Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Алаш» мәдениет және рухани даму институты мен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына арналған «Чехия, Словакия және Жапония архивтеріндегі Әлихан Бөкейхан бейнесі мен Алаш Орда тарихы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияның негізгі мақсаты 2022 жылы Жапония, Чехия және Словакия архивтері, кітапханалары мен жеке қорларынан табылған жаңа әрі құнды тарихи құжаттарды ғылыми тұрғыда талқылау, сараптау және ғылыми айналымға енгізу болды. Аталған деректер ХХ ғасырдың басындағы «Алаш» ұлттық-азаттық қозғалысы мен партиясының тарихына, сондай-ақ бұрынғы Қазақ хандығы аумағында құрылған Алаш ұлттық мемлекетінің саяси мәртебесіне қатысты тың көзқарастар қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жаңа архивтік материалдар 1917–1920 жылдары өмір сүрген Алаш республикасының саяси табиғатын қайта қарастыруға негіз болып, оны тек автономиялық құрылым емес, дербес мемлекеттік құрылым ретінде бағалауға мүмкіндік беретін маңызды тарихи айғақтарды ұсынады.
Іс-шара Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Алмас Сырғабайдың «Әлихан және Алаш» көркем сурет көрмесінен басталды.
Конференция барысында Қазақстан және шетел ғалымдары, қоғам қайраткерлері мен зерттеушілер баяндама жасады. Атап айтқанда, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Т. Перуашев, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Б. Сыдықов, Чехия Республикасының Астанадағы елшісі Павол Шепеляк, Чехия елшісінің орынбасары, бірінші хатшы Йосеф Богач, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов құттықтау сөз сөйлеп, Әлихан Бөкейхан мұрасы мен Алаш қозғалысының тарихи маңызына тоқталды.
Чехия, Словакия және Жапония архивтеріндегі Алаш Орда тарихына қатысты Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» ҒЗИ директоры, ұйымдастырушы Сұлтан Хан Аққұлы:
«Негізі Алаш қайраткерлерінің, Алаш Орда үкіметінің Жапония үкіметімен арадағы байланысы туралы алғашқы мәлімет 1938 жылы Қытай жерінде,Үрімжіде, Алаш қайраткері Райымжан Марсекұлы НКВД-ның қолына тұтқынға түсіп, сонда берген жауабында айтылады. Бірақ бұл құжат 2022 жылға дейін біздің ғалымдарымыз тарапынан жасырылып келген, ашығын айтқанда.
Ал оның жарыққа шығуына себеп болған – Жапонияның Сыртқы істер министрлігінің сыртқы саясат мұрағатынан табылған құжат. Бұл құжатты Жапонияның бір жас ғалымы Рёсуке Оно тауып алған. Бірақ Алаш Орда жолдаған құзырхаттың түпнұсқасы табылмай, оның тек жапон тіліне аударылған мәтіні ғана табылды. Сол мәтінде Алашорданың хатында, құзырхатында айтылған барлық өтініштер жапон тіліне аударылып берілген.
Екіншіден, осы 2025 жылы қазіргі Чехия мен Словакияның мұрағат, кітапхана қорларынан екі жас ғалым – Дінмұхаммед Байжұма мен Сұлтан Камалиден 1918–1920 жылдары, кешегі патшалық Ресей империясы кезінде Ресейде құрылған, жасақталған Чехословак корпусының Алаш Орда үкіметімен арадағы қарым-қатынасы туралы материалдар тапты. Онда екі жақтың келіссөздері, сондай-ақ Алаш Орда үкіметінің Чехословак корпусына большевиктерге қарсы соғыста екі мың жылқы беріп, қару-жарақпен көмектескені туралы деректер баяндалады.
Яғни кешегі Ресей империясының аумағында террористік кеңес үкіметіне қарсы соққыны Ресейдің ішкі күштері емес, Алаш Орда үкіметі мен Чехословак корпусы бірге бергені айтылады. Сөйтіп, 1917 жылы Уақытша үкіметті құлатып, билікті қылмыстық жолмен тартып алған большевиктерге қарсы тұңғыш қару көтерген күш – Алаш Орда үкіметі мен Чехословак корпусы болып шығады. Ал сол Чехословак корпусына әскери-техникалық көмек берген – Алаш Орда үкіметі.
Мына оның ішінде бүгін осы конференция барысында тұсаукесері болатын бір кітап бар. Ол – сол Чехословак корпусының легионері Индржих Дворжак деген азаматтың 1921 жылы Прагада жарық көрген «Қазақтар арасында» деген естелігі. Сол кітапты Дінмұхаммед Байжұма мен Сұлтан Камалиден қазақ және орыс тілдеріне аударып, кітап етіп басып шығарды. Бүгін сол кітаптың тұсаукесері өтеді.
Ал енді оған қоса, Алаш Орда үкіметінің Жапония үкіметімен арадағы келіссөзі аяқсыз қалды деп айтуға ешқандай негіз жоқ. Өйткені, керісінше, 1920 жылдың маусым айында қазіргі Тбилиси, бұрынғы Тифлис қаласында шыққан «Вольный горець» атты орыс тілді газеттің маусым айындағы санында «Казахские студенты в Японии» деген мақала жарияланған.
Ол мақала бойынша Жапония үкіметі Ресейдегі азамат соғысы салдарынан оқуын жалғастыра алмаған қазақ жастарын және мектеп бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түсе алмай қалған қазақ жастарын Жапония үкіметінің есебінен Жапонияның арнайы техникалық университеттерінде оқытуды ұсынған. Оған қоса, Еуропа мен Америкада оқитын қазақ жастарының бүкіл шығынын Жапония үкіметі өз мойнына алады деген ұсыныс жасаған.
Енді сол «Вольный горець» газетінің соңғы мәліметіне қарағанда, қазақ жастарының алғашқы тобы Жапонияға оқуға аттанған.
Мен 2025 жылдың желтоқсан айында Жапонияға барып, бір топ ғалыммен бірге Жапонияның бірқатар университеттерінің және Ұлттық мұрағатының қорларын қарап шықтық. Әзірше ондай нақты құжат таба алмадық. Өйткені Жапонияға сол 1920 жылы немесе 1919 жылдың соңында аттанған қазақ жастарының алғашқы толқыны қанша адам болған, қанша ұл, қанша қыз болған, олар Жапонияның қай қаласында, қай университетінде, қандай мамандық бойынша оқыған. Ең бастысы, олардың кейінгі тағдыры не болған – соған біз көз жеткізуіміз керек.
Сол тақырып бойынша біз қазір зерттеу жүргізіп жатырмыз. Біз білетініміз – 1922 жылы Ташкенттен Берлинге оқуға кеткен алғашқы бес қазақ азаматы кейін елге оралғанда түгел «халық жауы» ретінде атылып кеткен. Ал Жапонияда оқыған қазақ жастарының тағдыры не болды , оны біз анықтауымыз керек», - деді.
Жиынды алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы (С. Аққұлы) жүргізіп, Әлихан Бөкейханның 160 жылдық мерейтойына арналған эмблеманың тұсаукесері өтті. Эмблеманың авторы, суретші-дизайнер, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Алмас Сырғабай оның идеялық мазмұны мен көркемдік концепциясын таныстырды. Конференция жұмысына Чехиядан Михал Рак (Прага), Словакиядан Петер Юшчак (Братислава) онлайн қатысып, Сұлтан Камалиден чех және словак тілдерінен аудармашылық қызмет атқарды.
Сонымен қатар алаштанушы Дінмұхамет Байжұма Алаш Орда үкіметінің Чехословак корпусымен байланысы жөніндегі зерттеу нәтижелерін таныстырып, чех зерттеушісі И. Дворжактың қазақ және орыс тілдеріне аударылған «Қазақ арасында» («Среди казахов») атты кітабының тұсаукесерін өтті.
Жас ғалым аталған еңбекті Чехия елінің архивтерімен жұмыс істеу барысында тапқанын жеткізді. Бұл еңбекте бұрын ғылыми айналымға енбеген Алаш автономиясына және оның басшысы Әлихан Бөкейханға қатысты тың деректер бар.
Жас ғалым аталған еңбекке байланысты «Бұл елдегі материалдарда кездеспейтін автордың еңбегі. Бұл еңбек 1921 жылы Прага қаласында чех тілінде жарық көрген екен. Жалпы ол несімен құнды? Бұл – этнографиялық зерттеу. Зерттеу ішінде Алашорда үкіметі мен Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханмен болған кездесулер естелік ретінде берілген. Яғни автор ол кісілермен тікелей кездескен, көріскен. Ең маңызды мәселенің бірі – Әлихан Бөкейханның сөзін келтіруі. Мысалы, Дворжакқа Әлихан Бөкейхан 1918 жылы Омбыдағы кездесуінде: «Мен қазақ халқының тәуелсіздігін аңсайтын адаммын. Сіздер, чехтер, өздеріңіздің тәуелсіздіктеріңізді қалай алсаңыздар, біз де сондай тәуелсіздік алуға ұмтылуға дайынбыз», – деген ойын жеткізген болатын. Оны Дворжак жылы естелік ретінде 1921 жылы өз кітабының соңында келтіріп жазған екен. Сонымен қоса Павел Финк деген чехословак легионері бар. Сол кісінің де естеліктері бар. Естелік деген – мақала. Мақаланың аты «Қазақтар мен чехтер» (егер қазақ тіліне аударсақ). Ол мақалада жалпы чехословак армиясының қазақ жерінде қалай жүргені, қанша уақыттан бері жүргені туралы кеңінен тоқталады.
Қазақтардың оларды қалай қарсы алғаны туралы айтқан кезде чехословактар: «Қазақтар біздерді “шехтер” деп атайды», – дейді. Яғни бізді «шехтер» деп атап, ерекше құрметпен қарсы алып, қонақжайлылық танытты дейді. Осыған байланысты ол да Алашорда туралы дерек келтіреді. Яғни Алашорда деген үкіметі бар, зиялы тұлғалар бар, ол кісілер өздерінің азаттығы үшін қызылдармен, яғни коммунистермен соғысып жүр дейді. Осындай деректі сол Павел Финк деген азамат келтіреді. Сонымен қоса Франтишек Шип деген тағы бір чехословак легионері бар. Ол да өзінің мақаласында: «Әлихан Бөкейханды мен Омбыдан бері танимын. Уфадағы кездесуде ол бізге екі мың жылқыны аудартты», – дейді. Бұған қатысты таза архивтік материал, құжаттар 1925 жылғы дерек бойынша сақталған. Яғни бұдан не түюге болады? Жалпы Алашорда мен чехословак легионерлері арасында белгілі бір коалиция немесе одақтастық болған. Бұл одақтастық біздің материалдарымызда, Қазақстандағы Алашорда материалдарында көп кездеспесе де, чехословак легионерлерінің материалдарында, Чехия мен Словакия елдеріндегі архивтерде толық қамтылған. Уақытына дейін, датасына дейін, яғни күніне дейін көрсетілген. Тіпті ұмыт болған Алашорда тұлғаларының да есімдерін толық айтып көрсетіп тұр. Осындай материалдардың үш жүзге жуық түрі табылды.
Ғылыми қолдау жағына келсек, бұл тікелей өзіміздің бастамамыз болды. Ешқандай мемлекет тарапынан қолдау көрмедік. Бірақ 2023 жылдан бастап қызығушылық оянған соң Чехия мен Словакия елдерінің архивтерін ақтаруға көштік. Соның барысында негізгі табылған материалдар осылар болды. Мысалы, қазір біз И. Дворжактың «Қазақтар арасында» кітабын айтып отырмыз ғой. Оның түпнұсқасы біздің қолымызда бар. Екі данасы алынды, 1921 жылы шыққан. Біз оның таралымын білмейміз, өйткені кітаптың баспасында ондай мәлімет жазылмаған. Автордың суреті де жоқ. Яғни Чехияның ғаламторында да, әлеуметтік желілерінде де, цифрлық базаларында да ол кісі туралы мәлімет жоқ. Сонда не істедік? Біз Чехияның тікелей Қорғаныс министрлігіне хат жаздық. Өйткені ол легионер азамат, соғысқа қатысқан адам. Архивте сақталуы мүмкін деген ой болды. Нәтижесінде, расымен де, Розметаль деген қаладағы полицейлік архивтен ол кісінің суреті мен анкетасы табылды. Екі суреті және өзінің қолымен толтырылған анкетасы табылды. Содан біз кітапқа негіз жасап отырмыз ғой. Кітаптың ішінде тек бір ғана сурет бар. Бірақ оның сапасы 1921 жылға сәйкес келмейтіндей болғандықтан, оны қолданбай, жаңа табылған екі суретті бірге беріп отырмыз», - деді.
Аталған еңбекті чех тілінен аударған ғалым Дінмұхамет Байжұманың айтуынша, кітаптың ғылыми және тарихи құндылығын айқындайтын бірқатар ерекшеліктері бар. Ең алдымен, бұл еңбек ХХ ғасырдың басында Еуропа оқырмандарына қазақ халқының мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін алғаш таныстырған басылымдардың бірі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, ол Чехия мен Словакия кеңістігінде қазақтар туралы жарық көрген алғашқы тарихи еңбектердің қатарында бағаланады.
Еңбектің мазмұны Қазақстан аумағында болған Чехословакия легионы өкілдерінің материалдарына негізделген. Автор өз бақылаулары мен жеке тәжірибесіне сүйене отырып, қазақ халқының күнделікті тұрмысы, әлеуметтік өмірі мен мәдени ерекшеліктерін шынайы түрде сипаттайды. Мұндай деректер еңбектің деректік құндылығын арттыра түседі.
Кітаптың маңызды қырларының бірі – онда ұлы ақын Абайдың есімінің еуропалық әдеби кеңістікте алғаш рет аталуымен байланысты тарихи мәліметтің берілуі. Бұл дерек Абай тұлғасының Еуропа жұртшылығына ерте кезеңде қалай таныс бола бастағанын көрсететін құнды куәлік ретінде бағаланады.
Сонымен қатар еңбекте Чехословакия легионерлерінің Әлихан Бөкейханмен кездесулеріне қатысты бірегей биографиялық мәліметтер келтірілген. Бұл деректер Алаш Орда көсемінің өмірбаянын толықтырып, сол кезеңдегі тарихи оқиғаларды жаңа қырынан түсіндіруге мүмкіндік береді.
Кітаптың тағы бір құндылығы – онда бұған дейін ғылыми айналымда кездеспеген Қазақ даласының картасының берілуі. Еңбек үшін арнайы жасалған бұл чех картасы тарихи әрі географиялық дерек көзі ретінде ерекше маңызға ие.
Сондай-ақ басылымда ХХ ғасыр басындағы қазақ өмірін бейнелейтін бұрын-соңды жарияланбаған фотосуреттер қамтылған. Бұл суреттер қазақ халқының тұрмысы, салт-дәстүрі, ұлттық киімі мен дәстүрлі сәулет өнері туралы сирек визуалды мәліметтерді ұсынады.
Осының барлығы аталған еңбектің тарихи, этнографиялық және мәдени тұрғыдан аса құнды дереккөз екенін айқындайды.
Конференция барысында Чехия, Словакия және Жапония архивтері мен кітапханаларынан табылған жаңа тарихи құжаттар ғылыми тұрғыдан талқыланып, олардың Алаш қозғалысының тарихын зерттеудегі маңызы айқындалды. Баяндамашылар ХХ ғасырдың басындағы Алаш Орда үкіметінің халықаралық байланыстары, соның ішінде Жапония үкіметімен жүргізілген дипломатиялық әрекеттері мен Чехословак легионерлерімен орнаған қарым-қатынасы туралы тың деректер ұсынды.
Жиын барысында ұсынылған құжаттар мен зерттеулер Алаш Орда үкіметінің саяси қызметін, оның халықаралық деңгейдегі байланыстарын және ХХ ғасыр басындағы тарихи үдерістердегі орнын жаңа қырынан қарастыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Конференция соңында қатысушылар шетел архивтерінде сақталған Алаш тарихына қатысты деректерді жүйелі түрде зерттеу, оларды ғылыми айналымға енгізу және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттілігі негізге алынды.