«Қазақстан тарихы Kazinform фотосуреттерінде» атты көрме ашылды

Бөлісу

21.08.2025 1014

MEGA Silk Way сауда орталығында «Қазақстан тарихы Kazinform фотосуреттерінде» атты көрме қойылды. Аталған шара халықаралық ақпарат агенттігі Kazinform-ның 105 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. 

Көрмеге 1930 жылдардан бастап бүгінге дейінгі елдің қоғамдық және мемлекеттік өмірін айшықтайтын тарихи сәттерді қамтитын сирек фотожинақ қойылды. Онда агенттік тілшілерінің архивтік еңбектері мен эксклюзивті түсірілімдері көрермен назарына ұсынылды.


Көрме алты бөлімге бөлінген. Алғашқысы – 1928-1959 жылдардағы Қазақстан тарихы мен Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңін қамтиды. Екінші бөлім – 1960-1985 жылдар аралығындағы ірі құрылыс жобалары, қалалар мен өңірлердің экономикалық өрлеуіне арналған. Үшінші және төртінші бөлімдерде Алматы мен Астананың соңғы қырық жылдағы даму шежіресі ұсынылған. Бесінші бөлімде әлеуметтік-мәдени өзгерістер мен қайта құрулар бейнеленсе, алтыншы бөлім – мемлекеттің өркендеуіне елеулі үлес қосқан танымал қазақстандықтардың портреттеріне арналған. 

Фотокөрменің маңызы мен мазмұны жайлы Kazinform агенттігінің басқарушы директоры Нағашыбек Алдан:  

«Бүгінгі көрменің басты ерекшелігі – мұндағы суреттердің жалпы халық назарына алғаш рет ұсынылуында. Көптеген фотосуреттер мұрағаттардан арнайы іздеу жұмыстарының нәтижесінде табылып, көрерменге жол тартты. Соңғы екі жыл ішінде Ресей мен Қазақстан мұрағаттарында ауқымды жұмыс жүргізіліп, нәтижесінде қорға он мыңнан астам фотосурет жиналды. Оның ішінде құжаттар да бар. Бұл жай ғана суреттер емес, Қазақстанның соңғы жүз жылдағы тарихының айқын көрінісі іспеттес. Өйткені мұнда қуанышты да, қайғылы да, өкінішті де сәттер бейнеленген: соғыс жылдары, соғыстан кейінгі кезең, индустриализация дәуірі, Тәуелсіздік жылдары. Әсіресе Алматы мен Астананың негізі қаланған құрылыс кезеңдері мен өркендеу дәуірі ерекше көрсетілген. Сонымен қатар ел дамуына елеулі үлес қосқан даңқты тұлғалардың бұрын-соңды жарияланбаған суреттері мен портреттері де ұсынылған. Бұл қазына – агенттік фотографтары мен фотокорреспонденттерінің жүз жылдық еңбегінің ерекше көрінісі. Көрме келесі ұрпаққа аманат ретінде ұсынылып отыр», – деді.

Ұйымдастырушылар іс-шара барысында фотокөрмеге жиналған көрермендерге арнайы тарихтың әр кезеңінен сұрақтар қойып, бағалы сыйлықтар таратты. 

Фотокөрмедегі құнды құжаттар мен жалпы архив қоры жайлы телерадио кешенінің бас маманы Әбуова Қаламқас Әскеровна: 

«Осы 105 жыл ішінде алғаш рет осындай тарихи маңызды шара ұйымдастырылып отыр. Бұл суреттердің иелері – кезінде КазТАГ аталған Қазақпараттың фототілшілері. Мемлекеттің тарихы мен Қазақпараттың тарихы әрдайым қатар өрбіді. Тарихи маңыздылығы да осында: Қазақпарат қорының 23 780 суретінің ішінен мен 3 670 суретті іріктеп алдым. Ал бүгінгі көрмеге тек 180 сурет қойылды. Бұл суреттердің басым бөлігі алғаш рет архивтен алынып, көпшілік назарына ұсынылып отыр. Сондықтан әр сурет – бір тарих, әр бейне – бір адам тағдыры, әр көрініс – бір өмір. Осы суреттер арқылы соғыс жылдарындағы халықтың тұрмысын, соғыстан кейінгі кезеңдегі өмірін көруге, сол дәуірлерді танып-білуге мүмкіндік бар», – деді. 

Фотокөрмеде сирек кездесетін Алаш қайраткері, Батыс Алашорда бөлімінің басшыларының бірі,  қазақ дәрігері – Ахмет Мамытұлының қызы Мәншүк Мәметованың фотосуреті қойылған. Ел Мәншүк Мәметованың Екінші Дүниежүзілік соғыстың қаһарманы, халық батыры, соғысқа аттанған қазақ қыздарының алдыңғы шебі ретінде біледі. Дегенмен, Мәншүктің жастық шағы, отбасы, соғыстағы жылдары жайлы деректер ақпараттық құралдар бетінде сирек кездеседі. Фотокөрмеге қойылған  Мәншүктің суреті анасы Амина Мәметовамен 1935 жылы «Каменское Плато» шипажайында түсірілген. 

Фотокөрмеде қойылған суреттердің құндылығы және фотокөрмелерді жиі ұйымдастырудың маңызы жайлы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Рожин Максим Николаевич: 

«Бүгін Қазақпараттың жүз бес жылдығына арналған фотокөрме өтіп жатыр. Бұл Қазақстан тарихындағы көптеген оқиғалар мен елеулі тұлғалардың бейнесін тұңғыш рет фотокөрмеден көру мүмкіндігін беретін ерекше шара. Өйткені біз өз тарихымызды фотоөнер арқылы таныстыру амалына куә болып отырмыз. Мен өзім қонақ ретінде де, фотограф ретінде де, фотоөнер жанкүйері ретінде де мұндай жобаларды қолдаймын және осындай бастамаларға көбірек азаматтардың куә болуы маңызды деп есептеймін. Айта кетейік, әлемде фотоаппарат жүз жыл бұрын пайда болса, алғашқы қазақ фотографы – Жәңгір ханның ұлы Шәңгерей Бөкеев еді..», – деді.

Қазақстанның 1936 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі мәдениеті бөлімінде сирек кездесетін Мұхтар Әуезовтың 1957 жылы Абай атындағы қазақ педагогикалық институты студенттерімен кездесу кезінде сөз сөйлеген сәті, халық әртісі Дина Нұрпейісова, ҚазКСР еңбек сіңірген әртісі Зәмзәгүл Шәріпова, халық батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының портреттері  берілген. Жалпы көрмеге барлығын 188 фотосурет қойылған. Фотокөрме MEGA Silk Way сауда орталығында 31 тамызға дейін жалғасады.

Бөлісу