Dior-дың музасы болған қазақ қызы

Бөлісу

08.08.2025 1495

Алла Ильчун – Қытайда дүниеге келіп, Францияда әлемді таңдандырған, Кристиан Диордың басты музасына айналған қазақ қызы. Ол – жаһандық сән индустриясын өзгерткен, еуропалық подиумда еуразиялық сұлулықты паш еткен алғашқы модель. Оның бейнесі – қазақ қыздарының әлемдік өнер мен мәдениеттегі айшықты орнының дәлелі.


Алла Ильчун – сән әлемінде аты аңызға айналған тұлға. Ол 1926 жылдың 10 желтоқсанында Қытайдың Харбин қаласында дүниеге келген. Әкесі  Куантхан Елшын қазіргі Алматы қаласы орналасқан Верный шаһарында туып-өскен, ауқатты әулеттен шыққан, техникалық білім алып, Қытайда темір жол инженері болып еңбек еткен. Ал анасы Тамара Михайлова Санкт-Петербургте туған орыс қызы, кәсіби опера әншісі болған. Екі түрлі мәдениет өкілінің тағдыры Харбинде тоғысып, олар шаңырақ көтереді. 

Алайда сол дәуірдегі саяси тұрақсыздық пен тарихи дүмпулер бұл шағын отбасының тағдырына да әсер етеді. 1936 жылы Алла небәрі 10 жаста толғанда анасы екеуі Шанхайдан қашып, Еуропаға бет алады. Олар Франция астанасы Парижге келіп жаңа өмір бастайды. Ал Алланың әкесі Қытайда қалып қояды, кейінгі тағдыры туралы дерек жоқ.

Алланың балалық шағы Екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр кезеңімен тұспа-тұс келді. 13 жасында ол француздардың қарсылық қозғалысына қосылып, партизандарға жәрдемдесіп, жаралыларға алғашқы медициналық көмек көрсете білді. Бұл оның ерте есейіп, қайсарлық танытқанын, батыл мінезі мен өмірге белсене араласқанын көрсетеді. Осылайша, Алла Ильчунның балалық шағы мен жастық кезеңі тарихтың ең күрделі беттерінде қалыптасты. Бірақ дәл осы тағдыр соқпақтары оны болашақта әлем мойындаған аруға айналдырып, сән подиумдарына жетеледі.

Соғыс аяқталғаннан кейін Алла Ильчун қарапайым тіршілік кешуге мәжбүр болды. Париждегі бір мейрамханада ыдыс жуушы болып жұмыс істейді. Бірақ дәл осы қиын күндердің өзінде тағдыр оған күтпеген мүмкіндік ұсынды. 1947 жылы ол жақын дос қызын атақты Christian Dior сән үйінің кастингіне ертіп барады. Алланың өзі кастингке қатысуды мүлде ойламаған да еді. Алайда дәл сол сәтте Диордың назары Аллаға ауады. Бір көргеннен-ақ оны болашақ жұлдыз ретінде таныған дизайнер оны модельдер қатарына бірден қабылдайды. Осылайша сән әлемінде алғаш рет еуропалық емес, қазақ-азиялық келбетке ие модельдің жұлдызы жанады. Алланың ерекшелігі бірден көзге түседі. Сәнгерлер оған «экзотикалық гүл», «талисман» секілді атаулар берсе, француз баспасөзі оны «шығыстың інжу-маржаны» деп ерекше бағалады.

Алланың әдемі көздері, айқын біткен бет сүйегі, нәзік қимылы және небәрі 47 сантиметрлік жіңішке белі сәннің жаңа өлшеміне айналды. Ол подиумда жүрген кезде көрермен оны жай ғана киім көрсетіп жүрген адам емес, нағыз образ, сахналық бейне ретінде қабылдайтын. Оның сахнадағы жүрісі – өнер туындысындай әсер қалдыратын. Әсіресе ол айналғанда оң аяғын сәл ілгері қойып, ерекше бұрылыс жасайтын тәсілі кейін өзге модельдерге де үлгі болды.

Кристиан Диор Алланың бойындағы ерекше харизманы бірден таныды. Ол өз қолынан шыққан ең көркем, ең күрделі көйлектерді дәл Аллаға сеніп тапсыратын. Себебі ол сахнада сол көйлектерді тірілтіп, образға жан бітіретін. 

Алла Ильчунның қатысуымен өткен сән көрсетілімдері көп ұзамай күллі Еуропаның назарын аударады. Элизабет Тейлор, Марлен Дитрих, Ұлыбритания ханшайымы Маргарет сынды әлемдік жұлдыздар сән үйінің тұрақты қонақтарына айналды. Олар көбіне Алла киген көйлектерді таңдады. Өйткені дәл осы модель киген киімдер әркез сәтті сатылатын. Уақыт өте Алла Ильчун подиум мәдениетінің символына айналып, сән тарихында өзіндік ізі қалған бірегей тұлға болды.

Алла Ильчун сән әлемінің ғана емес, сұлулық индустриясының да бет-бейнесін өзгертті. Бүгінде сол салада кеңінен қолданылатын «мысықша көз» макияжының негізін қалаған да – дәл осы Алла. Ол көз пішінін айқындау үшін қара қаламмен ерекше сызық жүргізіп, оған айрықша мән беретін. Кейін бұл әдіс «cat eye» стилі деп аталып, жаһандық сәннің тұрақты үрдісіне айналды. 

Алланың келбеті мен стилі әлемнің ең беделді сән журналдарының басты беттерінен түспеді. Vogue, Elle, Harper’s Bazaar секілді басылымдар оны үздіксіз жариялап отырды. Бір маусымда ең көп суретке түсірілген модель атану кез келген арудың арманы және бұл мәртебе Алла Ильчунға бұйырды.

Алайда ол тек сыртқы сұлулығымен ғана емес, ішкі мәдениетімен, терең білімімен де дараланды. Алла алты тілді еркін меңгерген полиглот еді. Бұл қабілеті оны сән көрсетілімдерінен тыс, салондық кездесулерде де ерекшелендірді. Ол тек көйлек киіп шыққан модель емес, сәннің мағынасын терең түсінетін, мата мен тігістің, силуэт пен стильдің мәнін саралап айта алатын кәсіби маманға айналды. Мұндай қабілет сол кезеңде модельдер арасында өте сирек кездесетін.

Алланың жеке өмірі де қоғам назарынан тыс қалған жоқ. Оның есімі аты аңызға айналған әскери фототілші, репортер Роберт Капамен байланысты аталды. Бірақ Капаның тынымсыз сапарларға толы өмірі тұрақты қарым-қатынасқа мүмкіндік бермеді. Ол қаза тапқаннан кейін, Алла өмірін түбегейлі өзгертеді.

1953 жылы ол поляк текті француз интеллектуалы Майк де Дюльменмен отбасын құрып, ұл сүйеді. Алайда бұл неке де ұзаққа созылмайды. Кейіннен Алла тағы да тұрмысқа шығып, өмірінің соңына дейін Францияда тұрақтап қалады. Сол жақта тұрып, зейнет жасына жеткенше сән саласынан қол үзбей еңбек етті.

Алла Ильчунның тағдырындағы ең ерекше әрі жұмбақ тұстардың бірі – оның ұзақ жылдар бойы өз тегін жасырып келуі еді. Ресми құжаттарда ол Қытайдан келген әйел ретінде көрсетілді, ал француз азаматтығын тек көп жылдар өткен соң ғана алды. Өмірінің соңына дейін шетелдік баспасөз де оны «қытай қызы» деп таныды. Тек 1987 жылы ғана, өмірінің соңына таман, оның шыққан тегі жайлы шындық ашылды. Қазақ дипломаты Берлин Иришевтің зерттеулерінің арқасында Алланың қазақ қызы екені белгілі болды. Оның сирек фотосы антиквариаттан табылып, жан-жақты зерттеліп, деректер жаңаша тіркеуге алынды. Сол ізденістің нәтижесінде «Алла – Dior-дың шығыс маржаны» атты деректі фильм түсірілді. Оның өмірі мен шығармашылығы туралы кітап жарық көрді. Ұмыт болған есім қайта жаңғырып, сән әлеміндегі қазақ ізі қайта танылды.

Алла Ильчун – қазақ халқының әлемдік мәдениетке қосқан асыл мұрасы. Ол тек сән көрсеткен жоқ, ол өзінің болмысымен, талантымен, батылдығымен ХХ ғасыр сән өнерінің жаңа бағытын қалыптастырды. Алланы танып, оның есімін лайықты дәріптеу – ұлт мәдениетін құрметтеудің бір көрінісі.

Суреттер ашық дереккөзден алынды

Бөлісу