Бүгінгі таңда халқымыз өткен тарихи жолдарды саралау, оның ұлттық құндылықтарын бағамдау мақсатындағы Елбасымыздың тікелей басшылығымен ҚР Үкіметі қабылдаған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының маңызы аса зор болды. Ал ұлттық мерзімді басылымдар, яғни баспасөз, оның ішінде Елбасы айтқандай «Сыр-Алаштың анасы» атанған Қызылорда өңірінде шыққан басылымдар өз тарихымызды саралауда басты тарихи дереккөз болып табылатыны анық. Сыр өңірінде басылымдар шын мәнінде тарихымыздың кеңестік дәуірінде өмірге келді десек артық болмайды. Әсіресе, 1925–1929 жылдар Қызылорда Қазақстанның астанасы болған уақыт Сыр өңірінің мерзімді ұлттық басылымдарының қалыптасу және шыңдалу кезі болды.
1925 жылдың жазында барлық республикалық газеттер жаңа астана — Қызылордаға көшірілді. 1925–1929 жылдары өз жұмыстарын Қызылордада жалғастырған «Жас қайрат», «Лениншіл жас», «Қызыл Қазақстан», «Жаңа мектеп» және «Еңбекші Қазақ" сияқты басылымдарда көркем шығармалар, қазақ тарихына, оның ішінде Сыр өңіріне қатысты зерттеулер мен дерегі мол мақалалар жиі басылып тұрды. Мәселен, „Жаңа мектеп“ журналында М.Әуезовтің әйгілі „Қараш-Қараш оқиғасы“ кітап болып шықпай тұрып, осы журналда үзбей басылған. Сол сияқты журналдың аймақтану бөлімінде Қазақстанды Ресейдің отарлауы, ел ішінде көтерілістер жайында мақалалар жиі жарияланып отырды. Патшалық Ресейдің отарлық саясатына қарсы Сыр өңірі қазақтарының көтерілісі жайында да 1926 жылғы № 6 санында „Жанқожа батыр Нұрмағамбет баласы“ атты мақалада XIX ғ. 50 жылдары Хиуа хандығының агрессиялық саясатына, орыс отаршылдығына қарсы Сырдария бойы қазақтарының Жанқожа Нұрмағамбетұлының қолбасшылығымен болған күрес барысы, Жанқожаның жорықтарына да қысқаша тоқталады. Оның Хиуа, Қоқан, Бұхара хандарына қарсы күрес барысы да жан-жақты талданады. Бұл мақаланың құндылығы сонда, біріншіден, Жанқожаның шыққан тегін нақтылап берсе, екіншіден, оның қазақ арасында батырлығының таралуының себептерін ашып көрсетеді. Батыр даңқының үш жүзге тарауы, оның батыл қимылдары қазақ халқының отаршыларға қарсы азаттық күресін жандандырды деген тоқтам жасаған.
Еңбекші қазақ газетінің 1926 жылғы 319 санында қызықты, әрі тарихи танымды қалыптастыратын мақала „Ақмешіттің тарихы“ деп аталады. Мақалада Ресей мемлекетінің қазақ даласын қалай отарлағаны жөнінде айтылады. Автордың баяндауы бойынша „…патша үкіметі тез арада Орта Азияны отар елге айналдыруға тырысқан. Бірақ бұған мынадай жағдайлар кедергі болған: 1) шөл, құм, дала; 2) қазақ елінің керуен талайтын ордалары; 3) мұсылман елінің орысты жек көруі; 4) шет мемлекеттермен таласы. Орыстардың қазақ жерін бірден отарлап алуына Бұхара мен Хиуа хандықтары да ырық бермеді“. 1852 жылы орыстың екі соғыс кемесі Арал теңізін, Сырдария, Амудария өзендерінің құйылысын күзете бастаған. Бұл уақытта Сырдарияны Қоқан хандығы билеп тұрған еді. 1851–1853 жылдары Қоқанның өз ішінде болған бүлікті қазақтар пайдаланып қалуға тырысқан. Себебі, қазақтар біресе Қоқан хандығына, біресе Хиуаға алым төлеуді көтере алмаған болатын. Одан әрі мақалада 1852 жылы сұлтан Әлікей елді орысқа бағындырып, Қоқан мен Хиуаны жаулауға кіріскендігін, оны орыс үкіметі мықтап пайдаланғандығы айтылады. Жалпы, Ақмешітті 1853 жылы Орынбор губернаторы Перовский қаратуға күш салып келген кезде, қазақтың бірнеше төрелері оларға барлық жағдайды жасап, көмек берген. Оның ішінде Әлікей сұлтан Қасымұлы да болған». Мақала авторының жазуынша, Ақмешіттің мықты қорғаны болған, оның қабырғасының қалыңдығы 4 кез жарым, ал биіктігі 4 жарым саржан болып, оған мықты қаруланған 400-дей күзет қойылған. Орыстар қалаға кіру үшін қабырғаның астына дәрі қойып атып, қорғанды бұзған. «Қорғанды сақтаушылардың бәрі аянбай соғыс қылып, бірі қалмай қырылады. Сонан кейін, Ақмешіт Перовск порты деп аталған.
Газет беттеріңде сол сияқты оқу орындарында Абай шығармаларын оқыту мәселесі кеңінен сөз болды. Жерлесіміз Ә.Тәжібаев газетке «Қазақ әдебиетін оқыту туралы» мақаласын жариялай отырып, ақын шығармаларының шеберлігі мен олардың тақырыбы мен идеясына, Абайдың дінге көзқарасы, өлеңдерінің таптық сипатына байланысты жиырмасыншы жылдарда өріс алған айтысқа белсене араласты. «Еңбекші қазақ" газетінде 1926 жылы Қ.Кемеңгеров пен С. Мұқанов, Ә.Байділдин арасында «Көркем әдебиет туралы» айтыс болып, оған қорытынды пікірді М. Әуезов пен Ж. Аймауытов «Екеу» деген бүркеншік атпен мақала жазған. «Еңбекші қазақтың" 1927жылғы 15, ақпандағы санында С.Сәдуақасов «Әдебиет әңгiмелерi» деген мақаласында: «Абай да — ескi мұра, бiрақ Абайдан қалған мұра ескiрген жоқ. Әлi-де қазақ ақындары Абайдан шеберлiкке үйренуi керек», — деп жазып, Абай еңбектерiне үлкен баға берген.
Қызылорда астана болғанда қаламызда дүниеге келген басылымдардың бірі «Ауыл тілі» газеті. Газет 1926 жылы 20-шілдеден 1929 жылы 12-ақпанға дейін Қызылорда қаласында шығып тұрған ауыл шаруашылығына арналған тұңғыш салалық газет. 1926 жылы партиялық тексеріс нәтижесінде газеттің № 1 санында «Қазақ тіліне шағым», «Бөртешілердің арманы» деген мақалалар жарияланып, онда партия-кеңестің қоғамдық жұмысындағы кейбір кемшілікті жақтары сынға алынған. «Газет партияның ұлтаралық саясаты мәселесін мүлде көтермеді. Шаруа басылымы болса да оның көпшілік материалдары 1916 жылға арналған» делінді тексеру есебінде.
М. Дулатов «Ауыл тілі» газетінің белді қызметкерінің бірі болды. Қазақстан Баспа комитетінің баспасөз бөліміне жазған хатында «Мен „Ауыл тілінде“ қызмет еткенде газеттің тіліне ажарлық (кейбір хаттарды түзеу), газеттерден керекті хабарлар теріп алу, орысша жарлық-үндеуді аудару… қызметтерін атқардым, мақала жаздым», — деп келтіреді.
«Ауыл тілі» газеті сол кезеңдегі барлық басылымдар сияқты оқу-ағарту, денсаулық, ауылды кеңестендіру, қазақ байларын тәркілеу, индустрияландыру мәселелерін көтерді. Газет бетіне «Шаруа күні», «Бұрын қазақта той көп болатын», «Мал аурулары» сияқты ауыл тілшілерінің және Ж.Аймауытовтың «Құтыру», Ғ.Мүсіреповтің «Үлгі боларлық ауыл», С. Сейфуллиннің «Ауыл байғұс мінекей» мақалалары, С.Мұқановтың «Қысқы кіреші» өлеңдері, Б.Майлиннің «Рахиланың көк тұсағы» әңгімесі, І.Жансүгіровтің «Қонақтар мен қожайын» сықағы ең алғаш осы газетте жарияланған.
1926 жылы шілде айынан бастап Қызылордада тұңғыш әйелдерге арналған «Әйел теңдігі» журналы өмірге келді. Журналдың редакторлық қызметін С.Есова, Н.Сәнәлиева, Н.Арықовалар атқарды. «Әйел теңдігі» сол жылдары әйелдерге арналған бірден-бір журнал болғандықтан, оқырмандарды толғандыратын мәселелерді көтеруге тырысты. Бастапқы кездерде «Әйел теңдігі» журналының «Жалпы бөлім», «Әдебиет бөлімі», «Біздің жұмысымыз», «Еңбекші әйелдер тіршілігі», «Дені саудың жаны сау» сияқты бірнеше айдарлары болды. Журнал партия мен кеңес ұйымдарының алдында тұрған негізгі міндеттерді насихаттау, қазақ әйелдері арасындағы саяси-тәрбие жұмысына, оларды елдің қоғамдық-саяси өміріне қатыстыру мәселесіне аса көңіл бөлді. Сондай-ақ, қазақ әйелдерінің тұрмыс-тіршілігі, қалыңмал, ағарту саласындағы жетістіктері мен кемшіліктері және тағы басқа әйелдерге қатысты мәселелерді көтере білді.
«Әйел теңдігі» журналына жарияланған М. Дулатовтың «Қазақ әйелі» деп аталатын мақаласында қазақ қыздарын әдет-ғұрып бойынша атастыруы бесіктен басталатындығы, тіпті кей жағдайда ананың құрсағында жатқан кезде атастыратындығы, бұл «қарғы бау» деп аталатындығы келтірілген. Ол «құда болу, киіт кию, мінт алу» сияқты жоралғымен жалғасатындығы, егер қызды атастырған адам қайтыс болса, оны «әмеңгерлік» жолмен, ағасы немесе інісі, туысқандарының бірі алатындығы айтылады. Бұл жерде автор малы бар шалдың жас қызды атастыратындығын, «Қызды шал екең алмайды, мал екең алады» деген мақалдың туындағаны осыдан дейді.
Журналдың «Әдебиет бөлімінде» әйел тақырыбына арналған әңгімелер мен қазақ қыздарының өлеңдері жариялана бастады. Ә.Бөкейхановтың «Қыр қазағы» деген бүркеншік атпен жазған «Ақсақ кемпір» атты әңгімесі, Бейімбет Майлиннің өлең, әңгімелері, атап айтқанда, «Раушан коммунист», Малай деген бүркеншік атпен жарияланған «Айымкүл», «Ел күйеуi», сол сияқты, «Ерлiк құрбаны», «Әже», «Некеқияр», Ж. Аймауытовтың «Ақ білек», Қошке Кемеңгеровтың «Назиқа», Шолпан Иманбаеваның «Жалшы әйелдер аузынан», «Октябрь мейрамы» сияқты әдеби туындылары жарияланған.
Ал «Дені саудың — жаны сау» айдарында Нәзипа Құлжанова, Аққағаз Досжанова, Сара Қапакелінінің отбасылық тазалық, бала мен әйел күтімі, жұқпалы аурулармен күресу барысы турасында дәрігерлердің кеңес берген мақалалары басылып, оқырмандарын салауатты өмір сүруге шақырды. Журнал 1934 жылы БК(б)П Қазақстан өлкелік комитетінің қаулысы бойынша жабылып, оның редакциясы «Ауыл коммунисі» журналымен қосылды. Кейін «Қазақстан әйелдері» деген атпен қайта шықты.
1930 жылы 7 қарашадан бастап Қазақстан К(б)П Арал аудандық партия комитеті мен аудандық кеңесі атқару комитетінің «Балықшылар» газеті жарыққа шыға бастады. 1932 жылы газет «Екпінді балықшы», 1938 жылы ол «Социалистік Арал» деген атпен шықты.
Газетке әр жылда Ә.Қоңыратбаев, Қ.Жантайұлы, К.Сарсембаевтар редакторлық қызмет атқарды. Газет таралымы 1932 жылы 6300, 1939 жылы 3564 данамен шықты. Газет халықаралық жағдай, партия тарихы, шаруашылық бөлімдерінен тұрды. 1939 жылдың 1 тамызындағы № 64 (944) санында «Социалистік Арал» газетінің «Бейбітшілік туын берік ұстаймыз», «Ауыл шаруашылығының бүкіл союздық көрмесін ашу туралы», «Сауда планын жыл сайын орындайды» деген тақырыпта, ақпараттар, газеттің бірінші бетіне Асқар Тоқмағанбетовтің «Көрменің көрінісі» атты өлеңі жарияланған.
Көрменің көрінісі
Сөзбен емес, көз алдыңа Колхозды ауыл даласынан,
— Ел байлығы іспен келді. Бар байлықтың саласынан,
Дыбысы емес табысымен, Ел аузында, аңыз болар,
Жеңілмейтін күшпен келді. Ұмытылмай есте қалар,
Жұртшылықтың назарына, Шаршы топтан үздік шығар,
Үлкен сынның базарына Еңбегінің нәтижесін,
Тәжірибесін сала келді. Көпшілікке ала келді….
Газет аты 1965 жылы «Толқын» деп өзгертілді.
Орынбор-Ташкент теміржолының Қызылорда 4-ші бөлімшесінің саясат бөлімінің 1934 жылы 26 қарашадан бастап «Болшевиктік жол» газетін шығара бастады. Газеттің таралымы 700–800 дана, кейбір жылдары газет айына 12-реттен шығып тұрды. Газеттің жауапты редакторы қызметін әр жылдары Наурызбайұлы, А.Қазыбаев және тағы басқалар атқарды.
Газет сол кездегі басқа да басылымдар сияқты негізінен партия мен үкіметтің қаулы, қарарларын, КОКП сьездерінің шешімдерін, бесжылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындау жолында теміржол жұмысшыларын ұйымдастыру бағытында жұмыс атқарды. Сонымен қатар, газет жергілікті, ақын-жазушылардың шығармаларын да жариялап отырды. Газеттің 1935 жылғы 8 наурыз күнгі № 16 (115) санында әйелдер күніне арналған, ақын Қосмамбетұлының «8-март», осы жылдың 11 наурызындағы № 17(116) санында «Көктем егісінде» атты өлеңдері жарияланған.
Газет 1944–1946 жылдары Ташкент темір жолының Қызылорда темір жол қозғалысы бөлімшесі мен паровоз шаруашылығының және аудандық паровоз комитетінің органы болды. 1951 жылы 24 қыркүйектен бастап газет жабылды.
1933 жылы Қазақстан К(б)П Қазалы аудандық партия комитеті мен аудандық кеңесі атқару комитетінің органы ретінде «Большевиктік колхоз үшін» газеті шыға бастады. 1935–1937 жылдары газеттің редакторлары болып Мұхамбет Есмамбетов, 1937–1938 жылдары Сәндібек Нұғыманов, 1938–1940 жылдары Махамбет, Ағымысов, Итемгеновтер жұмыс істеді. Негізінен сол уақытта аудандық газеттер партия құрылысы, кеңестік шаруашылық мәселелеріне қатысты материалдарға көбірек мән беріп отырды. 1938–1940 жылдары Сыр өңірінің ақыны Б.Өтепұлының өлеңдері басылып тұрды. Байназар, ақын Ұлы Отан соғысы жылдары кезінде-де патриоттық жалынды өлеңдерді көп жазды.
Әйелдерге
Аналар, апа құлақ ас,
Келіншек-қыздар қиғаш қас,
Қарындас, келін бәріңе
Айтатыным — бауырлас;
Он екі ай болып барады
Басталғалы ұлы айқас.
Гитлер төбет ежелден
Дұшпанымыз — қаны қас. Деген нақыл бұрыннан —
«Ежелгі жау ел болмас».
Адамның жауы — фашизм
Жиіркенішті, арам, нас.
Олай болса, әйелдер
Құртайық, сұмды, құртайық
Жігермен жаппай ұйымдас!
1942 ж
Заман, ағымына сәйкес газеттің аты кейін «Социалистік жол», «Ленин Туы», «Қазыналы Қазалы» болып өзгерді.
1929–1932 жылдары Қызылордада денсаулық сақтау мәселелеріне арналып, қазақ тілінде «Денсаулық жолы» журналы шығып тұрған. Оның 1929 жылы тамызда жарық көрген 1-санының 36 беті араб әріптерімен, 4 беті латын әріптерімен теріліп, 4 мың данадан тарады. «Денсаулық жолының" жарыққа шығуына игі ықпал еткен Қазақстан Денсаулық сақтау халық комиссары М.Тәтімов алғашқы жылдары бас редактор (1929–30) қызметін қоса атқарған. 1930–32 жылдары Б.Әбдірахманов пен С.Аспандияров бас редактор болды. Х.Досмұхамедұлының мақалалары да журналда жиі жарияланып тұрды.
«Денсаулық жолында» әйел гигиенасы, тазалық мәселесі, мал дәрігері саласы материалдар жарияланып тұрды. 1931 жылы журналдың № 1 санында жергілікті халық арасында өлім-жітім көптігін, елдегі құрт ауруы, безгек, сүзек және тағы басқа жұқпалы аурулардың алдын алу жөніндегі нақты ұсыныстар айтылған С.Асфендияровтың «Денсаулық сақтау майданын жетілдіру керек», № 5 санында М.Титақұлының малшаруашылығына, санитарлық тазалыққа байланысты «Аурудан өлген малдың өлексесі және олардың зияны», Ж.Досмұхамедұлының «Адамның тән тірлігі», А.Сейітовтің «Ел ішіндегі науқастар және денсаулық қорғау жұмысы», Ж.Аймауытовтың «Құтыру: (Аурудың белгілері және оны танудың жолдары)» және т.б. мақалалары жарияланған.
Журнал 1932 жылы жұмысын тоқтатты. 1990 жылы «Денсаулық" деген атпен қайта шыға бастады.
1925 жылы Қызылордада Ресей пролетариат жазушылар қауымдастығының негізінде қазақ пролетарлық жазушылар қауымдастығы құрылды. 20-шы жылдардың аяғында қалың еңбекші бұқараға арналған кітаптарды шығару ісін дұрыс жолға қою міндеттері алға қойылды. Бұл міндеттер Қазақстан жазушыларының ұйымына жүктелді. Сөйтіп, 1927 жылдың жазында Қызылордада «Жыл құсы» атты әдеби журнал (альманах) дүниеге келді. Ол туралы Т.Кәкішов — «…„Жыл құсы“ халыққа тез тарады, тіпті жетпей қалды. ҚазАПП басқармасында Риддер зауытының жұмыскері Шыныбайұлы Қасымның: „Жыл құсы“ деген кітапты тез жіберуіңізді өтінемін, неге десеңіз, мұндағы, жұмыскер бауырларыңыз әрқашан сондай кітаптан сусап тұрады. Біз, алыста, қараңғы түпкірде жатқан өңкей жұмыскерлер көзімізді ашсақ, осындай кітаппен, басқа кеңес өкіметінің тәрбиесімен ашамыз. Сондықтан кітап керек», — деуі қазақ әдебиетінде жаңа процестің туғандығына оқушы мен жазушының арасында байланыс жасала бастағандығына, демек, әдебиеттің өмірмен қоян-қолтықтығының күшейе түскендігіне нақты дәлел болмақ деп жазды. Бейімбет Майлиннің «Жыл құсының" 1927 жылғы № 1 санына «Тайбек» атты әңгімесі жарық көрді. Ал, С.Сейфуллин 1927 — 28 жылы «Жыл құсы» альманахын ұйымдастыруға, оны шығаруға белсене қатысқан.
1927 жылы қазақ әдебиеті саласындағы айтыс-тартыс көтерілді. Әдебиет саласындағы бағыттарды айқындай түсуде, ақын-жазушылар арасындағы айтыс айрықша өріс алғаны сонша, жеке басты мұқату-кекету, арғы шыққан тегін қазбалауға орын берілген… Сол жылдардағы С.Мұқанов пен І.Жансүгіров арасындағы айтыстар «Жыл құсында» да жарық көрді. Партия ұйымы қазақ зиялыларының арасындағы айтыс-тартысты бақылауға алып, өзіне тиімді бағытқа бұрып отырған.
1927 жылы «Жыл құсының" бірінші саны 4000 дана болып басылды. Алайда, альманахтың екі ғана саны шығып, тоқтап қалды. Ол кейін 1928 жылдан бастап ай сайын шығатын «Жаңа әдебиет» журналына айналды.
1929 жылы халыққа жаңа әліппені насихаттау үшін «Жаршы» журналы шығарылды. «Жаршы» журналы 1929 жылдан бастап № 1–5 сандарын Т.Жүргенов бастаған редакция алқасы шығарды. Редакторы I.Қабылов болды. «Жаршы» журналы 1929–1931 жылдары Қызылорда қаласында ұлттық қоғамдық-саяси журнал ретінде шығарылды. Журнал латын әліпбиіне көшу барысындағы жетістіктерді насихаттауды, сыни, сықақ материалдарды жариялауды мақсат тұтты. 1930 жылы журналдың редакторлығын Б. Майлин атқарса, ал редакциялық алқасында Ж.Ағамалыұлы, О.Жандосов, Т.Рысқұлов, Ж.Рахымбаев, О.Әлиев, Н.Төреқұловтар мүше болды. Журналдың кейбір нөмірлерінде Ғ. Мүсірепов, А. Тұрмағамбетов, I. Жансүгіровтер кезектесе редактор болған.
Журнал беттерінде жергілікті халық арасында сауатсыздықты жою және басқа да маңызды мәселелер кеңінен сөз болды. Мәселен, байланыс саласы бойынша Телжан Шонановтың «Қазақша телеграмма беру туралы», әдебиеттен Ж.Аймауытовтың «Тәубе қылды», Б.Майлиннің «Колхоз қорасында», «Таңба», «Әлiштiң пырағы», «Арыстанбайдың Мұқашы», «Бейсекеңнiң үйiнде», «Ұшқын» сияқты әңгімелері жарық көрген.
1928 жылы 1-мамырда Қызылорда өлкелік партия комитеті мен кәсіподақ советінің атынан «Жұмысшы» газеті шыға бастады. «Жұмысшы» газеті көлемі үлкен көлемде, төрт бет болып «Еңбекші қазақ" газетінің жанынан шығарылды.
«Жұмысшы» газеті еңбекшілердің қамын ойлап, оларға шын жөн сілтеуші, кеңесші болуды мақсат етті. Адамдардың ұжымдық еңбекке бірігуіне, партия қатарына өтуді көп көңіл бөлді. Жергілікті жерлерде кәсіподақ еңбек шарттарының орындалуын қадағалап кеңес орындарының жұмысына көмектесті.
«Жұмысшы» газеті Қызылордада 1930 жылға дейін шығып тұрды. Бұл уақыттың ішінде ол бұрын өнеркәсібі болмаған Қазақстанда жаңа өнеркәсіп салаларының көптеп ашылуына, онда қазақ жұмысшыларының санының көбеюіне байланысты, олардың мәдени-білім дәрежесінің өсуіне ат салысты. Республикамызда маман жұмысшы кадрларының даярлауға қолқабыс етті.
«Лениншіл жас» газетінің тарихы 1922 жылы октябрьде Ташкентте шыққан «Жас қайраттан» басталады. Жетісу, Сырдария облыстары Қазақстанға қосылғаннан кейін «Еңбекші қазақтың" бір бетін алып келген «Лениншіл жас» 1925 жылы 3, ақпаннан бастап «Жас қайрат» газеті болып, әуелі Орынборда, сол жылдың мамыр айында Қызылорда қаласында жетісіне бір рет шыға бастады. Оның редакторы Е.Алдоңғаров, секретары Ахмет Елшібеков болды. Ал сол кездегі жастар өмірінің жаңа талаптарына байланысты «Лениншіл жас» журналы 1927 жылдың қыркүйегінен бастап газет болып шықты.
Газет 1931 жылдың қаңтарынан төте жазуды тастап, латын әліпбиіне көшті, бұл жөнінде осы жылдың бірінші нөмірінде:
«Кәзетіміз бүгіннен бастап жаңа әліпке көшіп отыр, бұл ірі табысымыздың бірі. Күншығыста жаңа әліпке көшу — таптық төңкерістің мәні бар шаралардың бірі болып табылады. Латын әлібін алу-алмау туралы барлық күншығыс елдерінде, оның ішінде Қазақстанда, байлар, төңкеріске қарсы алашордашылардың қолшоқпарлары, молдалар, атқамінерлер латын әрпін алдырмау жолында бекер жанталасқан жоқ, бекер қарсы шыққан жоқ" деп жазды. Газеттің 1927 жылғы 9 желтоқсанындағы санында С.Садуақасовтың «Латын әрпін қалай үйрендім» атты мақаласы да сол кездегі қазақ зиялылары арасындағы төте жазу мен латын әліпбиі жайындағы талас-тартыс, Қазақстанда «Жаңа әліпби» қозғалысынан мол хабар береді.
Газет сол кездің өзінде жастардың дене шынықтыру ісіне ерекше көңіл бөлген. Жерлесіміз Әбділда Тәжібаевтың 1927 жылы осы газетте басылған «Дене тәрбиесіне науқан жүргізілсін» деген мақаласында жастарды түрлі спорт үйірмелеріне ұйымдастыру, дене шынықтыру жөнінде орыс тілінде шыққан кітаптарды қазақшаға аудару, қазақ жастарынан спорт нұсқаушыларын даярлау туралы проблемалық мәселелер көтерген.
«Лениншіл жаста» жұмыс істеген Асқар Тоқмағанбетов өз естелігінде: «Газеттің соншалықты қиындықпен шығатынына үйрене келе, кейін көзім жетті. Біріншіден, жазудың бәрі қолмен жазылады екен. Онда машинканың жоқ кезі, бар болса да өте аз. Бізге «Еңбекші қазақ" газетінің жанынан бір бөлменің бұрышы тиді. Ол бөлмеде редактор Орманбаев Жұмабай, Сара Есова („Әйел теңдігі“ журналының редакторы), Бейімбет Майлин („Ауыл тілі“ газеті редакторының орынбасары) отырады екен. Қай жер, қай орын бос болса біздікі сол, тып етіп отыра қаламыз. Газеттің белсенді тілшісі, әрі шығару жағын басқаратын Қошмұқамбетов Әуеш деген жігіт екен, қай мақаланы қайда қоярын, әріптердің ірісі мен майдасын да сол белгілеп қойып отырды» деп еске алады.
Редактор Асқарға жастарды өз газетіне жазылуға шақыратын бір ауыз өлең жазуды тапсырады. Ол ертеңінде мынадай өлең жазып әкеледі:
Тоқта! Жолдас!
Жазылғаның жоқ па жолдас?
Жазылмасаң — жазыл,
Өз газетің «Лениншіл жас»!
Мұның сәтті шыққаны сонша, ертеңіне бәрі жатқа айтып кетті- дейді Асқар.
Газетте 20-шы жылдардың аяғындағы әдебиеттегі сын майданындағы талас тартыстар да жарияланып отырды. Әсіресе, Мағжан, ақын шығармашылығы төңірегіндегі дау дамай осы уақытта барлық қазақ басылымдарында жалғасын тапты. Жүсіпбек Аймауытов «Қазақ әдебиеті көгерсін, гүлденсін десек, жалаң тап көзімен не саясат көзімен қарап, сынаржақ кетпей, Маркс көзімен қарау керек» деген ой айта отырып, сынға ұшыраған Мағжан Жұмабаевтың ақындығын дәлелдеп шығады. Оның күштілігін, сыршылдығынан, суретшілігінен, сөзге еркіндігінен, тапқыштығынан, күштілігінен, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген үнді күйінен көреді. Мағжанның ұлтшылдығының күшеюіне қазақтың газет- журналдарының шығуы, қазақ жастарының жұмыла оқуға кірісуі, олардың әр қалада мәдениет-ағарту ұйымдарын ашып, кеңес құруы әсер етті дейді. Ол сонымен бірге Мағжанды заман туғызған көшпелі дәуірдің ақыны, ескіні жырлаған, жаңаны әлі мойындап болмаған, ақын екендігін, оның өмірінде әлі талай өзгерістер болатындығын айтады. Ж. Аймауытовтың бұл мақаласы жастардың «Лениншіл жас» газетіне жарияланды. Газет сол уақыттың өзінде жас, ақын жігіттерді-де өзіне тарта білген. Газетке Бейімбет, Сәкен, Сәбиттерді айтпағанда, Қалмақан, Асқар, кейінірек Әбділда, Тайыр, тағы басқалар өлеңдерін бастырып тұрды. Ақын-жазушылардың осы бір ұрпағының қаламдары ұшталуына бірден-бір себепкер болған «Лениншіл жас» болды.
«Сыр бойы» газетінің алғашқы саны 1929 жылдың 1 шілдесінде Қызылорда қаласында жарыққа шықты. 1929 жылдың 1 шілдесі күні өзінің дәл бүгінгі атауымен «Сыр бойы» болып алғаш рет жарыққа шықты. Бұл туралы профессор Т.Қожакеев «Жыл құстары» атты еңбегінде: «1929 жылы республика орталығы Алматыға көшкеннен кейін Қызылордада жаңа басылым шығару мәселесі шешілді. „Осы газеттің,- деп жазды А.Тоқмағамбетов,- атын қоюға газеттің алқа мүшелері және Мансұр Гатауллин болып жиналыс жасадық. Гатауллин көп жыл газетте істеген білімді, әрі талантты жігіт еді. Газеттің атын ойластырып „Сыр бойы“ болсын деп келістік“ -деп жазады.
Газет Қызылорда округтік партия, кеңес комитеттері мен кәсіпшілер одағы бюросының газеті делініп, аптасына екі реттен шықты. Қыркүйектен Қызылорда, Шиелі, Тереңөзек, Қармақшы, Қазалы, Аламесек аудандарының партия, кеңес комитеттері мен кәсіпшілер одағы бюроларының органына айналдырылды»- деп жазады. Алғашқы жылдың өзінде-ақ газеттің таралымы 2000 данаға жетті. Әрине, сол кездегі ұжымдастыру, ашаршылық, жаппай саяси қуғын-сүргіннен-де басылым тыс қалған жоқ. Қандай қиын уақыт, тағдыр талқысына түскеннің өзінде уақыт төрелігіне жүгінді. Оқырманын рухани өре биігіне жетеледі.
Арада үш жыл өткеннен кейін 1932 жылы сол кездегі уақыттың пәрменімен газеттің атауы «Ленин туы» болып өзгертіліп, аудандық газеттің мәртебесімен жарық көре берді. Бiрақ бұрынғысынша Жаңақорған, Қармақшы, Қазалы аудандарының өмiрiн толық қамтып тұрды. «Ленин туының«1932 жылғы 12 сәуірдегі № 235 санында облыста күріш егіншілігінің жаңадан еніп жатқан тұсында «Күріш егу техникасын үйреніңдер!», «Күріш қайткенде бітік болады» атты егіншілерге әдістемелік көмек нышанындағы мақалалар, колхоз тұрмысына байланысты «Бірлестік шарт жасалып бітті», «„Комсомол“ колхозы дайын емес», «Үкімет көмегі», «Бригаділер қосқа шықты» деген айдарлармен сол уақыттағы ауылшаруашылығы өмірінен хабарлар берілді. Сол сияқты, Асқар Тоқмағанбетовтың «Түлкі жеңгей», «Өз, аға шын созыл» фельетондары, «Берлін көшесінде» атты поэмасынан үзінділер жарияланды.
«Берлін көшесінде»
… Ана.
Бала.
Бала жас.
Ана қырыққа шамалас.
Домбыққан бет, іскен бас.
Қаналған…
Қатқан.
Қақыраш,
Көшеде тұр, екі аш!.
Бала, анаға асылат,
Асылса, ана, аһ ұрат,
Бала — балғын, балбырап,
Нан сұрады, зар жылап: -Мүттір! (*)
Нан бер…
Апа, нан!
Нан бер.
Өлем… апа, жан!
— Жоқ қой, нан!
Нан жоқ!
Нан жоқ!
Жоқ, балам!
Жооқ, балам!
Ең болмаса!…
Бір шайнам!
Соны айтатта асылат.
Асылса, ана, аһ ұрат…..
- неміс тілінде — ана деген сөз.
Газет таралымы әр жылы әр түрлі таралыммен шығып тұрды. 1932 жылы 9600, 1938 жылы 4110, 1939 жылы 8350 тиражбен шықты. Газеттің көлемі 58×34 см болды.
1929–31 жылдары газетке сықақшы, Жиенғали Тілепбергенов, 1931–1932 жылдар аралығында А.Азмухамедов, Д.Сарсембаев, Л.Суюпов, 1932 жылдың желтоқсаны-1934 жыл аралығында Асқар Тоқмағанбетов, одан кейін Әуелбек Қоңыратбаев, Абдолла Құрманаев, 1937 жылы 21 мамырдан Қайыпназар Қауымбаев (1937 жылы қыркүйекте «халық жауы» болып атылып кеткен), 1938–1939 жылдары Х.Сарбасов, М.Сәтбаевтар, жауапты редактор, редактор қызметін атқарды. 1939–1946 жылдар аралығында газетке Тойбазар Елемесов жетекшiлiк жасады. Басылым атауының кезекті өзгертілуі Сыр өңіріндегі жаңа әкімшілік территориялық құрылым — Қызылорда облысы құрылған 1938 жылмен тұспа-тұс келеді. Тап сол шақта мәртебесі қоса өзгертілген газеттің аты «Ленин жолы» болып ауыстырылды.
1929 жылы жерлесіміз, ғалым Ә.Қоңыратбаев «Сыр бойы» газетінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. «Сыр бойы» газетінде бөлім меңгерушісі болып жүргенде, басылымның жарыққа шыққанына бір жыл толуына орай көлемді мақала жазады. Бұл туралы ғалым Т.Қожакеев: «Газет 1930 жылы 1 шілдеде өзінің юбилейін атап өтті. Ә.Қоңыратбаев „Бір жыл“ деген бас мақала жазып, оның жұмысын бір қорытындылап тастады»,- деп жазды.
Басылым 1991 жылдан бастап қайтадан «Сыр бойы» деп аталды.
1939 жылдың 19 наурызынан Шиелі аудандық партия комитеті мен аудандық кеңесі атқару комитеті «Стахановшы» газетін шығара бастады. Газет айына 10 рет шығып тұрды. Газеттің «Пионер ұйымы», «Мектепке дайындық», «Сьез материалдары» бөлімдері және сол кездегі басқа да басылымдар сияқты қоғамдық мал шаруашылығын дамыту, егін шығымдылығын қалай арттыру жөніндегі тың мәселелер көтеріліп отырған. Алғашқы редакторы М.Молдастамов, газет тілшілері -Сыздықов, Піржанов, Әбдімомыновтар болды.
Газет 1939 жылы «Стахановшы», 1956 жылы «Коммунизм жолы», 1963 жылдан «Өскен өңiр» деп аталды.
1925–1939 жылдары Сыр өңірінде түрлі мекемелер өз жанынан газет шығарып отырды. Мәселен, 1935 жылы «Ленин жолы» деген атпен БЛКЖО Жаңақорған аудандық партия комитетінің бір күндік газеті, 1934–1939 жж «Колхозшы» деген атпен Қаракеткен МТС партия, кәсіподақ ұйымдары мен дирекциясының газеті, 1938–1940жж «Арал балықшысы» деген Арал мемлекеттік балық тресі басқармасының және Оңтүстік балықшылар одағы комитетінің газеті, «Балықшының дауысы» — 1936 жыл Балық комбинаты жанындағы бастауыш партия ұйымының газеті, «Верстатка» 1933 жылы № 1баспахана жанындағы партия ұйымы мен фабрика-зауыт комитетінің газеті, «Қазақстан теміржолшысы»- 1935 жылдың наурыз-1936 жылдың мамыр айы аралығында шыққан Орынбор теміржолының 3-ші бөлімі Қазалы саясат бөлімінің тілі, «Қызыл мақташы» 1933–1935 жылдары Жаңақорған МТС саясат бөлімінің газеті, «Найзағай»-1933 жылы Қызыл мақташы газеті редакциясының шығарған көшпелі газеті, «Социалды жол»-1933–1934жж Сұлутөбе МТС саясат бөлімінің газеті, «Социалды мал шаруашылығы» — 1933–1934жж. Қызылорда қой совхозы саясат бөлімінің газеті және т.б.
Жалпы алғанда, 1925–1940 жылдары Қызылордада шыққан ұлттық мерзімді басылымдар біріншіден, қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге едәуір әсер етті, Ахмет Байтұрсыновтың «Баспасөз- халықтың үні, құлағы, көзі болуы керек», — деген аталы сөзінің үдесінен шыға білді, екінші жағынан, қазақтың алдыңғы қатарлы азаматтары осы газет-журналдар арқылы қарапайым халыққа өз шығармашылықтарын насихаттай білді.
Сағат Тайман,
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті