Тарының тарихы

Бөлісу

04.08.2025 2510

Жер бетінде ең ежелгі өсірілген дақылдардың бірі – тары. Уақыт өте ол тарихтан сыр шертер шежірелі символға, көшпенділер өркениетінің ғана емес, руханиятының да азығына айналды. Қазіргі заманның жылдам тұтынылатын тағамдары арасында қарапайым тары өз маңызын жойған жоқ. Тарының құндылығы мен қасиеті, адамзаттың көне тағамы ретінде бүгін де қайта жаңғырып, отбасы арасында және ел ішіндегі үлкен мейрамханаларда тары қосылған тағамдар мәзірге қойылды. Дегенмен, тарының тарихы мен құндылығы тереңде жатыр.


Тары туралы алғашқы мәліметтер Қытайдың Хуанхэ өзені бойындағы ежелгі мәдениеттерден бастау алады. Ғалымдар тарының бұл аймақта осыдан он мың жылдай бұрын егілгенін дәлелдеді. Бір қызығы, тарының екінші бір түрі – інжу тары да Африка құрлығында дербес мәдени дақыл ретінде дамыған. Бұл оның тек қана географиялық емес, өркениеттік ауқымда да ерекше құбылыс екенін көрсетеді. Батыс Африкадағы халықтар б.з.д. 6000 жылдардан бастап тары өсіріп, оны күнделікті тағамға айналдырған. 

Тары бірнеше өркениетте қатар дамыған сирек дақыл екенін көрсетеді. Антикалық кезеңде де тары егіншіліктің негізгі дақылы саналған. Геродот скифтердің кең далада тары өсіретінін, тіпті бұл астықтың сауда мен күнкөріс негізі болғанын жазып кеткен. Еуропа, Азия, Африкада тары адамзатпен бірге өркен жайған. Адамзат алғаш тарыны азық етіп, тары арқылы тағамдардың түрлі өзгерісіне, дамуына айрықша қол жеткізген. 

Тары қазақ даласында мыңдаған жыл бойы егіліп келеді. Ерте орта ғасырлардағы археологиялық қазбалар оның тұрмыс-тіршіліктің бір бөлшегіне айналғанын айғақтайды. Соңғы онжылдықтардағы археологиялық ізденістер қазақ даласындағы егіншілік тарихын тереңдете түсті. Мысалы, Жетісу өңіріндегі қола дәуіріне жататын ескерткіштерден табылған тары дәндері оның осыдан үш мың жыл бұрын-ақ өсірілгенін дәлелдейді. Қыш ыдыстардың түбінен табылған күйікке ұқсас қалдықтар, тары қауыздары, дән қалдықтары сол кезеңде егін егудің болғанын нақтылап отыр. 

Бұдан бөлек, орта ғасырдағы Сығанақ, Сарайшық, Отырар қалаларының төңірегіндегі жазба деректерде де тары атаулары кездеседі. Тіпті Шыңғыс хан дәуіріндегі жарлықтарда тары мен оның салығы туралы мәліметтер бар. Бұл тарының экономикалық маңызы орта ғасырларда да зор болғанын көрсетеді. Қазақ халқы табиғатпен үндес тіршілік кешіп, егіншілікті мал шаруашылығымен ұштастырған. Осы орайда тарының қысқа мерзімде пісетін, көп күтімді қажет етпейтін, әрі қатал климатқа төзімді ерекшелігі көшпенділерге қолайлы болған. XIX ғасырда Қазақстандағы егістік алқаптардың басым бөлігіне тек тары егілгені туралы нақты деректер бар. Тарихтың талай қатпарлы кезеңінде тары елмен бірге өмір сүрді. Жұт, ашаршылық, соғыс жылдары қарапайым тары жұрттың жанын аман сақтап қалды. «Тары жеген – тарықпас» деген мақал оның жұт жылдарында халықты аштықтан сақтаған қасиетін білдірсе, «Жалғыз тары – ботқа болмас» дейтін тәмсіл бірліктің, ынтымақтың маңызын дән арқылы астарлайды. Тарыдан дайындалатын тағам түрлері де сан ғасыр қазақ дастарқанын әрлендіріп отырған. Қуырылған сөк, уатылған талқан, маймен араласқан жент, сүт қосылған майсөк, тары көже секілді  тағамдар бір кездері күнделікті ас мәзірінен түспеген. Әсіресе, жент – сақталуға оңай, қуаты жоғары, той-думандарда ұсынылатын тәтті тағам ретінде бағаланған. Наурыз көжеде де тары басты ингредиенттердің бірі ретінде қолданылған.

XX ғасырдың алғашқы жартысында тары тарихында жаңа кезең басталды. 1943 жылы Ақтөбе облысының қарапайым диқаны Шығанақ Берсиев бір гектар алқаптан 205 центнер өнім жинап, сол заман үшін таңқаларлық рекорд орнатты. Бұл көрсеткіш әлемде бұрын-соңды болмаған жетістік еді. Осы оқиға ел ішінде «Берсиев феномені» аталып, тарыға деген көзқарасты түбегейлі өзгертті. Берсиевтің жетістігі кездейсоқ емес. Ол тары тұқымын арнайы сұрыптап, егіс технологиясын жетілдіріп, суғару мен күтім әдістерін тиімді қолдана білді. Осыдан соң Қазақстанда тары өсірумен айналысатын жаңа буын диқаншылар пайда болды. Олар «берсиевшілер» атанып, ауыл шаруашылығында жаңашылдықтың үлгісіне айналды. Адамзат жерде мекен еткелі алғашқы азығының бірі – тары болды. Қазақтың тарихын бастан өткерген тары бүгінгі ұрпаққа береке мен молшылықтың мәңгілік символындай. 

Бөлісу