Құнанбай: билік пен дәуір тоғысындағы тұлға

Бөлісу

27.03.2026 94

Бұл мақала  әдебиеттанушы, алаштанушы жас ғалым Заңғар Кәрімханмен болған сұхбатқа сүйене отырып жазылды. Сонымен қатар Құнанбай Өскенбайұлы туралы зерттеулер мен ашық дереккөздердегі мәліметтер пайдаланылды. XIX ғасырдағы қазақ қоғамындағы ең күрделі, қайшылықты әрі ықпалды тұлғалардың бірі болған Құнанбай болмысы осы материалда тарихи контекстпен бірге талданады.


Билікке дейінгі қалыптасу 

Құнанбай Өскенбайұлы – Орта жүздің арғын тайпасындағы тобықты руынан шыққан ірі тұлға. Оның ата-тегі ықпалды билер мен батырлардан тарайды. Бұл тек шежірелік дерек қана емес, сол дәуірдегі әлеуметтік капиталдың басты көрсеткіші еді. Сондықтан да Арғын–тобықты ортасынан шыққан Құнанбайдың қалыптасуында оның ата-бабаларының ықпалы айқын сезіледі. Ырғызбай, Мамай батыр сияқты тұлғалардан бастау алған бұл әулет белгілі бір өңірге орнығып, сол кеңістікте өз билік жүйесін қалыптастырды. Тобықты ішіндегі ықпал, руаралық қатынас, жерге иелік ету тәртібі – осының бәрі Құнанбайдың ерте есейіп, ел ісіне араласуына негіз болды.

Тобықты руы сол кезеңде тек этникалық бірлік емес, саяси күшке айналған құрылым болды. Құнанбай осы құрылымның ішінен суырылып шығып, ру деңгейінен жоғары тұрған қайраткерлік дәрежеге көтерілді деуге болады.

Құнанбайдың тарихи орны

XIX ғасыр – қазақ қоғамының құрылымдық өзгеріске түскен кезеңі. 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы жарғыдан» кейін хандық билік жойылып, оның орнына округтік жүйе енгізілді. Осы кезеңде Құнанбай аға сұлтан қызметіне сайланды. Бұл қызмет бұрынғы хан билігінің жаңа формадағы жалғасы іспетті еді. Демек Құнанбай дәстүрлі билік пен патшалық әкімшілік жүйесінің аралығында тұрған тұлға. Ол бір жағынан шариғат пен дала заңын ұстанса, екінші жағынан патша үкіметінің заңдарын меңгерді.

Поляк зерттеушісі Адольф Янушкевичтің жазбаларында Құнанбайдың орыс заңдарын жатқа білетіні, Құран аяттарын еркін оқитыны, шешендігі мен ықпалы ерекше атап өтіледі. Бұл дерек оның тек жергілікті би емес, кең ауқымды саяси тұлға болғанын дәлелдейді.

Қайшылыққа толы мінез

Құнанбай тұлғасына қатысты пікірлер әртүрлі. Бір тарап оны қатал, тіпті озбыр билеуші ретінде көрсетсе, екінші тарап әділетті, ел қамын жеген қайраткер ретінде бағалайды. Құнанбай кей жағдайда қатал шешімдер қабылдаған. Мал ұрлығына байланысты істерде кінәлілерді жазалауы, тіпті дарға асу оқиғалары сол дәуірдің қатал заңдылықтарымен байланысты. Бұл әрекеттерді бүгінгі өлшеммен бағалау тарихи қателікке алып келетіні сөзсіз. XIX ғасырдағы дала қоғамында тәртіпті сақтау үшін қатаң шаралар керек те еді. Сонымен қатар Құнанбайдың әділеттілігі де айтылады. Ол ру мүддесінен жоғары тұрып, кей жағдайда өз жақындарына да қарсы шешім қабылдай алған. 

Ішкі алауыздық пен отарлық жүйенің түйіскен тұсы

1851 жылы Құнанбай Омбыда 372 күн қамауда болды. Бұл оқиға оның өміріндегі ең күрделі кезеңдердің бірі еді. Бұл жағдайдың себебін екі бағытта түсіндіруге болады: бірі – қазақ қоғамындағы ішкі тартыстар; екіншісі – патшалық Ресейдің отарлық саясаты.

Мал ұрлығы төңірегіндегі дау, руаралық қақтығыстар және билік үшін бәсеке Құнанбайды айыптауға негіз болды. Сонымен қатар патша әкімшілігі ықпалды тұлғаларды әлсіретуге мүдделі еді. Сот процесі ұзаққа созылып, ақыры Құнанбай аман шыққанымен, бұл оқиға оның биліктегі ықпалына соққы болды. Бұл туралы заңгер Марат Азбанбаевтың еңбектерінде де айтылады. Онда Құнанбай ісі патшалық құқық жүйесінің саяси құралға айналғанының бір көрінісі ретінде қарастырылған.  

Қазақ қоғамындағы жаңа билік элитасы

Құнанбай өмір сүрген кезеңде қазақ қоғамында билік құрылымы түбегейлі өзгерді. Бұған дейін елді Шыңғыс хан ұрпақтары – төрелер басқарса, XIX ғасырдың ортасынан бастап билік ру ішінен шыққан ауқатты, ықпалды адамдарға өте бастады. Құнанбай – осы жаңа элитаның ең көрнекті өкілдерінің бірі. Ол тек байлығымен емес, ұйымдастырушылық қабілетімен, саяси көрегендігімен ерекшеленді. Сол дәуірде бай адамдар көп болғанымен, олардың бәрі бірдей Құнанбай деңгейіне көтеріле алған жоқ.

Абай феноменінің негізі

Құнанбай тұлғасының ең үлкен тарихи нәтижесі – оның ұрпақтары. Соның ішінде Абайдың қалыптасуына оның ықпалы ерекше. Абай бала күнінен әкесінің жанында жүріп, ел басқару ісіне араласты. Даулы мәселелерді шешу, билердің сөзін тыңдау, халықпен қарым-қатынас – мұның бәрі оның дүниетанымын қалыптастырды. Әке мен бала арасындағы кейбір диалогтар Құнанбайдың терең ойлы, діни-философиялық деңгейі жоғары адам болғанын көрсетеді. Құнанбай Абайды тек билікке емес, ойлауға үйретті. Бұл ықпал кейін Абайдың ақындық, ойшылдық болмысында айқын көрінді.

Құнанбай бейнесінің бұрмалануы

Құнанбай бейнесі көпшілік санасында көбіне Абай жолы арқылы қалыптасты. Бұл шығармадағы образ көркемдік мақсатқа бағындырылған. Шынтуайтында тарихи Құнанбай мен әдеби Құнанбай арасында айырмашылық бар. Көркем шығармада кейіпкер драматургиялық талапқа сай өзгертіледі. Сондықтан Құнанбайдың кей әрекеттері әсіреленіп, кей қырлары көмескі қалған. Қазіргі зерттеулер Құнанбай тұлғасын қайта қарауға мүмкіндік беріп отыр.

Құнанбай Өскенбайұлы – біржақты бағалауға бағынбайтын тұлға. Оның өмірі мен қызметі қазақ қоғамының ең күрделі кезеңімен тұспа-тұс келді. Ол:

– дәстүрлі биліктің соңғы буыны;

– отарлық жүйеге бейімделген жаңа элитаның өкілі;

– қатал шешім қабылдайтын билеуші;

– ұрпақ тәрбиесінде үлкен із қалдырған тұлға.

Құнанбайды түсіну – XIX ғасырдағы қазақ қоғамын түсіну. Ал сол қоғамды түсіну – бүгінгі ұлттық сананы тереңірек тануға жол ашады.

Бөлісу