Айтылмайтын арыстар немесе көне суреттер не дейді?
14.09.2024 7135

Серікбай Ақаев, Мұхамеджан Тынышбаев, Әлмұхамед Көтібаров. Үш арыстың бұрын-соңды баспа жүзін көрмеген беймәлім бұл фотосына бір ғасырдан аса уақыт өткен. Егерде біз оған кездейсоқ кездеспегенде, қалай болар еді? Әлде ол шаң басқан ескі альбомдардың бірінде әлі де талай уақыт іздеушісін сарғая күтіп жата беретін бе еді, кім білсін?

Алаштың үш арысы түскен осы көне тарихи фотоға қоса тағы басқадай бірнеше фотоларды ұлт зиялысы Серікбай Ақаевтың бүгінде Алматы қаласында тұратын немересі Гуляфруз Махфузбек қызының жеке отбасылық мұрағатынан алып, алғаш рет бұқаралық ақпарат құралы арқылы жариялап отырмыз.


Бұл көне фотолардың арасында Мұхамеджан Тынышбайұлы мен Серікбай Ақаевтың әйелдері – апалы-сіңілі Гүлбаһрам және Гүлжәмила Бақия қыздары Шалымбековлардың 1908 жылы Верный қаласында түскен суреті, Гүлжәмила Бақия қызы Ақаеваның жеке суреті, ерлі-зайыпты Әлмұхамед пен Зүфнүн Бақия қызы Курумчиндердің (Көтібаров) суреті, Серікбай Ақаевтың Махфузбек, Мұхтарбек, Үгедей атты үш ұлының суреті, 1932 жылдың күзінде Серікбай Ақаевтың НКВД түрмесінен шыққанан кейін Қырымның Қара теңіз жағалауында емделіп жүрген кезінде түскен суреті, XX ғасыр басында Омбы фельдшерлік мектебін бітірген белгілі фельдшер-дәрігер Асылхан Абсалямовтың отбасының суреттері, ІІ Дүниежүзілік соғыстың ардагері, полковник Абдулла Жұмағұлұлы Ақаевтың суреті, 1965-1980 жылдары  Қазақ ССР  Энергетика және электрификациялау министрінің орынбасары қызметін атқарған Махфузбек Ақаевтың суреті, Гүлжәмила, Махфузбек және Зүфнүн үшеуі түскен сурет, Махфузбек және Мұхтарбек Ақаевтар отбасыларының суреттері, Үш бөле – Хурьятбек Курумчин (Құриятбек Көтібаров), Ескендір Тынышбаев, Махфузбек Ақаевтың  бірге түскен суреті тәрізді  т.с.с. суреттер бар. 

Ал енді осы көне тарихи фотоларды ұзақ жыл көздің қарашығындай аман сақтап жеткізген Гуляфруз Махфузбек қызымен аяқасты кездейсоқ кездесуіміз қалай болды? 

Әрине, бұл кездесуге дейін Алашорда үкіметінің Іс басқарушысы Серікбай Ақаевтың кейбір жеке басы іс қағаздарын, сондай-ақ оның жеке суретін және ағайын-туыстары жайлы мәліметтерді қаншама іздесек те таппаған едік. Серікбай Ақаевқа келсек, ол 1917 жылдың 27 қарашасында Қоқан қаласында құрылған Түркістан автономиясы (мұхтариаты) Халық Кеңесінің мүшесі әрі оның басшылық құрылымында істеген, ал одан кейінде 1918-1919 жылдары Семей қаласында Алашорда үкіметінің Іс басқарушысы, Уақытша Сібір үкіметінің Семей губерниясындағы Қарқаралы уезін басқарушы комиссары қызметтерін атқарған  үлкен саяси қайраткер болатын. Ендігі кезекте біз «бәлкім оның бір ұрпағына жолығып қалармыз» деген оймен интернет желісін ақтарып, түрлі  сұраулар сала бастаған болатынбыз.  

«Іздеген жетер мұратқа» дейді дана халқымыз. Біздің Гуляфруз Махфузбек қызымен күтпеген бұл жүздесуімізге, атап айтқанда оның немере інісі, IT маманы әрі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университетінің Тест жүргізу және сараптау бөлімінің бастығы Тимур Заурбекұлы Ақаев себепкер болған еді.

Әрбір фото шындығында бір-бір үлкен тағдыр десек, артық айтқандық емес. Алаш ұлт-азаттық қозғалысы тарихында өзіндік ерекше орны бар Серікбай Ақаев, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Әлмұхамед Көтібаров (кейінде Курумчин – автор) сынды ұлт зиялылары бұл фотоға, біздің пайымдауымызша 1921-1922 жылдары Ташкент қаласында түскен сияқты. Мұнда, сол жақта заңгер-адвокат Серікбай Ақаев, ортада қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері Мұхамеджан Тынышбайұлы, оң жақта заңгер-адвокат Әлмұхамед Көтібаровтың отырғаны бейнеленген.  Үшеуі де халқымызға белгілі көрнекті тұлғалар. 

Біздің «бұл фото шамасы 1921-1922 жылдары Ташкентте түсірілген» деуіміздің негізгі бір жауабын олардың сол кезеңдегі нақты өмірдерегінен табамыз. 1921 жылдың күзінде Орынбордағы Қазақ Орталық Атқару Комитетінің жолдамасы бойынша Семей облыстық атқару комитетінің заң бөлімінде істейтін Серікбай Ақаев Түркістан кеңестік автономиялық республикасының Әділет комиссариаты қарамағына қызметке [1] жіберіледі. Мұнда ол алғашқы уақытта заңгер-адвокат болып істейді. Бұл енді Мұхамеджан Тынышбайұлының [2]  Ташкентте Жер-су комиссариатында Су шаруашылығының басшысы ретінде, ал Әлмұхамед Көтібаровтың жергілікті сот, прокуратура орындарында қызмет жасап жүрген кездері-тін. 

Алаштың осы әйгілі үш арысын, жалпы ұлт азаттық жолындағы күрес жылдары ғана емес, оларды бір-біріне отбасындағы туыстық жағы да жақындатып біріктірген болатын-ды. Анығын айтсақ, үшеуі Түркістан қаласының титулдық кеңесшісі Бақия төре Шалымбековтың Гүлбаһрам, Гүлжәмила, Зүфнүн есімді қыздарына үйленген туған бажалар еді. 1916 жылдың 16 наурызындағы «Қазақ» газетінің №173 санында басылған «Қоқандта болған той» [3] атты мақалада Қоқан қаласында Бақия төре Шалымбековтың үшінші қызы Зүфнүннің Ташкент округтік сотының аудармашысы Әлмұхамед Көтібаровпен неке тойы дүркіреп өткені, бұған дейін оның үлкен қызы Гүлбаһрам инженер Мұхамеджан Тынышбайұлына, ал ортаншы қызы Гүлжәмила (суретте) частный поверенный Серікбай Ақаевқа тұрмысқа шыққаны туралы мағұлматтар айтылады.

Үшеуінің де отбасы жоғарыда айтылған фотосуретке түскен уақытта Ташкентте тұрып жатқан болатын-ды. 

Ал енді Серікбай Ақаев болса, 1921-1922 жылдары Қазақ республикасының ашаршылық нәубетіне ұшыраған тұрғындарына көмек көрсету жөніндегі Орталық Комиссияның Ташкент бөлімшесі алқасының мүшесі [4] ретінде істеп жүрген еді. Сол кезеңдегі қазақ зиялыларының көпшілігі өз денсаулығы мен отбасы туралы ешбір ойланбастан, жан аямай Қазақстанның елді мекендері мен көршілес Ресейдің Поволжье, Урал аймақтарынан ағылып келіп жатқан әлсіз аш-арық, әртүрлі жұқпалы індетпен ауырған дімкәс адамдарды орналастыру және оларды тамақтандыру, емдеп-сауықтыру шаралары сияқты қыруар жұмыстарға араласты. Бұл жылдары, әсіресе қазақ даласында кеңес өкіметі әдейілеп қолдан жасаған аштықтан келіп туындаған сүзек, оба, туберкулез тәрізді аса қауіпті жұқпалы аурулардан мыңдаған адамдар шыбындай қырылып жатты. 

Осы орайда Серікбай Ақаев үшін өте сыйлы әрі қымбат адамдарға қатысты мынадай екі түрлі оқиғаны ерекше атап айта кетсек пе дейміз. Мұның біріншісі – қайын әпкесі Гүлбаһрам Бақияқызы Тынышбаеваның мезгілсіз қазасына, ал екіншісі – болашақ құдасы Асылхан Абсалямовпен арадағы алғашқы таныстығына байланысты болып келеді. 

Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай «Боль моя, гордость моя – Алаш!» атты кітабының 32-бетінде (дәлірек айтқанда, одан кейінгі фотосуреттер салынған номерсіз бетте) берілген ерлі-зайыпты Мұхамеджан мен Гүлбаһрам Тынышбаевтардың фотосына жазған шағын түсініктемеде: «Первая жена, с которой он жил, была дочерью известного казахской степи врачевателя, известного в Жетысу фельдшера Баки Шалимбекова – звали ее Гулбахрам Бакикызы. Она была умелой, верной женщиной. Она «в 1921 году (в одном документе – в 1923 году, если опираться на данные тюремных документов), но всё же точнее в 1921 году, в Чимкенте, заразившись от инфекционных больных, которых лечила, умерла от тифа. Тело её облили кислотой и сожгли в общей могиле» (сведения Ескендира Мухамеджанулы). Гулбахрам родила сына Ескендира и двух дочерей, имена которых Фатанад-Бану и Динара. Осиротевшие две девочки, отец которых оказался в тюрьме, очень многое пережили, и раны их сердец не залечит никто» [5], – деп жазады. 

Профессор Тұрсын Жұртбайдың Гүлбаһрам Бақияқызы Шалымбекова туралы «1921 жылы Шымкентте сүзектен қайтыс болды» деген мәліметі расында шындыққа жанасады. Себебі көп ұзамай Мұхамеджан Тынышбайұлы әмеңгерлік жолмен әйелі Гүлбаһрамның 1917 жылы іш сүзегінен қайтыс болған немере ағасы, атақты дәрігер Садуақас Шалымбековтың жесірі Ғазиза (Әзиза) Жәкулақызы Күшіковаға үйленеді. 

Садуақас Шалымбеков XX ғасыр басында патшалық Ресейдің астанасы Санкт-Петербургтегі Императорлық әскери медицина академиясынан жоғары дәрігерлік білім алып, Семей губерниясының Қарқаралы уездік емдеу мекемесін басқарған, бүкіл елге сыйлы әрі беделді адам болған. Айтпақшы, жоғарыда сөз болған «Боль моя, гордость моя – Алаш!» атты кітабының осы 32-бетінде алдындағы айтқан фотодан басқа 1908 жылы  Санкт-Петербургте түскен бір топ студент қазақ жастары Нұрғали Ипмағамбетов, Мариям және Гүлсім Асфандияровалар, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Садуақас Шалымбеков, Жанша Сейдалин, Халел Досмұхамедовтың фотосы басылыпты. Мұндағы Гүлсім Асфандиярова, Садуақас Шалымбеков, Халел Досмұхамедұлы, Нұрғали Ипмағамбетовтар ұлтымыздың алғашқы жоғары білімді дәрігерлері болатын. Бұлардан соң көп ұзамай Императорлық әскери медициналық академияны Санжар Асфандияров үздік бітіріп шығады. 

1917 жылы  Алаш қозғалысының басшысы Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетінде басылған «Марқұм Садуақас Шалымбеков» атты мақаласында: «Марқұм доктор Садуақастың опат хабары «Қазақтың» 213 нөмірінде басылса керек. Садуақас тобықты руынан, Тәжі деген кісінің баласы еді. Алматыда ағасы Бақияның қолында тұрып гимназия бітірді, онан Петроград военно-медицинский академиясын 1909 жылы бітіріп шығып, Қарқаралыға доктор болып келді. Сол жылы Ғазиза Яһуде қызына үйленіп еді...

Жамағаты Ғазиза ханым, алды 7 жасар, арты 21 күндік төрт баласы жетім қалды. Жетім-жесірді Алла өзің есірке! Он күн ауырып жатты, жолдастары бағып қарап отырды. Тура келген қазаға амал бар ма, Қарқаралы қазағы қатты күйзелді. Жетімдердің шаруасына тимей, халық ортасынан мың жарым сом ұстап жақсы жөнелтті. Жаназасына халық көп жиналды. Орыс, ноғай, сарт, қазақ зиратына шейін еріп барды»  [6], – деп жазды.   

Садуақастың немере ағасы Бақия Шалымбеков жайында белгілі өлкетанушы Юрий Попов «Степной врач Чалымбеков (1880-1917)» атты мақаласында «Дядя Садывакаса Бакий Шалымбеков, 1865 г.р. тоже выпускник Омской центральной фельдшерской школы. По распределению направлен в Семиречье. Жил в Верном, куда прибыл и Садывакас. Он обучался в Верненской гимназии.

По данным исследователей Казахстана Омскую фельдшерскую школу с 1881 по 1917 год окончили 95 мусульман. Свое «омское братство» выпускники со временем не растеряли. Вместе с Бакием в Жетысу получил назначение Ягуда Кушуков (1863-1933). Дочь Ягуды Газиза (Азиза) в будущем станет супругой Садывакаса» [7], – деп жазады.

Ал енді осыдан кейін барып Мұхамеджан Тынышбайұлының әмеңгерлік жолмен не себепті сонау Петербордағы студенттік кезден жақсы танысы, кейінде қайынағасы болған Садуақас Шалымбековтың  «алды 7 жасар, арты 21 күндік төрт баласы жетім қалған» жесірі Ғазизаға үйленгені туралы ой түйіп, қорытынды шығара беріңіздер. Әрине, ел іші Азамат соғысы мен ашаршылықтан бүлініп жатқан кезде мұндай аса жауапты қадамға екінің бірі бел буып бара бермесі айдан анық. Бұл тек Мұхамеджан Тынышбайұлы сияқты үлкен жүректі, парасатты адамның ғана қолынан келетін іс еді.   

Садуақастың жары Ғазиза ханым да текті жердің қызы болатын. Оның әкесі Жәкула Күшіков қарт Тарбағатай тауының теріскейіндегі Ақсуат жерінің Өкпеті елді мекенінде өмірге келген. Еуропаша дәрігерлік білім алған алғашқы азғана қазақтың бірі-тін. 

Жәкула Күшіков Омбыдағы фельдшерлік мектептен соң, өзінің әріптес досы Бақия Шалымбековпен бірге Верный қаласының учаскелік ауруханаларында тұрғындарды емдеу жұмыстарымен айналысады. Сірә, осы уақытта Садуақас пен Ғазиза екеуі танысып, кейінде бір отбасы құрған секілді. Айтпасқа енді тағы болмайды, қарт жазушы Ғалым Ахмедов «Алаш «Алаш» болғанда» кітабында ертеде оқыған қазақ жастарына тоқтала келіп, «Әшірбек Шалымбеков пен Әбілмәжін Күшіков екеуін Семейден, 1914 жылы Варшава мал дәрігерлік институтын бітірген» деп көрсетеді. Бұл енді рас, олар Садуақас пен Жәкуланың інілері болып табылады. Қос азаматтың кейінгі тағдыры белгісіз.    

Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов «Жәкуланың қызылтасы» атты мақаласында оның ақ патша заманында Омбының фельдшерлік мектебін бітіріп, Жетісуда және көршілес Қырғыз елінде бірнеше жыл дәрігерлік жұмыстар істегені, осыған қоса жергілікті әкімшілік жүйеден алған губерниялық хатшы тәрізді атақ-дәрежесі болғаны туралы деректерді айтады (Губерниялық хатшы дегеніміз – 1722-1917 жылдары Ресей империясында әкімшілік басқару жүйесінде әртүрлі әлеуметтік-қоғамдық қызметтер атқарған азаматтарға  берілген он екінші санаттағы ресми атақ дәреже. Бұдан басқадай, мысалы «титулярный советник», «коллежский регистр» деген сияқты т.с.с. белгілі бір әлеуметтік топтардың азаматтық атақ шендері болды). 

Жетісудан елге қайтып оралған соң Жәкула Күшіков Семей губерниясының Зайсан уезінде бірнеше жыл болыс болып, ел басқарды. Ақ патшаны тақтан тайдырған ақпан төңкерісінен кейін Алаш Орда үкіметін белсенді қолдап шығады. Ал совет өкіметі уақытында саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 1933 жылы көршілес Қытай жерінде астыртын жіберілген НКВД жендеттері оғынан қаза болады.       

Міне, енді өздеріңіз Алаштың үш арысы Серікбай Ақаев, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Әлмұхамед Көтібаров өмірінің атақты емші-дәрігерлер Бақия және Садуақас Шалымбековтер отбасымен арадағы ортақ тағдыр-талайы қалай болғанын оқып, біліп отырсыздар. 

Сөздің реті келгенде осы Бақия Шалымбековтің тағы бір Мүбәрак есімді кенже қызы болғанын, ал оның негізгі шыққан түбі қарқаралылық белгілі заңгер-адвокат Жүніс Қияқовпен тұрмыс құрғаны туралы да атап айтып өткен жөн сияқты. Олардың отбасы некесінен Гуляфруз, Деляфруз, Эльвира есімді үш қызы болған. 

Алаш қайраткері Жүніс Қияқовтың есім-сойы 1918 жылдың 18 қаңтарында Қарқаралы қаласында Жақып Ақбаевтың төрағалығымен өткен уездік земствоның жиынына қатысушы депутаттар [8] мен Семейде Алаш атты әскері полктерін ұйымдастырып құрушылар тізімдерінде [9] айтылып көрсетіледі. 

Сонымен қатар 1920 жылдың 4 қазанында Орынборда өткен Қазақ АССР Кеңестерінің құрылтай сьезіне Семей облысының Қарқаралы уезінің басқарушы комиссары Серікбай Ақаев пен осы уездің атқару комитетінің мүшесі Жүніс Уәлиұлы Қияқов делегат болып барған. Бұдан басқа, 1922 жылы Ташкентте қазақтың тұңғыш дәрігер қызы Аққағаз Досжанованың Орта Азия Мемлекеттік университетінің медицина факультетін бітіру құрметіне арналған салтанатты тойдан түсірілген фотосуреттен ұлт зиялылары Серікбай Ақаев пен Жүніс Қияқовтың жұбы жазылмай қатар отырғанын көреміз. 

Серікбай Ақаев тағы осы қайын атасы Бақия Шалымбеков арқылы өзінің болашақ құдасы, белгілі фельдшер-дәрігер Асылхан Абсалямовпен таныс болғанында ешқандай күмән жоқ. Орыс патшасының жергілікті әкімшілігінен «титулярный советник» деген шен-шекпен алған Бақия төре кезінде Омбыдағы орталық фельдшерлік мектепті Асылхан Абсалямовпен (суретте) бірге қатарлас бітірген. 

 Асылхан Абсалямов жайлы деректер, жалпы сирек кездеседі. Әзірге оның тек 1920 жылы Ақмола уездік денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі әрі уездік атқару комитетінің мүшесі болғаны ғана белгілі болып отыр. Алаштанушы ғалым, профессор Зиябек Қабулдинов «Қазақстан тарихы» порталында жариялаған «XX ғасырдың басындағы Ақмола» атты  зерттеу мақаласында Азамат соғысы кезінде ел ішінде Орынбор арқылы шегінген атаман Дутов пен Колчак әскерінен сүзек ауруы тарағаны, осыған орай Омбы фельдшерлік мектебінің түлегі Асылхан Абсалямов жетекшілік еткен уездік денсаулық сақтау бөлімінің күш салуымен 1921 жылы ғана сүзек ауруының беті қайтқаны туралы жазылады. Айтпақшы, белгілі фельдшер-дәрігер Асылхан Абсалямовтың ертеректе патша заманында Алматыда жеке меншік дәріханасы болғаны жайлы деректер кездеседі. 

Серікбай Ақаевтың тұңғышы Махфузбек кейінде осы Асылхан Абсалямовтың қызы Софиямен көңіл жарастырып, жеке отау құрады. Бұл енді өз алдына жеке әңгіме. Оған төменде тоқталатын боламыз.

Алаш зиялыларының, жалпы соның ішінде Серікбай Ақаевтың Ташкенттегі өмір кезеңдерінде талай-талай елеулі оқиғалар  болғаны өткен тарихтан мәлім. Соның бірі – 1922 жылдың тамыз айында Алаш қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов пен Серікбай Ақаевтың алғаш Ташкент қаласында орналасқан «Ақжол» газеті редакциясының ғимаратында ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойын ұйымдастырып өткізуі болды. Бұл мерекелік жиында Орынбордан арнайы келген ҚазАКСР Оқу-ағарту халық комиссары Смағұл Сәдуақасов баяндама жасайды.

Сол сияқты, 1922 жылдың күзінде Ташкент қаласында қазақтың тұңғыш дәрігер қызы Аққағаз Досжанованың Орта Азия Мемлекеттік университетінің медицина факультетін бітіру құрметіне үлкен той болып өтеді. Республикалық «Зерде» журналында басылған Айнагүл Ершинаның «Тұңғыш түлектің бірі» атты мақаласында бұл тойдың сол уақыттағы Түркістан республикасы Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары Сұлтанбек Қожановтың үйінде болғаны, оған бір топ белгілі қазақ зиялылары қатысқаны туралы айтылып, содан арнайы фотосурет берілген. 

Мақала авторы: «Мемлекеттік мәнге ие болған осынау елеулі уақиғаға айналған тойға Түркістан республикасының Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Тұрар Рысқұлов, Түркістан республикасының Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары Сұлтанбек Қожанов, Түркістан республикасының Орталық Атқару Комитеті жанындағы Қазақстанның өкілетті өкілі Әшім Омаров, Денсаулық сақтау халық комиссариатының төрағасы Санжар Аспандияров, Оқу-ағарту халық комиссариатының төрағасы Біләл Сүлеев, Қазақ ағарту институтының директоры Сегізбай Айзұнов, профессор-түрколог, қазақтың тұңғыш дипломаты Нәзір Төреқұлов, Түркісіб инженері Мұхамеджан Тынышбаев, жазушылар: Хайролла Қаратаев, Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев, Әбубәкір Диваев,  дәрігерлер: Халел Досмұхамедов, Әлжан Байгурин, Мағрипа Қойайдарова, Сара Қапина, Мәдина Қасымова, адвокаттар: Серікбай Ақаев, Жүніс Қияқов секілді халқымыздың аяулы азаматтары түгел дерлік қатысқан еді» [10], – деп жазады. 

Оқи отырыңыз: Аққағаздың оқу бітіруі

Міне, осы Ташкент қаласында 1923 жылы Серікбай Ақаев өзінің Махфузбек, Мұхтарбек, Үгедей атты үш ұлын естелікке фотоға түсіреді. Оны осы мақалада арнайы оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

Серікбай мен Гүлжәмила Ақаевтардың бірлескен отбасы некесінен, жоғарыда айтқан үш ұлдан басқа Деляфруз есімді қызы болған. 

Серікбай ұлдары Махфузбек, Мұхтарбек, Үгедей

Серікбай Ақаевтың тұңғышы Махфузбектің 1915 жылдың қыркүйегі айының соңында Қоқан қаласында дүниеге келгені туралы «Қазақта» [11] арнайы қысқаша ақпарат жарияланған. Сонымен бірге бұл қуаныш тойға жиналғандардың «Азамат» серіктігінің баспахана ашу талабын қолдап қаржылай көмек жасағандары жайлы да жазылады. 

Енді осы Махфузбектің отбасы туралы айтсақ, оның әйелі София Асылханқызы Абсалямовамен арадағы некесінен Ескендір, Заурбек, Ермек сынды ұлдары мен Гуляфруз есімді қызы дүниеге келеді. 

Махфузбек Ақаев мамандығы бойынша жоғары білімді инженер-электрик, ұзақ жыл Алматыда электрмен жабдықтау кәсіпорындарын басқарды, одан соң 1965-1984 жылдары Қазақ ССР Энергетика және электрификациялау министрінің орынбасары қызметін атқарды.   

Ал Мұхтарбек Ақаевқа келсек, мамандығы тау-кен инженері. Ленинградта оқыған соң, Ресейде жұмыс істеп, үйленіп, сонда қалады. 1967 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, ССРО Ғылым Академиясының тау-кен институты директорының ғылыми жұмыс бойынша орынбасары болып қызмет етті. Отбасында әйелі башқұрт қызы Габида және Дина, Әнуар деген екі баласы болды. 

Мұхтарбек Серікбайұлы Ақаев 1978 жылы қайтыс болады, оның ұрпағы Новосибирскіде тұрады.

Үш ұлдың кенжесі Үгедей Ақаевқа келсек, кәсіби мамандығы бойынша тау-кен өндірісінде қопарғыш болып істеді. 1966-1980 жылдары Алматы қаласын селден қорғайтын Медеу су плотинасын салуға қатысқан. Ол Зина есімді орыс қызымен отбасын құрып, одан Сәуле деген қызы болды. Әкесі өлгеннен кейін анасымен бірге Ресейге қоныс аударған. 

Ал енді отбасындағы жалғыз қыз Деляфруздың мамандығы инженер құрылысшы, ол орыс жігіті Юрийге тұрмысқа шыққан. Екеуінің отбасында Вячеслав және Александр есімді ұлдары болған.   

Белгілі бөлелер: Х. Курумчин, Е. Тынышбаев, М. Ақаев

Махфузбек Ақаевтың сүт кенжесі Гуляфруз Махфузбек қызы мамандығы бойынша инженер-экономист, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясында кіші ғылыми қызметкер болып еңбек етті. Жұбайы Қайрат Бейсебаев техника ғылымының кандидаты. Текті жерден шыққан азамат, әкесі Мәсімхан Бейсебаев кезінде Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы болған. Қайрат Мәсімханұлы елімізде «Blue star»   (Mersedes-Benz) компаниясының Бас директоры лауазымында 20 жыл жұмыс істеді. Бүгінде олар отбасында үш ұлдан 10 немере және екі шөбере сүйіп отыр. Үлкен ұлы Әділжан Астана қаласында кардиохирург.  

Серікбай Ақаевтың отбасының өткен өмір тарихына қарап, өзінше бір өзгеше ой түйгендей боласын. Әкесі Серікбай Ақаевты Алаш идеясы үшін совет өкіметі 1937-1938 жылдары жазықсыз «халық жауы» ретінде жазалап атқан болса, ал оның Махфузбек, Мұхтарбек, Үгедей сынды үш ұлы бірдей 1941-1945 жылдары неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғыста сол Совет Одағын қорғап қалды. Үлкені Махфузбек майданға уыздай жас лейтенант шағында аттанып, от-жалынға есейіп шыңдалған капитан болып оралды. Туған інісі полковник Абдулла Ақаев та соғыстан елге жеңіспен келді.   

Құдай қосқан қосағы Серікбай Ақаев 1937 жылы атылып кеткенде Гүлжәмила Бақия қызының ендігі бар жұбанышы, тірегі осы үш ұлы Махфузбек, Мұхтарбек, Үгедей мен жалғыз қызы Деляфруз болды. Қаншама қуғын-сүргінді, қорлық-зомбылықты, азапты ауыр еңбекті көрседе жігері жасымады, мұқалмады. Оған, тіпті «халық жауының әйелі» деп зейнетақы да тағайындамады.  

Серікбай Ақаев өлген соң, оның отыз жылдан аса уақыт бойына ошағының отын өшірмей келген  аяулы ана Гүлжәмила Ақаева алпысыншы жылдары өмірден өтеді. Алайда, ерінің артында қалған ұрпағын аман-сау сақтап, ер жеткізіп, оқытып, жоғары білім әперіп қана қоймай, бүкіл әулетке қатысты көне тарихи  фотолар мен мұрағат құжаттарын, шежіре-жазбаларын табыстап, аманат етіп кетеді. Не деген керемет десеңші! Сірә, бұл Алаш арыстары әйелдеріне тән ортақ қасиет болғаны сөзсіз. 

Серікбайдың туған інісі Абдулла Ақаев  (суретте) та, жоғарыда айтқанымыздай, әскери полковник шенінде Екінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысып, қан төкті. Ол соғыста полковник шенін алған азғана қазақтың бірі болды. Қызыл Жұлдыз, Ленин, бірінші дәрежелі Даңқ тәрізді тағы басқадай ордендер және жауынгерлік медальдармен марапатталды. Сондай-ақ Совет Одағының атақты қос маршалы К.Е. Ворошилов пен С.М. Будённыйдың қолынан естелік ретінде екі бірдей қылыш алды. Абдулла Ақаев – 1918 жылдан қызыл әскер қатарына жазылып, атты әскер құрамында әскери қызмет атқарған адам.  

Ол соғыстан кейінгі жылдары Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімін басқарды. Алайда оның отбасы мүшелерінің айтуынша, соғыстан кейінгі жылдары Абдулла көп қуғын-сүргін көреді. Ақырында соғыс сырқаты денсаулығына  әсер етіп, 1959 жылы қайтыс болады. Қазір Қызылорда қаласында Абдулла Ақаевтың есімі берілген көше бар. Абдулла Жұмағалиұлы кіндігінен жалғыз қызы Ләйля және одан Шамиль мен Сәуле есімді немерелері тарайды. 

Гуляфруз Махфузбекқызының Алашорда үкіметінің 100 жылдығы қарсаңында атасы Серікбай Ақаев туралы жасаған сұранысы бойынша Алматы қалалық ішкі істер департаментінің Ақпараттық-сараптамалық орталығы төмендегідей анықтама береді. Онда: «Архивное уголовное дело по обвинению Акаева Серикбая Джумагуловича находится на хранении в Специальном государственном архиве ИАЦ ДВД г. Алматы.

В материалах дела имеются следующие сведения: Акаев Серикбай Джумагулович, 1880 года рождения, казах по национальности, уроженец аула №5, Кызыл-Ординского района. Образование – специальное (учительское). Являлся членом Коллегии защитников при Наркомюсте. До ареста проживал по адресу: г. Алма-Ата, ул. Октябрская, д. №33.

Акаев Серикбай Джумагулович был арестован 10 октября 1937 года, Алма-Атинским ОблУНКВД. Обвинился в том, что являлся членом антисоветской националистической организации, проводил в ее составе контрреволюционную деятельность, т.е. в преступлениях, предусмотренных ст. 58-2 и 58-11 УК РСФСР.

Заседанием Тройки УНКВД по Алма-Атинской области от 21 ноября 1937 года Акаев С.Д. был осужден к высшей мере наказания. 

На основании постановления Президиума Алма-Атинского областного суда от 27 апреля 1957 года постановление тройки УНКВД Алма-Атинской области от 21 ноября 1937 года в отношении Акаева С.Д. было отменено и дело производством прекращено за отсутствием состава преступления.

На момент ареста Акаев С.Д. имел следующий состав семьи:

Жена – Гульджамиля, 1894 года рождения;

Сын – Махфузбек, 1915 года года рождения;

Сын – Мухтарбек, 1917 года рождения;

Сын – Угедей, 1921 года рождения;

Дочь – Деляфруз, 1925 года рождения.

Сведений о месте захоронения Акаева С.С. в материалах архивного уголовного дела не имеется. Вместе с тем, в Илийском районе Алматинской области, между селами Али и Жаналык, найдено и официально подтверждено место массовых захоронений жертв репрессий, где в настоящее время создан мемориал.

Фотографий, писем, рукописей, а также сведений о дальнейшей судьбе Акаева С.Д. в архивном уголовном делене имеется.

Основание: архивное уголовное дело №04355, фонд №20», – деп жазылған.     

Серікбай Ақаев 1880 (кейбір деректерде 1881) жылы Сырдария облысының Перовск уезіне қарасты «Царская» болысының №5 ауылында туған. Оның жоғарыда аталған фотосуреттегі Әлмұхамед Көтібаровпен бір үйдің қыздарын алған бажалығы жеке өз алдына, олар бұрыннан ауылы жақын жерлес әрі Кіші жүздің Жаппас руынан тарайтын аталас туыс болып келеді. Әлмұхамедтің атасы Көтібар Итаяқұлы XIX ғасырдың бірінші жартысында Сыр өңірін Қоқан басқыншылығынан азат етуші қол бастаған әйгілі батыр адам болған. 

Серікбай Ақаев Жаппастың ішінде Өтек тармағынан болса, ал енді Әлмұхамед Көтібаров Жаппастан Мойнақ, одан әрі Құрымшы атасынан болып тарайды. Жаппас руының ата-тек шежіре кестесі мынадай дереккөздерден – «Қазақ шежіресі хақында (Құраст.: Ә. Пірманов). – Алматы: «Атамұра», 2000. 399-бет» және «Айдана Маратқызы, «Көтібар ұрпақтары кім және қайда?» мақаласы. «Тіршілік тынысы» газеті, 12 маусым 2018 жыл» алынды.   

Сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдары Серікбай Ақаев өз ұл-қызының тағдырына алаңдап, олардың есім-сойын еріксіз ресми құжаттарда «Ақай ұлы және Ақай қызы» деп жаздырса, ал Әлмұхамед Көтібаров өз есім-сойын Құрымшы деп өзгертуге мәжбүр болған. Сол себепті осындай шарасыздықтан барып Әлмұхамед пен одан тарайтын ұрпақтары түгелдей Курумчин болып аталып кеткен. Оған Әлмұхамед Көтібаровтың тұңғыш ұлының есім-сойының төл құжатта Хурьятбек Курумчин (Құриятбек Көтібаров) деп жазылуы дәлел болады.  

Хурьятбек Курумчин ертеректе Ресейге көшіп кетіпті, сонда ғылыммен айналысқан. Қазіргі уақытта одан тарайтын Сәуле және Эдхем атты ұл-қызы, сондай-ақ Анна және Ирина есімді немерелері бар екен. Ұрпағының арасынан ата жолын қуған ғалымдар шыққан көрінеді. Әлмұхамедтің екінші ұлы Ұлықбек Екінші Дүниежүзілік соғыста қаза тапқан. 

Әлмұхамед Көтібаров туралы толыққанды зерттеулер, мысалы қазіргі уақытта қолға сирек түседі. Сол сияқты оның туған ағасы, Санкт-Петербург Императорлық әскери медицина академиясының түлегі Әли Көтібаров (1871-1926) жайлы да материалдар тапшы екені  байқалады. Мысалы, «Алаш» қозғалысы энциклопедиялық анықтамалығында: «Алаш қозғалысының қайраткері Көтібаров Әлмұхамет (Әлмағамбет) 1876 жылы (кей деректерде – 1878 жыл) Сырдария облысының Перовск уезіндегі «Царская» болысының №7 ауылында туған. 1898 жылы Санкт-Петербург әскери медицина академиясын бітірген. Мұстафа Шоқайдың серіктерінің бірі болған. 1917 жылы Қазақ азаматтық комитеттерінің Сырдария облысындағы комитет төрағасы болып сайланды. Ташкент уездік атқару комитетінің мүшесі болды. Орынбордағы екінші жалпықазақ сиезіне Сырдария облысы Перовск уезінен делегат болып қатысқан. Советтік дәуірдің алғашқы жылдарында Ташкент, Алматы қалаларында әртүрлі қызметтер атқарды. Ә. Көтібаров 1937 жылы қамауға алынып, 1938 жылы Ташкентте атылған» [12] деген қысқа ғана дерек беріліпті.

Ал енді оның немересі, химия ғылымдарының докторы Эдхем Курумчин туған атасы Әлмұхамед Көтібаровтың заңгер болғаны туралы айтады. Өз сөзінің дәлелі ретінде оның еңбек кітапшасын ұсынады. Сонымен онда не жазылған?

Әлмұхамед Көтібаровтың атына  1928 жылдың 20 желтоқсанында ашылған бұл еңбек кітапшасында «ұлты – қазақ, туған жылы мен күні – 1882 жыл 12 сәуір, әлеуметтік жағдайы – қызметші, білімі – орта, мамандығы – сот ісі бойынша тәлімгер (судебный практик), еңбек өтілі – 10 жыл» деген жазбалардан басқа «партияда жоқ» және «№648 Жеке куәлік (паспорт), Ташкент қалалық атқару комитетінің әкімшілік бөлімі, берілген уақыты 1920 жыл 19 маусым», «СССР-ның Советтік сауда қызметкерлері кәсіподағының Орталық бөлімшесінің №421 мүшелік билеті, берілген уақыты 1927 жыл 10 қараша» деп жазылған. 

Сондай-ақ еңбек кітапшасында: «1917 жылдың 20 желтоқсанынан 1919 жылдың 31 мамыры бойынша Ташкент округтік соты жанындағы сот ісінің комиссары, Түркістан АССР-ның Әділет комиссариатының сот құрылысы жөніндегі бөлімінде сот ісінің нұсқаушысы; 1919 жылдың 20 тамызынан 1920 жылдың 2 ақпаны бойынша алғашқыда Ташкент, одан соң Перовск (кейінде Қызылорда) қалаларында күрделі істер жөніндегі халық соты; 1920 жылдың 2 ақпанынан 21 қазаны бойынша Түркістан АКСР-ның Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі, одан соң Жер-су комиссариаты алқасының мүшесі; 1921 жылдың 1 қарашасынан Түркістан өнеркәсіпшілер одағының нұсқаушысы, одан соң 1922 жылдың қаңтар, маусым, тамыз, желтоқсан айлары бойынша Сырдария облысы прокурорының көмекшісі, Ташкент қаласында Сырдария облысы кеңестік халық сотының мүшесі, Орта Азиялық «Береке» сауда-өнеркәсіп серіктігінің заң кеңесшісі және осымен бір мезгілде Сырдария облысы қорғаушылары (адвокаттары) алқасының мүшесі; 1924 жылдың 4 ақпанынан №2 Ташкент қалалық мемлекеттік нотариальдық кеңсесінің нотарисі, одан соң 1925 жылдың 3 сәуірі бойынша Қызылорда облысының мемлекеттік нотариальдық кеңсесінің нотарисі» деген жазбалар бар.

Жоғарыда «Алаш» қозғалысы энциклопедиясында жазылған тарихи дерек, біздің ойымызша, Әлмұхамедтің туған ағасы әрі Санкт-Петербург әскери медицина академиясының түлегі Әли Көтібаров туралы болса керек.

Алаштанушы ғалым Тұрсын Хазретәлі «Алаш һәм Түркістан» атты монографиясында «Қазіргі уақытта Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілдері М. Шоқай, М. Тынышбаев, С. Лапин туралы ғылыми зерттеу жұмыстары жарық көріп, диссертациялар қорғалды. Өкінішке қарай, көптеген түркістандық элита өкілдері, мысалы Серікбай Ақаев туралы осы кезге дейін дербес зерттеу жұмыстары қолға алынбағанын атап айтуымыз керек» деп айтады. Расында, Серікбай Ақаев пен Әлмұхамед Көтібаровқа қарағанда, артындағы іздеушісінің көптігінен бе, әйтеуір олардың Алаш идеясы үшін күрес жолындағы үзеңгілес серігі, тіпті әйелдері жағынан өзара жақын туысы болып келетін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамеджан Тынышбайұлы туралы түрлі ғылыми зерттеулер мен әдеби-тарихи кітаптар жеткілікті кездеседі. Сол себепті біз алдыңғы екі саяси тұлғаның өмірі мен қызметіне қатысты қажетті дереккөздердің тапшылығына қарамастан, олар туралы мүмкіндігінше көбірек айтып қалуға тырысқан болатынбыз.

Алаш қайраткері Серікбай Ақаевтың Түркістан мұхтариаты, Алаш Орда үкіметі уақытындағы (1917-1920 жж.) және совет өкіметінің алғашқы жылдарындағы (1920-1930 жж.) үлкен саяси қайраткерлік тұлғасына қысқаша анықтама беріп өткен дұрыс сияқты. Осыған орай көрнекті алаштанушы ғалым Сәбит Шілдебайдың «Қазақстан тарихы» энциклопедиясында басылған Серікбай Ақаевтың өмірдерегі [13] басты негізге алына отырып, кейінгі зерттеулер нәтижесімен толықтырылып берілді.       

Қысқаша тарихи анықтама:  Серікбай Ақаев 1880 (кейбір деректерде 1881) жылы Сырдария облысының Перовск уезіне қарасты №5 ауылында дүниеге келген. Алғашқыда ол ауыл молдасынан сауат ашып, одан кейінде Ташкент қаласында мұғалімдер семинариясын бітірген. Қоқан қаласында орыс-түзем училищесінің меңгерушісі болған. 1913 жылы губерния хатшысы шенінде отставкаға шыққан. Самарқанд округтік сотында университет бағдарламасы бойынша емтихан тапсырып, жеке сенімді өкіл атағын алған. Кәсіби мамандығы – заңгер, адвокат. Жергілікті зан орындарының сенім білдірген өкілі ретінде Самарқан, Ферғана және Ташкент округтік соттарында жұмыс істеген. 1916 жылы Наманган уезінде адвокат болып қызмет жасаған. 

1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Түркістан өлкесінің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқан. Осы жылдың 16-21 сәуір күндері Ташкент қаласында өткен Бірінші Түркістан өлкелік мұсылмандар сьезіне делегат болып қатысып, сьез шешімімен құрылған Түркістан өлкелік мұсылмандарының Орталық Кеңесіне мүшелікке сайланады.

1917 жылдың 21-26 шілдесі аралығында Орынбор қаласында өткен Бірінші жалпықазақ сьезіне делегат ретінде қатысып, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы депутаттығына Ферғана облысынан кандидат болып тіркелді. Серікбай Ақаев 1917 жылдың 26 қарашасында Түркістан автономиялық республикасы құрылғанда, оның Халық Кеңесінің мүшесі болып сайланды. Түркістан өлкелік Уақытша үкіметтің басшылық құрамында Мұхамеджан Тынышбаев, Мұстафа Шоқай, Әлмұхамед Көтібаров және т.б. бірге қызмет жасады.

Алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы «Түркістан автономиясы» мақаласында: «Өкінішке қарай, Түркістан автономиясы небәрі 64 күн ғана өмір сүрді. 1918 жылдың 10-11 ақпан күндері автономия орталығы Қоқан қаласында большевиктер қанды қырғын ұйымдастырды, сөйтіп бұл мемлекеттік құрылым қарулы күшпен құлатылды» [14], – деп жазады. 

Шынында, он миллионға жуық бейбіт қала халқын жаңа үлгідегі винтовка және пулеметпен мұздай қаруланған большевиктердің бір жарым мыңдай қарулы әскері қызыл қанға көміп, қырғынға ұшыратады. Түркістан автономиясының орталығы Қоқан қаласында орын алған бұл қанды оқиға туралы орыс жазушылары Дмитрий Фурманов «Мятеж» және Николай Никитин «Это было в Коканде» атты романдарында суреттеп жазады. 

Әскери қолбасшы Михайл Фрунзе мен жазушы Дмитрий Фурманов – тікелей осы Қоқан қаласы тұрғындарын айуандықпен қырып-жою актісіне қатысқан адамдар. Мысалы, Дмитрий Фурманов Түркістан майданының қолбасшысы Михайл Фрунзеге бағынатын 25-інші Чапаев двизиясының қызыл комиссары болды. 

Зерттеушілер совет өкіметі Түркістан автономиясының орталығы Қоқан қаласы тұрғындарын қырып-жоюға Қызыл армияның тұрақты әскери бөлімдерінен басқа армян дашнактарын да белсенді пайдаланды деп жазады. 1916 жылы Жетісудағы Бекболат Әшекеев басқарған ұл-азаттық көтерілісі де Түркістан майданының қолбасшысы Михайл Фрунзенің  төртінші армияның күшімен талқандалып, көтеріліс басшысы қызыл жендеттердің қолынан дарға асылып қаза болғаны белгілі. 

1918 жылдың ақпан айының басында Түркістан автономиясы құлағаннан соң мамыр айында Әлихан Бөкейханның шақыруы бойынша Мұхамеджан Тынышбайұлы мен Серікбай Ақаев Семей қаласында уақытша орналасқан Алаш Орда үкіметі қызметіне кіріседі. Мұнда Мұхамеджан Тынышбайұлы Алаш Орда үкіметі төрағасының орынбасары, ал Серікбай Ақаев осы үкіметтің Іс басқарушысы болып істеді. 

Серікбай Ақаев, нақты айтқанда 1918 жылдың мамыр-шілде айларында Алаш Орда үкіметінің Іс басқарушысы қызметін атқарды. Одан соң адмирал Колчактың билігі тұсында Уақытша Сібір үкіметінің Семей облысына қарасты Қарқаралы уезін басқарушы комиссары [15] болды. Бұл қызметін 1919 жылдың маусымына дейін атқарды. Жалпы Серікбай Ақаев Алаш зиялылары арасынан жергілікті жерде Уақытша үкіметтің комиссары етіп тағайындалған төртінші қазақ болды. Бұған дейін, 1917 жылдың сәуір айында Әлихан Бөкейхан Торғай облысында, ал халықшыл социалист Орест Шкапский мен Мұхамеджан Тынышбайұлы Жетісу облысында, Бақтыгерей Құлманов Ішкі Бөкей ордасында Бүкілресейлік Уақытша үкіметтің комиссарлары [16] болып істеген еді.   

  Алашорда өз қызметін ресми тоқтатқан соң Серікбай Ақаев совет өкіметі жағында Семей облыстық атқару комитетінің заң бөлімінде заңгер, адвокат қызметтерін атқарды. Сондай-ақ, ол мұнда 1920 жылдың 10 сәуірінен 2 тамызына дейін бұратаналар (инородческий) бөлімінің меңгерушісі [17] болып істеді. 

1920 жылдың 4-12 қазан күндері Орынборда өткен Қазақ АССР Кеңестерінің Құрылтай сьезіне Семей облысы Қарқаралы уезінен делегат ретінде қатысып, Қазақ Орталық Атқару Комитетінің мүшесі [18] болып сайланды.

1921 жылдың  25 қазанында Серікбай Ақаев Семейден Қазақ Орталық Атқару Комитетінің жолдамасымен Ташкент қаласына жіберіледі. Мұнда ол Қазақ республикасының ашаршылық нәубетіне ұшыраған тұрғындарына көмек көрсету жөніндегі Орталық Комиссияның Ташкент бөлімшесі алқасының мүшесі [19] болып істеді. Одан біраз кейінде қазақ елінің жаңа астанасы Қызылорда қаласында бірқатар жоғары лауазымды қызметтер атқарады. Атап айтқанда, 1925 жылдың 8 қарашасында ҚазАССР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Нығмет Нұрмақов пен Қазақ Орталық Атқару Комитетінің жауапты хатшысы Аралбаевтың №148 бұйрыққа қол қойымен осы аталған жоғары басқару органының Іс басқарушысы [20] болып тағайындалады. Ал енді оның 1930 жылдардағы өмірінің соңғы кезеңі Алматыда заңгерлік қызметпен өтеді. 1931 жылдың қарашасынан бастап 1935 жылдың 5 қазан күніне дейін төрт жылдай уақыт бойына ҚазАССР Заң министрлігі жанында Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі болып қызмет атқарды.

1930 жылдың 14 қыркүйегінде Алматыда жергілікті ОГПУ органының қызметкерлері №2370 қылмыстық іс бойынша РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-бабының 7 және 11 тармақтары, 59-баптың 3 тармағымен айыпталған, ішінде Серікбай Ақаев, Жақып Ақбаев, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел және Жаһанша Досмұхамедовтар, Қошке Кемеңгеров, Жұмахан Күдерин, Мұхтар Әуезов, Біләл Сүлеев, Әлімхан Ермеков [21]  тағы басқалар бар, жалпы ұзын саны отыз ұлт зиялысын ұстап, түрмеге қамады. Одан Серікбай Ақаев тек 1932 жылдың күзінде ғана босап шығады. Бірақ та бұл уақытша көз алдау еді. 1937 жылға қарай сталиндік репрессия қарқыны күшейіп, жазықсыз атылғандар мен сотталғандар саны үсті-үстіне көбейе түскен болатын-ды.  

1937 жылдың 10 қазанында Алматыда жергілікті жазалау органдарының қаулысы бойынша Серікбай Ақаев совет өкіметіне қарсы астыртын ұлтшыл ұйымның мүшесі ретінде қылмыстық істер жүргізді деген айыптаумен ұсталып, түрмеге қамалды. Көп ұзамай 1937 жылдың 21 қарашасында Алматы облыстық НКВД үштігінің үкімімен ату жазасына кесілді. 

Серікбай Ақаев тәрізді Алаш қозғалысы қайраткерлерінің тарихи тұлғасын танып білу және оларды насихаттау жұмыстары, өз кезегінде жас ұрпақтың санасында ұлттық және мемлекетшілдік қасиеттерді қалыптастыруға өзіндік ықпалын тигізеді деген сенімдеміз.

Салима Шаянбаева, 

Қазақстан тарихы пәнінің мұғалім, педагог-сарапшы

Даниял Айдаров, 

Алматы қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы

Ескерту: тарихи фотосуреттер Серікбай Ақаевтың немересі Гуляфруз Махфузбекқызының жеке отбасы архивінен алынды.  

Пайдаланылған әдебиеттер

1.      Абай облысы мемлекеттік архиві. Личное дело Акаева Серикбая, ф. 72, оп. 2, д. 1, л. 15. 

2. «Алаш» қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық. Құраст.: Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. – Алматы: «Сардар», 2014. 167-б.

3. Қоқандта болған той. «Қазақ» газеті. 1916 жыл / Құраст.: Ғ. Әнес, Т. Замзаева. – Алматы: «Алашорда» қоғамдық қоры, 2023. 133-135 беттер.

4. ЦГА РК. Личное дело Акаева Серикбай. Член коллегии Ташкентского отделения ЦК по оказанию голодающему населению Начато: 25 октября 1921 г. Окончено: 4 ноября 1921 г. 5 листов. Ф. 5, оп. 18, д. 35, св. 430.

5. Журтбай Турсын. Боль моя, гордость моя – Алаш! – Астана, 2016. Стр. 32.

6. Бөкейхан Ә. Марқұм Садуақас Шалымбеков. Қазақ, 1917, №215, 27 январь.

7. Попов Ю. Степной врач Чалымбеков (1880-1917) // «Бұқар жырау жаршысы» газета, 25 апрель 2020 год.

8. Абай облысы мемлекеттік архиві. Протокол заседания Каркаралинского уездного собрания от 17 января 1918 года, ф. 37, оп. 1, д. 94, л. 66.

9. Абай облысы мемлекеттік архиві, ф. 1п, оп. 1, д. 21, л. 7.

10. Ершина Айнагүл. Тұңғыш түлектің бірі. «Зерде» журналы, 25-26 беттер.

11. Қоқан. Қазақ, №159, 1915 жыл 29 ноябрь.

12. «Алаш» қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық. Құраст.: Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. – Алматы: «Сардар», 2014. 103-б.

13. Ақаев Серікбай. Қазақстан тарихы. Энциклопедия. – Алматы: «Литера-М» ЖШС, 2019. 84-85 бет.

14. Қамзабекұлы Дихан. Түркістан автономиясы (мұхтариаты). Алаш қозғалысы энциклопедиялық анықтамасы. – Алматы: «Сардар», 2014. 264-бет.

15. Абай облысы мемлекеттік архиві. Семипалатинский губернский революционный комитет. Личное дело Акаева Серикбая, ф. 72, оп. 1, д. 114, п. 57.

16. Нұрпейісов К. Алаш һәм алашорда. – Алматы: «Ататек», 1995. 79 бет.

17. Абай облысы мемлекеттік архиві. Семипалатинский губернский революционный комитет. Личное дело Акаева Серикбая., ф. 72, оп. 2, д. 1, л. 15.

18. Қазақстан тарихы. Энциклопедия. – Алматы: «Литера-М» ЖШС, 2019. 84-85 беттер.

19. ЦГА РК. Личное дело Акаева Серикбай. Член коллегии Ташкентского отделения ЦК по оказанию голодающему населению. Начато: 25 октября 1921 г. Окончено: 4 ноября 1921 г. 5 листов. Ф. 5, оп. 18, д. 35, св. 430.

20. КазЦИК. Дело по ходатайству гражданина Акаева Серикбая проживающего в городе Алма-Ата о востановлении в составе членов коллегии защитников. Начато: 25 октября 1935 г. 11 листов. Ф. 5, оп. 17, д. 652, св. 427.

21. Движение Алаш: Сборник материалов судебных процессов над алашевцами. 2-том. – Алматы: ОФ «Дегдар», 2016. Стр. 157-158.