Тарихшылар ХХ ғасырдағы балалар панасыздығының себептері мен салдарын саралады

Бөлісу

22.10.2026 70

2026 жылғы 8 қазанда Алматы қаласында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен «Балалар панасыздығы әлеуметтік-тарихи құбылыс ретінде: Қазақстан мен іргелес елдер тәжірибесі (1920–1930 жылдар)» атты халықаралық ғылыми дөңгелек үстел өтті.


Іс-шараның басты мақсаты ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Қазақстан мен оған шекаралас өңірлерде орын алған балалар панасыздығы құбылысын тарихи деректер негізінде зерделеп, оның әлеуметтік, демографиялық және құқықтық салдарын кешенді түрде талқылау болды. Ғалымдар балалар панасыздығын жеке әлеуметтік мәселе ретінде ғана емес, ашаршылық, босқыншылық, саяси қуғын-сүргін және қоғамдық дағдарыстармен тығыз байланысты тарихи құбылыс ретінде қарастырды.

Дөңгелек үстел Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «1920–1930 жылдардағы Қазақстан аумағындағы және іргелес елдердегі балалар панасыздығы мәселесі» (ИРН AP23488331) ғылыми жобасы аясында ұйымдастырылды. Жиынға Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген зерттеушілермен қатар Қырғызстан мен Өзбекстанның жетекші ғалымдары онлайн және офлайн форматта қатысты.

Ғылыми басқосу барысында ХХ ғасырдың 20–30 жылдарындағы балалар панасыздығының қалыптасу себептері, оның негізгі кезеңдері, мемлекет жүргізген әлеуметтік саясаттың нәтижелері мен кемшіліктері, сондай-ақ панасыз балалардың күнделікті өмірі мен әлеуметтік бейнесі жан-жақты талқыланды.

Пленарлық отырыста т.ғ.д., профессор О.Х. Мұхатова Қазақстан мен көршілес елдердегі балалар панасыздығы тарихының кезеңдері мен өзекті мәселелеріне тоқталды. Қарағанды университетінің профессоры, т.ғ.д., З.Ғ.Сақтағанова Ресей архивтерінің материалдары негізінде 1930 жылдардағы Қазақ АКСР-індегі балалар панасыздығы мәселесін талдады.

Өзбекстан Ұлттық университетінің профессоры т.ғ.д., К.Д. Саипова кеңестік кезеңдегі Өзбекстандағы балалар панасыздығының ерекшеліктерін сөз етсе, Қырғыз мемлекеттік техникалық университетінің доценті С.К. Малабаев Қырғызстандағы билік органдарының панасыздықпен күрес тәжірибесін саралады.

Сондай-ақ Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры PhD М.М. Қозыбаева саяси қуғын-сүргін жылдарындағы балалар тағдырына назар аударды. Иниституттынң жетекші ғылыми қызметкері т.ғ.к., қауымдастырылған профессор А.Т. Қайпбаева панасыз балаларды әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесінің қалыптасуын қарастырса, PhD докторант Е. Сауырқан Моңғолия мысалында Қазақстанмен іргелес елдердегі панасыз балалар мәселесін баяндады. Ғылыми қызметкер А.А. Бекенова ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы балалар қылмысы мен оған қарсы күрес шараларын талдап көрсетті.

 

 

Талқылаулар барысында зерттеушілер 1921–1923 және 1932–1933 жылдардағы ашаршылық балалар панасыздығының жаппай таралуына алып келген негізгі факторлардың бірі болғанын атап өтті. Сонымен қатар сталиндік қуғын-сүргін мен мәжбүрлі көші-қон салдарынан Қазақстаннан тыс жерлерге кеткен қазақ балаларының тағдырын арнайы зерттеу қажеттігіне назар аударылды.

Ғалымдар ұлттық азшылық өкілдерінің балаларын тәрбиелеген мекемелердің қызметін терең зерттеу, тоталитарлық жүйе жағдайындағы әлеуметтік қорғау саясатын қайта бағамдау, сондай-ақ қазақ зиялыларының жетім және панасыз балаларды қорғау бағытындағы қызметін ғылыми айналымға кеңінен енгізу қажет деген ортақ пікір білдірді.

Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар кеңестік кезеңдегі балалар үйлерінің қызметіне объективті тарихи баға беру, мемлекеттің балалар панасыздығымен күрестегі жетістіктері мен кемшіліктерін салыстырмалы тұрғыда зерттеу, сондай-ақ кеңестік тәрбие жүйесінің мазмұны мен «кеңес адамын қалыптастыру» идеологиясының ерекшеліктерін кешенді талдау жөнінде ұсыныстар қабылдады.

Іс-шара нәтижелері балалар панасыздығы мәселесін Орталық Азия кеңістігі аясында қарастырудың маңызын көрсетіп, осы бағыттағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін берді.

 

Дайындаған: Елдос Сауырқан

PhD докторант

 

Бөлісу