Eлімізде көші-қон процестерін есепке алудың Бірыңғай цифрлық платформасы енгізіледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Жолдауында Үкіметке ел ішіндегі және шетелдегі көші-қон ағымының есебін жүргізетін бірыңғай цифрлық жүйе енгізу туралы тапсырма жүктеді.
Президенттің айтуынша, елімізде әлі күнге дейін еңбек нарығын, әсіресе көші-қон мәселесін реттеу саласында есепке алудың орталықтандырылған жүйесі жоқ. Бұл жағдай осы саладағы болжау жұмысының сапасына және шешімдердің тиімділігіне кесірін тигізіп отыр.
Үкімет ел ішіндегі және шетелдегі көші-қон ағымының есебін жүргізетін бірыңғай цифрлық жүйе енгізуге тиіс. Ішкі және сыртқы көші-қон үдерісінің бақылаусыз қалуы жұрттың бәрі тұрғысы келетін ірі қалаларымыздың инфрақұрылымына орасан салмақ түсіріп отыр.
Астана – соның айқын мысалы. Соңғы үш жылдың өзінде елорда тұрғындарының саны 250 мыңнан астам адамға, соның ішінде былтыр 100 мың адамға көбейді. Биылғы өсім онсыз да жоғары саналатын осы көрсеткіштен асып түсуі мүмкін. Елордада халық саны ресми түрде 1,5 миллион адам болғанымен, оның инфрақұрылымы іс жүзінде күн сайын 1,9 миллион адамға қызмет көрсетеді.
Басқаша айтсақ, Астана 400 мыңнан астам адамға, яғни халық саны бойынша орташа қала саналатын тағы бір шаһардың тұрғындарына пара-пар жұртқа ешқандай жоба-жоспарсыз қызмет етіп жатыр. Сондықтан қаланы сумен және жылумен қамтамасыз ететін жүйелердің үздіксіз жұмысына қауіп төніп тұр», - деді Мемлекет басшысы.