Жүгіру жолы қазіргі таңда кез келген спорт залының ажырамас бөлігіне айналды. Біреулер оны ең тиімді әрі сүйікті жаттығу құралы деп бағаласа, енді біреулер үшін ол шыдамдылықты сынайтын, тіпті азапқа бергісіз жаттығу болып көрінеді. Алайда мұндай салыстырудың себебі бар. Жүгіру жолы алғаш пайда болған кезде шынында да адамдарды жазалау мен мәжбүрлі еңбекке жегу үшін қолданылған. Ендеше, оның ғасырлар қойнауынан жеткен ұзақ әрі қызықты жолына бірге үңілейік.
Адамзат бұл құрылғының негізін мыңдаған жыл бұрын ойлап тапқан. Дәуіріміздің І ғасырында-ақ римдіктер құрылыс пен инженерия саласында адам күшін пайдалану үшін ерекше әдіс тапты. Ауыр тастар мен құрылыс материалдарын көтеру үшін олар орасан зор ағаш дөңгелектерді жасады. Оның ішіне адамдар кіріп, үздіксіз қадам басып жүретін. Сол қозғалыс дөңгелекті айналдырып, оған бекітілген крандарды қозғалысқа келтірді. Мұндай ауыр әрі шегі жоқ қозғалыс қазіргі жүгіру жолының ең алғашқы түрлерінің бірі еді.
Ал XVIII ғасырда бұл тәсіл жаңа қырынан қолданылды. «Жүгіру дөңгелегіне» енді адамдар емес, жануарлар жегілді. Жылқылар, иттер, тіпті ешкілер арнайы жолға қойылып, олардың қимылы әртүрлі тұрмыстық әрі ауыл шаруашылығы жұмыстарын атқаруға жұмсалды. Мұндай дөңгелектердің көмегімен дән тартатын диірмендер іске қосылды, май шайқайтын құрылғылар қозғалды, ал кейде шағын қайықтардың да қозғалысына серпін берілді.
Алайда жүгіру жолының ең қорқынышты кезеңі XIX ғасырда басталды. 1817 жылы ағылшын инженері Уильям Кьюбитт түрмелерді аралап жүріп, тұтқындардың босқа уақыт өткізіп, жұмыссыз отырғанын көреді. Ол қамаудағыларды «тәрбиелеудің» жолы ретінде ерекше құрал ойлап табады. Бұл үлкен барабанға орнатылған 24 баспалдақтан тұратын «қадамдық диірмен» еді. Жазасын өтеушілер күн сайын таңнан кешке дейін, орта есеппен алты сағат бойы, осы «мәңгілік баспалдақпен» үздіксіз жоғары көтерілуге мәжбүр болды. Алайда тұтқындардың тынымсыз қозғалысы босқа кетпеді. Олардың күші ұн тартатын диірмендерді, су айдайтын механизмдерді немесе басқа да қарапайым құрылғыларды іске қосты. Бір мезетте 30–40 адам қатар жүріп, күніне 4 мың метрге тең «жорық» жасайтын. Кейбір тұтқындардың бір күнде жүріп өткен биіктігі Эмпайр-стейт-билдингке 13 рет көтерілуге тең болғаны жайлы деректер бар.
Осындай азапты жаттығудың салдары ауыр болды. Дұрыс тамақтанбау, шамадан тыс жүктеме, бірсарынды қозғалыс көптеген адамдардың денсаулығын құртты. Тіпті кейбіреулері ауруға шалдығып, мезгілінен бұрын көз жұмды. Бұл «жазалау машинасының» құрсауында болғандардың арасында әлемге әйгілі ирландиялық жазушы, драматург Оскар Уайльд та бар. Жүгіру жолы тұтқындар үшін соншалықты ауыр жазаға айналғандықтан, қоғамда наразылық туғызды. Ақыры ұзақ талқылаудан кейін 1902 жылы Ұлыбританияда мұндай құрылғылар ресми түрде тыйым салынған.
Уақыт өте келе жүгіру жолына мүлде жаңа көзқарас қалыптасты. Бұрын тек жазалау құралы немесе шаруашылықтағы көмекші ретінде танылған бұл құрылғы енді денсаулық пен спорт саласында қолданылатын болды. 1913 жылы америкалық өнертапқыш Клод Хаген алғаш рет «жаттығу құрылғысына» патент алды. Оның жасаған үлгісі қазіргі заманғы спорттық жабдықтарға көбірек ұқсайтын. Бұл жүгіру жолының тарихындағы жаңа кезеңнің басталғанын білдірді.
Кейіннен ғалымдар мен дәрігерлер оның денсаулыққа пайдасын зерттей бастады. 1952 жылы әйгілі кардиолог Роберт Брюс моторлы жүгіру жолын құрастырып, оны жүрек пен өкпе ауруларын анықтауға пайдаланды. Ол пациенттерді ЭКГ аппаратына қосып, біртіндеп жылдамдығы мен еңісін арттыратын сынақ жүргізді. Осылайша «Брюс протоколы» деп аталатын әдіс дүниеге келді. Бұл тәсіл бүгінгі күнге дейін әлемдік медицинада қолданылады және жүрек-қантамыр жүйесінің жұмысын бағалаудың негізгі құралдарының бірі болып саналады.
1960-жылдары адамдардың салауатты өмір салтына деген қызығушылығы күрт артты. Дәрігер Кеннет Купер аэробиканың адам денсаулығына тигізетін зор пайдасын ғылыми тұрғыда дәлелдеп, әлемді жүгіруге шақырды. Оның еңбектері миллиондаған адамды спортқа ынталандырды. Дәл осы кезеңде инженер Уильям Стауб алғашқы үйге арналған PaceMaster 600 моделін жасап шығарды. Бұл жаңалықтың арқасында жүгіру жолы тек зертханалар мен ауруханаларда ғана емес, спорт залдарда, ал кейіннен қарапайым адамдардың үйлерінде де қолданыла бастады.
Осыдан бастап жүгіру жолы жаңа дәуірге қадам басты. Технология дамыған сайын ол да жаңарып, әртүрлі үлгілері жарыққа шықты. Қарапайым механикалық модельдерден бастап, моторлы, магнитті, гидротерапиялық, тіпті ғарыштық нұсқаларына дейін бар. NASA ғалымдары салмақсыздық жағдайында жаттығу жасауға мүмкіндік беретін ерекше «антигравитациялық» жүгіру жолын жасап шығарды. Оның көмегімен ғарышкерлер ұзақ сапарларда бұлшық ет тонусын сақтап, жүрек-қантамыр жүйесіне түсетін салмақты реттей алады. Ал кейбір компаниялар виртуалды шындық технологиясын пайдаланып, жүгіру жолын жаңа деңгейге көтерді. Мұндай тренажерлер арнайы көзілдіріктермен біріктіріліп, адамға шынайы трассада, орманда немесе тіпті қиял-ғажайып әлемде жүгіріп жүргендей әсер сыйлайды. Осылайша, азап құралы ретінде дүниеге келген жүгіру жолы бүгінде заманауи ғылым мен техниканың жетістіктерін тоғыстырған, денсаулықты нығайту мен белсенді өмір салтының сенімді серігіне айналды.