Қасым хан және қайта өрлеу дәуірі

Бөлісу

26.08.2025 7890

1445 жыл тарихи тұрғыдан елеулі оқиғаларға толы болды. Бұл жылы Мәскеу князьдігі күшейіп, орыс жерлеріндегі саяси ықпалын арттыра түсті. Еуропада Иоганн Гутенбергтің баспа станогын ойлап табуы жаңа мәдени дәуірдің басталуына жол ашты, кітап басу ісі қарқынды дамып, әдебиет пен ғылымның таралуына зор серпін берді. 1445 жыл әлемдік тарихта да, Орта Азия кеңістігінде де маңызды кезеңдердің бірі болды. Бұл жылы қазақ тарихында кейін «Қасым ханның қасқа жолы» атты заңдар жинағын жасаған, Қазақ хандығын нығайтып, оның шекарасын кеңейткен Қасым хан дүниеге келді. Ғалымдардың зерттеуіндегі Қасым ханның 1445  жылы туды деген көрсетуіне сүйенсек, оның туғанына биыл 580 жыл толады. 


Біз «Тұлға және тарих» айдары аясында, Қасым хан Жәнібекұлы туған 1445 жылы әлемдік деңгейде орын алған тарихи оқиғаларды баяндаймыз: 

1. 1445 жылы 7 шілдеде Суздаль түбінде Мәскеу ұлы князі Василий II әскерлері Қазан хандығымен шайқасты. Нәтижесінде Мәскеу әскері жеңіліп, князьдің өзі тұтқынға түсті. Бұл оқиға Мәскеу мемлекетінің әлсіздігін көрсетіп қана қоймай, Қазан хандығының аймақтағы ықпалын арттырды. Тарихи деректерде Василий II бірнеше ай бойы тұтқында болып, кейін қомақты төлем (шығын) төлеп, бостандыққа шыққаны айтылады. Шайқастан кейін Мәскеу ішкі тартыстардан әлсірегенін сезініп, көрші хандықтармен қарым-қатынаста сақ болуға мәжбүр болды.

2. 1443 жылы Чосон әулетінің ұлы патшасы Седжон (1397-1450) арнайы ғалымдармен бірге жаңа жазу жүйесін жасатып, оны «Хунминджонгым» (Халықты дұрыс оқыту үшін дыбыстар) деп атады. Бұл әліпби кейінірек Хангыль деген атқа ие болды. 1445 жылға дейін дайындалып, 1446 жылы ресми түрде енгізілген Хангыль – 28 әріптен тұрған, қарапайым әрі оқуға жеңіл жазу жүйесі еді. Бұған дейін Кореяда тек қытай иероглифтері (ханча) қолданылып, қарапайым халық үшін оқу-жазу қолжетімсіз болатын. Жаңа әліпбидің жасалуы халықтың сауат ашуын жеңілдетіп, корей мәдениеті мен ұлттық бірегейлігін күшейтті.

3. Леон Баттиста Альберти (1404-1472) – итальяндық Қайта өрлеу дәуірінің аса ірі гуманисі, сәулетші, өнер теоретигі. Ол 1443-1452 жылдары әйгілі «De re aedificatoria» («Сәулет өнері туралы») трактатын жазды. Бұл еңбек көне Рим сәулетшісі Витрувийдің идеяларын қайта жаңғыртып, Қайта өрлеу кезеңінің талаптарына сай жүйеледі. Кітап тек 1485 жылы Флоренцияда басылып шықты және ол Еуропадағы алғашқы архитектура теориясы ретінде бағаланды. Альберти мұнда сәулеттің принциптерін ғылымға негіздеп, үйлесім, пропорция, қала құрылысы, қоғамдық ғимараттар мен храмдардың маңызы туралы терең ойлар айтты. Бұл трактат кейінгі ғасырлардағы Еуропа сәулет өнерінің даму бағытына зор ықпал етті.

4. Сандро Боттичелли (шын аты – Алессандро ди Мариано ди Ванни Филипепи) 1445 жылы Флоренцияда дүниеге келген. Ол өзінің нәзік әрі үйлесімді композициялары арқылы Қайта өрлеу дәуірінің ең көрнекті суретшілерінің біріне айналды. Боттичеллидің шығармашылығы көбіне мифологиялық және діни тақырыптарды қамтиды. Оның ең танымал картиналарының қатарында «Венераның тууы» мен «Көктем» бар, бұл туындылар XV ғасырдағы флоренциялық өнердің шоқтығын айқындайды.

5. 1445 жылғы 10 қазанда болған Мокра шайқасы Албания тарихында аса маңызды оқиғалардың бірі саналады. Бұл қақтығыс Албания мен Осман империясы арасындағы соғыстардың аясында өтті. Албания жасақтарын елдің ұлт-азаттық қозғалысының көсемі әрі халық батыры Георгий Кастриоти Скандербег басқарды. Оның әскерлері Осман империясының тәжірибелі қолбасшысы Фируз-Пашаның қол астындағы әскерлеріне тосын шабуыл жасап, ойсырата жеңді. Шайқас нәтижесінде османдықтардың шамамен 1 500 сарбазы қаза тауып, тағы 1 000-ға жуық жауынгері тұтқынға түсті. Бұл жеңіс Скандербегтің беделін арттырып, Албания халқының отаршылдарға қарсы күресте рухын көтерді. Сонымен қатар, Мокра шайқасы Балқандағы христиан мемлекеттеріне Осман империясына қарсы бірлесіп әрекет ету қажеттігін көрсетіп, кейінгі одақтастық бастамаларына ықпал етті.

6. Освальд фон Волькенштейн (Oswald von Wolkenstein) – орта ғасырдың соңындағы аса көрнекті австриялық ақын, музыкант әрі саяхатшы. Ол шамамен 1376 жылы Тироль өңірінде, Бриксен маңындағы ауқатты рыцарьлар әулетінде дүниеге келген. Жастайынан Еуропаның көптеген елдерін, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканы аралап, саяхат тәжірибесін шығармашылығында кеңінен пайдаланды. Оның поэзиясы рыцарлық дәстүр мен халықтық әуендерді тоғыстырып, діни тақырыптардан бастап, махаббат пен саяси сатираға дейінгі кең ауқымды қамтыды. 1445 жылы 2 тамыз күні қайтыс болған ақынның мұрасы кейінгі ғасырларда да неміс және еуропалық әдебиет пен музыка тарихында маңызды орынға ие болды.

7. 1445 жылы ғылым мен технология саласында әлемді түбегейлі өзгертетін оқиға орын алды. Иоганн Гутенберг алғашқы баспа станогын жасап шығаруға алғашқы қадамдар жасады. Бұл жаңалық ақпараттың қолжетімділігін арттырып, кітаптарды жаппай басып шығару дәуірін бастады. Соның нәтижесінде білім мен ғылымды тарату қарқыны бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріліп, Еуропадағы Ренессанс пен кейінгі Ағартушылық кезеңіне негіз қалады.

8. 1445 жылдар басында Шығыс Түркістан мен Жетісуда билік үшін талас-тартыстар жалғасты. Бұл кезеңде Моғолстан ханы Есенбұға (1433-1462) билікте болып, Жетісудағы қазақ руларына ықпал ете бастады. Оның саясаты Әмір Темір әулетімен және ойраттармен күресте Жетісу аймағын нығайтуға бағытталды. Дәл осы дәуірде Дешті Қыпшақтағы Әбілқайыр хандығының күшеюі кейбір қазақ руларының Жетісуға қоныс аударуына түрткі болды. Кейінірек осы жағдай Керей мен Жәнібек бастаған қазақ сұлтандарының Есенбұғаға сүйеніп дербес ұлыс құруына негіз қалады. Бұл үдеріс XV ғасырдың екінші жартысында Қазақ хандығының құрылуына тарихи алғышарт болды.

9. Қазақ хандығының ең ірі билеушілерінің бірі Қасым ханның дүниеге келуі. Шамамен 1445 жылдары туған Қасым хан – Жәнібек ханның ұлы. Ол кейінірек Қазақ хандығын күшейтіп, «Қасым ханның қасқа жолы» атты заңдар жинағын қалыптастыруға негіз болды. 

Бөлісу