Француздар Кенесары хан туралы фильмді қалай түсірді?

Бөлісу

01.12.2025 6503

1956 жылы Еуропа экрандарына «Михаил Строгов» фильмі шығып, коммерциялық жағынан үлкен табысқа жетті. Киноны жалпы бір жарым миллион көрермен тамашалаған. Ең қызығы бұл туынды Жюль Верннің романы негізінде түсірілген, ал жазушы өз романында Кенесары хан бастаған көтерілісті астарлы түрде бейнелеген, деп хабарлайды e-history.kz El.kz сайтына сілтеме жасап.


Фильм қалай түсірілді?

Картинаны италияндық режиссер Кармине Галлоне түсірген. Ол – тарихи және опералық қойылымдарды экрандауға маманданған, Еуропаға танымал режиссер. Түсірілім кезінде Галлоне 71 жаста еді және 100-ден астам фильмнің авторы болатын.

Француз-итальяндық бұл экранизация шытырман оқиғалы драма жанрында түсірілген. Фильм Михаил Строгов атты патша курьерінің сапарын баяндайды. Онда Феофар-хан есімді кейіпкер бар. Ол «татар-қырғыз» көтерілісін бастаушы ретінде суреттеледі.

Тарихи параллельдер

Зерттеушілер Жюль Верн романды жазу барысында қазақ тарихындағы нақты оқиғаларды пайдаланғанын айтады. 1837–1847 жылдардағы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс кітаптағы көтеріліске негіз болған.

Алайда Верн тарихи оқиғаларды мүлде басқаша, отаршылдық көзқараспен бейнеледі. Сол себепті Кенесары хан тұлғасы теріс сипатта көрсетілген.

Бастапқыда жазушыдан патша үкіметінің отарлық саясатындағы қатігездікті ашу сұралған. Бірақ ол кейін бұл идеядан бас тартып, гонорарды қайтарып береді. Дегенмен кітаптың табысты болуына байланысты оған 15 мың франк (бүгінгі бағамен шамамен 350 мың еуро) көлемінде ақы төленген.

Фильм кейіпкерлері кімдер?

Кармине Галлоне фильмге Еуропаның әр елінен танымал актерлерді жинаған.

Кёрд Юргенс – басты рөлде. Оның экрандағы салмақты бейнесі мен харизмасы режиссердің назарын бірден аударған. 1956 жылы ол Еуропада кең танымал актер болатын. Сол жылы шыққан Брижит Бардо ойнаған «And God Created Woman» фильмі оның әлемдік жұлдызға айналуына себеп болды.

Сильва Кошина – сол кезде жаңа жұлдызы жанып келе жатқан актриса. Фильмнен кейін ол Голливудтағы тарихи-шытырман жобалардың сұраулы актрисасына айналды.

Валерий Инкижинов – Феофар ханның рөлін сомдаған. Бурят текті, Петербург театр училищесінің түлегі. 1920-жылдардан бастап Францияда өмір сүріп, шығыс билеушілерінің бейнесін сомдаумен танылған. Оның хан образын нанымды ойнауы фильмге шығыс аурасын берген.

Сюжет туралы

Фильмде Михаил Строгов император Александр II-ден құпия тапсырма алады. Ол Иркутскке аса маңызды хабар жеткізуі керек. Қаланы Феофар-хан мен оның одақтасы Иван Огарев басып алмақ.

Картина кейінгі жылдары сыншылар тарапынан клишелерге толы деп сыналды. Әсіресе атақты «аюмен айқас» эпизоды көп айтылатын күлкілі көріністердің бірі саналады.

Бөлісу