Қостанай әуежайында ұлт ұстазына арналған музей ашылды

Бөлісу

11.09.2025 5778

Қостанай қаласының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы халықаралық әуежайында ұлт ұстазының ғұмырнамасына, тұлғалық келбетіне, ағартушылық қызметіне арналған музей ашылды. 


 

Ахмет Байтұрсынұлы (1872-1937) – қазақтың ұлы ағартушысы, ақын, тілтанушы, қоғам қайраткері, ұлт ұстазы. Ол қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін қалаған ғалым. Араб жазуына негізделген қазақ әліпбиін жасап, «Тіл – құрал», «Әдебиет танытқыш» секілді құнды еңбектер жазып қалдыр. «Қырық мысал», «Маса» жинақтары арқылы халықты білімге, ұлтты оянуға, отарлық езгіге қарсы күреске үндеді. 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінің редакторы атанып, қазақ ғылымына, мәдениетіне, тарихы мен әдебиетінде өлшеусіз үлес қосты. Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық рух пен тілдің символына айналған тұлға.

2022 жылы Қостанай қаласының халықаралық әуежайына ресми Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілген. Бұл мерейлі шара ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып, елдің әр өңірінде жоғары деңгейде іс-шаралар өткізілген болатын. 

Қайраткердің есімін ұлықтау, кейінгі ұрпаққа насихаттау жұмыстары атаулы уақыттарда ғана қолға алынбай, жыл сайын жаңарып, жаңғырып, ауқымы кеңейіп отыр. Сондай мерейлі сәттердің бірі – әуежай ішінде ұлт ұстазына арналған музейдің ашылу еді. 

Музей әуежай ішіндегі жалпы кең залда жасақталған. Музей экспозициясы интерактивті тақтада сақталған цифрлық деректерден, қабырғаға ілінген инфографика деректерінен тұрады. Инфографика деректерінде ғалымның 1895-1909 жылдар аралығындағы ұстаздық жолы, 1905-1917 жылдар аралығындағы саяи жолы, 1922-1926 жылдар аралығындағы ағартушылық қызметі және ғұмырының соңғы кезеңі қамтылған. 

Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ұжымы да бұл игі бастамаға белсенді атсалысқан. Университет ғалымдары мен қызметкерлері Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды деректерді, сирек қолжазбалар мен архивтік материалдарды жүйелеп, музей қорын мазмұнды және мағыналы жәдігерлермен толықтыруға елеулі үлес қосты. Атап айтқанда, университеттің ғылыми-зерттеу орталықтары мен кітапханалық қорларынан алынған бірегей құжаттар, фотосуреттер, оқу құралдарының түпнұсқалары және заманауи ғылыми зерттеулер нәтижелері музей экспозициясының тарихи-танымдық құндылығын арттырды. Бұл жұмыстар Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын академиялық тұрғыдан терең зерделеуге, сондай-ақ өскелең ұрпаққа ұлттық рух пен тарихи сананы сіңіруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

Музей қызметкерлері әуежайға келген шетелдік және отандық қонақтарға әуежай атауының негізін, тұлға есімін, ұстаз ғұмырнамасын терең танытып, Қостанай қаласының тарихи-мәдени келбетін айшықтай түседі. 

Бөлісу