Ақайдың Хасені
24.01.2024 2393

Хасен Ақаев кім? Оның соңына қалдырған үлгі-өнегесі қандай? Осы сұрақтар төңірегінде мақаламызда ой өрбітпекпіз. Хасен Ақаевтың туғанына биыл 165 жыл толып отыр. Сондықтан да тәуелсіздік кезеңінде осы күнге дейін туған халқымен қайта табысқан тұлғаның іс-қызметін санада жаңғыртып өтуді мақсат етіп отырмыз.


Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі күнге дейін жүріп өткен тарихи жолы – бұралаңы көп, қиын-қыстау кезеңдерге толы екеніне оны оқу арқылы анық көз жеткіземіз, сабақ аламыз. Даланың аптап ыстығы мен сары аязына жүзі тотыққан кешегі қазақтың бүгінгі тәуелсіз  ұрпағы қала салып, ұлан-байтақ өлкеге ие болып, болашаққа қадам басып келеді. Кешегі совет заманында қазақтың арғы тарихына қатысты шынайы мағлұматтардың мектеп бағдарламасында мүлде аз болғаны туралы әке-шешелеріміздің әңгімелерінен білеміз. Ол заманда қазақ даласында өмір сүрген дана, дара, ауқатты тұлғалар мен ел билеушілері туралы толық айтыла бермегенімен, аға ұлттар саналған жұрттардың сән-салтанаты туралы туындылар жеткілікті болса керек. Қазақтың өткен ғасырда өмір сүрген белгілі ақындарының бірі Ғафу Қайырбеков өзінің «Абылайдың ақ үйі туралы аңыз» атты өлеңінде мынадай сұрау тастайтыны бар:

Екі ғасыр ішінде, одан да әрі,

Бәрі жұмбақ не болып, не қойғаны.

Бәлкім, мұнда мінәжәт еткен шығар,

Талай биі қазақтың, талай ханы?

Әлі күнге бір сұрақ, мен аңғарған – 

Сұрап келем ақылды адамдардан:

«Өзге жұрттың хандары керемет боп,

Біздің хандар қалайша жаман болған?»

Иә, бұл өткен ғасырдың бірнеше буын ойлы ұрпағының бас қатырып келген сұрағы. Бүгінгі азат дәуірдің ұрпағы біздер мұны түсінбеуіміз де мүмкін. Себебі, біз тәуелсіздіктің жемісін жеп өскен ұрпақпыз.

Тарихшы Еркін Рахметуллин «ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ меценаттары: тарихы мен тағдыры» атты мақаласында: «ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ қоғамының мемлекеттік құрылымын жаңа әрі өркениеттілік тұрғыда қалпына келтіруге тырысқан. Алаш қайраткерлерінің ел ішінде сенім артқан әлеуметтік тірегі қазақ байлары болғаны талас тудырмайды. Алаш қозғалысының халық арасында кең таралуына, жергілікті қазақ комитеттерінің берік орнығуына аталмыш әлеуметтік топ өкілдері өз септігін тигізді. Бұрынғы Ресей империясының территориясында патшалық билікті алмастырған атқарушы үкімет тарапынан мойындалмаған Алаш автономиясы қазақ қоғамының негізгі экономикалық тірегі саналған қазақ байларына арқа сүйеді. Өйткені жаңадан құрылған Алашорда үкіметінің қаржылық және материалдық қажеттіліктері қазақ байлары тарапынан өтеліп отырды. 

Алашорда үкіметінің экономикалық және қорғаныс тірегі саналған қазақ байлары қатарында семейлік Қаражан Үкібаев, шыңғыстаулық Медеу Оразбаев, Ике Әділов, Қарқаралы өңірінен Хасен Ақаев, ағайынды Бекметевтер, Ыбырай Ақпаев, жетісулық Маман байдың балалары және Алашорда үкіметінің батыс бөлімшесінен қобдалық Иса Көпжасаров, Сырым батырдың шөбересі Салық Омаров, Маңғыстау өңіріне аты шыққан бай Тобанияз Әлниязовтарды ерекше атап өтеміз» деп жазады. Орынды пікір. Біз жоғарыда қазақ халқының ұзақ кезеңдер бойы бодандықта болуы себепті, совет билігі тұсындағы идеология елдің билеуші тобына, сонымен қатар ауқатты байларына біржақты баға беріп келгендігін атап өткен болатынбыз. Расымен де Алаш арыстарын бүгінгі ұрпақ жақсы білгенімен, ел-жұртының арқасүйер тірегі, сүйеушісі болған белгілі байларды біле бермейді. Солардың бірі – жоғарыда аты аталған Хасен Ақаев. 

Хасен Ақаев кім? Оның соңына қалдырған үлгі-өнегесі қандай? Осы сұрақтар төңірегінде мақаламызда ой өрбітпекпіз. Хасен Ақаевтың туғанына биыл 165 жыл толып отыр. Сондықтан да тәуелсіздік кезеңінде осы күнге дейін туған халқымен қайта табысқан тұлғаның іс-қызметін санада жаңғыртып өтуді мақсат етіп отырмыз.

Орысша үрдіспен Хасен Ақаев дегенімізбен, осы бір даңқты тұлғаның есімін ардақтап, құрметтеген қалың елі, қазағы «Ақайдың Хасені» деп атап кеткен.

Белгілі қоғам қайраткері, меценат бай, ықпалды тұлға Ақайдың Хасені 1859 жылы қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы жерінде, бұрынғы Қу болысының аумағында ауқатты отбасында дүниеге келеді. Шыққан тегі жағынан арғынның қаракесек руының нұрбике шаншарға жататын жарылғап бөлімінен тарайды. Атақонысы – Қоянды жәрмеңкесі айналасындағы кең алқап болса керек.

Хасеннің арғы атасы Баймұрын би өз заманының ықпалды биі болыпты. Баймұрын би өз заманында екі бұлақтың ағатын жеріне тоспа жасатып, шабындық суаруға пайдаланған. Осы жерде жасанды көл пайда болып, оны Мырзакөл немесе Көлбасы деп атаған екен. Әкесі Ақай да өзінің еңбекқорлық, іскерлігімен өз қатарынан дараланған ауқатты дала шонжарларының бірі ретінде ел билеуге араласып, көп жылдар бойы болыс болып сайланып, қызмет атқарады. Қартайғанда ол да кезіндегі Қарқаралы аға сұлтаны Құнанбай қажы тәрізді, қалған ғұмырын мұсылманшылықтың бес парызын тиянақты өтеуге жұмсапты. Мекке-Медениеге қажылық сапарға аттанып, топырақ сол жақтан бұйырған екен.

Ақайдан Мағат, Қасым, Хасен атты үш ұл туады. Үш ағайындының ішінен Қасым өмірден ертерек өтіп, Мағат пен Қасым әке жолын жалғастырып, байлық пен билікті қатар ұстайды.

Қазақ даласының дәл кіндігінде жатқан құйқалы да құт-берекелі Қарқаралы өңірінің даңқы Қоянды жәрмеңкесімен шықты. Қызылжар мен екі аралықта айырбас сауда жасап мал тауып жүрген ялутролық орыс көпесі Варнава Ботовтың болашақты анық болжаған сұңғыла ойы мен жергілікті халықтың өріс-қоныс, мал-дәулет, т.б. тұрғысындағы мүмкіндігінің үйлесуінен пайда болып қалыптасқан Қоянды жәрмеңкесі 1848 жылдан бастап өз жұмысын жүргізе бастап, совет дәуіріне дейін халыққа қалтқысыз қызмет етті. Қоянды жәрмеңкесінің орталық Қазақстандағы қазақ халқының әл-ауқаты нығаюына қосқан үлесінен гөрі оның ұлттық сананы ояту жолындағы орасан зор ықпалы болғанын бүгінгі тарих әйгілеп отыр. 

Тәуекелшіл көпес Варнава Ботовтың Қоянды өңіріндегі, Қарасор көлінің маңындағы сауда-саттық  қызметі біртіндеп қарқын алып, тас өрге домалайды. Билік тарапынан 1869 жылдан бастап 15 маусымнан 15 шілдеге дейін ұйымдастырылатын жәрмеңке ретінде бекітіліп, жыл өткен сайын сауда қызмет көлемі арта түседі. Осы жылы 1869 жылы Қарқаралы уездік әкімшілігі атынан Варнава Ботовтың ұйымдастыруындағы Қоянды сауда орнын патша үкіметінің құзырлы органдарына ресми жәрмеңке ретінде тану жөнінде қатынас жолдайдын Нәтижесінде Батыс Сібір генерал-губернаторы «…Өзін ұйымдастырған Ботовтың құрметіне атасын» деген нұсқаумен және  «15 маусымнан 15 шілдеге дейін жәрмеңке ұйымдастырылсын» деген рұқсатнама қаулы шығарады. Осылайша мұндағы сауда қызметінің қауіпсіздігін күзететін жандармерия бөлімшесі, пошта бөлімшесі, медпункт, телеграф, мемлекеттік банк, камерасы бар судъя үйі, уезд бастығының барағы, сауда жөніндегі бөлімшелер мен өзге де орын-жайлар құрамына кіретін екі қатар сауда көшесі ашылдады. Әбден толысқан кезеңде ондағы сауда нүктелері 55 шақырымды алып жатқан. «Жәрмеңке тек сауда-саттық ісінде ғана емес, көршілес елдермен тұрақты экономикалық байланыс жасауда, халықтың өнері мен мәдениетін дамытуда аса маңызды орын алды. Оларды қалың қазақ қауымының бас қосатын, халық өнерін насихаттаудың орталығы болды. Арқа өңірінің небір тарландары жиылып, өнер сайысын ұйымдастырып, жәрмеңкені қыздыра түскен. Жалғыз өзіміздің жерден ғана емес әншілер, палуандар, цирк әртістері Қытай, Ресей, Жапониядан да келген» делінген энциклопедиялық деректерде. Яғни жәрмеңкенің даңқы сонау Жапон аралдарына дейін жеткен деген сөз.

Мұндай ауқымды сауда-іскерлік орталығына айналған Қоянды жәрмеңкесінің жұмысын тиянақты жүргізу үшін үкімет органдарының ресурстарымен қатар, жергілікті халық арасынан шыққан ауқатты әрі іскер адамдар да ауадай қажет еді. Осы өңірдің өз адамы болғандықтан, жастайынан мұндағы іс-қызметтің қыр-сырына қанық болып өскен, өзі де ауқатты дала шонжары Ақайдың Хасені дәл осы мақсаттың үдесінен лайықты шыға білген тұлға болады. 

Қазақ даласының әр тұсында күні кешеге дейін мың-мыңдап мал өсіріп сән-салтанат құрған байлар көп болған. ХІХ ғасырдың ортасынан бастап Ресей империясының қиыр өлкесінде мекендеген қазақтар арасына да капиталистік қарым-қатынастардың ұшқыны сезіле бастады. Ендігі жерде тек малды молынан өсіріп, қатал табиғаттың қабағына қарап өмір сүрудің заманы өтіп бара жатқанын түсінген озық ойлы, сұңғыла байлар да туып шыға бастады. Солардың бірі – Ақайдың Хасені болатын.

Қазіргі тілмен айтқанда Ақайдың Хасені – сұңғыла маркетолог, іскер топ-менеджер тұлға. Айтушылардың сөзіне қарағанда он сегіз мың жылқы біткен, атадан қалған мол дәулеттен құралған қаржыны өз заманындағы буржуазиялық қарым-қатынасқа сәтті бағыттаған Ақайдың Хасені Қоянды жәрмеңкесінің аумағынан байлығын асырып, Ресейдің ірі қалаларында сауда өкілдіктерін ұстаған екен. Сондықтан да Ақайдың Хасені келіп үйін тіккенде Қоянды жәрмеңкесі ашылып, күзде ол кісі үйін жыққанда жәрмеңке маусымы ресми жабылатын болған деген аңызға бергісіз деректі шындық деп қабылдаймыз. Бұл да болса Ақайдың Хасенінің халық пен билік, сауда-бизнес өкілдері арасындағы көрнекті орнын, бет-беделін айқындап тұрса керек. 

Мұны әйгілі Алаш арысы Әлімхан Ермек те растаған екен: «Қу болысында Хасеннің беделі керемет еді. Онсыз Қоянды жәрмеңкесі ашылмайтын. Өйткені бұл оның туған жерінде еді. Кілең жүйрік жылқы ұстайтын жәрмеңкеде олар бәйге беріп көрген емес. Ақаев сауданы демеп отырған. Мен оны қоғам қайраткері есебінде де білемін. Біздер, Әлихан Бөкейханов екеуіміз оның ауылында болдық», – деп жазады. Қазақ даласында 82 жыл бойы қызмет жүргізіп, осы өңірдегі халықтың рухани санасы оянуына өлшеусіз үлес қосқан Қоянды жәрмеңкесінің даңқты жолы көп жағдайда Ақайдың Хасенінің есімімен тікелей байланысты екенін көреміз. Тіпті совет үкіметі жылдарында Қоянды жәрмеңкесінің жұмыс ырғағы бқзылмауы үшін өңірдегі қалалармен байланысқа қажетті қаражатты Ақайдың Хасені өз қалтасынан төлеп отырғаны туралы да айтылады.

Қазақ байлары – өзі өмір сүрген өңірдің құты мен берекесі, намысы мен ұятының сақшысы болған деп айтуымызға негіз бар. Әрине бес саусақ бірдей болмайтыны сияқты, барлық байлар осылай болды деуге болмайды. Оны бүгінгі өмірден де көріп отырмыз. Ал Ақайдың Хасені сияқты мемлекетшіл, ұлтшыл, айналасына қайырымды, жаңашыл көзқарастағы байлар ол заманда аз болмаған. Орыс армиясының генералы Семен Броневский: «Қазақтың «бай» деген сөзі орыстың «богатый» сөзіне қатысты түсініктердің стандарттарына еш сыймайды. Қазақтардың таным-түсінігінше, бай ең әуелі рухани жағынан кемел толыққан, нақты бір даму деңгейіне жеткен адам. Сондай адамды ғана қазақтар бай деп мойындайды. Кейбір жай ғана материалдық байлыққа қол жеткізген адамдарды қазақ шынайы бай деп ешқашан мойындамаған», – деп атап көрсетеді. Құр байлық қана жиған байларға деген қазақтың көзқарасына айқын мысалды қазақ ертегілеріндегі Қарынбай мен Шығайбайлардың жағымсыз әрекет-қылықтарынан да анық аңғаратынымыз анық қой.

Әрбір істі кеңінен, жан жақты ойлайтын, өрісі кең Ақайдың Хасені – шын мәніндегі қоғам қайраткері. Ол Қу елінің болысы қызметін 16 жыл атқарған уақытында, ел арасына көптеген жаңалық енгізуші, білім мен өнерді қолдаушы ретінде танылды. Қояндыда мектеп ашып, оған орыс тілінен сабақ беретін мұғалімді арнайы жалдап алып келіп оқытады. Осы мектептен білім алған көптеген шәкірттердің бірі – әйгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Халық  Комиссарлары кеңесінің төрағасы болған Нығмет Нұрмақұлы еді. Жоғарыда атап өтілгеніндей, Қояндыға келген орыс, өзбек, татар көпестерімен тығыз байланыста болып, олардан үйреніп, үйрете отырып, өңірдегі халықтың әл-ауқатын арттыруға көп күш салады. Мектеп ашудан өзге, өңірде егін салу, мал тұқымын сапаландыруға көңіл бөледі. 

«Базарың құтты болсын ардақты елім, 

Қоянды ту көтерген думан жерім. 

Қарқара, сұлу Көкше – жер шоқтығы, 

Сарыарқа алтын бесік асқар белім».   

Қоянды жәрмеңкесінің шымылдығын ашушылардың бірі болған Арқаның атақты өнерпазы Біржан сал бастаған, Ақан сері, Балуан Шолақ, Мәди, Қажымұқан, Майра, Әміре, Ғаббас, Қали, Иса, т.б. қазақ халқының сол тұстағы небір өнерімен, күш-қайратымен дараланған тұлғалары осы Қоянды жәрмеңесінде өнер көрсетті. Олардың бәрінің де Ақайдың Хасенімен жолығысып, өнер көрсетіп алқауына бөленгені сөзсіз. 

Қояндыда Абай Құнанбайұлы да бірнеше рет болған екен. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында бұл туралы эпизод барын ескерсек, әрі ұлы ақынның атақонысы Шыңғыстау өңірінен Қоянды жәрмеңкесі тым қашық еместігіне қарап та Абайдың мұнда болу ықтималдығы өте жоғары.

Зәрубай, Жынды Омар, Қаллеки сияқты акробат артистер халық алдында өнер көрсетіп, тамашаға бөлеген. Қоянды жәрмеңкесінде қазақ театр, цирк өнерінің алғашқы ұшқыны пайда болумен қатар ұлт зиялыларының, болашақ Алаш көсемдерінің, өзге де ұлтым деп соққан жүрегі бар азаматтардың бас қосып, күш біріктіруінің нәтижесінде патша үкіметіне бағытталған «Қарқаралы құзырхаты» атты құжат әзірленіп жолданған болатын. Қазақ зиялыларының ұлт-азаттық жолындағы күресінің өзі осы Қарқаралыдан бастау алған деп батыл айта аламыз. Міне, жарияланған құжаттар мен деректерге қарап отырғанда, осы мәселе тұрғысында да Ақайдың Хасені атты тұлғаның рөлі зор болғанын көреміз. 1905 жылғы Қарқаралы құзырхатының ұйымдастырушыларының бірі Ақайдың Хасені екендігін көптеген зерттеушілер атап көрсетеді. Осы саяси әрекеттен кейін қуғынға ұшыраған Әлихан Бөкейхан Семей түрмесіне түскенде мол қаржы кепілдік беріп құтқарып алушылардың бірі де Ақайдың Хасені болыпты.

Сонымен қатар Ақайдың Хасені Ресей үкіметінің жыл сайын қаптап келіп жатқан переселендерге жер бөліп беру мәселесіне наразылық танытқаны үшін жауапқа тартылған екен.

Ақайдың Хасені тек сауда-саттықпен ғана айналысқан жоқ. Ол ел өміріндегі саяси-басқарушылыққа үнемі атсалысып отырған. Атап айтқанда 1917 жылы 16 наурызда Қарқаралы уездік қазақ комитетінің мүшесі болып сайланады. 

Алаш көсемдерімен ниеттес, қолдаушы болған Ақайдың Хасені 1918-1920 жылдары Алашорданың қаржылай демеушілерінің бірі болады. Кеңес Одағы құрылғанда бұрынғы сауатты, зиялы адамдарды бірден қуғындай қойған жоқ. Себебі, әр сала бойынша қажетті кадр тапшылығы, өзге де мәселелер болды. Осы тұста, яғни 1921-1922 жылдары Ақайдың Хасені совет өкілдері мен қазақ зиялылары арасындағы дәнекер бола білді. Оның ықпалымен көптеген азаматтар совет органдарына қызметке алынды. Осы тұста ол аштыққа ұшыраған Торғай еліне Семей өңірінен жылу жинауға атсалысты.

Өзінің мал-мүлкін серіктестікке өткеріп, совет үкіметінің саясатымен қаншалықты үндескісі келіп тырысқанымен, ақсүйек бегзадалық пен ауқатты іскерліктен өлердей қорқатын, қаратабан кедейлер мен жарлы-жақыбайлардың мүддесін қорғаушы ретінде сыңаржақтыққа берілген коммунистер Ақайдың Хасенінің көзін жойып жібере алмағанымен, оны туған өлкесінен жырақ кетуге мәжбүрледі. 1927 жылы Қызылжарға, одан кейін Башқұртстанға қоныс аударылған көрнекті тұлға Ақайдың Хасені 1931 жылы Қызылжарда дүниеден өтті.

Ақайдың Хасені сияқты жомарт байларды, меценат жандарды совет идеологтары ымырасыз тап жауы, арамтамақ феодал ретінде қарастырып, қоластындағы құл-құтандар мен жалшы-жақыбайларды, яғни кедейлердің қанын ішіп қанаушылар ретінде бағалап, оларға коммунистік қоғамда орын жоқ деп білді. Сондықтан да Хасен сияқты елге тұтқа болған жандарды құртуды ойлады. Құртып тынды да. Олардың орнына ұлттық сана-сезімі кемшін шолақ белсенділер келді. 

Совет заманының урашыл қаламгерлері Ақайдың Хасені сияқты дегдар тұлғаларды атау керек болса, оны мүлде басқа қырынан суреттеді. Кедейлік сәнге айналды. Осы ретте қазақтың батыр ұлы Мәлік Ғабдуллин өзінің 1944 жылы майдан даласынан жазушы Ғабит Мүсіреповке жазған хатыннан мысал келтіре кетелік. Өзінің арғы ата-бабасының сорлы кедей болғанын мақтаныш көрушілік туралы батыр-жазушы былай деп атап көрсетеді: «Национальная гордость деген әңгімені Сіз толық көтеруге тиістісіз деп ойлаймын. Ол өте қажет, керек нәрсе. «Бұрын біз кедей едік, сорлы едік, жарлы-жақыбай едік» дегеннен аулақ болыңыздаршы. Біз батыр елміз, бай елміз, мықтымыз дегенді баса-баса айтқан жөн. Бұған Отан соғысы дәлел. Бұған майдандағы қазақ жігіттерінің ерлік істері куә. Шындыққа шымылдық болу жарамас». Кешегі советтік дәуірдің тарихына, күні бүгінге дейін мектепте оқытылып жүрген кейбір әдеби шығармаларына көз салатын болсақ, расымен де көптеген ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің өте кедей отбасынан шыққандығын көреміз. Мұның астарында әрине, қазақ халқы совет үкіметінің  арқасында ғана адам қатарына қосылды деген саясат жатқаны анық. Бірақта Қазан төңкерісіне дейін де қазақ даласындағы адамдардың жаман өмір сүрмегені, небір ауқатты адамдар әр өңірде болғаны, олардың өз айналасына қамқор болып, жаңашылдық танытқаны рас қой. Мұндай ақпараттарға қол жеткізу – тәуелсіздік алғаннан бері ғана мүмкін болды деп сеніммен айта аламыз.

Иә, кешегі заманның байларының өмір сүру салты, қоғамдағы рөлі, олардың елге әкелген жаңалықтары, соңында қалған үлгілі істері туралы қазіргі күні аз реттеліп жатыр дей алмайтынымыз анық. Олар туралы ғылыми еңбектер жазылып, бейнетүсірілімдер әзірленіп, халықтың назарына ұсынылып жатуының өзі үлкен игілікті іс.

Ақайдың Хасені туралы көлемді зерттеу жасаушылардың бірі, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбековтің атап көрсетуінше, қазақтың меценат байының гуманистік іс-әрекеттері өзге халықтарға да үлгі болған: «1921-1922 жылдары, төңкерістен кейінгі кезеңде Ресейде қатты ашаршылық болған. Ақайдың Хасені Санкт-Петербург сапарынан қайтар жолда Қазан қаласына соғады. Ел ішін аштық жайлаған, жоқ-жітік тірлік. Өрімдей жас татар қыздары бай-шонжарлардың қорлығына көніп, күндерін көру үшін күң болып кеткен…

Осы көрініске қатты ширыққан Хасен сол сапардан он үш-он төрт татар қызын елге алып келеді. Бағып-қағады, кемдік көрсетпей, сүмбілдей ғып бой жеткізеді. Содан соң елге: «Әй, халқым, менімен құда болыңдар! Мына қыздарымды айттырыңдар!» деп жар салады. Сол балалар тұрмыс құрып, өсіп-өніп, жастары жетіп, өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары өмірден озады. Зауал шақтары таянғанда, бәрі бір кісідей, «мені жерлегенде Ақайдың Хасенінің қызы» деп жерлеңдер деп аманат еткен екен». 

Қандай ғажап адамгершіліктің үлгісі! Туған елі мен жері, жалпы адамзат баласы үшін небір игілікті істер тындырар әлеуетке ие осындай тұлғалардың бәрін шетінен топырлатып ұстап, қуғындап, атып-асып, түрмеде шіріткен кешегі қызыл коммунистердің адамгершілікке жат әрекеттеріне ой жүгірткенде, еріксіз түңілесіз. Түңілесіз де, совет үкіметі жақсы еді, халқымызды игіліктерге бөледі деп, сол дәуірді аңсап жүргендердің қылығына таңданбасқа амал жоқ. Ғасырлар бойы Ұлы Далада қалыптасқан байлықты қасиеттеу, оны Жаратқанның өзіне ғана беріп қоймай, айналасындағы адамдармен бірлесе, ретіне қарай бөлісе отырып пайдалану, осы арқылы үйлесімді өмір сүру деген қағидат бұзылды. Ақайдың Хасені сияқты қазақ даласының әр түпкіріндегі жомарт байлардың мал-мүлкі тәркіленіп, кедей-кепшіктерге бөліп берілді. Бұрынғы уездер, болыстықтар аумағы қайта өзгертіліп, аудандар құрылды. Қазіргі Қазақстанның көп аудандарының тарихы 1928 жылдан бастау алатыны – осы ауқатты тұқымдарды, бай-кулак ретінде заңдық жаза жүктетіп, оларды мал-мүлкінен айырып, жер аударғаннан кейінгі іс-әрекеттің нәтижесі екендігін көреміз. «Уақыт өтеді, жылдар жаңарады. Қоғамда айтып болмас өзгерістер туындайды, заман қырық құбылады. Соның алғашқыларының бірі – 1928 жылғы бай-құлақтарды кәмпескелеу науқаны еді. Жерге ие, елге тұтқа болып келген ауқатты азаматтар жаппай қуғындала бастайды. Мал-мүлкі тәркіленіп, жер аударылады, елден аластатылады. Солардың қатарында Ақайдың Хасені де қуғын көреді. Аптал азаматтарынан айырылған соң елдің де бірлік-берекесі бұзылып, шолақ белсенділердің күні туады. «Керуен кері кеткенде ақсақ түйе алдыға шығадының» кері болады», – деп атап көрсетеді, ғалым Нұрлан Дулатбеков.

Ресей империясын түгел шарпыған түрлі төңкерістер мен соғыстардан кейін билікті қолға алған большевиктердің бұдан әрі қарайғы жерде өзін тыныш қоймайтынын Ақайдың Хасені анық сезген де болар. Атақоныс, туған жеріндегі қым-қуыт тірліктің ауаны осыған жетелеп келе жатқан еді. Қандай мемлекеттік құрылым болса да көрші елдермен сауда-саттық жүргізбей, өзара айырбас жасамай тұра алмайды. Жаңа құрылған Совет Одағы да осы үрдістен аттап кеткен жоқ. Сексен жылдан астам тарихы бар атақты Қоянды жәрмеңкесі де бұл мақсаттты жүзеге асыруға әлеуетті еді. Алайда совет үкіметі жүргізе бастаған тәркілеу, қуғындау, өзге де зорлық зомбылық нарықтық қарым-қатынастардың ырғағын бұзғаны анық. Солақай саясаттың салдарынан қазақ даласы қаңырап бос қалғандай еді. «Ақ пен қызылдың арпаласынан кейінгі жиырмасыншы, отызыншы жылдардың басындағы алапат аштықта қазақ қынадай қырылды. Адамды адам жеген алмағайып заман болды. Осылайша тұтастай бір ұрпақтың өсімі үзіліп қалды. Аштықты тереңдете түскен тәркілеу науқаны да халқымызға ауыр тиді. 1928-1929 жылдары асқан қатыгездікпен жүзеге асырылған бұл дүрбелең «аша тұяқ қалмасын» деген қызылкеңірдек ұранға ұласты. 

...Дәстүрлі мал шаруашылығы күйреп, ауыл шаруашылығында егіншілік көлемі де күрт азайды. Осылайша қазақ халқы ашаршылықтың екінші кезеңін бастан кешті. Күштеп ұжымдастыру кезеңінде республикадағы мал саны 40,5 млн болса, 1933 жылы 4,5 млн мал басы ғана қалды», – деп жазады Дархан Қыдыралы. 1931 жылы басталған алапат аштықтың алдында, 1930 жылы Қоянды жәрмеңкесі де жабылып тынады. 

Әйгілі Қоянды жәрмеңкесі осылайша өмір сүруін тоқтатты. Келесі жылында Қоянды жәрмеңкесінің бойына қан жүгіртіп, ұзақ жылдар бойы қалың елі қазағына да, үкіметке де пайдасын тигізген Ақайдың Хасеніндей көрнекті тұлға да туған жерінен жырақ, Есіл бойында өмірден өтеді. Бүгіндері әйгілі Қоянды жәрмеңкесінен қалған жалғыз ғимарат – бұрынғы ақша, құнды қағаздар мен бағалы заттар сақталған қойманың ғана қабырға қаңқасы тұр. Кешегі советтік дәуірде есімі ел жадынан шыға жаздап, қайта оралған Ақайдың Хасенінің есімі бағзы Қу, бүгінгі Егіндібұлақ-Қарқаралы өңірінде қайта жаңғырды. Елге жасаған еңбек ұмытылмайтындығының бір айқын куәсі осы болар. 165 жылдық даталы жылға орай елінің елеулі азаматы болған Ақайдың Хасеніндей тұлғаны ұлықтау, еске алу, оның өнегелі істерін бүгінгі бай-бағландарға үлгі етіп насихаттау сияқты іс-шаралар өтеді деп сенеміз.

Алтынбек Кумырзак