Қожа Ахмет Ясауидің еш жерде жарияланбаған хикметтері табылды.
Бұл туралы Ясауитану ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы сүйіншіледі. Айтуынша, құнды жәдігер қолжазба Түркістан тұрғыны берген кітаптар арасынан табылған.
«Ясауитану ғылыми орталығының зерттеушілері жергілікті тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, жемісті еңбек нәтижесінде ерекше қазынаға қол жеткізді.
192 жылдық жаңа хикметтер қолжазбасы табылды. 85 парақ, әр беті 15 жол, настағлиқ жазуда. Бұл қолжазба Түркістан тұрғыны берген кітаптар арасынан шықты.
Табуда Еркін ағаның еңбегі зор, ал оны осы уақытқа дейін сақтап келгені үшін Әлиакбар ағаға шынайы алғысымызды білдіреміз.
Қолжазба алдағы уақытта толық зерттеліп, ғылыми айналымға енгізілетін болады.
Ясауи мұрасы тағы бір асыл парақпен толықты, мәдени қазынамыз байи түсті», - деп жазған ол өзінің facebook пaрaқшaсындa.
2018 жылы да Оңтүстік Қазақстан облысында Қожа Ахмет Ясауидің 100-ге жуық еш жерде жарияланбаған хикметтері табылған еді. ХVІ ғасырға тән 475 беттік қолжазба сайрамдық белгілі тарихшы, Тұран ғылым академиясының академигі Мирахмад Мирхалдарұлының қолжазбалар қорында сақталып келген.
Облыстық «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталықтың» бөлім меңгерушісі, «Рухани қазына» кіші бағдарламасының әкімшісі Хамидулла Таджиевтің сөзіне қарағанда, жаңадан табылған қолжазба шамамен ХҮІ ғасырға тиесілі және бұрын баспа бетін көрген хикметтерден айтарлықтай айырмашылықтары бар екенін айтқан еді.
Құнды жазбалар белгілі шығыстанушы ғалым, ф.ғ.к., доцент Төрәлі Қыдыр және түркиялық әріптесі Надирхан Хасанның араласуымен транскрипцияланып, кейіннен қазақ-түрік тілдеріне аудару жұмыстары қолға алынған болатын
Жалпы ғалымдар Ясауи туралы біраз зерттеліп, көптеген еңбектер жазылғанымен, әлі күнге дейін жарыққа шықпаған дүниелері жетерлік екенін айтады. Ақын қаламына тиесілі «Диуани хикметтің» түпнұсқасының табылмауы, одан басқа қандай туындылар жазғаны, силсиләсінің (алтын тізбегінің) қашан үзілгені секілді мәселелер өз шешімін таппай келеді. Әлем кітапханаларынан табылып, бүгінге дейін жарық көріп жатқан Ясауи хикметтерінің басым бөлігі - ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Қазан шаһарында басылған нұсқалардан дайындалған.