Қарағанды облысында Кеншілер күні кең көлемде аталып өтті

Бөлісу

31.08.2025 5150

Кеше Қарағанды қаласының Тәуелсіздік алаңында «Qarmet» компаниясы мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен Кеншілер күніне арналған концерт өтті. Оған 120 мыңға жуық көрермен жиналып, мерекелік атмосфераға бөленді. 


Қала тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы дайындалған ауқымды концерттік бағдарлама ұсынылды. Шара аяқталғаннан кейін қатысушылардың үйлеріне ыңғайлы жетуі үшін қосымша автобустар ұйымдастырылды. Бұл мереке өңірдің басты кәсібі саналатын көмір өнеркәсібінде еңбек етіп жүрген кеншілердің қажырлы еңбегіне деген құрметтің айқын көрінісі. 

Бүгін Қарағанды қаласында мерекелік іс-шаралар өз жалғасын тапты. Орталық мәдениет және демалыс саябағында тұрғындар үшін күні бойы концерттік бағдарламалар ұсынылды. Қала қонақтары мен тұрғындары шығармашылық ұжымдардың, өнер ұйымдары мен театр әртістерінің өнерін тамашалады. 

Сонымен қатар, мереке аясында облыс орталығының өзге де алаңдарында арнайы концерттер өтті. Қазақстанның 50 жылдығы саябағында «Кеншілер – ел мақтанышы», «Жастар» мәдениет сарайы алдындағы алаңда «Кеншінің құрметі – кеншінің ерлігі», ал Сұрыптау кентінде «Тау-кеншілерінің еңбегі – елінің мерейі» атты мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды. Бағдарлама ретроконцертпен қорытындыланды. 

Мерекелік көңіл-күй облыстың серіктес қалаларында да жалғасын тапты. Шахтинск қаласында әкімдік алдындағы алаңда, Саран қаласында «Сұңқар» стадионында, Абай қаласында қалалық саябақта кең көлемді концерттік бағдарламалар өткізілді.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденейдің айтуынша, көмір өнеркәсібі өңір экономикасында маңызды орын алады. 

«Бүгінде бұл сала облыс экономикасының 2,8 пайызын, ал жалпы өндіріс көлемінің 6,4 пайызын құрайды. Өңірдегі 10 шахтадан соңғы жеті айда 21,6 миллион тонна көмір өндірілді. Оның 4,5 миллион тоннасы Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Өзбекстан мемлекеттеріне экспортталды. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда көмір өндіру көлемі 5,8 пайызға артқан. Бұл – қайласы қайыспас кеншілердің тынымсыз еңбегінің нәтижесі», – деді облыс әкімі Әлібек Әлденей.

Қарағанды облысында өткен Кеншілер күні мерекесі кеншілердің қажырлы еңбегіне құрмет білдіріп қана қоймай, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ауқымды мәдени бағдарлама еңбек адамдарының қоғамдағы орны мен олардың өлшеусіз үлесін айшықтап берді.

Бұл мереке кеншілер қауымының бірлігін нығайтып, жас ұрпаққа еңбекқорлық пен отансүйгіштіктің үлгісін көрсететін маңызды шара болды. Өңірдің экономикасын дамытуға зор үлес қосып келе жатқан шахтерлердің еңбегі алдағы уақытта да елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының берік негізі бола беретіні атап өтілді.

Суреттер Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденейдің фейсбук парақшасынан алынды 

Бөлісу