Республика күнін өзге елдер қалай атап өтеді?

Бөлісу

23.10.2025 5808

25 қазан елімізде Республика күні атап өтіледі. Бұл – ел тарихындағы жаңа дәуірдің бастауы, мемлекеттік егемендік пен ұлттық сананың жаңғыруын айшықтайтын күн. 1990 жылы дәл осы күні Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміздің тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы жасалды. Тарихи құжатта Қазақстанның аумақтық тұтастығы, мемлекеттік тіл мен мәдениеттің дамуы, саяси және экономикалық дербестік қағидалары бекітілді. Кейін осы негізде 1991 жылы «Тәуелсіздік туралы» заң қабылданды. 


Бүгінде Республика күні ел бойынша мәдени және рухани іс-шаралар, концерттер мен көрмелер ұйымдастырылып, мемлекеттік нышандарға құрмет көрсетіледі. Ал енді Қазақстан сияқты өз мемлекеттілігі мен тәуелсіздігін айрықша қастерлейтін өзге елдерге назар аударып көрсек, олардың да Республика күні өзіндік мән-мағынамен, тарихи оқиғалармен және ұлттық дәстүрлермен астасып келеді. Төменде әлемнің бірнеше мемлекетінде бұл мереке қалай аталып өтетініне тоқталып көрелік.

АҚШ

4 шілде – Америка Құрама Штаттарының Республика күні әрі Тәуелсіздік күні. Бұл мереке АҚШ-тың ұлттық бірегейлігі мен егемендігінің басты нышаны саналады. Оның тарихы 1776 жылдың 4 шілдесімен тығыз байланысты. Дәл осы күні Филадельфия қаласында жиналған Екінші Құрлықтық Конгресс ағылшын билігінен тәуелсіздігін жариялаған Тәуелсіздік декларациясын қабылдады. Құжатта адам құқықтары мен бостандықтары, теңдік және халық билігі принциптері айқын көрсетілді. Бүгінде 4 шілдеде АҚШ-тың барлық штаттарында таңертеңнен кешке дейін түрлі шаралар ұйымдастырылады. Қала көшелерінде патриоттық парадтар өтіп, міндетті түрде отшашулар атылады.  

Түркия

Бауырлас Түркия Республикасында Республика күні жыл сайын 29 қазанда аталып өтеді. Бұл дата 1923 жылы елдің тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік ел Конституциясына өзгерістер енгізіп, Түркия Республикасын ресми түрде жариялаған тарихи күнмен байланысты. Осы сәт Осман империясының аяқталып, жаңа, зайырлы және демократиялық мемлекеттің бастау алуын білдірді. 1925 жылдан бастап Республика күні ұлттық мереке ретінде тойланады. Бұл – Түркиядағы ең маңызды мемлекеттік мейрамдардың бірі. Әр жылы Анкарадағы Ататүрік кесенесінде салтанатты рәсім өтеді. Ел басшылығы, үкімет мүшелері мен әскерилер ұлт көшбасшысының рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қояды. Кешке қарай парадтар, патриоттық концерттер, отшашулар мен жарық шоулары ұйымдастырылады. Анкара, Ыстамбұл және Измир сияқты ірі қалаларда халық алаңдарға жиналып, әнұран айтып, мерекелік серуен өткізеді.

Франция

14 шілде – Францияның ең басты ұлттық мерекесі. Ресми түрде La Fête Nationale немесе халықаралық атауымен Bastille Day деп аталады. Бұл күн 1789 жылы болған Бастилия түрмесін басып алу оқиғасымен байланысты. Сол оқиға Француз революциясының басталуына түрткі болып, халықтың еркіндік, теңдік және бауырластық ұранын көтерген тарихи кезеңнің бастауы болды. 1880 жылы 14 шілде Францияның ресми ұлттық мерекесі ретінде бекітілді. Содан бері бұл күн республикалық құндылықтарды дәріптейтін және халық бірлігін ұлықтайтын мейрамға айналды. Бүгінде мерекенің басты бөлігі – Париждегі Елисей алаңында өтетін әскери шеру. Бұл шараға Франция Президенті, үкімет өкілдері және шетелдік қонақтар қатысады. Шеру кезінде француз армиясының барлық бөлімдері мен авиациясы сап түзеп өтеді. Кешке қарай Эйфель мұнарасы маңында үлкен концерт пен отшашу шоуы ұйымдастырылады. Қалалар мен ауылдарда халықтық билер, жәрмеңкелер, мәдени шаралар өтеді. 

Қытай

Қытай Халық Республикасында Республика күні жыл сайын 1 қазанда аталып өтеді. Бұл күн 1949 жылы Қытай Коммунистік партиясының жетекшісі Мао Цзэдун Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында Қытай Халық Республикасының құрылғанын жариялаған тарихи сәтпен байланысты. Сол сәттен бастап 1 қазан Қытайдың жаңа дәуірінің бастауы ретінде аталып келеді. Мереке алғаш рет 1950 жылы ресми түрде бекітілген. 1999 жылы Қытай үкіметі мерекелік демалыс күндерін жеті күнге дейін ұзартты, бұл кезең халық арасында «Алтын апта» деп аталып кетті. Бұл уақыт – елдегі ең ұзақ мемлекеттік демалыстардың бірі, халық саяхаттап, отбасымен уақыт өткізеді. Мереке күндері Қытай астанасы Бейжіңнің Тяньаньмэнь алаңы мен басқа да ірі қалалар мемлекеттік тулармен, гүл шоқтарымен безендіріледі. Әскери шерулер, патриоттық концерттер, ұлттық өнер фестивальдері мен халықтық жиналыстар өтеді. 

Италия

2 маусым – Италия Республикасының басты ұлттық мерекесі. Бұл күн 1946 жылы өткен тарихи референдуммен байланысты. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Италия халқы монархиядан бас тартып, елді республика ретінде жариялау туралы шешім қабылдады. Дауыс беруге алғаш рет әйелдер де қатысып, бұл оқиға ел тарихындағы демократияның жаңа кезеңін бастады. Сол жылы тақтан түскен соңғы патша – Умберто II елден кетуге мәжбүр болды, ал Италия жаңа мемлекеттік құрылым орнатты. 1948 жылы 2 маусым Республика күні ретінде ресми бекітілді. Бүгінде мереке елдің барлық аймағында жоғары деңгейде аталып өтеді. Рим қаласында Италия Президенті елдің Біріккен Әскерлеріне арналған салтанатты әскери шеруді қабылдайды. 

Әзербайжан

28 мамыр Әзербайжан Республикасының құрылу күні ретінде аталып өтеді. 1918 жылы дәл осы күні Тбилисиде Әзербайжан Ұлттық Кеңесі әлемдегі алғашқы мұсылман және түркі демократиялық мемлекеті – Әзербайжан Демократиялық Республикасын жариялады. Бұл оқиға Шығыс елдері тарихында ерекше орын алады. ӘДР парламенттік республика үлгісін қабылдап, әйелдерге дауыс беру құқығын берген алғашқы мұсылман мемлекеті болды. Мемлекеттің негізгі ұстанымдары тәуелсіздік, демократия және ұлттық бірлік еді. 1920 жылы Кеңес билігі орнағаннан кейін республика жойылғанымен, оның идеялары мен рухы халық жадында сақталып қалды. Ал 1991 жылы Әзербайжан тәуелсіздігін қайта жариялап, тарихи дәстүрді жаңғыртты. Сол кезден бастап 28 мамыр ресми түрде Республика күні ретінде аталып келеді. Бүгінде мереке Бакудің басты алаңдарында кең көлемде өткізіледі. Әскери парадтар, концерттер, мәдени көрмелер және отшашулар ұйымдастырылады.

Үндістан

26 қаңтар – Үндістан Республикасының ең маңызды ұлттық мерекелерінің бірі. Бұл күн 1950 жылы елдің жаңа Конституциясы күшіне енген тарихи сәтті білдіреді. Сол арқылы Үндістан ресми түрде британдық доминионнан тәуелсіз республикаға айналды және өз президентін мемлекет басшысы ретінде жариялады. Бұл дата кездейсоқ таңдалмаған. 1930 жылы дәл осы күні Үндістан ұлттық конгресі британ билігінен толық тәуелсіздікке қол жеткізу ниетін алғаш рет ресми түрде мәлімдеген еді. Сондықтан 26 қаңтар елдің азаттық жолындағы күресінің жалғасы ретінде үлкен мәнге ие. Мерекенің басты бөлігі – Нью-Делидегі Раджпат даңғылында өтетін әскери және мәдени парад. Оған Үндістан Президенті, Премьер-министр және шетелдік құрметті қонақтар қатысады. Парадта елдің әскери күштері мен техникасы көрсетіліп, түрлі штаттар өз мәдениетін таныстыратын шерулер ұйымдастырады.

Бразилия

Бразилия Республика күнін 15 қарашада атап өтеді. Бұл мереке 1889 жылы ел тарихындағы бетбұрысты оқиғаны, монархияның жойылып, республиканың жариялануын еске алу үшін атап өтіледі. Дәл осы күні Рио-де-Жанейрода генерал Мануэл Деодору да Фонсека бастаған әскери топ император Дом Педру II-ні тақтан тайдырып, уақытша үкімет құрды. Бұл оқиға Бразилияны конституциялық монархиядан федеративтік республикаға айналдырды. 1891 жылы елдің алғашқы Конституциясы қабылданып, Деодору да Фонсека Бразилияның тұңғыш президенті болды. Бүгінде 15 қараша – ұлттық демалыс күні. Мереке елдің барлық аймағында кең көлемде аталып өтеді. Негізгі салтанатты шаралар Бразилиа, Рио-де-Жанейро және Сан-Паулу қалаларында ұйымдастырылады. Бұл күні ресми шерулер, жас сарбаздар мен мектеп оқушыларының парадтары, сондай-ақ тарихи көрмелер мен дәрістер өткізіледі. Кешке қарай концерттер мен мәдени қойылымдар өтіп, аспанды отшашулар безендіреді. 

Байқасақ, әлемнің көптеген елінде Республика күні – егемендік, ұлттық бірлік және азаматтық жауапкершіліктің айшықты мерекесі. Бұл күн – халықтың азаттық жолындағы табандылығын, мемлекеттілікті сақтау жолындағы ерік-жігерін және елдік мұратқа деген адалдығын еске түсіретін маңызды сәт. Әр мемлекет осы күні өз тарихындағы ең ұлы жетістік, тәуелсіздік пен мемлекет құрудың бастауы болған тарихи кезеңді ұлықтайды. Республика күні – ұлттың рухани бірлігін нығайтып, өткенге тағзым етіп, болашаққа сеніммен қарауға үндейтін мереке. Ол халыққа еркіндіктің құнын ұқтырып, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті арттырады. Сондықтан да бұл күн кез келген ел үшін еркіндік пен біртұтастықтың мерейлі символы болып қала береді.

Бөлісу