Бір әннің тарихы: «Күрең күз»

Бөлісу

04.11.2025 6586

Күздің күрең реңі тек табиғаттың емес, адамның да ішкі әлемінің айнасы секілді. Жапырақтар сарғайып, күн салқындағанда, жан дүниемізде де бір мұң, бір сағыныш ұялайды. Қазақ тыңдарманының жүрегінде дәл осындай сезім қалдырған әннің бірі – «Күрең күз». Бұл туынды – ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне, композитор Гүлнар Дәукенованың әуеніне жазылып, Мәдина Ералиеваның орындауында мәңгілік өмір тапқан әсерлі ән.


Оқи отырыңыз: Бір әннің тарихы: «Самалтау»

«Күрең күз» әні 1999 жылдың қазан айында дүниеге келген. Сол жылы күз ерекше бір мұңға, ойға жетелейтін сәттерге толы болды. Композитор, әнші әрі күйші Гүлнар Дәукенова сол күндердің бірінде өзіне түсініксіз ауыр сезімге бөленеді. Бір танысы қонаққа шақырғанымен, көңілі соқпай, үйде қалуды жөн көреді. Ішкі бір мазасыздық, беймәлім мұң жүрегін қысып, жанын тынышсыз етеді. Сол сәтте сазгер көңілін басқаға аудару мақсатында Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинағын қолына алады. Кітаптың бетін жай ғана парақтап отырғанда көзі 226-беттегі «Күрең күз» атты жырға түседі. Өлеңнің алғашқы жолдарын оқығанда-ақ, жүрегінің түкпірінен әлдебір діріл сезіледі. Алғашында «күрең күз» тіркесінің мәнін ұғына алмай, «күрең ат», «күрең бел» деген ұғымдар сияқты түсіндіргісі келеді. Бірақ өлеңді қайта-қайта оқыған сайын, оның астарында өмірдің өтпелілігі, уақыттың сарыны мен адамның ішкі күйзелісі жатқанын түйсінеді. Шабыты келген сазгер түскі сағат он екі шамасында пианинаның алдына отырып, әуенді жаза бастайды. Музыка бірде баяу, бірде толқып, бірде мұңға батып үздіксіз ағыла береді. Түн ортасы ауып, таңғы сағат беске таяған уақытта ол жұмысын аяқтайды. Осы уақыт аралығында композитордың көңілі де түрлі күйге енеді. Таңертең жұмысқа келген сәтінде әріптестері оған бірге істейтін жас қызды түн ішінде белгісіз біреулер қастандықпен өлтіріп кеткендігі туралы ауыр хабар жеткізеді. Сол сәтте сазгер денесін тоқ ұрғандай күй кешеді. Себебі дәл сол түнде ол «Күрең күз» әнін жазып отырған еді. Сонда ол «Менің қиналғаным, жылағаным бекер емес екен. Сол түнде менің бойымнан өткен мұң әлгі қыздың жанының ауыр күйі сияқты болды. Сірә, оның рухы менімен бірге жылаған шығар…» деген ой түйеді. 

Бірнеше күн өткен соң, Гүлнар Дәукенова теледидардан әйгілі әнші Мәдина Ералиеваның сұхбатын көреді. Экраннан төгілген Мәдинаның сабырлы мінезі, ішкі бір мұңы мен нәзік болмысы сазгердің жанына ерекше әсер етеді. Әннің жаңа туған сәтіндегі ерекше энергетикасын жоғалтпай, сазгер дереу телефон арқылы Мәдинамен хабарласады. Әннің тарихын, қалай туғанын қысқаша айтып, домбырамен «Күрең күзді» орындап береді. Телефон арғы жағында үнсіздік орнайды. Бірнеше секундтан кейін Мәдинаның толқып шыққан даусы естіледі: «Гүлнар, осы әнді маған берші. Соңғы кезде өзімді де бір түрлі дәл сол күрең күздей күйде сезініп жүрмін...», – дейді.

Сол сәттен бастап «Күрең күз» өз иесін тапты. Ән Мәдинаның жүрегіне бірден ұялап, оның рухымен астасып кетті. Кейін сазгер мен әнші бірнеше рет кездесіп, туындыны өңдеп, музыкалық сүйемелін нақтылап, толық нұсқасын дайындап шығады. Мәдина әнді әр нотасына дейін сезініп, ерекше жан тебіреніспен орындайды. Бір айдан соң ән эфирге шығып, халыққа жол тартады. Тыңдарман жүрегінен жылы қабылданған туынды аз уақытта-ақ ел арасына кеңінен тарайды. Көпшілік бұл әнді алғаш естіген сәттен-ақ, оны Мәдинаның өз тағдырымен байланыстырғандай әсер алды. Шынында да, әннің мұңды сарыны, сағынышқа толы әуені, поэтикалық тереңдігі Мәдинаның ішкі дүниесімен үндес еді. Әнші бұл шығарманы жай ғана орындай салған жоқ, ол оны жан-тәнімен, жүрегінің ең терең түкпірімен сезініп шырқады. 

Мәдина Ералиева бұл әнмен сахнада көпке дейін жүріп үлгермеді. Көп ұзамай, 2000 жылдың қараша айында, күздің соңғы күндерінде, елдің сүйікті әншісі өмірден өтті. Бұл жағдай елдің жүрегіне ауыр соққы болды. Сол сәттен бастап жұртшылық «Күрең күзді» Мәдинаның қоштасу әні деп қабылдады. Өмірмен қимастықпен қоштасқандай әсер қалдырған бұл ән Мәдинаның рухани аманаты іспетті. Ол арқылы әнші өз жан сырын, өмірге деген соңғы сағынышын, өнерге деген махаббатын халыққа табыстап кеткендей болды. Бүгінде «Күрең күз» естіген әр жүректе сол нәзік мұңды, сол жылы естелікті қайта оятады. Бұл туынды – Мәдинаның мәңгілік үні, қазақ өнерінің асыл қазынасына айналған көркем мұра.