«Егемендік тарихы – архив деректерінде» атты мерекелік жиын өтті
Бөлісу
23.10.202675
Бүгін Астана қаласының Мемлекеттік архивінде Республика күніне арналған «Егемендік – елдіктің тұғыры» атты мерекелік дөңгелек үстел өтті.
Жиынға жазушы, аудармашы әрі тарихшы Қалбан Ынтыханұлы, филология ғылымдарының кандидаты, алаштанушы ғалым, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Қайырбек Кемеңгер, Астана қаласы Нұра ауданы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» «Атамекен» ансамблі және архив қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шара егемендіктің тарихи маңызын архив құжаттары арқылы танытуға, ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңдерін зерделеуге және ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықты нығайтуға бағытталынған. Жиынның модераторы ретінде сөз тізгінін Астана қаласы Мемлекеттік архивінің ғылыми қызметкері, тарихшы Ұларбек Дәлейұлы алды. Модератор келген қонақтар мен қатысушыларды Республика күнімен құттықтай отырып, ел тарихының тасқа басылып, таңбаланған кезеңдеріне қысқаша шолу жасап, ұлт болып қалыптасқалы бастан кешкен әр сәттегі қиындыққа толы тағдырлы шақтарды тізбектей өтті. Кездесу басында шырқалған Мемлекеттік Әнұран егемендіктің халық үшін ең басты байлық екендігін еске салды. Жиынның алғашқы құттықтау сөзі Астана қаласы Мемлекеттік архивінің басшысы Жангелді Бимолдинге берілді.
«Қазіргі XXI ғасырда әлі де егемендік ала алмай жүрген әлемде қаншама ел бар. Бүгін біздің аспанымызда көк байрағымыз желбіреп, жаһандық ареналарда әнұранымыз кеңінен шырқалып жүргені дәл осы егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің арқасында. Ұлтымыз үшін бұл күннің қадірі қашанда аса жоғары болған. Республика күні – қазақ халқының ұлық мерекесі деп білемін. Дамыған ел болуымыздың жолында ғылым, білім, мәдениет сияқты барлық сала жан-жақты ілгерілеу керек. Ата-бабамыздың ұрпаққа көзінің қарашығындай сақтап келген қасиетті жерін бүгінгі буын, біздер, әрі қарай сақтап, абыроймен жалғауымыз қажет деп санаймын. Осы мақсатта әрбір жан ел үшін аянбай еңбек етсе, Қазақстан көркейіп, гүлденіп, мықты елдердің қатарында болады. Бұл турасында Мемлекет басшысы «Бәсекеге қабілетті, озық ойлы ұлт болу үшін білім мен ғылымды дамыту басты міндет», - деп айтып кеткен. Өз кезегінде, Астана қаласы Мемлекеттік архиві қашанда қатпарлы тарих беттерін сақтап қана қоймай, оны әрдайым дұрыс дәріптеп өткенімізді насихаттауда үлкен жұмыстар атқарып келеді», - деген түйінді ойымен Астана қаласының Мемлекеттік архив басшысы құттықтау сөзін тәмамдады.
Дөңгелек үстел барысында архив қорларынан іріктелген құжаттар таныстырылып, елдік сана, тарихи жад және ұлттық руханият мәселелері талқыланды. Қатысушылар егемендікке бастау болған тарихи үдерістер мен бүгінгі азаматтық жауапкершіліктің өзара байланысы туралы жылы пікір алмасты.
Жазушы, тарихшы Қалбан Ынтыханұлы:
«Егемендіктің құны мен маңызын әуелі елден жырақта, шетелде жүрген қандас қазақтар ерекше түсінеді деп ойлаймын. Мұны өзім Қытайдан оралған жан ретінде айтып отырмын. Қытайда екі миллионға жуық қазақ тұрады. Ол жаққа олар көшіп барған жоқ. Алтай таулары – ежелден түркітілдес халықтардың мекені болған қасиетті топырақ. Кезінде хандық дәуірі өзгеріп, жер бөлінгенде, ел арасына шекара түскенде, қазақ жерінің бір бөлігі сол жаққа ауысып кетіп, содан сол атамекенде қалған қазақтар еді. Ата-бабамыздың тыныштыққа, еркіндікке, тәуелсіздікке деген жанкешті еңбектері – бүгінгі бейбіт күнге деген талпыныстарының нәтижесі. Соның көптеген айғақтарын біз тарихшы ретінде оқыдық, зерттедік, зерделедік. Біразын жазып, жарияладық та. Дүниежүзінде жүрген әрбір қазақ ұрпағы үшін егемендіктің қаншалықты маңызды екенін осындай тарихи оқиғалардан білеміз. Егемен ел атандырған Республика күні құтты болсын!» - деді жазушы Қалбан Ынтыханұлы.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Қайырбек Кемеңгер көпшілікке Республика күнінің тарихы мен төл әдебиетімізге қатысты өз пікірін әзірлеп келген электронды ақпараттары арқылы сөйлетті. Айта кету керек, Қайырбек Кемеңгер көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының мүшесі, ғалым, жазушы-драматург Қошке (Қошмұхамбет) Дүйсебайұлы Кемеңгерұлының тікелей ұрпағы. Кезінде Омбыда білім алып, сол өңірде туған ғалым Қайырбек Кемеңгер қазір атажұртқа көшіп келіп, ел үшін қызмет етіп жатқанын айта кетті. Сөзінің қорытындысын атажұрты Қазақстанға арнап шығарған мағыналы жыр-шумақтарымен тәмамдады.
Басқосу Астана қаласы Нұра ауданының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығынан» арнайы келген «Атамекен» ансамблінің тамаша ән шашуымен жалғасын тапты. Ата-әжелерден жасақталған ансамбль жиналған қауымға керемет мерекелік көңіл-күй сыйлап, қазақтың ұлттық әуезді әндерінен шашу шашты.
Кездесу соңында спикерлермен еркін сұхбат құрылып, аға буын өкілдерінің естелікке толы есті әңгімелерін тыңдауға мүмкіндік берілді.
Архив құжаттары – ел тарихындағы бетбұрысты кезеңдердің шынайы куәсі десек, оларды осылай қоғамдық талқылауға ұсыну – тарихи оқиғалардың мәнін тереңірек түсінуге және егемендіктің қадірін ұғынуға жол ашатыны анық.