Тәнеке батырдың шапаны Ұлттық музей қорына табысталды

Бөлісу

07.08.2025 2658

1847 жылы патша үкіметі арнайы тіккізген, алтын өрнекті шұғадан тігілген шапан – араға 178 жыл салып, Тәнеке Дөсетұлының ұрпақтары арқылы Ұлттық музейге табыс етілді. Бұл – ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы, мәмілегер би әрі ержүрек батырдың есімін жаңғыртқан ерекше тарихи оқиға.


Салтанатты шара «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы аясында ұйымдастырылды. Шапанды музей қорына батырдың ұрпағы Қарлығаш Бидахметова табыс етсе, бастаманы жүзеге асырушы – «Матай Бөрібай батыр» қоры. Ұлт жадын жаңғыртқан бұл мәдени шарада Тәнеке Дөсетұлының ерлік жолы мен тарихи рөліне ерекше мән берілді. Қор төрағасы Берікбол Төлегенұлы Қасымовтың айтуынша, бұл шараның басты мақсаты – ұлт тарихындағы дара тұлғалардың мұрасын сақтап, болашақ ұрпаққа насихаттау. 

Ұлттық музей қорына енген тарихи шапан кездейсоқ зат емес. Бұл – Тәнеке Дөсетұлына 1847 жылы Ресей патшалығы тарапынан арнайы тігілген, аса мәртебелі сыйлық. Матасы – шұға, сәндік лентасы – алтын жіппен әдіптелген. Шапанмен қатар батырға «Алтын ленталы Анна» ордені де табыс етілген. Мұндай марапат тек жоғары лауазымды, ықпалды тұлғаларға ғана берілетін болған.

Жәдігер Тәнекенің орыс билігімен тек қарулы емес, саяси-дипломатиялық тұрғыдан да қатынас орната білген көреген көсем болғанын айғақтайды. Бұл – ұлт қайраткерінің даналығы мен саясаткерлік шеберлігінің тарихи дәлелі.

Тәнеке Дөсетұлының азан шақырып қойған есімі – Нұралы. ХІХ ғасырда Жетісу өлкесінде өмір сүріп, ел басқарған, найманның Матай руынан шыққан көрнекті қайраткер. Ол – әйгілі Қыдыралы бидің немересі, елінің азаттығы жолында Ресей, Қытай, Қоқан сынды ірі державалардың отарлық саясатына қарсы шыққан батыр тұлға. Тәнеке – Кенесары ханның жақтасы, Рүстем төреге қарсы шыққан ержүрек қолбасшы. Қырғыз манабы Төрегелдіні тұтқындап, Кенесарының кегін қайтаруы – оның батырлығын дәлелдейтін оқиға. Сондай-ақ Шоқан Уәлихановты ажалдан арашалап қалғаны – Тәнекенің парасаттылығы мен адамгершілік бейнесін толықтыра түседі.

Тәнеке жайлы тарихи деректер Ресейдің Мәскеу және Санкт-Петербург архивтерінде молынан кездеседі. 1846 жылы ол Матай мен Қапал өңірінің старшыны болып тағайындалған. 1847 жылы «Хорунжий» әскери шенін алып, марапат ретінде шұғадан тігілген шапанға ие болған. Мәскеу мұрағатындағы құжаттарда: «Танеке сынъ Дюсетевъ, Бій, 44 летъ. Рода Каптагай – Бирубай. Въ 1846 года волостнымъ управителмъ. Въ 1847 году погр. нач. Сибирских киргиз, награжден суконным халатом» – делінген. Бұл дерек батырдың ресми танылған мәртебесі мен тарихи рөлін нақтылай түседі.

Тәнеке батырдың шапаны – ХІХ ғасырдағы қазақ халқының отаршылдыққа қарсы күресінің жәдігері ғана емес, тарихи сананы жаңғыртатын баға жетпес мұра. Бұл жәдігердің Ұлттық музей қорына қосылуы – тек мәдени оқиға емес, ұлттық рухты ұлықтаудың үлгісі.

Музей басшылығының айтуынша, бұл шапан келешек көрмелер мен ғылыми зерттеулерге арқау болады. Сонымен қатар, жас ұрпаққа отансүйгіштік пен тарихи тұлғаларға тағзым ету мәдениетін қалыптастыру – музей жұмысының маңызды бағыттарының бірі болып қала бермек.

Бөлісу