«Қараой» шығармасы – Махамбеттің жан арпалысы

Бөлісу

27.11.2025 5458

Әдебиет порталындағы «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасының бүгінгі шығарылымы интеллектуалды әдебиетке, ойлы проза мен терең философиялық туындыларға арналды. Әдебиеттанушылар мен ақындар жиналған пікірталаста сөз алған белгілі ақын Есей Жеңісұлы Махамбет Өтемісұлының әдебиеттегі бейнесі, оның рухани күресі мен тұлғалық трагедиясы туралы терең ой қозғады.


Қазақ әдебиетінде Махамбет Өтемісұлы – ерлік символы ғана емес, күрделі тұлға, терең ойдың иесі, ішкі жан арпалысын бастан кешкен ақын-батыр ретінде көрінеді. Белгілі ақын Есей Жеңісұлы ойталқы барысында Махамбет тұлғасын әдебиеттегі ең терең жасалған бейнелердің бірі ретінде бағалады.  Оның айтуынша, Тәкен Әлімқұлов «Қараой» шығармасында Махамбетті тек тарихи батыр ретінде емес, ішкі әлемі күрделі, тағдырмен белдескен тұлға ретінде суреттейді.

Махамбет – айқай-шудың, тек қылыш сермеудің бейнесі емес. Ол – ел басқарған, Исатайдың қасынан айырылған, сенген серіктерінен ажыраған, бірақ сол күйзелістің ортасында да санамен күрескен, тағдырмен арпалысқан тұлға. Ақынның айтуынша, Әлімқұлов Махамбеттің рухани әлемін ашу үшін риторикалық сұрақтарды, ішкі монологтарды шебер қолданады. Мұнда басты ерекшелік – батырдың ішкі дауысы, оның жүрек түкпіріндегі ауыр ойлар. Махамбеттің өмірлік жолын тек батырлық жырлармен өлшеуге болмайды. Ол – саяси шешім қабылдаған, елдің тағдырына жауапкершілікпен қараған, Жайық бойындағы халықтың ауыр күйін көріп, соның бәріне қарсы тұрған тарихи тұлға. 

«Махамбет – аса үлкен тәуекелге барған адам. Ол ел басқарды, Исатайдан айырылды, жанындағы серіктерінен айырылды. Бірақ соның бәріне қарамастан, ол үнемі сұрақтың алдында тұрған, күмәнданған, ойланған адам ретінде көрінеді», – дейді Есей Жеңісұлы.

Ең ауыр шындық – Махамбеттің қас жауы алыста емес, өз ортасынан, «өз адамынан» шықты. Бұл да ақын айтқан негізгі идеялардың бірі. Есей Жеңісұлы Махамбет бейнесін қазіргі ұғымдағы батырлықпен байланыстыра отырып, батырлықты жаңаша түсіндіреді:

«Біз көбіне батыр дегенде тек соғыстағы ерлікті елестетеміз. Ал шын мәнінде батырлық – тек қылыш сермеу емес, стратегия ойлау, жағдайды дұрыс бағалау, елдің, ортаның ішкі шындығын түсіну», – дейді ақын.

Махамбет Өтемісұлы – тек өткен тарихтың кейіпкері емес, бүгінгі заман үшін де өзекті тұлға. Оның күресі, ішкі арпалысы, адамдық мұраты – қазақ руханиятының мәңгілік темірқазығы. Әдебиет сол күрделі тұлғаны жаңаша танытудың, оның жан айқайын ұрпаққа жеткізудің ең терең құралы болып қала береді.