Ел рухы асқақтаған мерейлі кеш

Бөлісу

21.10.2025 4611

Астанада Республика күніне орай елдік рух пен отансүйгіштік сезімді ұлықтаған әсерлі мерекелік концерт өтті. Бұл тағылымды шараны Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырды. Мерекенің басты идеясы тәуелсіздік құндылығын насихаттап, ұлттық сана мен рухани тұтастықты жаңғырту, сондай-ақ елордалық көрерменге шабыт пен мерекелік көңіл күй сыйлау болды.


Кеш басында Астана қаласы әкімдігінің «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Арман Шеризат құттықтау сөз сөйлеп, жиналғандарды Республика күнімен құттықтады. Ол елдіктің нышанына айналған бұл мерекенің тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызына тоқталып, ұлт руханияты мен мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосқан тұлғаларға алғыс білдірді. Сонымен қатар қала өміріне және тіл саласына сіңірген еңбегі үшін бірқатар тіл жанашырлары мен мәдениет өкілдеріне алғыс хаттар табыстады.

«Бақытым – сен, байтақ ел!» атты концерттік бағдарлама көрерменге рух пен өрлікті қатар сезіндірген ерекше кеш болды. Бағдарлама аясында сахна төрінде ел мен жерге деген сүйіспеншілікті паш еткен отансүйгіштік бағыттағы әндер мен поэзиялық композициялар шырқалды. Әсіресе, ақындардың Алаш арыстарына арналған жүректен шыққан жалынды жырлары мен елдік тақырыптағы әсерлі өлеңдері көрерменнің зор ықыласына бөленді. Әрбір өлең жолынан еркіндікке деген іңкәрлік, ұлт тағдырына алаңдаушылық пен намысты рухтың үні анық естілді. 

Кеште елге танымал өнер шеберлері сахна төріне шығып, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. Олардың қатарында ән әлемінде өзіндік орны бар Асқар Мұқият, нәзік те әсерлі үнімен жүректерді тербеген Перизат Тұрарова, сондай-ақ ерекше дауыс иесі Өзгеріс Шерікбай бар. Кештің шырайын келтірген дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының актерлері сахнада Алаш арыстарының рухын бейнелеген көрініс қойып, кештің мазмұнын тереңдете түсті. Бағдарлама барысында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған бейнеролик көрсетіліп, залдағы көрерменге рухани әсер мен тарихи толғаныс сыйлады. Осылайша кеш мазмұны мен мәні жағынан елдік рухты асқақтатқан тұтас өнер мерекесіне айналды.

Бұл мерекелік шара халқымыздың азаттығын айшықтап, әрбір көрерменнің жүрегіне елдік рух пен ұлттық мақтаныш сезімін ұялатқан рухты кеш болды. Кешке қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары, қала тұрғындары мен қонақтар қатысып, Республика күні мерекесінің мәні мен маңызын терең сезінді.

Бөлісу