М. Мағауиннің «Аласапыран» романы ұлттық рухты сақтай алды ма?
Әдебиет порталындағы «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасының кезекті шығарылымы ой тереңдігіне және ұлттық рухты тәрбиелейтін тарихи шығармаларға арналды.
Пікірталас алаңына жиналған сарапшылардың айтуынша, аталмыш жоба келешек ұрпақты кітап оқуға баулитын тура жол болып отыр.
Бұл тұрғыда әсіресе тарихи көркем шығармалардың рөлі ерекше. Мәселен, бір ғана Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романы ұлттық рухты сақтау жолында үлкен қызмет атқарып келеді.
Журналист Назым Дүтбаева ұзақ уақыт бойы «кітап – ұлттық құндылық» деген ұғымнан алыстап кеткенімізді айтады.
«Ұлт оқитын 100 кітап» жобасы осы олқылықтың орнын толтырып отыр. Ұлттың танымы тарихтан басталады. Бірақ жұрттың бәрі тарихшы емес, қарапайым оқырманға құрғақ тарихты оқыту қиын. Міне, осы жерде тарихи көркем шығармалардың орны бөлек. Ол қандай формада болса да оқырманға жеңіл өтеді, әсері терең болады», – дейді ол.
Кітапхана маманы Қанат Алтынбек те тарихи көркем шығармалардың ұлтты өткенімен қауыштырып, тарихын еске түсіретін ең тиімді жол екенін айтады.
«Тарихи көркем шығармалар ешқашан өзектілігін жойған емес. Әсіресе Мұхтар Мағауин, Мұхтар Әуезов сияқты классиктердің туындылары. Аты тарихи шығарма болғанымен, іші нақты тарихи фактілер мен көркем шындыққа толы», – дейді ол.
Сонымен қатар ол бүгінде кітап оқу дәстүрінің айтарлықтай жақсарғанын атап өтті:
«Расын айтсақ, “қазіргі жастар кітап оқымайды” деген стереотип біртіндеп жойылып барады. Қазір сұраныстың артуына байланысты тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар да ашылып жатыр».
Ал әдебиетші Ләйла Мұсалы тарихи көркем шығармалардың ерекшелігі – нақты прототиптердің болуы екенін баса айтты. Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романындағы Ораз-Мұхаммед, «Тар кезең» романындағы Нұралы хан, Жәңгір хан, Сырым сұлтан сияқты шынайы тұлғалардың бейнесі ұлттық рухтың қайнар көзіне айналған.