Қаланың кез келген көшесінде көзге бірден түсетін қара-ақ, кейде ақ-сары жолақтар – жай ғана бояу емес, мыңдаған адамның өмірін сақтап келе жатқан қарапайым, бірақ тиімді инженерлік шешім. Пішіні мен өлшемі әр елдің ережесінде бекітілгенімен, мақсаты бір – жаяу жүргіншінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Бүгінде халық арасында «зебра» деп аталып кеткен бұл жолақтардың арғы тегі – ежелгі Рим көшелерінде пайда болған тас өткелдер. Ол кезде қалаларда кәріз жүйесі жетілмегендіктен, көшелермен жаңбыр суы, тұрмыстық қалдықтар мен түрлі лас заттар ағып жататын. Осындай жағдайда адамдар үсті-басын былғамай өтуі үшін арнайы шешім керек болды. Помпей қаласында әлі күнге дейін сақталған биік-биік тас қалақтар осының айғағы. Олар көшенің екі жағын жалғап, жаяу жүргіншінің аяқ киімін лас судан қорғады. Ал тастардың арасындағы арақашықтық арба доңғалақтарының еркін өтуіне мүмкіндік берді. Бұл пішіні бөлек болғанымен, қызметі мен мақсаты қазіргі жаяу жүргінші өткеліне ұқсас тапқыр әрі тиімді шешім еді.
ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарында автомобиль саны бұрын-соңды болмаған қарқынмен артты. Бұған дейін көшеде еркін жүрген жаяу адам енді қозғалыс ағынын көлікпен бөлісуге мәжбүр болды. Қалалардың басты көшелерінде апаттар жиілеп, жаяу жүргіншілердің жарақаттануы мен қаза табуы қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Осы жағдайды реттеу үшін 1920-жылдары дамыған мемлекеттерде жаяу жүргіншінің қозғалысын қадағалайтын алғашқы ресми ережелер енгізіле бастады. Сол кезден бастап көшені кез келген жерден кесіп өтуді шектеу, ал жолды тек арнайы белгіленген өткелдер арқылы өту міндеті қалыптасты. Бұл жаяу жүргіншіні тәртіпке шақырып қана қоймай, көлік қозғалысын да жүйелеуге бағытталған маңызды қадам болды.
1930-жылдары Ұлыбританияда жаяу жүргінші өткелін алыстан көрсететін Белиша шамы бар бағаналар орнатылды. Бұл бағаналар күндіз де, түнде де көзге анық түсіп, өткелдің орнын білдіріп тұрды. Алайда жолдың үстінде айқын таңба болмағандықтан, жүргізушілер кейде өткелді тым кеш байқап, жылдамдығын дер кезінде баяулата алмайтын. Осы олқылықты жою үшін соғыстан кейінгі жылдары елдің Жол зерттеу зертханасында түрлі үлгілер тәжірибеден өткізілді. Ғалымдар жолақтардың қалың әрі қара-ақ түсті болуы жүргізушінің назарын тез аударып, қашықтан-ақ өткелді анық көруге мүмкіндік беретінін дәлелдеді.
Осы ғылыми қорытындының нәтижесінде 1951 жылдың 31 қазанында Лондон маңындағы Слау қаласында тарихтағы алғашқы ресми жолақтар сызылды. Жаңа таңба жүргізушілерге бірнеше жүз метр қашықтықтан көрініп, жаяу жүргіншілердің жолды қауіпсіз өтуіне жағдай жасады. Қара-ақ жолақтар адамның көру қабілетіне ерекше әсер етіп, жүргізушіні еріксіз жылдамдықты бәсеңдетуге итермелейтіні де тәжірибе арқылы расталды.
1968 жылы қабылданған Вена конвенциясы жол белгілері мен таңбаларының бірыңғай халықаралық стандартын бекітті. Бұл құжат жаяу жүргінші өткелдерін айқын әрі біркелкі етіп белгілеуді міндеттеп, олардың түсі мен пішініне қатысты ортақ талаптар енгізді. Нәтижесінде оның үлгісі Еуропа елдерінде ғана емес, әлемнің өзге аймақтарында да жаппай тарады. Уақыт өте әр мемлекет өз жол жағдайына және климаттық ерекшеліктеріне қарай түрлі нұсқаларды қолдана бастады. Кей жерлерде ақ жолақтар сары түспен үйлестірілсе, басқа елдерде толық ақ алаңша, пунктирлі сызықтар немесе қиғаш жолақтар түріндегі өткелдер енгізілді. Бірақ қай нұсқасы болмасын, олардың барлығының басты мақсаты – жаяу жүргіншінің жолды қауіпсіз кесіп өтуін қамтамасыз ету.
Ежелгі Римнен басталған қарапайым өткел идеясы ХХ ғасырда ғылым мен технологияның жетістіктерімен ұштасып, бүгінгі заманауи түрге айналды. Қара-ақ жолақтар бүгінде бүкіл әлемде танылып, адамдардың қауіпсіз қозғалысының ажырамас бөлігіне айналды. Олар бір тараптың жол беріп, екінші тараптың оны құрметпен қабылдауы арқылы ғана орындалатын өзара сенім белгісі. Дұрыс пайдаланылған өткел апаттың алдын алып, әрбір адамның діттеген жеріне аман-есен жетуіне мүмкіндік береді.