1885 жыл және жаһандану дәуірі

Бөлісу

31.07.2025 2422

1885 жылы әлем елдері жаңа қоғамдық, ғылыми, саяси даму кезеңіне аяқ басып, адамзат өркениеті үшін бетбұрыс дәуір басталды. Бұл жыл отаршыл империялардың шарықтауы, техникалық жаңалықтардың жарысы, әлеуметтік әділет үшін күрестің күшеюі сынды үлкен тарихи құбылыстармен есте қалды. Ал қазақ даласында Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің аяқталғанына небәрі бірнеше онжылдық өтсе де, оның нәтижесіз аяқталуы отарлық қысымның тіпті күшейіп, халықты рухани, саяси езгіге түсірген дәуірге ұласқан еді. Дәл осындай алмағайып тарихи кезеңде, 1885 жылы қазақ ұлтының болашағы үшін қаламмен күрескен ірі қайраткер – Міржақып Дулатұлы қазіргі Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Қызбел ауылында дүниеге келді.  Биыл Міржақыптың туғанына 140 жыл толып отыр


Біз «Тұлға және тарих» айдары аясында, Міржақып Дулатұлы туған 1885 жылы әлемдік деңгейде орын алған тарихи оқиғаларды баяндаймыз: 

1) 1885 жылы 22 желтоқсан күні Жапонияда премьер-министр лауазымы ресми түрде енгізілді. Бірінші болып бұл қызметке реформатор, саясаткер Ито Хиробуми тағайындалды. Бұл – Жапонияның Мэйдзи идеясы жаңғырып, өз шеңберіндегі саяси-әкімшілік құрылымының жаңаруының көрінісі. Мэйдзи идеясы негізінде мемлекеттің Батыс үлгісіндегі басқару формасына бет бұруы елдің одан әрі экономикалық, әскери және ғылыми өрлеуіне жол ашты.

2) АҚШ-та 1885 жылдың соңында басталған әулеметтік теңдік үшін күрес 1886 жылғы әйгілі «Haymarket» оқиғасына ұласты. Чикаго қаласындағы бұл наразылық 8 сағаттық жұмыс күнін талап етумен басталып, қанды қақтығысқа ұласты. Осы оқиғалар тікелей 1 мамыр – Халықаралық жұмысшылар күнінің негізін қалаған. Бұл күрес бүкіл әлемдегі жұмысшылар қозғалыстарының символына айналып, әлеуметтік заңнамалардың пайда болуына серпін берді. 

3) 1885 жылы 6 шілде күні француз ғалымы Луи Пастер адамзат тарихындағы алғашқы құтырмаға қарсы вакцинаны сәтті түрде қолданды. Құтырма жұқтырған жас бала Жозеф Мейстердің өмірін құтқарып, иммунология ғылымының нақты өмірмен түйіскен тарихи сәті болды. Бұған дейін жануарларға сынақтан өткізілген вакцина алғаш рет адамға егіліп, оң нәтиже берді. Бұл оқиға адам денсаулығын қорғауға бағытталған жаңа медициналық-кезеңдердің ірі алғышарты болды. 

4) 1885 жылы Парижде өткен Автокөлікке арналған халықаралық көрмеде өздігінен қозғалатын көліктердің алғашқы прототиптері жұрт назарына ұсынылды. Осы жылы неміс өнертапқышы Карл Бенц бензинмен жүретін алғашқы үш дөңгелекті көлікті жасап, оны 1886 жылы патенттеді. Осы сәттен бастап «автомобиль» сөзі кең таралып, жаңа көлік дәуірінің есігі ашылды. 

5) 1885 жылы 3 наурыз күні Америкада болашақ телекоммуникация алыбы – AT&T компаниясы құрылды. Бұл компания алғашында телефон желілерін дамыту мақсатында ашылып, кейін бүкіл әлемдік байланыс жүйесіне елеулі үлес қосқан құрылымға айналды. Бұл оқиға адамзаттың бір-бірімен байланыс құру мәдениетін жаңа сатыға көтерді.

6) 1885 жылы Германия канцлері Отто фон Бисмарк қоғамда әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін жұмысшыларға арналған медициналық көмек пен зейнетақы жүйесін енгізе бастады. Бұл әлемдегі алғашқы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі болып саналады. Бисмарк бұл шешімге марксизм идеясының ықпалын әлсірету мақсатында барса да, бұл реформа Еуропадағы әлеуметтік әділеттің іргетасын қалады. Кейін бұл реформа әлемдегі барлық елдерге үлгі болды.  

7) 1885 жылы 26 ақпанда аяқталған Берлин конференциясы Африка континентін отарлау бойынша еуропалық державалар арасындағы келісімді заңдастырды. Германия, Британия, Франция, Бельгия және басқа империялар Африканы бөлісіп алып, шекара сызықтарын өз білгендерінше белгілеп шықты. Конго аймағы Бельгия королі Леопольд II-нің жеке меншігі ретінде танылып, миллиондаған адам ауыр құлдыққа жегіліп, қырғынға ұшырады. 

8) Осы жылы Американың «Charles L. Webster and Company» баспасынан Марк Твен өзінің ең танымал шығармаларының бірі «Гекльберри Финнің бастан кешкендерін» жарыққа шығарды. Бұл шығармада автор расизм мен құлдыққа қарсы терең әлеуметтік-психологиялық талдау жасап, Гекль мен құл Джимнің еркіндікке ұмтылысын бейнелейді. Америкалық әдебиеттің нағыз биік үлгісіне айналған бұл роман ХХ ғасырдағы адам құқықтары үшін күрес идеяларымен сабақтас болды. 

9) 1885 жылы мамырда Семей облысының Қарамола деген жерінде «Қарамола съезі» өтті. Бұл съезге 100-ден аса би қатысып, қазақ арасында жиі кездесетін жер, жесір, құн, ұрлық сияқты дауларды шешуге арналған 73 баптан тұратын «Қарамола ережесі» қабылданды. Ережені жасауға Абай Құнанбайұлы тікелей атсалысып, қазақтың дәстүрлі құқықтық нормаларын жүйелеуге үлкен үлес қосқан.

10) Болашақ ақын, жазушы, қалам қайраткері, Алаш қайраткері, Алаш идеясының бастаушысы – Міржақып Дулатұлы дүниеге келді. 

Бөлісу