Баянауылда есімдері елге мәшһүр төрт бірдей тұлғаның дүркіреген тойы өтеді

Бөлісу

13.08.2025 1181

Биыл Баянауыл ауданында есімдері елге мәшһүр төрт бірдей тұлғаның мерейтойы тойланбақ.


Нақты айтар болсақ, 15-16 тамыз күндері қазақ мәдениеті мен өнеріне өлшеусіз үлес қосқан төрт бірдей тұлға – ақын, композитор Жаяу Мұса Байжановтың 190 жылдығы, журналист, сатирашы Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығы, жазушы Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығы және кинорежиссер, композитор Қуат Әбусейітовтің 100 жылдығы аталып өтіледі. 

Мерейтой қарсаңында аранйы этноауыл құрылып, республикалық деңгейдегі конференциялар, ақындар айтысы, дәстүрлі әншілер байқауы, шығармашылық және сатиралық байқаулар, сондай-ақ ұлттық спорт жарыстары мен ат бәйгесі ұйымдастырылады.

«Өнердің дамуына әйгілі жерлестеріміз, мәдениет және өнер қайраткерлері зор үлес қосты. Бүгінгі жас буын олардың еңбегін білуі маңызды. Ал ғалымдар мен тарихшылардың қызметінің маңызды бағыттарының бірі - олардың Қазақстан мәдениетінің дамуына қосқан үлесін зерттеу, зерделеу және насихаттау. Осы себепті ауданымыздағы Мойылды шатқалында үлкен той өтеді. Оның аясында «Рухы биік тұлғалар» атты республикалық конференция, республикалық ақындар айтысы, дәстүрлі әншілер байқауы өтіп, қаламгерлер арасындағы шығармашылық және сатиралық байқаулардың қорытындысы жасалады. Ғылыми конференция жұмысына атақты жерлестеріміздің ұрпақтары, ғалымдар, жазушылар, оқу орындарының оқытушылары, тарихшылар, өлкетанушылар, музей, архив және кітапхана ісі мамандары қатысады», -деп хабарлады Баянауыл ауданы әкімдігі.

Мерекеге республиканың түкпір-түкпірінен мәдениет және өнер өкілдері, ғалымдар, жазушылар, тарихшылар, өлкетанушылар мен музей және кітапхана қызметкерлері қатысады.
Мерейтойлары аталып өтілгелі отырған бұл тұлғалардың барлығы да қазақ мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Жаяу Мұса Байжанов (1835-1929) – қазақ халқының әйгілі ақыны, әншісі және композиторы. Павлодар облысы, Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінің маңында дүниеге келген. Орта жүз, Арғын тайпасының Сүйіндік руынан шыққан. Жаяу Мұса кедей отбасында өсіп, ерте жастан өнерге құмар болды. Алғаш ауыл молдасынан сауат ашып, кейін Қызылжар мен Омбыда орыс мектебінде білім алды. Домбыра, сырнай, скрипка сияқты аспаптарда ойнауды меңгеріп, музыкалық кештерге қатысты.Жаяу Мұсаның шығармашылығы әлеуметтік теңсіздік пен бодандықты әшкерелеуге бағытталған. Оның «Ақ сиса» әні – әділетсіздікке қарсы күрестің символына айналды. Бұл әнде ол Шорман Мұстафаның  зорлығына байланысты атынан айырылып, «Жаяу Мұса» атанған.
Оның басқа танымал әндері: «Гаухар-қыз», «Шолпан», «Сүйіндік», «Толғау», «Бозторғай». Жаяу Мұса Тобылға жер аударылып, әскери қызметте болса да, өнерін жалғастырып, қазақ ән өнерін байытты. Оның шығармалары халық мұңын жырлап, ұлттық рухты көтерді.

Қадыр Тайшықов (1900–1937) – қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосқан жазушы, аудармашы және редактор. Павлодар облысының Баянауыл өңірінде 1900 жылы дүниеге келген ол қазақ мәдениетінде өзіндік орны бар тұлға ретінде есте қалды.

Қадыр Тайшықов 1926 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетіне түсіп, білім жолын бастады. Оның кәсіби мансабы 1928 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде әдеби қызметкер болып жұмыс істеген кезден басталды. Кейіннен 1932 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде қызмет атқарды. 1933-1937 жылдары Қазақ мемлекеттік баспасында редактор болып, әдебиеттің дамуына елеулі үлес қосты.

Қадыр Тайшықовтың шығармашылығы әңгімелері мен фельетондары арқылы ерекшеленді. Ол «Мөлтең», «Бұйрас», «Қабсыңқа» сияқты лақап аттармен жарияланған сатиралық туындыларымен оқырмандардың назарын аударды. 1935 жылы оның «Күлмесек не?» атты сатиралық жинағы, ал 1936 жылы «Октябрь ұшқыны» атты кітабы жарық көрді. Бұл шығармалар оның заманның әлеуметтік мәселелеріне өткір көзқарасын және қаламның ұшқырлығын көрсетеді.

Қадыр Тайшықов әдеби аударма саласында да айтарлықтай із қалдырды. Ол Николай Гогольдің «Өлі жандар», Дмитрий Фурмановтың «Чапаев» және Михаил Кольцовтың «Иван Вадимович өз дәрежесіндегі кісі» атты романдары мен повестерін қазақ тіліне аударды. Бұл аудармалар қазақ оқырмандарына әлем әдебиетінің үздік үлгілерін таныстыруда маңызды рөл атқарды.

Қадыр Тайшықовтың өмірі қысқа болғанымен, оның әдебиеттегі және аудармашылықтағы еңбегі ұлттық мәдениеттің дамуына зор үлес қосты. Оның шығармалары мен аудармалары қазақ әдебиетінің алтын қорына еніп, оның есімі халқының жадында сақталады.

Қалмұқан Исабай (1925-2015) – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, жазушы және драматург. 

Қалмұқан Исабай – қазақ әдебиетінің алтын қорына өшпес із қалдырған көрнекті жазушы, драматург әрі қоғам қайраткері. 1925 жылы 25 тамызда Павлодар облысының Баянауыл өңірінде дүниеге келген ол өзінің шығармашылығымен және қайраткерлігімен ұлттық мәдениеттің дамуына зор үлес қосты.

Қалмұқан Исабайдың өмірі қиын да күрделі кезеңдермен тұспа-тұс келді. 1943 жылы небәрі 17 жасында, 10-сыныпта оқып жүрген кезінде Кеңес Армиясының қатарына шақырылып, Екінші дүниежүзілік соғыстың отты жылдарын бастан кешірді. Соғыстан 1954 жылы оралған ол Алматыдағы кешкі жастар мектебінде 10-сыныпты қайта оқып бітіріп, білімге деген құштарлығын жалғастырды. Кейін Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне сырттай оқуға түсіп, 1961 жылы оны сәтті аяқтады. Бұл білім оның қаламгерлік жолындағы маңызды баспалдақ болды.

Қалмұқан Исабайдың әдебиетке келуі оның «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіндегі қызметінен басталды. Ол газеттің киелі табалдырығын аттап, шығармашылық әлеміне қадам басты. Кейіннен Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры қызметін абыроймен атқарды. Оның алғашқы «Баян» әңгімесі 1954 жылы «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналында жарияланып, оқырмандардың назарын аударды. 

Қалмұқан Исабайдың шығармашылығында Ертіс-Қарағанды каналының құрылысы ерекше орын алады. 1961 жылы ол болашақ су жолының 500 шақырымын жаяу жүріп өтіп, осы сапардың нәтижесінде «Арман арнасымен» атты күнделік кітабы мен «Өткелде» және «Арна» романдарын жазды. Бұл шығармалар орыс тілінде де «По руслу мечты», «Подвиг в степи», «На стыке судеб» деген атпен жарық көрді. Ол он екі жыл бойы осы құрылыстың қасында болып, жүзден астам проблемалық очерктер мен мақалалар жазды, қоғамдық мәселелерді шығармалары арқылы көтерді.

Қалмұқан Исабайдың қаламынан туған шығармалар қазақ әдебиетінің алтын қорына енді. Оның «Ажал құрсауында», «Жұмбақ үй», «Бетпе-бет», «Қарабала», «Сұңқар самғауы», «Соңғы тәулік», «Соңғы ерлік», «Жолдас комендант», «Айқыз», «Шоң би», «Қажыға барған қазақтар», «Қаныш аға осындай еді» сияқты туындылары оқырмандардың жүрегінен орын алды.

 Драматургия саласындағы «Десант» комедиясы 1984 жылы Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің конкурсында жүлдеге ие болды.

Жазушының қоғамдық қызметі де ерекше назар аударарлық. 1992 жылы Павлодар облысындағы Ермак қаласындағы отаршылдық ескерткішті алып тастауға және қала атын Ақсу деп өзгертуге белсене атсалысты. Сондай-ақ, оның бастамасымен 2000 жылы Берлиннің бір көшесіне Абай Құнанбайұлының аты берілді.

Қалмұқан Исабайдың шығармалары мен қоғамдық қызметі оның халқына деген сүйіспеншілігі мен адалдығын айғақтайды. Оның есімі мен еңбегі қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тарихында алтын әріптермен жазылды. Ол – ұлттың аяулы перзенттерінің бірі, оның жарқын бейнесі ел жүрегінде мәңгі сақталады.

Қуат Әбусейітов (1925-2002)  – қазақ киносының аудару өнерінің негізін қалаушылардың бірі, дарынды режиссер және мәдениет қайраткері. Оның шығармашылық мұрасы қазақ киносы мен дубляж өнерінде өшпес із қалдырды. 500-ден астам фильмді қазақ тілінде сөйлетіп, “Варяг крейсері”, “Жас гвардия”, “Гамлет”, “Король Лир” сияқты туындыларды дубляждауда жоғары кәсібилік көрсетті. 

Ол түсірген көркем және деректі фильмдер, соның ішінде “Даладағы қайың”, “Сераға”, “Ғалым ауылында” сияқты еңбектері қазақ киносының алтын қорына енді.Әбусейітовтің шығармашылық болмысы да ерекше: ән салу, скрипка мен қобызда ойнау, өлең мен пьеса жазу сияқты көп қырлы таланты болды. Оның өлеңдері мен әндері ағасы, әнші Суаттың репертуарына еніп, қазақ радиосынан жиі шырқалды. “Айтуар” студиясын ашып, туған жері Баянауыл мен оның тұлғалары – Қаныш Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров сияқты ұлыларға арналған 30-ға жуық телевизиялық фильм түсірді. Оның “Сыр сандық” естеліктер кітабы да шығармашылық жолын баяндайды.

Әбусейітов қазақ киносына өлшеусіз үлес қосты. Кидостудияларда Хуата Әшiрбекұлын дубляж iсiнiң шебері деп атаған. Оның есімі фильм титрлерінде екінші режиссер, режиссер-қоюшы ретінде жиі кездеседі (“Конец атамана”, “У подножья Найзатас” т.б.). Баянауыл оған шабыт көзі болды, ал оның еңбектері ұлттық мәдениеттің дамуына зор ықпал етті.

Жаяу Мұса Байжанов, Қадыр Тайшықов, Қалмұқан Исабай және Қуат Әбусейітов – қазақ мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан ұлы тұлғалар. Олардың шығармашылығы ұлттық рухты, әлеуметтік әділеттілікті және халық мұңын паш етті. Олардың мұрасы қазақ өнері мен әдебиетінің алтын қорына енді, болашақ ұрпаққа рухани азық болып қала береді.

 

Бөлісу