Қазақ халқының құқықтық мәдениеті ғасырлар бойы қалыптасып, халықтың әдет-ғұрыптарына, тарихи жағдайына және қоғамдық қатынастардың даму деңгейіне сәйкес жетілдіріліп отырған. Дәстүрлі құқық жүйесі тек жазылған заңдардан ғана тұрмай, ауызша тараған билер шешімдері, рулық ережелер мен діни нормалардан да құралған. Қазақ мемлекетінің әрбір тарихи кезеңінде қабылданған негізгі заңдар жинақтары елдің саяси-әлеуметтік дамуына ықпал етіп, қоғамдық тәртіп пен бірлікті сақтауда маңызды рөл атқарған.
«Қасым ханның қасқа жолы» заңдар жинағы (1511-1518)
XV-XVI ғасырларда Қазақ хандығының құқықтық тарихында алғаш рет заң нормаларын жүйелеген жинақ – Қасым ханның «Қасқа жолы».
Бұл заңдар мемлекеттік ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталып, бес негізгі бөлімнен тұрды:
– мүлік заңын (жер, мал-мүлік даулары);
– қылмыстық заңды (ұрлық, адам өлтіру және т.б.);
– әскери заңды (аламан міндеттемесін, ер құны, қара-қазақ және т.б.);
– елшілік жораларды (майталмандық, шешендік, сыпайылық, әдептілік, халықаралық қарым-қатынас);
– жұртшылық заңын (шүлен тарту, ас, той, мереке үстіндегі ережелер, жасауыл, бекеуіл және т.б.) қамтыған. Мүлік заңы меншікке, мал-мүлікке және мұрагерлікке қатысты ережелерді қамтыды. Әскер заңы жасақ құру, әскери міндеткерлік және соғыс тәртібін айқындады. Елшілік заңы дипломатиялық қатынастар мен елшілер мәртебесін реттеді. Жұртшылық заңы қоғамдық тәртіп, той-мерекелер мен ас беру ережелерін бекітті. Жер дауы жайылым мен қонысты пайдалану, шекара даулары мен жайылым бөлінісін қарастырды. Бұл заңдар хандықтағы билікті нығайтып, ру-тайпалар арасындағы дауларды әділ шешуге мүмкіндік берді.
«Есім ханның ескі жолы» заңдар жинағы (1598-1628)
Есім хан билігі тұсында ел ішіндегі құқықтық тәртіп «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын заңдар жиынтығымен реттелді. Бұл жүйе Қасым ханның «Қасқа жолының» негізінде жасалып, сол дәстүрлі нормаларды сақтай отырып, замана талабына сай кейбір толықтырулар енгізді.
Заң ережелері:
– Жерге қатысты заңдар;
– Малға байланысты ережелер;
– Мүліктік қатынастар;
– Қылмыстық іс туралы (ұрлық, кісі өлтіру, қасақана жарақат келтіру);
– Әйелдердің қоғамдағы жағдайы;
– Әскери міндеттілік;
– Дәстүрлі шаралар мен кедейлерге көмектесу.
Есімханның заңдар жинағы ел ішінде тәртіп пен бірлікті арттыруға бағытталды. Бұл кезеңде қазақ қоғамы сыртқы қауіп-қатерлермен қатар ішкі алауыздыққа да тап болды. Сондықтан Есім хан әскери заңдарды нақтылап, жауынгерлердің міндеттері мен жауапкершілігін күшейтті. Онда әскердегі тәртіпті сақтау, сатқындық пен опасыздыққа қатаң жаза қолдану, соғыс жағдайында халықты жұмылдыру ережелері айқындалды. Есім ханның «Ескі жолы» мазмұны жағынан Шыңғыс ханның «Жасақ» заңдар жүйесіне ұқсап, әсіресе әскери тәртіпке қатысты қағидаларды қамтығаны байқалады. Қазақ хандығының мемлекеттік құрылымы мен басқару дәстүрін, ел билеу рәсімдерін реттейтін, азаматтық әрі құқықтық нормаларды жинақтаған бұл заңдар жиынтығы бір ғасырдан астам уақыт бойы ұлы далада негізгі құқықтық ереже ретінде қызмет етті.
«Жеті жарғы» заңдар жинағы (1678-1718)
XVII-XVIII ғасырлар тоғысында Тәуке хан тұсында қабылданған «Жеті жарғы» қазақтың дәстүрлі құқық жүйесінің ең толық нұсқасы саналды. Ол тек әскери және әкімшілік нормаларды ғана емес, азаматтық, қылмыстық және діни құқық салаларын да қамтыды. Қазақ құқықтық дәстүрінде «Жеті жарғы» атауымен белгілі екі түрлі заңдар жинағы болғаны айтылады.
Алғашқысы – Майқы бидің «Жеті жарғысы», ол жеті негізгі тараудан құралған.
Бірінші тарау – адам құнына қатысты ережелерді;
Екіншісі – жесір дауы мен неке мәселелерін;
Үшіншісі – жерді иелену және оны бөлу тәртібін;
Төртіншісі – ұрлық жайындағы нормаларды;
Бесіншісі – барымтаға байланысты қағидаларды;
Алтыншысы – дау-шарларды шешу жолдарын;
Жетіншісі – малдың құнын айқындайтын ережелерді қамтыған. Ал екінші нұсқа – Тәуке хан дәуірінде Төле би, Қазыбек би және Әйтеке бидің Күлтөбе маңындағы кеңесте талқылап, жүйелеген «Жеті жарғы» заңдар жинағы. Тәуке ханның тұсында жасалған «Жеті жарғы» қазақ халқының дәстүрлі құқықтық жүйесін толық қамтыған маңызды заңдар жинағы болды. Бұл құжатта әкімшілік басқару тәртібі, қылмыстық іс жүргізу ережелері, азаматтық құқық нормалары, салық салу қағидалары, діни талаптар мен наным-сенімдерге қатысты ережелер көрініс тапқан. Яғни, заңдар жиынтығы қазақ қоғамының тұрмыс-тіршілігінің барлық саласын реттейтін кешенді құқықтық кодекс рөлін атқарды. «Жеті жарғы» нормалары меншікке байланысты дауларды шешу, қылмыстық жауапкершілікке тарту тәртібі, отбасы мен неке қатынастарын реттеу, мұрагерлік құқықты белгілеу сияқты негізгі құқықтық бағыттарды қамтыды. Сонымен қатар, онда жас ұрпақты тәрбиелеуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға, ел ішіндегі дау-жанжалдарды әділ шешуге айрықша көңіл бөлінді. Сот процесінің жүргізілу тәртібі, билер сотының құзыреті мен шығарған шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету тетіктері де нақты көрсетілді. Бұл заңдар жинағы сол дәуірдің әлеуметтік, саяси және рухани ахуалына сай қалыптасып, қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған құқықтық тәжірибесін жүйеледі. «Жеті жарғы» тек құқықтық құжат қана емес, сонымен бірге қоғамның бірлігін сақтауға, әділдікті орнатуға және елдің тұтастығын нығайтуға бағытталған рухани-саяси бағдар болды.
С.Созақбаев өзінің «Тәуке хан. Жеті жарғы» еңбегінде қазақ қоғамындағы даулы мәселелерді шешу үдерісі екі негізгі кезеңнен тұрғанын атап өтеді. Алғашқы кезеңде екі тарап та істің билер сотына жетуін күтпей, өзара тікелей келісімге келуге талпыныс жасайтын. Мұндай келісімдер дәстүрлі құқықта «Бітім», «Береке» және «Салауат» деп аталған. Бұл ұғымдар тек құқықтық терминдер ғана емес, сол дәуірдегі қоғамдық мораль мен әдептің де көрінісі болды.
«Бітім» – екі жақтың өзара сөз жүзінде келісіп, дауды аяқтауын білдіреді. Мұндай жағдайда тараптар келісімге келгеннен кейін билердің істі қарауына негіз қалмайды, себебі дау толық шешілген болып саналады. Дәстүрлі түсінік бойынша бітімді бұзу серттен тайып, сөзінде тұрмау, ар-намысқа көлеңке түсіру және қоғамдық сенімнен айырылу ретінде бағаланған. Сондықтан «бітім» институты тек құқықтық келісім емес, моральдық жауапкершілікті де бекітетін құрал болған.
«Береке» – айырбас жасау немесе сатып алу негізінде сөз жүзінде шартқа келу. Бұл жерде негізгі мақсат екі тараптың да өз мүддесін қанағаттандыру. Қазақ әдет-ғұрып заңдарында «береке» ұғымы барлық келісім-шарттардың іргетасы ретінде қарастырылған. Ол мүлікке, малға, жерге немесе өзге де материалдық құндылықтарға қатысты болуы мүмкін. «Береке» тек экономикалық мәміле ғана емес, сонымен қатар өзара сенім мен әділдіктің белгісі болған.
«Салауат» – кешірім беру немесе талап қоюдан толық бас тарту. Мұндай шешім әдетте дауласқан тараптардың татуласуға ниет білдіруімен қатар, үлкендер мен ауыл ақсақалдарының араласуымен жүзеге асатын. Кешірім беру рәсімі тек дауды тоқтату ғана емес, бірлік пен татулықты сақтаудың да жолы саналды. «Салауат» кезінде тараптар бір-біріне өкпе-ренішсіз тарауға серт беріп, қоғамдық келісім мен татулықтың сақталуына үлес қосқан.
Осы үш институт – «Бітім», «Береке», «Салауат» қазақ қоғамында дау-жанжалдарды алдын ала реттеудің, әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың және қоғамда сенім мен өзара құрметті нығайтудың маңызды тетіктері болған. Бұл ұғымдар Тәуке хан тұсындағы құқықтық жүйеде билер сотынан бұрынғы бейбіт келісім жолын көрсететін, дауды ушықтырмай, өзара түсіністікпен шешуге мүмкіндік беретін бірегей құқықтық дәстүрді қалыптастырды.
«Қазақ елінің Уставы» заңдар жинағы (1911)
Б.Сырттанұлы 1910-1911 жылдары Жетісу өңіріндегі қазақтардың ата қонысын қайтару мақсатымен Санкт-Петербургке барып, сонда Әлихан Бөкейханмен екінші рет жүздесті. Осы жүздесу нәтижесінде екі маңызды еңбек дүниеге келді: 1910 жылы Бөкейханның «Қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыс формалары» жинағында жарияланған «Киргизы» («Қазақтар») атты тарихи-анықтамалық очеркі және оның тапсырмасымен Б.Сырттанұлы 1911 жылы әзірлеген «Қазақ елінің Уставы» заңдар жинағы.
1911 жылы Барлыбек Сырттанұлы Санкт-Петербургте әзірлеген «Қазақ елінің Уставы» – қазақ тарихындағы 28 баптан тұратын тұңғыш конституциялық жоба. Бұл құжат сол дәуірдегі ұлттық мемлекеттілікті жаңғыртуға бағытталған саяси-құқықтық бағдарлама сипатында болды.
Жоба төрт негізгі бөлімнен құралған:
1) Қазақ елінің тәуелсіздігі және мемлекеттік басқару – 1-9-баптарда мемлекеттің сипаты, туы, билік тармақтары, Президент пен Үкіметтің өкілеттігі, заң шығарушы орган – Ұлттық мәжілістің рөлі және билік бөлінісі қағидаты белгіленген.
2) Адам құқықтары – 10-17-баптарда азаматтардың теңдігі, жеке бас бостандығы, сөз және бірлесу еркіндігі, сот санкциясынсыз қамауға алуға тыйым, хат-хабардың құпиялығы, жеке меншік құқығы және оны қорғау нормалары көрсетілген.
3) Жер мәселесі – 18-20-баптарда жердің қазақ халқына тиесілі екендігі, сатылмайтыны, табиғи байлықтардың мемлекет меншігінде болуы және олардың пайдаланылу тәртібі айқындалған.
4) Сот жүйесі – 21-28-баптарда сот билігінің тәуелсіздігі, судьялардың мәртебесі, сайлану тәртібі, тіл мәселесі, алқабилер институты және соттың саяси партиялардан тәуелсіз болуы қарастырылған.
«Қазақ елінің Уставы» – қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы саяси ой-санасының кемелдігін және ұлттық тәуелсіздікке ұмтылысын паш еткен тарихи құжат. Ол сол кезеңдегі ұлттық мүддені, еркіндік пен әділдік принциптерін құқықтық негізде бекітуге талпыныстың жарқын үлгісі болып табылады. Жоба толық жүзеге асып, жалпы қолданысқа енбесе де, кейінгі ұлт-азаттық қозғалыстар мен тәуелсіз Қазақстан Конституциясының рухани алғышарттарының бірі саналады.
Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995)
Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995 ж.) – тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негізін айқындаған басты заңнамалық акт. Ол 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды және 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады.
Жалпы құрылымы:
Жалпы ережелер – мемлекеттің сипаты, тіл, рәміздер, аумақтық тұтастық.
Адам және азамат – құқықтар, бостандықтар, міндеттер.
Президент – мәртебесі, өкілеттігі, сайлану тәртібі.
Парламент – құрылымы, заң шығару қызметі.
Үкімет – атқарушы биліктің өкілеттігі.
Конституциялық кеңес – Конституцияның үстемдігін қадағалау.
Соттар – сот жүйесі мен тәуелсіздігі.
Жергілікті басқару – әкімдіктер, мәслихаттар.
Қорытынды және өтпелі ережелер – күшіне ену және бейімдеу нормалары.
1995 жылғы Конституция Қазақстанның тәуелсіздігі мен мемлекеттік тұтастығын заңды түрде бекітті. Онда демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру қағидаттары айқындалды. Негізгі заң азаматтардың басты құқықтары мен бостандықтарын кепілдендіріп, оларды қорғаудың құқықтық тетіктерін белгіледі. Сондай-ақ, билік тармақтарының бөлінісі мен тежемелік-баланс жүйесі орнықтырылды. 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы елдің тәуелсіздігін бекітіп, мемлекеттік құрылымының берік іргетасын қалаған тарихи құжат. Ол демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың негізгі қағидаттарын айқындап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын заңдық тұрғыда қорғауды қамтамасыз етті. Конституция билік тармақтарының теңгерімді жұмысын реттеп, елдің саяси тұрақтылығы мен дамуы үшін сенімді құқықтық негіз қалыптастырды.