Тарихи көркем шығарма қалай жазылуы керек?

Бөлісу

21.11.2025 5099

Тарихи көркем шығарманың табиғаты – уақыт пен қиялдың, дерек пен эстетиканың тоғысындағы күрделі көркемдік кеңістік. Әлемдік әдебиетте тарихи тақырыпқа жүгіну – тек өткенді баяндау емес, оның философиялық мәнін бүгінгі оқырманға қайта ұсыну әрекеті. Тарихшы Хейден Уайт тарихи нарративтің көркемдік компонентсіз өмір сүрмейтінін атап өтсе, постклассикалық тарихнама өкілдері (А. Гуревич, К. Лоренц) тарихтың өзі интерпретация екенін айтады. Осы тұжырымдар тарихи роман жанрының этикалық және эстетикалық жауапкершілігін арттыра түседі. Әлемдік деңгейдегі тарихи роман шеберлері Гилберт К. Черч, Роберт Грейвз «тарих пен әдебиеттің шекарасы бұлдырлаған кезде, автордың жауапкершілігі артады» деп жазады. Аталған ғалымдар автор интерпретациясы  тарихи шындықтан алшақ болмауы қажет деген тұжырым жасайды. 


Төменде тарихи көркем шығарма жазғысы келетін жас авторға әлем жазушылары мен ғалымдарының сыни пікіріне негізделген маңызды кеңестері мен ескертулерін жүйелеп ұсынамыз. 

1.Тарихи мәтін ең алдымен нақты деректерге сүйенуі тиіс. Л. Толстой «тарихи деталь – бүкіл дәуірдің демін жеткізетін элемент» деп санаған. Ал Умберто Эко жазушы тарихи романда «ғаламды реконструкциялауы керек» деп жазды. Қазақ әдебиетіндегі тәжірибе де осы қағиданы нақтылайды. І. Есенберлин «Көшпенділерді» жазу үшін архив материалын қарастырғаны белгілі. Ә. Кекілбайұлы тарихи оқиғаның бір ғана дереккөзін емес, әртүрлі нұсқаларды пайдалану арқылы көркемдік шындықты нақтылы дерек арқылы дәлдеуді мақсат еткен. М.Мағауин де «Мен» ғұмырнамалық жазбасында тарихи шығармаларды жазу үшін жыл құрғатып Ресей архивтерінде болғанын жазады. Жазушы тарихшы емес, бірақ тарихты терең түсінбеген жазушы тарихи шығарманы жасай алмайды.

2. Француз жазушысы М. Дрюон «Орта ғасыр кейіпкері қазіргі тілмен сөйлемеуі керек» дейді. Қазақ романдарында да архаикалық элементтер, дәстүрлі атаулар, мақал-мәтелдер тарихи ортаға қалыпты үйлесім беруі қажет 

3. Оқырман тарихи кезеңге «сену» үшін автор мәтіннің ішкі атмосферасын дәл жеткізуі қажет. Бұл атмосфераны қалыптастыратын негізгі құралдар: – тұрмыс-тіршілік элементтері, киім, тағам, қару, үй жасау, ол дәуірдің тілдік реңкі, миф, наным-сенім, әдет-ғұрып. Әлемдік тәжірибеде У. Скотт пен К. Гроссман тарихи детальды «функционалды көркемдік элемент» ретінде қарастырды. 

4. Тарии шығарманың міндеті – оқырманды тек қызықтыру емес, өткеннің терең мәнін, өркениеттік сабақтастығын сезіндіру.
Әлем жазушылары (Эко, Мейлер, Фоллет) тарихи романның миссиясын «адамзат тәжірибесінің жалғастығын көрсету» деп таниды.

5. Антрополог К. Гирц мәдениетті «мағына жүйесі» деп қараса, әдебиеттанушылар тарихи шығарма мәдени ритуалдар мен әдеттерді дәл беруге тиіс дейді. Бұл жайлы Умберто Эко «тарихи роман – өткеннің тілін, ойлау үлгісін, қорқынышын және үмітін қайта құру» деген пікір білдіреді. 

Тарихи шығарма өткеннің шынайылығын көркемдік қиялмен ұштастыратын күрделі жанр. Деректерді терең зерттеу, дәуір атмосферасын дәл беру, кейіпкер психологиясын тарихи контекстпен үйлестіру, көркем қиял мен тарих тепе-теңдігін сақтау және тілдік модельді дұрыс таңдауды қажет етеді. 

Бөлісу