Атырауда Меңгу-Темір хан тұсында құйылған күміс тиындар табылды
Бөлісу
25.07.20251223
Ежелгі бұйым Жошы Ұлысында құрылған Алтын Орда мемлекетінің билеушісі Меңгу-Темір хан тұсында құйылған ақша тобына жатады.
Атырау өңірінде ортағасырлық күміс тиындар табылды. Сирек кездесетін көне күміс монеталар «Ақтөбе-Лаэти» қалашығына жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған. Қазба жұмыстары Атырау облысы әкімдігі Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен жүргізіліп жатыр.
Өңірлік коммуникация қызметінің мәліметінше, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің археологтары анықтаған бұл монеталарды ресейлік нумизматика профессоры зерттеп, бедерлі таңбаларын оқып шыққан.
«Бұл тиындар белгілі нумизматик ғалым Павел Петровтың пайымдауынша, ХІІІ ғасырдың екінші жартысына сәйкес келеді. Құйма ақшаның бір бетінде Меңгу-Темір ханның таңбалары, екінші жағында Қытай иероглифтері бейнеленген. Оның себебі Шығысханнан тараған Құбылай ұрпақтары мен Шағатай ұлысы арасында қақтығыстарда қолға түскен саяси тұтқын Номуханмен байланыстырылады», - дейді археолог Амангелді Мұғауұлы.
Ежелгі бұйым Жошы Ұлысында құрылған Алтын Орда мемлекетінің билеушісі Меңгу-Темір хан тұсында құйылған ақша тобына жатады.
Сондай-ақ қазба жұмыстары барысында өте сирек кездесетін «Тағара» ыдысы табылған. Жәдігер еш бүлінбестен бүтін күйінде сақталған.
«Соңғы екі-үш жылдықта бұл жерге ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Қалашықтың 53 гектар аумағы толықтай қоршалды. Болашақта ашық аспан астындағы музейге айналдыруды жоспарлап отырмыз», - деді облыстық Тарихи-мәдени мұраларды зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев.
Археолгиялық зерттеу жұмыстарына Атырау университетінің тарихшы мамандығында оқитын студенттері де қатысқан.
Бүгінде көне қалашықтың 500 шаршы метр аумағынан аршып алған артефактілер оқу ордасының зертханасында терең зерттеледі деп жоспарланып отыр.
Меңгу-Темір (Менгу-Тимур, шамамен 1267–1282 жылдары билік құрған) – Алтын Орда мемлекетінің билеушісі, Жошы Ұлысының ханы, Бату ханның немересі және Берке ханның інісі. Ол Алтын Орда тарихындағы маңызды тұлғалардың бірі болып есептеледі. Оның билігі кезінде мемлекеттің экономикалық және саяси тұрақтылығы нығайды.
Меңгу-Темір хан билікке 1267 жылы келді және оның басқаруы Алтын Орда мен басқа мемлекеттер арасындағы сауда мен дипломатиялық байланыстардың дамуымен ерекшеленді.
Меңгу-Темір ханның ең маңызды жетістіктерінің бірі – Алтын Орданың ішкі істерінде тәуелсіздікті күшейту және Ордаға бағынышты аймақтарға бақылау орнатты. Ол Ресей князьдіктерінің билеушілеріне рұқсат қағазын беріп, өз билігін мойындауды талап етті. Бұл саясат оның билігі кезінде Ресей жерінің көп бөлігін Алтын Ордаға бағынышты етті.
Сонымен қатар, Меңгу-Темір хан Египеттегі Мамлюктермен одақ құрып, Ирандағы Ильхандарға қарсы бірлескен әрекеттерді қолдады.
Меңгу-Темір ханның билігі кезінде Алтын Орда сауда және қолөнер орталығы ретінде өркендеді. Оның тұсында Жібек жолы бойындағы сауда жолдары мен қолөнер шеберханалары дамыды, бұл Ақтөбе-Лаэти сияқты қалашықтардың өркендеуіне ықпал етті. Менгу-Темір1282 жылы қайтыс болды, ал оның мұрагері Тоқты хан болды.
Ақтөбе-Лаэти – Атырау облысы, Жайық өзенінің сағасында орналасқан Алтын Орда дәуіріне (XIII-XIV ғасырлар) жататын ірі қолөнер және сауда орталығы.
Бұл қалашық Жошы Ұлысының экономикалық және мәдени өмірінде маңызды рөл атқарған. Ақтөбе-Лаэти өз кезінде Жібек жолының бойында орналасуымен және қолөнер шеберханаларымен танымал болған.
Археологиялық зерттеулерге сәйкес, қалада металл балқыту, керамика, әйнек және зергерлік бұйымдар өндірісі дамыған.
Ақтөбе-Лаэти қалашығына алғашқы археологиялық қазба жұмыстары 1965 жылы М.С. Мерщиевтің бастамасымен жүргізілді. Кейіннен, 1975-1983 жылдары Л.Л. Галкиннің жетекшілігімен КСРО Ғылым академиясының Еділ-Орал археологиялық экспедициясы зерттеулерді жалғастырды.
1989-1992 жылдары З. Самашев пен В.К. Афанасьевтің экспедициялары қала тарихын зерттеуге үлкен үлес қосты. 2012 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенттері археологиялық практика аясында қазба жұмыстарын жүргізді.
Қазба жұмыстары нәтижесінде Ақтөбе-Лаэтиден көптеген жәдігерлер табылды, олардың ішінде алтын және күміс монеталар, зергерлік бұйымдар, қыш ыдыстар, жебе ұштары бар.
2018 жылы жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған 22 сырлы ыдыс сынықтарының тек екеуі кашиннен жасалған, қалғандары қызыл қыштан өңделген. Табылған қыш ыдыстар арасында хұм, құмыра, қазан, табақ, тостаған, шығыр және шырағдан сияқты әртүрлі бұйымдар бар. Сондай-ақ, зергерлік бұйымдар, ақық тастанравий тастардан жасалған моншақтар мен сақиналар табылды.