруаға ерекше көңіл бөлінетін.
1929 жылғы есеп бойынша Қазақстанда 40 млн. астам мал басы болған, ал 1932 жылы оның саны 6 млн. кеміп кетті, оның ішінде 2 млн. совхоз шаруашылықтарының, 4 млн. колхоздар мен жеке шаруашылықтар есебінде, көпшілік бөлігі байырдан мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан қазақ ауылдарында емес, орыстар тұратын аудандардың еншісінде болатын [4].
Қазақ халқының өнім табатын негізгі көзі мал шаруашылығы болғандықтан, мал басының мұндай құлдырауы бірінші кезекте қазақтардың жағдайын қиындатып жіберді.
Мал санының аз уақытта жойылуының негізгі себептері қандай? Оның себептері көп болды. Олардың ең негізгісін атап өтейік: шаруашылықтарды ұжымдастыруға күштеп көндіру, мал басын күштеп орталықтандыру, мемлекетке мал өткізу науқанын күштеп өткізу.
Мал басының аз уақытта күрт кеміп кетуіне мемлекетке мал өткізу науқанының дұрыс жоспарланбауы да үлкен себеп болды. Мысалы, Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің мұрағаттық қорында сақтаулы ОГПУ-дың Қазақстандағы өкілеттілігінің ақпаратында былай делінген: «Өлкенің солтүстік аудандарында қалың қар жауып, суық мезгілдің түсуіне байланысты кейбір ет-комбинаттарының мемлекетке мал өткізу науқаны бойынша келіп түсетін мал басын қабылдап алуға дайын еместігін көрсетті. Малды айдап əкелетін жолдар шөппен қамтамасыз етілмеген. Комбинатқа келіп түскен малдарды жем-шөппен қамтамасыз ету де дұрыс жолға қойылмаған. Бұл жердегі негізгі жауапкершілік «Союзмясо» конторасына жүктеледі.
«Союзмясо» конторасының өкілдері малды семірту, қоңдандыру операциясын есепке алу жəне жоспарлау ісінде жіберген олқылықтарының себебінен солтүстіктегі ет-комбинаттарына келетін, семірту, қоңдандыру табындарындағы мал басының саны мен олардың жағдайы туралы мүлдем хабарсыз. «Союзмясо» жүйесіндегі бүкіл қызметкерлердің жауапкершіліктері мен жұмысқа деген икемдігінің жоқтығын ерекше атап өткен жөн. Қараша айының бесінші күніне Петропавловск ет-комбинатының төңірегіне 53697 ірі қара мал басы мен 114920 қой жиналып қалған. Қаратал станциясында жəне оның маңында Талдықорған ет-комбинатына өткізілетін 60000 мал басы тоғытылып тұр. Малдың жейтін не жем-шөбі жоқ, не тұратын баспанасы жоқ. Айдалып келінетін жолында жем-шөппен қамтамасын ететін базалар жоқтың қасы. Жапалақтап жауып тұрған қар мен қатты тұрған желден онсызда арып-ашып тұрған малдың санының кемуі əбден мүмкін. Жəркент пен Талдықорған жағынан малды айдап əкелу шарасы жалғастырылу да. Ет-комбинаттарының жұмысшылардың аздығынан мал сою ісін толықтай жүзеге асыруға қабілеттілігі жоқ... [5]».
«Союзмясо» конторасының малды қабылдап, семіртіп-қоңдайтын табындарының күйсіз жағдайынан басқа, Қазақстан малының жоспардан тыс басқа аудандарға жіберіліп отырғанды анықталады. Мысалға, жүйелі түрде Қазақстаннан Орталық Еділге, дəлірек айтқанда қараша айының басында Кинель қаласына 74 вагон қой, Самара қаласына 2500 қой түсірілген. Алты күнге созылған жол бойында жем-шөбі болмауы себебі мал діттелген жерге жеткенше салмағы 50 пайызға кеміп, 30 кг орнына 15 кг түсіп кеткен, бірталайы арам өліп, жетпей қалған [6].
«Бесжылдықты мерзімінен бұрын орындаймыз!», «большевиктік серпін», «феодализмнен бірден социализмге өтеміз» деген ұрандармен басталған аз уақыт ішінде елді индустриализациялау, шаруашылықтарды коллективтендіру, мемлекетке мал мен астық өткізу компаниялары күштеп өткізіліп, асыра сілтеушіліктер орын алды. Жіберілген асыра сілтеушіліктерді дəйектейтін мұрағат құжаттары жеке бір топты құрайды. Олар туралы негізінен ОГПУ ақпараттарынан біле аламыз. Солардың бірнешеуінен үзінді келтірейін: «...ォЖаңа-Дəуір» колхозында колхоз мүлігін ұрлады деген лақаппен Тоқсамбаев, Құсайбаев, Оразбеков жəне Сұлтабаевтар ұсталып, оларды таяқпен ұрып, жазалаған. Мұндай жазалауды көтере алмаған олар сол жерде өліп кеткен. Сонымен қатар Оразбеков деген колхозшы бидай ұрлады деген айыппен дүремен соғылып, сол жерде жан тапсырған. Оның жанұясы есеп бойынша беріліп тұратын тиесілі азық-түліктен айырылып, ашаршылықтан жан тəсілім болған... [7]».
Ашаршылыққа бірінші кезекте қоғамның басқа мүшелерін асырап келген ауыл шаруалары іліккен. Ашаршылықтың алғашқы құрбандары – балалар болды. Толықтай байланысы үзілген шексіз, кең далада қалған ауыл адамдары бүкіл ауылымен қырылып жатты.
1931 жылдың соңында-ақ ОГПУ өкілдері Қазақстан үкіметіне жергілікті жерлерде ашаршылық құрбандарының пайда болып жатқаны туралы ақпараттар жібереді: «Азық-түліктің жетіспеушілігінің аса шарықтауының салдарынан кейбір аудандарда колхоз мүшелерінің аштыққа ұшырап, тіпті оның салдарынан өліп кетіп жатқан жағдайлары белгілі болды. Павлодар ауданының №16 ауылында адамдар арам өлген малдың етін азыққа қолдануда. Соңғы уақытта аштықтан 2 колхозшы жəне 19 бала қайтыс болды. Қызылтаң ауданында, №1 ауылда колхозшылардың ашығып жатқаны белгілі болды. №3 ауылда, «Мұржық» жайлауында жиырмаға жуық ашыққан əйелдер тобы емізудегі. балаларымен, жұрттан азық сұрап жүр. Осындай жағдай «Ыдрей» жайлауында да орын алған... [8]».
ОГПУ-дың. 1932–1933 жж. ақпараттарында ашаршылық салдарынан шейіт болған адамдар саны күрт өсіп, жаппай сипаттама алғандығы айтылған. Онда адамдардың азық ретінде саршұнақ, ит пен мысық еттерін қолданып жатқандығы айтылады. Тіпті тұлақты ас ретінде пайдаланып, қайнатып жатқан жағдайлардың кездескені мəлімденеді.
Қазақстан өлкелік партия комитетінің жəне Қазақ КСР Халкомының уəкілі, Ораз Жандосовтың жоғарыға жіберген ақпарат хатынан: «Ауылдарды аралап жүріп, бірнеше күн бұрын көмілмеген қайтыс болған адамдары кездестірдім. Оларды жерлеуге тірі қалған əйелдер мен балалардан басқа ешкім көмектеспейді.. Ашыққан адамдар қолына не түссе соны жей береді.. Тасталған сүйектерді жинап алып, оларды бірнеше қайтара қайнатып, сорпа етіп ішеді.. Мен иттің етін жеп отырған бірнеше адамды кездестірдім. Олар онысын жасырмайды да. №5 ауылда маған аштықтан ісініп кеткен аяғы ауыр бір əйел жақындап келіп, итті, атып жейтін азық тауып беруімді өтінді.... [9]».
Сол зұлмат жылдары «каннибализмнің.» орын алғаны бүгінгі күні ешкімге жасырын емес.
Мемлекетке ет өткізу мақсатымен малды жаппай өткізу, аштыққа ұшыраған ауылдардың отырған жерінен үдере көшуі, оларды құтқару шараларын жүргізуді қиындатып жіберді.
ОГПУ-дың саяси-құпия бөлімінің ақпаратынан шаруашылықтардың жаппай шетел асып кеткендігін біле аламыз: «Өлке бойынша тек қана соңғы айдың ішінде шет елге 7354 шаруашылық көшіп кетті 44 ауданда үдере көшу байқалады. Əсіресе Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарында үдере көшу саны күн сайын артуда. Аштықтан қаза болып жатқандар саны ұлғаюда. Үрейленген жергілікті халық мүлкіне де қарамай, Ақмола-Қарағанды бағытымен қашуда...[10]».
Осындай мысалдарды мұрағат құжаттарынан көптеп келтіруге болады. Олардың. кейбіреуі. фрагменттік түрде бүгін ұйымдастырылып отырған «1932–1933 Қазақстандағы ашаршылық: фактілермен құжаттар» атты құжаттар көрмесінде көрсетілген.
Мамандығының негізі бойынша үш бірдей қызметті – құжаттарды жинақтау, сақтау, оларды ғылыми жариялауды орындауға міндеттелген мұрағат қызметкерлері өздерінің күнделікті атқаратын қызметімен, еңбегімен оларды жемісті түрде жүзеге асырып келеді..
Ұзақ жылдары бойы құпия бөлімінде сақталып келген, қазақ халқының зұлматты жылдардағы тарихын сипаттайтын мұрағат құжаттары бүгінгі таңда құпиясыздандырылып, мұрағаттың ашық қорлары қатарына қосылды. Ашаршылық жылдар тарихын зерттеуге қажетті бірден-бір дерек көзі болып табылатын бұл құжаттар өз зерттеушілерін табады деген сенімдеміз.
(«Қазақстандағы ашаршылық халық қасіреті және тарих тағылымы» Халықаралық ғылыми конференциясы материалдарының жинағынан), Астана баспасы, 2012
Л.С. Ақтаева,
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының бас директоры
(Қазақстан Республикасы)
Мәлімет
ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді