Еділ мен Жайық аралығы – қазақ халқы үшін ежелден маңызды тарихи мекендердің бірі. XVIII–XIX ғасырлар тоғысында бұл өңірге қайта қоныстану мәселесі қазақ қоғамы үшін аса өзекті болды. Тарихи деректерге сүйенсек, осы процесте Әбілқайыр ханның немересі Бөкей Нұралыұлының рөлі ерекше болған. ҚР Ұлттық музейі Мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Саялбек Ғиззатов бұл мәселенің тарихи негізін Kazinform агенттігіне берген сұхбатында тарқатып айтты.
Зерттеушінің айтуынша, Еділ мен Жайық аралығын қоныстану мәселесі бір ғана тұлғаның әрекетімен шешілген жоқ. Бұл бағытта қазақтың бірқатар ру басылары мен старшындары да Ресей билігіне өтініш хаттар жолдап отырған. Саялбек Ғиззатовтың айтуынша, архив деректері бұл үдерістің күрделі әрі көпсатылы болғанын көрсетеді.
«Орынбор және Астрахан архивтерінде жүргізілген зерттеу барысында бірқатар беделді қазақ рубасылары мен старшындарының Ресей билігіне хат жазып, Еділ мен Жайық аралығын қоныстануға рұқсат сұрағаны туралы деректер табылды», – дейді ол.
Мысалы, ноғай руының старшыны Ислам Құрманқожаев 100 шаңырақпен өтуге рұқсат алғаны белгілі. Ал кердері руының старшыны Тілеп Қайбашев алғашында өз туыстарымен көшіп барып, кейін мыңнан астам шаңырақты әкелетінін мәлімдеген. Дегенмен тарихи процесте шешуші рөлді Бөкей Нұралыұлы атқарды. Шыңғыс әулетінен шыққан сұлтан Кіші жүздегі хандық кеңестің төрағасы болған және саяси салмағы зор тұлға ретінде танылған.
«Шешуші рөлге Шыңғыс тұқымынан шыққан, Кіші жүздегі хандық кеңестің төрағасы қызметін атқарған Бөкей Нұралыұлы ие болды. Ол саяси салмағы мен шығу тегі жағынан өзгелерден оқ бойы озық тұрды», – дейді зерттеуші.
Бөкей сұлтан Еділ мен Жайық аралығына қоныстануға ресми рұқсатты 1801 жылдың 11 наурызында алды. Ұзақ дайындықтан кейін сол жылдың 20 желтоқсанында ол негізінен өз туыстарынан құралған 183 шаңырақты бастап ішкі бетке көшті. Зерттеуші Иван Бирюковтың деректеріне сәйкес, бұл көш құрамында 740 адам болған. Сонымен бірге 1 366 ірі қара, 24 түйе, 3 300 жылқы және 1 250 қой есепке алынған. Бұл мәліметтер сол кезеңдегі көштің экономикалық қуатын да аңғартады. Ізінше Кіші жүз қазақтарының өзге де топтары Қосөзен аралығына қоныс аударуға бет бұрды. Бөкей сұлтанды алғашқылардың бірі болып қолдағандар қатарында бұрынғы Кіші жүз ханы Есім Нұралыұлының ұлдары – Сары, Ниетәлі, Айдынғали және сұлтан Шығай Нұралыұлы сияқты беделді тұлғалар болды.
Осы көштің нәтижесінде кейін тарихта Ішкі Орда немесе Бөкей Ордасы деп аталған жаңа саяси құрылым қалыптасты. Зерттеушінің сөзінше, Бөкей сұлтанның беделі түрлі әлеуметтік топтарды бір мақсатқа жұмылдыруға мүмкіндік берген.
«Оның адамдық абыройы мен саяси беделі ақсүйектер мен қарасүйектердің басын біріктіріп, тарихи атақонысты қайтаруға мүмкіндік берді», – дейді Саялбек Ғиззатов.
Халық жадында да бұл кезең ерекше естелік ретінде сақталған. Қазақ арасында «Хан Бөкейдің тұсында секер шайнап, бал жұттық» деген сөз тіркесі кең тараған.
Тарихшылар арасында Еділ–Жайық аралығына көшу идеясына Сырым Датұлының да ықпалы болғаны жөнінде пікір бар. Белгілі батыр бастаған 1783–1797 жылдардағы ұлт-азаттық көтеріліс Ресей империясының отарлық саясатына айтарлықтай әсер еткен. Саялбек Махамбетұлының айтуынша, көтерілісшілердің басты талаптарының бірі жер мәселесін шешу болды. Қазақтардың Еділ–Жайық аралығына өтуіне тыйым салынуы және Орал казактарының қысымы жайылым тапшылығын күшейткен. Осының нәтижесінде патша үкіметі халық наразылығын бәсеңдету мақсатында белгілі бір жеңілдіктер жасауға мәжбүр болды.
Кейбір тарихи еңбектерде Сырым Датұлының 1801 жылғы көші-қон үдерісіне де қатысы болғаны айтылады. Бұл жөнінде Қазан төңкерісіне дейінгі авторлар – А. Евреинов, И. Иванов және И. Бирюков еңбектерінде деректер келтірілген. А. Евреинов Кіші жүз қазақтарының Жайықтың оң жағалауына өтуінде Сырым батырдың ықпалы зор болғанын жазған. Оның пікірінше, бұл үдерісте тек Бөкей сұлтанның беделі жеткіліксіз еді.
«Ішкі тарапқа өтуде бір ғана Бөкей сұлтанның әсері аз болатын. Шынайы үлгі, күшті ерік керек болды. Мұндай қасиеттер Сырым батырдың бойынан табылды», – деп жазған ол.
Зерттеуші И. Иванов та осы пікірді қолдай отырып, Сырым Датұлын өз дәуірінің беделді әрі ықпалды тұлғасы ретінде сипаттайды. Ал полковник И. Бирюковтың еңбегінде Астрахан казак әскерінің басшысы Павел Поповтың Сырым батырға жазған хаттары туралы деректер келтіріледі. 1801 жылдың 5 қыркүйегінде жолданған хатында Попов Сырымды Жайықтың оң жағына бірінші болып көшіп өтуге шақырған. Хат мәтінінде ол батырды өзгелерге үлгі болуға үндеп, оның бұл әрекеті үшін ерекше мәртебе берілетінін айтқан. Кейінгі хатында да Попов Сырымның қауіпсіздігіне кепілдік беріп, көшуге шақырғаны туралы мәліметтер бар. Осы деректерге сүйене отырып, зерттеуші И. Бирюков Сырым Датұлы Бөкей сұлтанмен бірге Еділ–Жайық аралығына өткен деген қорытындыға келеді.
Тарихшының айтуынша, бұл мәліметтер Ресей империясының өзі де Сырым батырдың ықпалын мойындағанын көрсетеді. Ұзақ жылдарға созылған күрес пен саяси келіссөздердің нәтижесінде қазақтар Еділ мен Жайық аралығындағы тарихи қонысына қайта оралуға мүмкіндік алды. Бұл үдерісте Бөкей сұлтанның саяси беделі мен Сырым Датұлының күресі өзара сабақтасып, қазақ тарихындағы маңызды кезеңдердің біріне айналды.