Әр халықтың өзіне ғана тән ым-ишарасы бар. Бір елде қол қимылы «бәрі жақсы» дегенді білдірсе, басқа елде ол тікелей қорлау немесе мазақтаудың белгісі болуы мүмкін. Сондықтан шетелге сапар шеккенде тек жергілікті тілді білумен шектелмей, сол елдің қимыл ерекшеліктерін де ескерген жөн. Егер мұндай жағдайға мән бермесек, аңдамай біреуді ренжітіп не өзіміз де ыңғайсыз жағдайға тап болуымыз әбден мүмкін.
«ОК» белгісі
Бас бармақ пен сұқ саусақтың ұшын түйістіріп, қалған саусақтарды тік ұстап жасалатын бұл қимыл көп елдерде «бәрі жақсы», «жақсы болды» деген мағына береді. Алайда ол барлық жерде бірдей түсінік бермейді. Мысалы, Францияда ол «нөл», «ештеңе емес» дегенді меңзесе, Бразилияда әдепсіз ишара, тіпті балағаттау ретінде қабылданады. Түркия мен Грекияда да ол қорлайтын сипатқа ие болып, адамды кемсіту үшін қолданылады. Ал Жапонияда оның пішіні тиынға ұқсағандықтан, ақшамен байланыстырылады.
Бас бармақты көтеру
Әлем елдерінің басым көпшілігінде бас бармақты жоғары көтеру – қуаныштың, мақұлдаудың, қолдаудың белгісі. Әлеуметтік желілердегі танымал «лайк» белгісі де осы ишарадан бастау алады. Алайда бұл қимыл Грекияда «тоқта» деген мағынаны білдіреді. Таяу Шығыс елдерінде ең ауыр балағаттың бірі болып саналады және адамды қатты қорлаудың тәсілі ретінде қолданылады. Ал кәсіби сүңгуірлер арасында бұл ишара – «шұғыл түрде су бетіне көтерілу керек» деген ескерту белгісі.
«Peace» белгісі
Сұқ және ортаңғы саусақты көтеріп, V-әрпін жасау – әлемнің көптеген елдерінде бейбітшіліктің, жеңістің немесе позитивті көңіл-күйдің белгісі. Бұл қимыл ХХ ғасырдың ортасында «Peace» символына айналып, жастар қозғалысы мен хиппилердің басты ишарасына айналған. Дегенмен, мұнда да мән беретін ерекше деталь бар. Егер саусақтарыңызды көтергенде алақаныңызды сыртқа қаратып көрсетсеңіз бұл қимыл «Бейбітшілік» немесе «Жеңіс» деген мағынада қабылданады. Ал егер алақаныңызды өзіңізге қаратып жасасаңыз, Ұлыбритания мен Ирландияда ол балағаттың ауыр түрі ретінде саналады.
«I Love You»
Рок музыкасының жанкүйерлері үшін ол – еркіндіктің, энергияның, драйвтың белгісі. Рок-концерттерде бұл қимылды көрермендер орындаушыларға қолдау білдіру үшін жиі көрсетеді. Алайда, дәл осы ишара кей елдерде мүлде басқа мағынаға ие. Италия мен Испанияда ол ерлі-зайыптылар арасындағы опасыздықты меңзейді. Яғни бұл белгіні көрсеткен адам біреудің жарына адал емес екенін меңзеп, оны қорлап тұр деген сөз. АҚШ-та бұл ишараның жұмсақ нұсқасы бар. Бұл қимыл америкалық саңырау адамдардың тілінде «I Love You» тіркесінің қолмен жасалатын нұсқасы ретінде қалыптасқан. Ал Түркияда ол саяси сипат алып, «Сұр қасқырлар» деп аталатын ұлттық қозғалыстың символы ретінде қолданылады.
Алақанды ашып қолды жоғары көтеру
Алақанды жоғары қаратып, саусақтарды жазып көрсету – көп елде «тоқта», «күте тұр» дегенді білдіретін әмбебап ишара. Израильде бұл қимыл «қойыңызшы» немесе «сабыр етіңіз» дегенді меңзейді. Египетте осылай қол көтеру кейде «аздан кейін келемін» дегенді білдіреді. Алайда Грекияда дәл осы ишараны жасауға болмайды. Мұнда ол «мундза» деп аталады және ең ауыр балағаттардың бірі саналады. Бұл дәстүрдің тамыры Византия дәуіріне кетеді. Ол кезде қылмыскерді қала ішінде халыққа көрсетіп жүргенде, жұрт оның бетіне күл, кір, тіпті нәжіс жағып мазақтайтын. Ал жұртшылық қылмыскерге жиіркенішін білдіріп, дәл қазіргі «мундза» ишарасын көрсеткен.
Ым-ишаралар – адамзаттың ортақ тілі сияқты көрінгенімен, олардың мән-мағынасы әр мәдениетте әртүрлі. Сондықтан саяхаттап жүргенде немесе басқа мәдениет өкілдерімен қарым-қатынас орнатқанда тек сөздік қорды ғана емес, қол қимылдарының ерекшелігін де білу маңызды. Бұл – өзгенің дәстүріне құрмет көрсетудің, өзіңіз үшін қажетсіз түсінбеушілік пен ыңғайсыз жағдайдан сақтанудың ең қарапайым әрі сенімді жолы.