Абайдың ұрпағы және туыстары

Бөлісу

08.08.2025 2402

Абай – тек қазақтың ұлы ақыны ғана емес, бүкіл бір әулеттің, бір дәуірдің рухани көрінісі. Оның бағзы бабадан тамыр тартқан арғы тегі, отбасылық тәрбиесі, туған-туыстарының тағдыры және олардың өзара байланысы арқылы адами болмысы, тұлғалық келбеті айшықтала түседі. Абайдың арғы тегі Орта жүздің Арғын тайпасы, оның ішінде Тобықты руынан тарайды. Ұлы атасы Ырғызбай би әділдігімен елге танылып, сөзге тоқтаған, салмақты шешімдерімен рудың бірлігін сақтаған.  Атасы Өскенбай би ел ішінде «ісің адал болса – Өскенбайға бар» деген қанатты сөз қалған. Ол өз заманында биік беделге ие болып, әділ билігімен ел жадында сақталған. 


Абайдың әкесі – Құнанбай Өскенбайұлы  XIX ғасырдың орта шенінде Қарқаралы округінің аға сұлтаны болды. Әділдігі мен қаталдығы қатар жүретін, саяси шешім қабылдауда батыл, ал діни тұрғыдан Меккеге қажылық жасап, онда қазақ қажыларына арнап тәкия салдырған Құнанбайдың өмірі билік, дін, дәстүр және қайырымдылық тоғысқан тұлға үлгісі. Ол Абайдың бойына басқарушылық қабілетті, әділдікке ұмтылуды және ұлттың рухани мұрасына құрметпен қарауды дарытты. Құнанбайдың төрт әйелі болған: Бәйбешесі Күңкеден Құдайберді туады. Екінші әйелі Ұлжан Абай, Тәкежан, Ысқақ, Оспанның анасы. Үшінші әйелі Айғыздан Халиулла, Ысмағұл туса, төртінші әйелі Нұрғанымнан ұрпақ қалмаған. Абайдың ағасы Құдайбердінің ұлы – Шәкәрім Құдайбердіұлы  қазақтың ойшылы, ақыны, тарихшысы. Ысқақтың ұлы Кәкітай – Абай мұрасын жинап, 1909 жылы Әлихан Бөкейханның бастамасымен  Петерборда кітап етіп шығаруға ат салысады. 

Абайдың бәйбішесі Ділдә Жүсіпқызынан Ақылбай, Әкімбай, Әбдірахман, Мағауия, Күлбадан, Райхан, Әйгерімнен (Шүкіман) Тұрағұл, Мекайыл, Ізкайіл, Кенже сынды 10 баласы туады. Әмеңгерлікпен алған Оспанның жары Еркежаннан перзент болмаған. Ақылбай «Дағыстан», «Зұлыс», «Жаррах батыр» атты поэмалар жазған. Бұл шығармаларының ішіне «Дағыстан» («Кәрі Жүсіп», «Қисса-Жүсіп» деп те аталады) ғана толық сақталған. Ал «Зұлыс» поэмасының басы сақталса, «Жаррах батыр» түгелдей жоғалып кеткен. «Зұлыс» поэмасының басқа бір-екі бөлімі ғана сақталған. Бұл поэманың үзіндісі 1924 жылы «Сана» журналының 2-3 санында басылған. «Дағыстанның» үзіндісі 1918 жылы «Абай» журналының 5-санында жарияланған. Ақылбайдың «Дағыстан» және Африкадағы зұлыстар жайындағы «Зұлыс» дастандары қазақ әдебиетіне романтикалық поэманың жаңа жанрын дүниеге әкеліп, дамытқандығымен құнды.

Ақылбайдың Әлімқұл (1879–1914), Әубәкір (1881–1934), Сағадат (1884–1908), Бәкизат (1885–1924), Исраил (1895–1959) және Рухия (1897–1920) атты алты баласы болған.  Әлімқұл Ақылбайұлы – Абайдың тұңғыш немерелерінің бірі. Ел ішінде шаруашылықпен айналысып, тұрмысы қарапайым, бірақ текті әулеттің өкілі ретінде сый-құрмет көрген. XIX ғасырдың соңы – XX ғасырдың басында Шыңғыстау өңірінде мал шаруашылығымен шұғылданған. 1914 жылы дүниеден өткен. Әубәкір Ақылбайұлы – Суырыпсалма әрі жазба ақын. Ауылдағы айтыстар мен жыр кештерінде елге танылған. Кеңестік кезеңде «бай тұқымы» деп айыпталып, 1928 жылы тәркілеуге ұшырады, кейін жер аударылды. Елінен жырақта өмір сүріп, 1934 жылы қайтыс болды. Өлеңдері ел арасында жатталып, ауызша сақталған. Сағадат Ақылбайқызы – Жастайынан зерек, тұрмысқа ерте шыққан. Ауылда ұстаздыққа бет бұрып, қыз балаларға хат танытқан. Бірақ ұзақ ғұмыр кешпей, 24 жасында өмірден озған. Бәкизат Ақылбайқызы – Абайдың тәрбиесінде өскен. Өз заманының көзі ашық, мәдениетке жақын әйелдерінің бірі. Тұрмыста болып, бала тәрбиесімен қатар ауылдың мәдени өміріне араласқан. 1924 жылы дүниеден озған. Исраил Ақылбайұлы – Домбырашы, музыка үйретуші. Жидебайдағы Абай музейінде қызмет атқарып, музей жанынан домбыра оркестрін ұйымдастырған. Абайдың «Май түні» сияқты күйлерін нотаға түсіруге үлес қосқан. Өмірінің соңына дейін мәдени-ағартушылық салада еңбек етті. Рухия Ақылбайқызы – Абайдың ең кенже немерелерінің бірі. Жастайынан өнерге, ән-жырға құмар болған. Өкінішке қарай, 23 жасында қайтыс болған. Абайдың үміт артқан Әбішінен ұрпақ қалмады. Кенжесі Мағауиядан Уәсила Мағауияқызы  (1890–1954), Жағыпар Мағауияұлы (1898-1934), Құтайба Мағауияұлы (1895-1919), Кәмилия Мағауияқызы (1900-1932), Бабыр Мағауияұлы. Уәсила Мағауияқызы  - Абайдың өзі қолында тәрбиеленген немересі. Өлеңдерді жатқа айтатын есте сақтау ғажайып қабілеті болған. Оның Абайға арналған жоқтауы «Боздағым» атты жинаққа енген. Алматыдағы Опера және балет театрында тігінші ретінде қызмет атқарған. Сонымен қатар татар поэзиясы жайлы зерттеулер жазған. Жағыпар Мағауияұлы жайлы белгілі деректер аз. Дегенмен, ол ғұмырын білім саласына арнап, оқу-ағарту жұмысымен айналысқан. Кәмила Мағауияқызы 1917 жылғы Ойқұдықтағы тұңғыш қойылымда Еңлік рөлін сомдаған. Ғалым Мұхтар Әуезовпен үйленіп, кейін ажырасқан. 1932 жылы ағасы Жағыпардың қолында қайтыс болған. Абайдың ұлы Тұрағұлдан Ақыш (Ақылия), Қалиман, Жебірейіл, Зүбәйір, Мәкен тарайды.

Тұрағұлдың отбасы. Солдан оңға қарай: Бірінші қатарда Зұбайыр Тұрағұлұлы, Қабыш Оразбайұлы; отырғандар: Жебрәйіл Тұрағұлұлы, Ахмет Әуезұлы, Өміртай Ақбердіұлы, Тұрағұл, алдында қызы Мәкен, жанында әйелі Сақыпжамал, оның алдындағы немересі Алпаш (Жебірәйілдің ұлы), Жебірәйілдің әйелі Райхан; түрегеп тұрғандар: Қабыш Тұмабайұлы, Құсайын Әкімбайұлы, Ағзам Әуезұлы, Ұлықбек Мұқаметжанұлы. Сурет 1924 жылы Семей қаласында түсірілген.

Ақыш (Ақылия) Тұрағұлқызы Абайдың үй ішіндегі өлең айту, домбыра тарту, ән орындау мәдениетін кейінгі буынға жеткізген. Музей, әдеби кештерде (өңірлік деңгейде) әулет естеліктерін айтып, насихатқа үлес қосқан. Зүбәйір болса, колхоз-кеңшар жұмыстарына араласқан, түрлі шаруашылық міндеттер атқарған. Мәкен жайлы академик  Ерлан Сыдықов «Абай ұрпақтары» еңбегінде: ««Абайдың өнерпаз, әнші ұрпақтарының мұрасын жазып қалдыруға ең көп еңбек сіңірген адамдардың бірі де – Мәкен. Ол кісі Абайдың 17 әнін, Ізкәйілдің «Дүниедегі арманым – надан болып қалғамын», Майбасардың Мұхаметжанның «Әкелім», «Ей, ахау, үри-ай», «Қоштасу әні», әндерін, Магауияның Әбдірахманға арналған жоқтауларын Қазақ ССР Ғылым академиясының әдебиет және өнер институтына жаздырып табыс еткен дейді Мұхтар Құлмұхамедов (Құл-Мұхаммед). Осылайша Мәкен бір дәуірдің үнін, сұлулық, сылықым, сүйемсіл, мөлдір әуендерін болашаққа мұра етіп қалдыра білді. Мәкен Тұрағұлқызы – атасының ән мұрагері. Бұл күнде қазақ аспанында әуелеп, қаншама жүректі нәзік ішітен тербеп жүрген де – сол таңғы шықтай мөлдір әуендер. Абайдың маңдайына қиғаш тағдыр жазып, жарық жалғаннан ерте қайтқан ұрпақтарының қазаны асыл қазына кетті. Тектіден қалған қазына қаншама уақыт өтсе де тау тұрғысындағы мәңгілік дүниенің қазақтың рухани әлеміне сыйлаған кетпесі жоқ»,  - деп жазады. Мекайыл Абайұлынан Құзайыр Мекайылұлы, Қалышер Мекайылұлы тарағана. Мекайылдың екі ұл да соғыстан оралмаған.  Абайдың Әйгерімнен туған ұлы Ізкәйіл – өнерге жақын, домбыра тартып, ән салған, 1917 жылы Ойқұдықта қойылған «Еңлік-Кебек» пьесасында Кебек рөлін ойнағаны белгілі. Ізкәйілден Тоқташ Ізкәйілұлы туған, ол Бірінші Дүниежүзілік соғысқа қатысып, майданда қаза тапқан.

Абайдың ағасы Құдайбердінің жалғыз ұлы – Шәкәрім Құдайбердіұлы да саяси жүйенің құранына айналады. Оның балалары Ғафур, Ахат, Зият, Нәзіпа, Гүлнар қуғын-сүргінге ұшырап, Ғафур Қытайға қоныс аударса, қалған балаларыел ішінде, қуғын-сүргінде тұрмыс кешеді. Ахат әкесінің мұрасын сақтап, естелік жазып, әке аманатын ардақтап орындайды. 

Абай әулеті – қазақ мәдениеті мен тарихындағы ерекше құбылыс, себебі бұл әулеттің өмір жолы тек бір ұлы ақынның тағдырымен ғана шектелмей, бірнеше буын бойы елдің рухани және әлеуметтік тарихымен өріліп отыр. Абайдың өз балалары – Ақылбай, Әбдірахман, Мағауия, Тұрағұл, Мекайыл, Ізкәйіл әрқайсысы әкесінің тәлімін бойына сіңіріп, түрлі салада өз ізін қалдырды. Алайда олардың тағдыры ХХ ғасырдың саяси-әлеуметтік дүмпулерімен тікелей байланыста болды. Ақылбайдың балаларының ішінде Әубәкір – суырыпсалма әрі жазба ақын ретінде танылып, кеңес дәуірінде «бай тұқымы» деген айыппен қуғынға ұшырап, жер аударылып, қаза тапты; Исраил – Абайдың музыкалық мұрасын сақтауға үлес қосып, музей жанынан оркестр ұйымдастырды. Мағауияның ұрпақтары ішінде Уәсила – ұстаздық қызмет атқарып, мәдени ортада танылды; Жағыпар – инженерлік салада еңбек етіп, қыздары Ишағы мен Ғазел мәдениет пен музей ісінде қызмет етті; Бабыр соғыста қаза тапты. Тұрағұлдың қызы Ақыш (Ақылия) – Абай әндерін ел арасына таратушы ретінде белгілі, басқа балалары да отбасылық жадты сақтап, тұрмыстық мәдениетті кейінгіге жеткізді.  Мәкен болса, Абайдың әншілік мұрасын жүйелі түрде хатқа түсіріп, ғылыми мекемеге тапсырған алғашқы әулет өкілдерінің бірі. Оның еңбегі – орындаушылық дәстүр мен әуендік үлгіні деректік деңгейде сақтап, абайтануда музыка мұрасын зерттеудің дереккөзін қалыптастырған маңызды мәдени құбылыс. Мекайылдың қос ұлы Құзайыр мен Әлішер Ұлы Отан соғысында қаза тауып, әулет жалғастығы еркек кіндіктен үзілді. Ізкәйілдің жалғыз ұлы Тоқташ та соғыстан оралмады. Осылайша, саяси қуғын-сүргін мен соғыс Абай әулетінің көптеген тікелей ұрпақтарын жалмап, әулет сабақтастығына ауыр соққы жасады. Дегенмен, бұл әулет рухани жалғастықты әйелдер желісі арқылы сақтап қалды: қыздары мен келіндері ән-күй, тұрмыс-салт, естеліктерді көзінің қарашығындай қорғап, музейлер мен архивтерге тапсырды. Әулет мүшелері жинаған және сақтаған қолжазбалар, фотосуреттер, жеке заттар – Абай мұрасының толыққанды жетуіне мүмкіндік берді. Олардың еңбегі ғылыми тұрғыда да, мәдени тұрғыда да баға жетпес: бұл материалдар абайтану ілімінің іргетасын құрауда, Абайдың әдеби, музыкалық, отбасылық қырларын зерттеуде негізгі дереккөз болып отыр.

Бүгінгі ұрпақ үшін Абай әулетінің тағдыры – тек тарихи шежіре ғана емес, ұлттың рухани тұрақтылығы мен жадын сақтаудың үлгісі. Бұл әулет ХХ ғасырдағы ең ауыр кезеңдерді бастан өткерсе де, мәдениет пен өнерді, білім мен әділетті, ұлттық болмысты сақтау миссиясын орындады. Абайдың балалары мен немерелерінің басынан өткен қуғын-сүргін, майдандағы қасірет – ұлт тарихындағы күрделі сабақтарды еске салады, ал олардың қалдырған мұрасы – бүгінгі және келешек ұрпаққа рухани бағдар береді. Осы сабақтастық – Абайдың асыл сөзі мен өнерінің өміршеңдігін, оның тек шығармаларымен ғана емес, әулеті арқылы да ұлт жадында мәңгілік сақталатынын айғақтайды.

Суреттер ашық дереккөздерден алынды

Бөлісу