Кенесарыға берілмеген баға «Көшпенділерде» берілді

Бөлісу

05.12.2025 5873

Әдебиет порталының «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасының бүгінгі шығарылымында қазақ әдебиетіндегі тарихи романдардың мәні, ұлт тарихын көркем тілмен түгендеу миссиясы және олардың жас ұрпаққа беретін құндылығы талқыланды.


Қазақ әдебиетіндегі тарихи романдар тек өткен дәуірді сипаттайтын жанр емес, ұлттық жараның орнын толтыратын, ұмыт қалған оқиғаларды қайта тірілтетін көркем күш. «Көшпенділер» трилогиясы осы жолдағы ең ірі көркем құбылыстардың бірі екенін сыншы Айзат Рақыш ерекше атап өтті.

«Көшпенділер романы бізді тарихымызда ойсырап тұрған жерлерді толтырып қана қойған жоқ, ол біздің әдебиетімізге тың, жаңаша терминдер енгізді. Роман-трилогия, роман-хроника деген түсініктерді қалыптастырды. Сондай-ақ көркемдіктің биік үлгісін көрсетті», – дейді сыншы.

Есенберлин тарихи тұлғаларға баға беруді ашық жасаудан аулақ болғанымен, кей жерлерде бір ауыз сөйлем арқылы кейіпкердің болмысын айрықша айқындап жібереді. Айзат Рақыш осы тұста Кенесары хан туралы айтылған ерекше көркем тұсты мысалға келтіріп, оның маңызын ерекше атап өтті:

«Соңғы бөлімде Кенесары өзінің ажалын түсінде көріп, сол түсін достарына айтатын тұс бар. Достары бас шайқап тыңдап тұрғанда авторлық баяндау кіріседі де, бір-ақ сөйлем айтады: ‘Осы сәт Таймасқа Кенесары түбін тасқын шайған алып бәйтерек болып көрінді’. Міне, осыған дейін Кенесарыға берілмеген тарихи баға “Көшпенділерде” берілді. Біз осы алып бәйтерек Кенесарының тарихи бейнесін, әдебиеттегі образын бүгінгі оқырманға, жас ерекшелігіне қарай сіңіруіміз керек», – дейді сыншы.

Бұл шығарылым жас оқырманға тарихи романдардың тек өткенді баяндау емес, ұлттық өзіндік сананы қалыптастырудағы орны ерекше құбылыс екенін тағы да дәлелдеді.