Адамзат өркениетінің шежіресі – тек ұлы жаңалықтар мен жеңісті жорықтардан ғана тұрмайды. Бұл сонымен бірге, табиғаттың дүлей күшімен, көз көрмейтін індеттермен және адам баласының өз қолымен жасаған қателіктерімен бетпе-бет келудің де тарихы. Біз бүгін «дамыған қоғам» деп атайтын әлемнің іргетасы көбіне жойқын апаттардың күлінен қайта қаланған.
Тарих сахнасына көз жүгіртсек, кейбір оқиғалардың жай ғана трагедия емес, адамзат дамуының бағытын күрт өзгерткен «бетбұрыс нүктелері» болғанын көреміз. Бір сәтте гүлденіп тұрған қалаларды жермен-жексен еткен жанартаулар, миллиондаған тағдырды жалмаған қара індеттер немесе атом қуатының бағынбаған ашуы – бұлардың барлығы біздің әлеуметтік құрылымымызды, сенімімізді және қоршаған ортамен қарым-қатынасымызды қайта қарауға мәжбүр етті.
Тера жанартауының атқылауы
Шамамен б.з.д. 1600 жылдары болған Тера жанартауының атқылауы адамзат тарихындағы ең ірі жанартаулық апаттардың бірі ретінде қарастырылады. Бұл оқиға Эгей теңізіндегі Санторини аралында орын алып, қоршаған аймақтарға орасан зор зиян келтірді. Атқылау нәтижесінде аспанға көтерілген күл мен улы газдар атмосфера қабатына тарап, күн сәулесінің жерге жетуін азайтып, уақытша климаттық салқындауға әкелген болуы мүмкін.
Кейбір геологиялық және археологиялық деректер бұл апаттың салдары тек табиғи шеңбермен шектелмей, әлеуметтік-мәдени өзгерістерге де ықпал еткенін көрсетеді. Атап айтқанда, Миной өркениеті теңіз саудасына тәуелді болғандықтан, цунами мен теңіз жолдарының бұзылуы оның экономикалық қуатын әлсіретті. Осылайша, табиғи апат өркениеттік құлдыраудың катализаторына айналды.
Сонымен қатар, бірқатар зерттеушілер бұл апатты Атлантида туралы аңыздың тарихи негізі ретінде қарастырады. Яғни, табиғи апаттар тек нақты тарихи оқиғалар ғана емес, сонымен бірге адамзаттың мифологиялық санасында да көрініс табады..
Лиссабондағы жер сілкінісі
Лиссабон жер сілкінісі XVIII ғасырдағы Еуропа тарихындағы бетбұрысты оқиғалардың бірі болды. 1755 жылдың 1 қарашасында орын алған бұл апат Португалия астанасын толықтай дерлік қиратып, ондаған мың адамның өмірін қиды. Жер сілкінісінен кейінгі цунами мен өрттер қаланың жойылуын одан әрі күшейтті.
Алайда бұл апаттың тарихи маңызы тек физикалық қираумен шектелмейді. Ол еуропалық қоғамның дүниетанымына терең әсер етті. Бұған дейін табиғи апаттар көбінесе «құдайдың жазасы» ретінде түсіндірілсе, Лиссабондағы оқиға бұл түсінікке күмән келтірді. Адамдар «неге жазықсыз жандар зардап шегеді?» деген философиялық сұрақ қоя бастады.
Осы контексте Вольтер сияқты ағартушылық дәуірінің ойшылдары діни догмаларға сын көзбен қарап, рационализм мен ғылыми танымның маңызын алға тартты. Нәтижесінде табиғи құбылыстарды ғылыми тұрғыдан зерттеу қажеттілігі туындап, Сейсмология ғылымының қалыптасуына негіз қаланды.
Бұл апат табиғи құбылыстарды түсіндіруде мифологиялық және діни көзқарастан ғылыми парадигмаға өтудің маңызды кезеңін білдіреді. Яғни, Лиссабон жер сілкінісі тек геологиялық емес, интеллектуалдық революцияның да бастауы болды.
Испан тұмауы
Испан тұмауы ХХ ғасырдың басындағы ең жойқын індеттердің бірі ретінде адамзат тарихында ерекше орын алады. Бұл пандемия Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталар кезеңде пайда болып, соғыстан әлсіреген елдерге ауыр соққы болды. Әскери қимылдар, сарбаздардың жаппай қозғалысы, босқындар легі және санитарлық жағдайдың нашарлығы вирустың қысқа уақыт ішінде бүкіл әлемге таралуына мүмкіндік берді.
Аурудың қоздырғышы – H1N1 тұмау вирусы. Оның басты ерекшелігі әдеттегі тұмаудан айырмашылығы, тек әлсіздер мен қарттарды ғана емес, сонымен қатар дені сау, жас адамдарды да жаппай зақымдауында болды. Зерттеулерге сәйкес, әлем халқының шамамен үштен бірі бұл індетті жұқтырып, жалпы өлім саны 50–100 миллион адам аралығында болған.
«Испан тұмауы» атауының өзі тарихи жағдайлармен байланысты. Соғыс кезінде көптеген елдерде цензура күшейіп, індет туралы ақпарат жасырылды. Ал бейтарап Испания баспасөзі ауру туралы ашық жазғандықтан, пандемия сол елден шыққандай әсер қалыптасты. Шын мәнінде, оның нақты қайдан басталғаны әлі күнге дейін ғылыми пікірталас тудырып келеді.
Пандемия бірнеше толқынмен өтті: 1918 жылдың көктеміндегі алғашқы толқын салыстырмалы түрде жеңіл болғанымен, сол жылдың күзіндегі екінші толқын аса қауіпті болып, өлім-жітім күрт артты. Кейінгі 1919–1920 жылдардағы толқындар індеттің ұзақ уақыт бойы сақталғанын көрсетті. Бұл жағдай вирустың мутацияға бейімділігін және оның бейімделу қабілетінің жоғары екенін дәлелдейді.
Бұл апаттың салдары тек демографиялық шығынмен шектелмеді. Ең алдымен, көптеген мемлекеттер ұлттық денсаулық сақтау жүйесін құрудың маңыздылығын түсінді. Ауруханалар саны арттырылып, медициналық қызмет көрсету жүйесі қайта ұйымдастырылды. Сонымен қатар індеттің таралу заңдылықтарын зерттеу арқылы Эпидемиология ғылымы қарқынды дами бастады. Карантин, оқшаулау, санитарлық бақылау сияқты шаралар ғылыми негізде енгізілді.
Пандемия мемлекеттердің әлеуметтік жауапкершілігін де күшейтті. Үкіметтер халық денсаулығын қорғау стратегиялық міндет екенін түсініп, қоғамдық денсаулық сақтау саясатын қалыптастыруға кірісті. Бұл үдерістер кейін халықаралық деңгейдегі ынтымақтастыққа негіз болып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сияқты ұйымдардың құрылуына алғышарт жасады.
Техногендік апат
Ғылым мен технология дамыған сайын адамзат табиғатты игеруде бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетті. Алайда осы прогресс жаңа қауіптерді де қатар алып келді. Өнеркәсіп, энергетика және химия салаларындағы күрделі жүйелер адамның қателігі немесе бақылаудың әлсіреуі жағдайында орасан зор апаттарға әкелуі мүмкін екенін тарих айқын көрсетті. Техногендік апаттар – адамзаттың өз қолымен жасаған қауіп-қатерінің ең айқын көрінісі.
Чернобыль апаты 1986 жылы орын алып, ядролық энергетика тарихындағы ең ауыр апаттардың бірі ретінде тіркелді. Украина аумағындағы атом электр станциясында болған жарылыс салдарынан атмосфераға орасан мөлшерде радиоактивті заттар тарады. Радиациялық бұлт тек жергілікті аймақпен шектелмей, Еуропаның көптеген бөліктеріне дейін жетті. Нәтижесінде жүздеген мың адам өз үйлерін тастап көшуге мәжбүр болды, ал үлкен аумақтар ұзақ жылдарға жарамсыз күйге түсті. Бұл апат ядролық қауіпсіздік стандарттарын түбегейлі қайта қарауға мәжбүр етті. Сонымен қатар кейбір зерттеушілердің пікірінше, бұл оқиға Кеңес Одағы жүйесінің әлсіздігін айқындап, оның саяси тұрғыдан ыдырау процесін жеделдеткен факторлардың бірі болды.
1984 жылы Үндістанда болған Бхопал апаты химиялық өндіріс саласындағы ең ірі қайғылы оқиғалардың бірі саналады. Пестицид өндіретін зауыттан улы газдың ауаға таралуы салдарынан мыңдаған адам бір түннің ішінде қаза тауып, жүздеген мың адам түрлі дәрежеде уланды. Бұл апаттың ауқымы тек адам шығынымен шектелмей, ұзақ мерзімді экологиялық және медициналық зардаптарға алып келді. Бхопал трагедиясы өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының жеткіліксіздігін айқын көрсетіп, халықаралық деңгейде өндірістік бақылауды күшейту қажеттігін дәлелдеді. Сонымен қатар бұл оқиға трансұлттық корпорациялардың әлеуметтік және құқықтық жауапкершілігін арттыру мәселесін күн тәртібіне шығарды.
2011 жылы Жапонияда болған Фукусима апаты техногендік және табиғи факторлардың біріккен салдары ретінде ерекше сипатқа ие болды. Күшті жер сілкінісі мен одан кейінгі цунами атом электр станциясының жүйелерін істен шығарып, радиациялық апатқа әкелді. Бұл жағдай жоғары технологиялық әрі дамыған елдің өзінде қауіпсіздікке толық кепілдік жоқ екенін көрсетті. Апаттан кейін көптеген мемлекеттер атом энергетикасына қатысты саясаттарын қайта қарап, кейбірі одан толықтай бас тарту туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар экологиялық қауіпсіздік, төтенше жағдайларға дайындық және тәуекелдерді басқару мәселелері халықаралық деңгейде басты тақырыптардың біріне айналды.
Арал теңізі трагедиясы
Адамзат тарихындағы ең ауыр сабақтардың бірі – табиғатты дұрыс пайдаланбаудың салдары. ХХ ғасырда орын алған ең ірі антропогендік апаттардың бірі – Арал теңізі трагедиясы. Бұл апат тек аймақтық деңгейде ғана емес, жаһандық экологиялық мәселе ретінде де ерекше маңызға ие. ХХ ғасырдың ортасына дейін Арал теңізі әлемдегі ең ірі су айдындарының бірі болып, Қазақстан мен Өзбекстан аумағында орналасқан табиғи-экономикалық жүйенің өзегі болды. Теңізге Сырдария мен Амудария өзендері құйып, оның тұрақты су балансын қамтамасыз етіп отырды. Алайда 1960-жылдардан бастап Кеңес Одағыжүргізген ирригациялық саясат аясында бұл өзендердің суы ауыл шаруашылығына, әсіресе мақта өсіруге жаппай бұрылды. Соның нәтижесінде теңізге келетін су көлемі күрт азайып, бірнеше онжылдық ішінде Арал теңізі тартылып, көлемі мен аумағы айтарлықтай қысқарды.
1980–1990 жылдарға қарай теңіздің басым бөлігі құрғап, оның орнында тұзды шөл – Аралқұм қалыптасты. Бұл тек географиялық өзгеріс емес, тұтас экожүйенің күйреуі еді. Теңіз суының азаюы аймақтың климатын өзгертті: жаз айлары бұрынғыдан да ыстық әрі құрғақ, ал қыс мезгілі суық әрі ұзақ бола бастады. Ылғалдылықтың төмендеуі ауыл шаруашылығына кері әсер етіп, жердің құнарлылығы нашарлады.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл апат бұрын гүлденген балық шаруашылығының толық жойылуына алып келді. Кезінде теңіз жағасында орналасқан портты қалалар су көзінен ондаған шақырымға алыстап, әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа ұшырады. Халықтың тұрмыс деңгейі төмендеп, жұмыссыздық артты. Арал апатының ең ауыр салдарының бірі – халық денсаулығына тигізген әсері болды. Құрғаған теңіз табанынан көтерілген тұз бен химиялық қалдықтар атмосфера арқылы таралып, тыныс алу ауруларының, аллергиялық және онкологиялық дерттердің көбеюіне себеп болды. Ғалымдардың деректеріне сәйкес, бұл тұзды шаң мыңдаған шақырымға таралып, тіпті Арктика аймақтарынан да табылған. Бұл құбылыс апаттың тек аймақтық емес, жаһандық сипат алғанын көрсетеді.
Батыс зерттеушілері мен экологтар Арал трагедиясын көбіне жоспарсыз жүргізілген шаруашылық саясаттың салдары ретінде қарастырды. Кеңес дәуіріндегі ирригациялық жобалар, әсіресе Амудария мен Сырдария суларын жаппай бұру, халықаралық сарапшылар тарапынан «табиғи жүйеге жасалған ең ірі эксперименттердің бірі» деп бағаланды. Көптеген ғалымдар бұл жағдайды ХХ ғасырдағы экологиялық қателіктердің символына айналған құбылыс ретінде сипаттады.
Халықаралық ұйымдар да бұл мәселеге ерекше көңіл бөлді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Арал аймағын «экологиялық апат аймағы» деп танып, бірнеше рет арнайы бағдарламалар қабылдады. Сонымен қатар Дүниежүзілік банк пен ЮНЕСКО тарапынан өңірді қалпына келтіруге бағытталған жобалар қаржыландырылды. Бұл ұйымдар Арал мәселесін тек табиғи емес, әлеуметтік-экономикалық дағдарыс ретінде де қарастырды.
Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары да Арал теңізінің тартылуын жиі көтерді. Батыс баспасөзінде ол «жоғалып бара жатқан теңіз», «адам қолымен жасалған апат», «экологиялық апаттың символы» сияқты атаулармен сипатталды. Арал табанында қалған кемелердің суреттері бүкіл әлемге таралып, бұл трагедияның көрнекі бейнесіне айналды.
Ғылыми қауымдастықта Арал теңізі мәселесі климат өзгерісі, шөлейттену және су ресурстарын басқару тақырыптарымен тығыз байланыста қарастырылады. Көптеген зерттеулер бұл апатты болашақтағы жаһандық экологиялық дағдарыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін «сабақ» ретінде бағалайды. Яғни, Арал тек өткеннің қателігі емес, болашақ саясат пен стратегияны қалыптастыруда маңызды тәжірибе болып отыр. 1990-жылдардан бастап Арал мәселесі халықаралық деңгейде қарастырыла бастады. Қазақстан аумағында Солтүстік Аралды сақтау мақсатында Көкарал бөгеті салынды. Бұл жоба теңіздің бір бөлігін қалпына келтіруге мүмкіндік беріп, су деңгейінің көтерілуіне және балық шаруашылығының ішінара қайта жандануына ықпал етті. Алайда Оңтүстік Аралдың жағдайы әлі де күрделі күйінде қалып отыр.