Тараз – тарих пен тағылымның тоғысқан мекені

Бөлісу

17.10.2025 5420

Тараз – ұлы өркениеттердің ізі қалған, ежелгі тарихтың алтын бесігі. Осы рухани тереңдігі мен мәдени мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында 15 қазан күні Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығында «Тараз – тарих және тағылым» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті. Іс-шараны «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырды.


Конференция Тараздың бай тарихи-мәдени мұрасын, ежелгі қалалық өркениеттегі орнын және қазіргі заманғы зерттеу бағыттарын талқылауға арналған маңызды ғылыми алаңға айналды. Шара барысында қатысушылар көне Тараздың тарихтағы орнын жаңаша пайымдап, археология, этнография, мәдениеттану және тарих ғылымдарының тоғысындағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Басты мақсат – көне Тараз қаласының көпқырлы тарихын кешенді түрде зерттеу арқылы ұлттық тарихи жадты жаңғырту, ұлттың өркениеттік сабақтастығын айқындау және Таразды түркі әлемінің мәдени орталығы ретінде таныту болды.

Жиынға Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарынан келген ғалымдармен қатар Түркия, Өзбекстан және Қырғыз Республикасының белгілі тарихшылары, археологтары, мәдениеттанушылары мен жас зерттеушілері қатысты. Олар өз баяндамаларында Тараз өңірінің археологиялық қазбалары, тарихи деректері мен мәдени кодын зерттеу жөніндегі тың көзқарастарын, жаңа әдіснамалық бағыттарын ұсынды. Осындай халықаралық ғылыми ынтымақтастық – Тараз феноменін әлемдік өркениет кеңістігінде кеңінен танытудың және болашақ зерттеулердің негізін қалау жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланды.

Конференция барысында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Нұржан Мергенбай сөз сөйлеп, жиынның тарихи әрі ғылыми маңызын айрықша атап өтті. Ол Тараздың тек көне шаһар ғана емес, тұтас бір өркениеттің бастауы екенін, сондықтан мұндай басқосулардың ел тарихын терең тануда ерекше рөл атқаратынын жеткізді.

«Біздің мақсатымыз – Тараздың тарихи феноменін кеңінен насихаттап, төл мәдениетіміз бен рухани мұрамызды әлемдік деңгейде таныту. Ұлт тарихының терең қатпарларын ашудағы әрбір зерттеу – болашаққа қалдырылған баға жетпес мұра», – деді Нұржан Мергенбай.

Оның айтуынша, Тараз қаласының археологиялық және мәдени әлеуетін сақтау, қорғау және халықаралық деңгейде таныстыру – музей-қорықтың басты стратегиялық бағыты. Бұл бағытта ғылыми зерттеу, экспедиция және заманауи цифрлық технологияларды пайдалану арқылы ежелгі Тараздың жаңа қырларын ашуға басымдық берілмек.

Ал тарих ғылымдарының кандидаты Жұман Смаилов Таразды терең зерттеудің өзектілігіне тоқталды. Ол бұл өңірдің тарихы әлі толық зерделенбегенін, сондықтан археологиялық және деректік зерттеулердің ауқымын кеңейту қажет екенін атап өтті.

«Таразды жақсылап зерттеу керек, себебі, бұл өлкеде әлі талай ашылмаған сыр бар. Тараз заманында маңызды саяси орталық болған. Сауда, қолөнер, қалалық мәдениет, инфрақұрылым мықты дамыған шаһар еді. Тараз топырағында өз бағасын алуы тиіс көптеген құнды мұралар жатыр», – деді ол.

Ғалымның айтуынша, көне Тараз қаласы ежелгі өркениеттердің түйіскен нүктесінде орналасқандықтан, оның әрбір қазба қабаты мен ескерткіші қазақ тарихының ғана емес, күллі Орталық Азияның өркениеттік даму жолын айқындауға мүмкіндік береді. Таразды зерттеу – тек өткенді тану емес, сонымен қатар ұлттық тарихи сананы жаңғыртып, келешек ұрпаққа мәдени сабақтастықтың терең тамырын танытудың жолы.

Шара аясында қатысушылар тарихи мұраларды сақтау, археологиялық зерттеулерді дамыту және аймақтық мәдени мұраларды жаңаша зерделеу бағытында ұсыныстар енгізді. Конференция қорытындысында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды. Материалдар жинағы ISBN нөмірімен жарық көрмек, ал үздік мақалалар ғылыми басылымдарда жарияланатын болады.

Бөлісу