Абай әсер еткен Алаш зиялылары

Бөлісу

01.08.2025 2316

Абай – қазақ ұлтының рухани келбеті мен болмысына айналған тұлға. Оның поэзиялық қуаты зор өлеңдері мен прозалық жанрдағы ақыл-ойдың кемел үлгісіндей болған ғақлия мұрасы, батыс және орыс әдебиетінен өз талғамына сай таңдап, талғап аударған төлтума еңбегі – ұлт әдебиеті мен мәдениетінің, тарихының елеулі де айрықша, шоқтығы биік баға жетпес рухани байлығы һәм құндылығы. Абайдың өмір сүрген кезеңі, оның жасаған дәуірі, адам есебінде күн кешкен тіршілік ортасы, шығармашылық зертханасы – өркениет жолындағы ұлтымыздың кемелдену биігіне жол ашқан қатпарлы тарих асуы. Яғни, Абайды тану, зерттеу  – уақыт алға жылжыған сайын жаңаланып, заман ағымына сай салаланып тұратын іргелі мәселе.


Ірі суреткер, абайтану ғылымының білгірі, академик-жазушы Мұхтар Әуезов «Абай Құнанбаев» монографиялық зерттеуінде: «Абай кешкен өмірді, Абай қалдырған мұраны тану керек, зерттеу керек дегенді бәріміз де түсіндік. Күннен-күн, жылдан-жыл өткен сайын осы істерге көңіл бөліп, зер салушы саны молайып келеді» деп жазған-ды. Міне, осы тұжырым дәуір алмасып, ұрпақтар ауысып, ой жаңарып жатса да өзінің өзектілігін жойған емес. Керісінше, күн өткен сайын Абай Құнанбайұлын білуге, тануға деген құлшыныс артты. Біз, қазақ елінің Тәуелсіздік алып, дербес мемлекеттілігін жария еткен тұста туып, азаттық пен еркіндіктің бесігінде тербеліп өсіп, халқымыздың сан ғасырлық әдеби мұрасын зор ынтамен оқып, көңілімізге тоқып, әдебиеттану ғылымына табан тіреп, әдебиет тарихына саласына мамандандық. Абай Құнанбайұлын жаңаша тану, зерттеу бағытындағы бұл ізденісімізді Абайды тек ақын деп қана емес, ұлтымыздың биік шынары, ой-қайнары дәргейінде жоғары бағалап, «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білуі керек» (Ахмет Байтұрсынұлы) деген ұстанымды ұстап, оның рухани мұрасын азаттық идеясына күш-қуат ретінде арқау еткен Алаш қайраткерлерінің қоғамдық-саяси, әдеби-мәдени қызметтерімен байланыстырдық. 

Абай – қазақтың ақыл-ой кені. Ақыл, білім тұнған қасиетті қайнар-бұлақтың көзін тауып, оның тұлғасын алғаш рет бүткіл қазақ қоғамына танытқан, кейіннен хакім шығармаларын орыс тіліне аударып, өзге елдерге насихаттаудың негізін салған ХХ ғасыр басындағы оқыған тегеурінді Алаш қайраткерлері болатын.  Алаш зиялылары үшін Абай Құнанбайұлы – ұлтымыздың көгіне шыққан жарық жұлдызы еді. Алаш ардақтыларының ұғымындағы Абай сөзі – отаршылдықтың езгісіне түсіп, қалың ұйқыда еш алаңсыз жатқан әрі қолына кісен, аяғына шідер түскен қазақты тура жолға бастайтын сәуле, үміт берер, намыс оятар жігер сөз еді. 

1920-1991 жылдар аралығындағы еліміздің тарихы Совет Одағының тарихымен тығыз байланысты болғандықтан, үстемдік етуші билік тарапынан ұлтымыздың әдеби-мәдени құндылықтары коммунистік идеологияның қысымына ұшырады. Ұлт-азаттық қозғалысын ұйымдастырған, 1905 жылы «Қарқаралы құзырхаты» қарсылық хатын жазған, өз алдына дербес мемлекет құруға белсене кіріскен, ұлттық әскер жасақтаған Алаш қайраткерлерінің есімдері «жат элемент» ретінде ұзақ уақыт төл тарихымыздан сызылды. Олардың жазған шығармашылық ой еңбектері, жанр туғызған туындылары, аударма еңбектері, полимикалық-портреттік ізденістері, мұнаһиб мақалалары, кітаптары бәрі-бәрі советтік мемлекеттің кітап сөресінен ығыстырылып, туралды, өртелді. Большевиктік-коммунистік идеологияның қоқан-лоқысымен жазылған шылғи өтірікке толы қазақ тарихында ұлтымыздың бағына біткен, Қазақ ордасын құрған хандарымыз да, Алаш автономиясының шаңырағын көтерген оқығандардың да есімдері жоқ-тын. 

Тәуелсіздік таңы атып, бабаларымыз аңсаған еркіндік пен азаттықтың шапағаты молынан түскен кезеңде ғана советтік жүйенің салдарынан қалыс қалған ақтаңдақтардың ақиқаты ашылып, ұлт қаһармандары төрімізге шықты. Қайта оралған есімдердің арасында абайтану ғылымының бастауында болған демократ ағартушыларымыз бен саяси қайраткерлеріміз де бар еді. Абайдың сөзін рух тұғырына жеткізіп, одан ғибрат алып, тағылымын үлгі еткен үркердей шоғырдың ел алдындағы басты міндеті – қазақты отарлық езгіден шығарып, өз шаңырағын көтеріп, құлаған ордасын тіктеп, жеке мемлекет болу болатын. Осындай зор бастамалы қиян-кескі, мехнатқа толы азапты жолда олар – азаттық үшін арпалысып, теңдік үшін тіресіп, ұлттық мүдде үшін күресіп өтті. 

Абайтану ғылымын Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Семипалатинский листок» газетінде 1905 жылы (25-27 қарашада) жарияланған азанама мақаласымен бастап берді. Ұлы ақынды таныған және танытқан алғашқы еңбекті көрнекті ғалым Р. Нұрғали «Бұл өзі, көлемді болмағанмен, деректерге, мәліметтерге, тұжырымдарға, ой-пікірге аса бай еңбек» деп бағалады.

Ә.Бөкейхан ұлы ақынның өскен ортасы, ата-тегі, айналасы, қоғамдық ролі жайлы, Абайдың ақындық өнері мен шығармашылық мұрасын тұңғыш рет жүйелеп, бір ізге салып жазды. Азанаманың алғашқы жолдарын Әлихан Бөкейхан «1904 жылы маусымның 23-жұлдызында Семей уезінің болысында (Шыңғыстауда) даланың сүйікті ақыны Абай Құнанбаев дүние салды» деп естіртіп бастайды. Абайдың шын есімінің пайғамбар аты екенін айта келіп, мұқым қазақ баласы әжесінің айтуымен «Абай» деп атағанын сөз етеді. Ақынның ата-бабасының жүрген жолы, Сыр бойынан ауып Шыңғыстауға келген тобықты руының тарихи жағдаяттары, арғы аталары Өскенбай мен өз әкесі Құнанбайдың  тарихи қадамдары, әсіресе нағашылары қаракесек руының беделді тұлғалары Бертіс би мен қу тілді, жақты Қонтай, Тонтай ағайынды кісілердің жайын баяндайды. 

Әлихан Бөкейхан мақаласында Абайдың білім алуы, орыс-еуропа ойшылдарының еңбектерімен танысуын Р. Нұрғали былай талдайды: «Абайдың Семейдегі Ахмет Риза медресесінде 4 жыл, орысша 3 ай оқумен мектептік білімінің шектеліп, қалған уақытта өз бетімен ізденіп араб, парсы, тілдерін үйреніп, ислам, шығыс байлығын игеріп, орыс тілі арқылы, Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Тургенев, Достоевский, Белинский, Салтыков-Щедрин, Крылов, Толстой, Добролюбов, Писарев, Чернышевский шығармаларын оқып, терең аударып, Спенсердің «Тәжірибелер», Льюистің «Позитивті философия», Дрепердің «Европаның ақыл-ой дамуы» кітаптарын зерттеп, еуропалық биік мәдениет деңгейіне көтерілгенін көрсетеді. Абай ізденістеріне ықпал еткен, әр түрлі кітаптар оқуына жөн сілтеген Грос, Михаэлис секілді саяси қуғындағы адамдар есімі айтылады».

Әлиханның Абай жайлы азанамасының бір ерекшелігі, алғашқы әрі шағындау болып жазылуынан бөлек онда Абай ғұмырнамасының мейлінше кезең-кезеңдері толық қамтылған. «Абай он жасында», «Абай жиырма жасында», «Абай...» деген санамалар ұлы ақын кешкен алпыс жылдық ғұмырды жинақтап, жүйелеп баяндауды тамаша әдіс қолданған.

«Бозбалалық жасына қарамастан Абай сол кездегі қайраткерлердің арасынан көрнекті орын алып, бидің заманының өткеніне қарамастан оны ел-жұрт би етіп сайлады. Жиырма жасқа жеткенде Абай от тілді, шешен, халық өмірі мен әдет-салтын, қазақ даласындағы атақты билердің әр істі шешкендегі төреліктерін жақсы білетін дәлмәр атанады. ...Абай билердің шартты түрде сайланбай, талантымен бағаланатын ескі заңы кезінде өмір сүрсе, артистер мен жазушылардың даңқы сияқты атақты би атанар еді» деп жазады Ә. Бөкейхан.

Әлихан Бөкейхан Абайдың ақындығын сөз етуден бұрын дала дәстүріне сай оның қыр оқиғаларына жетік болғанын, жуан байлар мен атақты тұлғалардың жең ұшынан жалғасқан сыбайластығына қарамастан тура кесім шығаратын әділетшілдігіне таңданады. «Билік тартысы арасында басты тізгін ұстаушы болған» Абайдың тарихи тұлғасын барынша жарқырата көрсетеді. «Абай отыз жасында барымтаны жойып, өзге рудың байлары мен туысқандық пен достыққа ұмтылған, жауларын сескентетін беделді қазақ атанады. Абай өзінің барлық қабілеті мен білімінің арқасында қазақтардың билік тартысы арасында басты тізгін ұстаушы болды. Абай өз отанының сом алтыны еді. Дауға да, партия таласында да әділ төрелік айтты».

Ғұлама ғалым Р. Нұрғалидың пайымдауынша Ә.Бөкейхан шығармашылығында қазақ-орыс қарым-қатынастарына, тарихқа, заң жүйесіне, Думаға, жер мәселесіне арналған мақалаларда әр түрлі ғылыми еңбектерге сілтеме, түрлі кітаптардан, қайнарлардан үзінді, цифрлар, деректер келтіріліп, ғалымдардың, шенеуніктердің, депутаттардың аты-жөні көрсетілсе, қазақтың ішкі өмірін саралайтын еңбектердің жазылу сарыны да, құрылым қалыбы да, сөз байламы да басқашарақ. Бұларда кейде ащы кекесін, кейде ашу-ыза, кейде байсалды ой толғау, кейде үгіт-насихат, кейде кеңес-емеурін, кейде айтыс-тартыс аралас жүреді, билердің дауға кесік айту дәстүрі, Абай қарасөздерінің тағылымы аңғарылады.

Ақындығы, өлеңдегі өнері турасында «ақындық жолға түскен Абай қазақ ақындарын өнерді байдан мал қалап алуға жұмсағанын сынап, өлеңшісымақтардан өзін аулақ ұстағанын» да жазуды ұмытпайды. Өлке тарихына қанық Ә.Бөкейхан Семей өңіріндегі бір сапарында қырдың әнші қазағы Әділхақтан Абай әнін естігенін, онда орыс ақындарының тәржімелеуімен жаңа, таңсық әндер шырқалғанына қайран қалады. 

Ә.Бөкейхан «Абай қазақ тіліне «Евгений Онегинді» аударды, оның ішінде аудармашының өзі ән шығарған «Татьянаның хаты» қырда үлкен сүйіспеншілікке бөленді» деп ерекше маңыз артқан дәйекті дерек кейін ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының тууына әсер етті. «Татьянаның қырдағы әні» – роман-эпопеяның ең алғаш қағазға түскен нұсқасы, сол арқылы жүлгеленіп, тұтас сом шығарма туғанын біреу білсе, біреу білмес.

«Орыс әдебиетімен танысу Абайға үлкен әсерін тигізіп, қазақтың ұсақ-түйегінен аулақ, оқу мен өлеңге берілген қазақ ақыны болды. Өкінішке қарай өлеңдерін жинамады. Абай айтқан әрбір сөз бен қағаз бетіне түскен өлеңін жастар іле жаттап алды. Әсіресе, Абайдың сатиралық өлеңдері қырғыз даласының түкпір-түкпірінен кездеседі. Абай өзінің туыстарына да сын көзбен қарап, өз талантының тәсілін түсіндірді» деп жазған Әлихан Абайдың өз өлеңдеріне жинауына алғашқыда құнтты болмағанын, ал кейінірек ұқыптауға ұлдарының бірінен соң бірінің мезгілсіз қазасы мұрша келтірмегенін айғақтайды.

Азанама-мүнаһыбтың соңғы жағында балаларына білім беруді мақсұт еткен Абайдың ұлы Әбдірахманды Петербургта оқытуы, ол азаматтың қыршын кетуі, Мағауияның өлімі, тіршіліктің көп күресінің қажытып, ақыры данышпан ақынның опат болуын айта келіп, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан Абай мұрасымен Еуропаның сол кездегі ең атақты ақындарының қатарына сөзсіз қосылар еді деген байлам жасайды: «Абай асқан поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы болды. Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ. Оның жылдың төрт мезгіліне арналған (көктем, жаз, күз, қыс) тамаша жырлары оны Европаның атақты ақындарының қатарына қосар еді».

«Ә. Бөкейхановтың Абай туралы жазылған «Абай Құнанбаев» азанамасы (некролог) – абайтанудағы тұңғыш адым, бастапқы еңбектердің бірегейі десе болғандай. Өйткені орыс қауымы алғаш рет қазақ әдебиетінің классигі, қазақ әдебиетіндегі жаңа бағытты бастаушы жаңашыл, ойшыл ақын Абай туралы тұңғыш рет толық мағлұмат, жүйелі ұғым алады» дей келе абайтанушы ғалым М.Мырзахметұлы: «Оның (Әлиханның) «Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ» деп білгірлікпен баға беруі – Абайдың әдеби мұрасын терең танып білген зерделі зерттеуші аузынан ғана шығатын жасампаз таным» деп тұжырымдады.

Ғалым ұлт көсемінің Абайды танудағы екінші бір ерекше қырын – «Абайдың ақындық кітапханасының еуропалық саласына айрықша мән берген автор» деп жіті зерделейді. 

Осылайша Абайдың ұлы Тұрағұл мен немере інісі Кәкітайға хат жазып, жинақталған материалдар негізінде ақынның өмір жолын, оқу-білім арнасын, шығармашылық мұратын, азаматтық позициясын саралаған ғылыми мақала алғаш рет көпшілікке жол тартты. Сөйтіп қазақ әдебиеттану ғылымының бір үлкен саласы абайтану ғылымының негізін қалады.

Расында да ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығандарының Абай Құнанбайұлына деген ықыласы ерекше, құрметі алабөтен болатын. Оқығандар үшін «Абай – ұлтымыздың нөмірі бірінші дерлік ақыл-ой кеніші» еді. Оқу мен ғылым прогресінде артта қалған, өркениет көшінен едәуір алыстағы қараша қазақтың қараңғы бұлт торлаған көк аспанын білім сәулесі түскен нұрлы күнге айналдырған ұстаз еді бұл Абай! Иә, Алаш ақиықтары Абай хакімді осылай биік бағалап, зор құрметке бөледі. Абайдың өзі өлсе де, сөзі өлмейтінін шын түсінген асылдар миллет ұстазын ұлттық мүдде тұрғысынан рухани культке айналдыруды ынта-шынтасымен қолдап, кіріскен. Абайды «Қазақтың бас ақыны» деп танып, өлеңдеріне теориялық тұрғыда қарап, ішкі мазмұны мен идеясына, поэтикалық қуатына разы болып, зор баға берген үлкен оқымысты Ахмет Байтұрсынұлы

Алты Алаштың ақылманы атанған Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» мақаласы – ұлттық ойлау кеңістігіміздегі ең өзекті ғылыми еңбектің бірегейі. Мазмұны, әдеби-теориялық талдауы ешқашан сапасы мен құндылығын жоймайтын терең пайым. «Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың» деп Абай өлеңдерінің философиялық тереңдігі мен ой астарының құнарлылығына жоғары баға берген. Тағы да осы мақаласында алаш ғалымы: «Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларын да сынайды»,  – дейді. Ахмет Байтұрсынұлының Абай туралы көзқарасы, оның ақындығы мен шығармашылық тұлғасы турасындағы пікірі байыпты, салиқалы пікір болған соң, өлеңге деген талап, сөз сырын меңгеруге, тануға деген түсінік қандай боларын осы мақаладан түсінуге болады. 

«1903-ші жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың» деген Ахмет Байтұрсынұлы өлеңге асқан жауапкершілікпен, кіділікпен қараған поэтолог. Әрине Абайға дейін де қазақ ақындары болмады емес, болды. Бірақ олар сол дидактикалық сарыннан аса алмаған, қазақтың қарапайым сөздерін құбылта алмаған, түрлендіре білмеген сыңай танытады. Ал Абай өлеңдерінде жүректің өзіне қаншама жаңа теңеу, құбылту түрлерін тауып, «қиыннан қиыстырады». Ақынның ақындық шеберлігі, сөз қолданысы осындай боларын анық байқаған Ахмет Абайды «бас ақын» деп бағалауы содан-ды.

Әлихан Бөкейханның Ахмет Байтұрсынұлына 1925 жылдың 16 мамырында жазған хаты сақталған. Мәскеуден жазылған хатта: «...Біздің Нәзір: Шәңгерей, Шоқан, Ыбырайды (Алтынсары) кітап қылып шығарайық – дейді. Мен Шәңгерейді жазбақ болдым. Ыбырайды саған бермек болдым. Шоқанды Мадиярға берейін деп едім, латын «ойнына» түсіп кетті, тосырқап қалды. Мен: сен тапсыр баспаға, өзің жаз – дедім. Мен майды бітіріп елге келем. Шәңгерейді ауылдан жібермек болдым. Бәрібір күзге шейін басылмайды. Сен де күзге жазып берем деп Ыбырайды ал. Шоқанды тағы да көрерміз. Абайды жазатын кім? Білесің бе? Тұрашқа жаздырсам, сыңаржақ болып, жүгі бір жаққа ауып кетеді ме – деп қорғанып отырмын» делінген. Міне, осы хаттың өзінен-ақ қазақ оқығандарының тарихи тұлғаларға деген адалдығы мен насихаттау барысындағы құрметін анық байқауға болады. Нәзір Төреқұлұлы басқаратын Мәскеудегі Күншығыс халықтарының Орталық (кей деректе қазақ оқығандары мұны «Кіндік» баспа деп те жазған – Е.Т.) баспасы осындай ел игілігіне жарайтын, қазақ жастарының дүниетанымын кеңейтуге арналған істерді шығаратын-ды. Тағы осы хатты мысалға алсақ: «Біздің ЦИ (Орталық баспа – Е.Т.) мектепке деп дәптер шығармақ. Ол дәптердің оң бұрышында Абай, Шоқан, Ыбырай (Алтынсары), ақын Ахмет (Байтұрсынұлын айтып отыр – Е.Т.), Шәңгерей суреті болмақ. Маған сен суретіңді жібер. Мен оны ЦИ-ге беріп кетейін» деп жазылған. Анығында, Абай туралы Алаш зиялылары аз жазған жоқ. Сонау сталиндік биліктің қылышынан қан тамып тұрған қиян-кескі кезеңде Мәскеудің қақ ортасынан «Абай» дәптерін шығарып, Алаш оқушыларына таратуы қандай ерлік десеңізші! 

Алаш тұлғаларының Абайды қалай сыйлап, құрметтегенін анықтап, аша түсетін архивтік деректер де көп. Мысалы, Әлихан Бөкейхан түрмеге қамалып, патшалық билік салдарынан қысым көргенде тергеуші айтқаны жазылған. Архив құжатын қарасақ: «1905 г. Января 10 дня, г. Павлодар. Мне, мировому судье 2-го участка Павлодарского уезда, при посещении сего числа арестованный по шифрованной телеграмме ротмистра Рутланда из г. Омска Алихан Нурмухаметович Букейханов, содержащийся в Павлодарской тюрьме, заявил, что он просит аресте его довести до сведения прокурорского надзора, обьявить ему о причине задержания и об обвинении которое ему предьявлено, а также просит освободить его из-под стражи на поручательство или под залог, а также просит принять меры к сохранению рукописи на киргизском языке, имеющейся в арестованном у него в портфеле, содержащей стихотворения, так как она оценивается в 5000 рублей. Стихотворения эти принадлежат киргизскому поэту Кунанбаеву». Осы архив құжатының өзінен-ақ Алаш тұлғаларының Абайға, оның шығармашылық мұрасына деген сүйіспеншілігін анық көреміз. 

«Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек; Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек; мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған. Бұлардың үстіне, Абай көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған. Абайда өлең сөздің неше түрлі үлгісі, өрнегі табылады. Ол өрнектерді ойдан шығармай, орыстан алса да, орыс өлеңдерінің өрнектері қазақ тіліне жарайтындығын бастап көрсеткені де зор көсемдік. Абай өлең жақсы болуға керек шарттардың бәрін білген»,  – деп ұлт ұстазының Абай шығармашылығы туралы осылай жазуының өзі сыни көзқарас, өлеңге қойылар талап пен талғамның күштілігі болса керек. 

Тегінде, Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жылы шыққан «Әдебиет танытқыш» теориялық еңбегінде де Абай өлеңін көп мысал қылып, оқушыға теориялық ұғым мен түсінікті поэтикалық қуаты мықты ақын шығармашылығы арқылы көрсеткен. «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек. Абайдың сөздері 1909-шы жылы кітап болып басылып шықты. Бірақ жұртқа тарамай жатыр. Басылған кітап Ақмола, Семей болысынан басқа облыстарға таралмай жатқаны кісі таң қаларлық іс. Абайдың сөзін Семей ләпкесіне қамап, жасырып қоймай, кіл қазақ баласы бар уалаяттардағы кітап сатушыдардың бәрінің де магазиндерінде жүргізу керек еді. Абайды қолымыздан келген қадарлы жұртқа таныту үшін мұнан былай кейбір өнегелі, өрнекті сөздерін газетаға басып, көпке көрсетпекшіміз» деп жазуы – соның айқын дәлелі. 

Ұлы Абайға ғұмырының ширек ғасырында шәкірт болып ере білген әрі туыс інісіндей жақсы араласқан тұлға – Көкбай Жанатайұлы. Ақын-ағартушы ұстазы жайлы құнын жоймас қазына, шебер әрі шынайы өрілген естеліктің авторы ретінде абайтану ғылымында қызмет етіп келеді. 

Көкбай ақын – Абай ғұмырының ең сәулелі, ең мазмұнды 25 жылдық ғұмырының куәгері, сонымен бірге Абайдан соңғы Алаш қозғалысының да белсенді қатысушысы. Осы екі үлкен өмір кезеңі оның сол тараптағы айтулы, тарихи оқиғалардың арасында абыройлы тұлға, даңқты азамат болғанын айғақтайды.

Көкбай Жанатайұлы 1861 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Шыңғыстау бөктеріндегі Тақырда дүниеге келген. Көкбай бала кезінде қара танып, хат біліп, үш жылдай Төлетай молдадан дәріс алғаннан кейінгі өмірі үнемі Абайдың жанында өтті. 

Оның Абайдың жанына келуі де қызық оқиғаға айналған: ел арасындағы бір сайлауда Семейдің сол кездегі оязы Көкбайды айыптаған арыз бойынша жазаламақ болады. Оқыған әрі өнерлі жас жігітке Абай аяушылық танытып, оны кепілдікпен алып қалады. Осындай жанашырлықтан соң ол Абайдың жанында өле-өлгенше бірге болады, ұлы ақынның сенімді серігіне айналады.

1880 жылдары өткен оқиғаны еске алған Көкбай ақын Абай туралы естелігінде былай тарқатады: «Ел ішінің ақы алысып, ақы берісіп жатқан сиезі еді. Мұны өткізуге Семейден Лосевский деген уйез келіп еді. Сол бір ісімді жақтырмай, мені ел кісілерінің ортасында тұрғанымда стражниктерін (атарман) жіберіп, жазаламақшы болды. Әлгілер ерікке қоймай әкетіп бара жатқан соң, қасымда еріп жүретін өлеңші жігітім бар еді, солардың біреуінен Абайға бір ауыз өлеңмен сәлем айтып жібердім. Ол кезде ән салып, өлең айта-тұғым, қасымдағы жолдастарым да сондайды әдет қылатын.

Уезге әкелген соң, Абай да келді де, «жазығы не?» деп істің жөнін сұрады. Содан кейін Лосовский: «Бұған біреу басшылық етіп тәрбиесіне алмаса, мына елдің ортасында арызқой, пәлеқұмар болып, бұзылғалы жүрген адам. Сен тәрбиеге алып міндетті болып, түзетемін десең берем. Әйтпесе, жазаға ұшырайтын ісі бар», – деді. Абай маған кепіл болып алып шықты. Осыдан кейін Абайдың жолдасы болдым. Жолдастығым 25 жылға созылды».

Көкбай ақындығынан бұрын молдалығымен белгілі болады. Өз бетінше көп ізденіп оқып,  үлкен молдалыққа дейін жеткен. 1901 жылы өз қаржысына медресе ашып, онда сол өңірдегі қазақ ауылдарының балаларын оқытады. Сабақ мұсылманша, орысша қатар жүрген. 1908 жылы қала тәртібімен биік мұнаралы мешіт салдырады, бес жылдан соң, яғни 1913 жылы Меккеге барып, қажы атанады. 1921 жылы ауруға шалдығып, Мәскеу, Том, Санкт-Петербург, Омбы сияқты қалаларға барып емделеді. 1925 жылы Мәскеуге емделуге бара жатқан сапарында дүниеден қайтады. Абайдың ең талантты шәкірті болған Көкбай ақынның ғұмыры ықшамдап, жинақтап айтқанда осылай өрнектеледі. 

Молдалық қылса да өмірінде Көкбай ақындық өнерді тастамаған. Ол жас кезінен, нақтырақ айтқанда, он-он бес жасынан айналасына өткір тілді, өжет, суырыпсалма ақын ретінде таныла бастаған. Оның молда ісі мен сөз өнерінің арасында жүріп, көбіне дін ісіне беріліп кететінін Абай өлеңмен сынаған. Кейіннен молдалықтың оқуын толық меңгеріп болған соң, әншілікке, ақындыққа ауысып, айтысқа да түсетіндей қабілет танытады. 

Абайдың «Жаз», «Күлембайға» деген өлеңдері тұңғыш Көкбай қолымен 1888-1889 жылдары «Дала уәлаяты» газетінде жарияланғаны ғылымда белгілі жайт. Шәкірттерінің ішінде, ақын ұлдарын қоспағанда, Абайдың өлеңдеріне аты кірген жалғыз Көкбай болса, ұстазына ең көп жыр жолдарын арнаған да осы ақын болды. 

«1880 жылдан бастап 1886 жылдарға дейін Абай әрбір өлеңді жазып жүрді, – дейді Көкбай ақын, – Бірақ бұл уақыттағы сөздерінің барлығын Көкбай сөздері деп жүргізді. Кейін Омбыда «Дала уәлаяты» мен «Серке» газеті шыққанда, бірер өлеңін тағы да менің атыммен жіберді. «Сорлы Көкбай жылайды, жылайды да жырлайды» дегенді мен қылып қойып, өзін айтып еді». Кейінірек Абай Көкбай атымен жарияланған жырларын өз атына аударып алғаны да тарихи деректерде жиі айтылады. 

Көкбайдың ақындық дарынына М. Әуезов жоғары баға берген. «Жас кезінде, Абай уақытында айтып-жазып жүрген өлеңдерін өзі де көп ұқыппен жинамаған. Бірақ ол кезде Абай айналасындағы бар ақынның ішінде суырыпсалма, импровизацияға ең жүйрік ақын Көкбай болғаны даусыз. Сол талантын бағалап Абай мұны өзі жазып жүрген алғашқы өлеңдеріне ие ғып шығарған» дегеніндей, шәкіртінің ақындық дарынына сенген ұстаз тағылымы аңдалады. 

Абай айналасында, абайтану ғылымында Көкбай ақын қандай қызметімен ерекшеленеді? Абай тұлғасын таныту үшін нендей еңбек сіңірді? 

Көкбай – Абайдың үздік шәкіртінің бірі, ұстаз мұрасын жалықпай насихаттаушы, дәріптеуші. Өлеңдерін өз атынан емес, шәкіртінің атынан жариялайтындай қатаң, талапшыл ұстаздың сын көрігінен шыңдалған тұлға. Ұлы ақын шығармаларының туу тарихын, қай жылы, қай жерде жазылған дерегін білетін әрі өзі де ақын болғандықтан, барынша бұрмаланбай, барынша әділ сақталуға күш салып келді. Бұл – бір. Екіншіден, Абайдың қоғаммен байланысы, әлеуметтік көзқарасы, дінге байланысты ойлары, түрлі адамдармен пікірлес қалыбы, әдеті, қылығы жайлы таптырмас жылы естеліктің автор болуымен-ақ абайтану ғылымында өлшеусіз қызмет еткенін ескеруіміз керек. Үшіншіден, Абайдың 1909 жылғы тұңғыш жинағының жариялануына да, ондағы жоғалып кетуі мүмкін өлеңдерін қағазға түсіріп аман алып қалған жанашырлығы тағы бар. Төртіншіден, 1924 жылғы ұлы ақынның толық жинағын бастырып шығарудағы белсенді қарекеті, Абайдың өмірбаянын нақты түзуге атсалысқаны бір төбе еңбек. Ал М.Әуезов құрастырып, І. Жансүгіров тамылжытып жазатын 1933 жылғы толық жинақта ақын ғұмырнамасының түгелге дерлік тарихи фактілері Көкбайдың аузынан жазып алынған. 

Ұстаз бен шәкірт арасындағы жіпсіз байланыс, ұстаздың өлеңге қоятын қатаң талабы, оны орындаудағы шәкірттің қабілеті жайынды көптеген мағлұматтарды Көкбай естелігінен білеміз. Соның бірінде ол Абайдың Абылай хан, Кенесары туралы дастан жазуды тапсырғаны туралы оқиға баяндалады. «Бір жылы менің өзіме Абылай хан мен Кенесарының қазаққа істеген еңбектерін ұзақ әңгіме қылып айтып беріп: «Осыны өлең қыл», – деді. «Абылай да, Кенесары да қазақтың мақтан қылатын ерлері. Бұлардың еңбегі де айта қалғандай, ұмытпастық еңбек. Сондықтан, бастарынан кешкен дәуренді жақсы сөзбен жыр қылып, ел ортасына жаю – жақсы өлеңшінің міндеті. Сен үйіңе барып орнығып отырып, осыны өлең қылып кел», – деді.

Үйіне барып тыным алмастан, 5-6 күнде дастанды аяқтап, Абайға қайта жүреді. Абайдың үйге  кіре сала «айт» деп сұрайтынын біліп, жолда атының тізгінін жолдасына беріп қойып, ұзақ жырды жаттап алады. Берген сәлемді алмастан Абайдың «Абылай келді ме?» деген сауалына «келді» деп, дастанды жатқа айта жөнелгенін жазады. 

«Абайдың өмір бойғы әдеті осындай еді. Біреу өзіне келсе, келген жерден жұмысың не деп сұрайды да, сол арада шаруасын бітіріп, содан кейін өзінің әңгімесіне кетеді. Алғаш сұраған жерде шапшаң айтып жіберген кісі болса, ырза болып қалады. Басында айтпай, артынан «пәленім бар еді» дегенге ашуланып қалатын. Кейде: «Бағана неге айтпадың, и...», – деп ұрысып, тыңдамай да қоятын.

Сол әдеті мәлім болғандықтан, өлеңді әнге салып айтсам да шаршаған-талғанымды білдірмей, желісін үзбей айтып отырдым. Қағазыма да қарағаным жоқ, ылғи жатқа айттым», – дейді Көкбай.

Абай сынаған мінез-құлықтың бірі Көкбайда болған. Онысы кербездік, бойын күткендік еді. «Кербездің екі түрлі қылығы болады: бірі бет-пішінін, мұртын, мүшесін, жүрісін, қас-қабағын қолдан түзетіп, шынтағын көтеріп, қолын тарақтап әуре болмақ.

Біреуі атын, киімін «айран ішерім» деп, солардың арқасында сыпайы, жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардағының ішін күйдіріп, өзінен кейіншілерге «әттең, дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?!» дейтұғын болмаққа ойланбақ». Міне, осы мінезді, жағымсыз қылықты естелігінде ақын шәкірттің өзі ашық жазады. 

«Ұдайы жолдас болған уақытымда кеп байқаған бір нәрсем бар. Орыс болсын, қазақ болсын, жақсы, жаман болсын әрқашан мінезінде бояма болмай, шынымен келген кісіні жақтырушы еді. Бойын бағып, қымтырылып, «пәлен көрінем, түгі көрінем» деп қолдан пішін жасайтын мінезді көре бастаса, қытығына тигендей жақтырмай қалатын.

Ондайды кекетіп, мысқыл қылып, қалжыңмен өлең айтып жіберетін. Қалжың өлеңнің көбі маңындағы жұрттың осындай мінезінен туады.

Бір күні осындайдың тұсында өзімді де өлең қылды. Ел ішінің бір тобынан келе жатыр едік. Жолда бірер сез, бірер мінезімді Абайдың жақтырмай қалғанын сездім. Ауылға жақындағанда, Абай бізден озып кетіп еді. Үйге келсем, қолына бір табақ қағаз бен қарындашты алып өлең жазып жатыр екен.

«Не қылса да өзімді елең қылып жатыр-ау» деп ішіме сезік кіріп, қасына жетіп келіп едім, мына өлеңді оқып қоя берді. 

Бұралып тұрып,

Буыны құрып,

Қисайта тартып мұрынын.

Әсемсіп, сәнсіп,

Білгенсіп, бәлсіп,

Әр нәрсенің орынын.

Керенау, кердең бір керім

Жақпайды маған сол жерің,- 

деп, өзімді өлең қып қойыпты. Содан соң жалынып отырып, сұрап алдым да көзінше жыртып тастадым. Өлеңін өзімнен басқа ешкім білген жоқ. Сол бір оқып шыққанда есімде қалғаны осы еді» дейді.

Көкбай естелігінде Абайдың билігі, кесім айтуы, әділдікті сүюі, өтірікке, жалғандыққа қастығы, шынын айтқан адамды жанына қосатыны, жақсы жүйрік, қыран бүркіт, алғыр ит көрсе, қалап алатын мінез машығы, тоғызқұмалақ ойнайтыны, қыс түссе, ертегі оқып, жастарды ұйытатыны, шетел жазушыларының романдарын қызықтап айтатыны, ойын-сауығы, той-думаны, ән базары, қонақжай дастарханы түгел қамтылады. 

Осы қызықты деректердің барлығының соңында Абай өміріндегі ең маңызды оқиғаға, басқа естеліктерде көп кездесе бермейтін тосын жағдайға айрықша тоқталады. Ол – Абайдың дінге көзқарасы, ұстанымы және орыс миссионерлерімен пікірталасқа түсуі.

Абайдың мұсылмандығы бұл күнде жеткілікті зерттелді. Ал Көкбай ақын «Абай шын мағынасындағы мұсылман еді. Бірақ мұсылманшылығы молда, қожа айтып жүрген сыртқы сопы, мұсылмандық емес, үлкен сынмен қарап, діннің негізін, мақсат-бағытын ғана алып, соны ақиқат діні етіп қолданған. Абайдың діні мұсылманшылықтың ішінде осындай жолмен, үлкен сынмен табылған таза ақыл дін еді. Онан соң жалпы мұсылманшылық жолындағы үлкен ғұламалар жазған ірі сөздердің барлығын да білетін. Өз тұсындағы молдалардың қайсысымен болса да қатар түсерлік мағлұматы бар-ды» деп сыпайылып жеткізіп тұр. Анығында Абай өз тұсындағы атақты молдалар ғана емес, жат діннің ғұлама дегендерімен де тайталасқа түсе алатын анық ғұлама болғаны аян.

 1891 жылы Ресей императоры қатысқан бүкілресейлік дін қайраткерлерінің төтенше жиыны өтіп, онда бұратана халықтарды христиан дініне көшіру мәселесін күн тәртібіне шығарып қарастырған. Мұндағы қаулының қорытындысында он жылдың ішінде қазақ даласын түгелдей шоқындырып, мұсылман дінінен бездіріп, христианға толық өткізу туралы шұғыл шешімді қабылдайды. Көкшетаудың ғұламасы Науан қазірет пен оқыған молда Шаймерден Қосшығұлының жарғақ құлағы жастыққа тимей, теріскейден келген шоқындырушы миссионерлердің сандық толы айқыш таңбаларын байқап, дабыл қағатыны осы кез. Бұл екі дін қайраткерінің Абайға «қазақтан басы асқан адамсыз ғой, бұл жағдайға не айтасыз?» деп сауал жолдайтыны тарихтан белгілі жайт. Орыс империясының қазақ халқын діни отарлауының шегіне жеткен тұсы Абай үйін тінтіп, тергеп, аталған хатты тауып алатын 1903 жылғы оқиғаға келіп тірелді.

Ал Көкбайдың айтып отырғаны, Семейге Сергей есімді орыс попының келгені – 1897 жыл. «Бір жылдары Семейге миссионер деген кісі келіп, мұсылман дінін қорғаушы молда имамдармен сөйлесемін деп іздегенде Семей қаласындағы мұсылман оқымыстыларының барлығы бір ауыздан Абайды сайлап шығарады». Абайтанушы ғалым, профессор Т.Жұртбай осы оқиғаға байланысты Семей молдалары өз ортасынан дін ғұламасы деп таныған Қамалиден қазіретті шығарайық дегенде, Қамалиден қазірет: «Дін мұсылман тақырыбында сөз асырмаспын, ол өзге діннің адамы, өз дінінен бірер сұрайтыны болса, мүдіріп қалармын, менен гөрі діннің төрт кітабын да түгел оқыған Абай лайық, соны шығарайық» деп жауап бергенін айтады.

«Абай барғанда Сергей дін жайында талас жасамай, бірер нәрселерді сұрап және артынан жай әңгімеге кетсе керек. Бұл мәжілісте Абай дін жайынан қаншалық сөйлесіп, қанша таласты – ол арасын мен толық білмеймін» деген Көкбай естелігін тарихи оқиғаның желісімен толықтырайық.

Анығында Сергеймен дін таласына түскен Абай қазақ халқын түгелдей шоқындырудан аман алып қалды. Сол заманғы қазақ, арғы кезеңдегі түрік жұртына ислам дінінің келуінен басталған сөз жарысында ойшыл ақын дін ғұламасы, дүниеге түскен төрт кітапты да түгел оқып тауысқан әлемдік философ екенін айқын аңғартқан. 

Екі дін өкілінің пікір алмасуында біздің бүгінгі күні түсінбей жүрген, қате кетіп, жаза басып жүрген дін саласындағы өзекті проблемалар айқын айтылған. Түрік жұртының исламды қабылдауының алғышарты, араб әскерін бастап келген қолбасшы Құтайбаның сауалынан туындаған талаптар, араб әлемі оқымыстыларының берген пәтуасы, яғни дінді жергілікті ерекшеліктерге, ұлттық менталитетке, сол халықтың экономикалық-шаруашылық, географиялық-климаттық айырмашылықтарын байланысты ұстану тәртібі қалыптасқанын тәптіштеп сипаттаған Абайдың біліміне Сергей де таңдай қағып бас шайқаса керек.

«Бұл мәжіліс туралы тағы да бір есімде қалған нәрсе: Сергейдің қасында Семейдің көп поптары бар екен. Солардың кейбіреулері бір әредікте мұсылман дінінің ұсақ мәселелері туралы Абаймен дауласқысы келсе керек. Сонда Сергей: «Сендер қойыңдар, Ыбырайым Құнанбаев сендердің тісің бататын кісі емес» деген екен» деп еске алған Көкбай естелігін мынадай тұжырыммен аяқтайды: «Негізі Абайдың көп насихатының түп қазығы: адамшылық, ақтық әділет болатын».

Абайшыл Көкбай Жанатайұлы – Семей облысынан «Алаш» партиясын қолдап, «соған ереміз» деп арнайы хат жазушылардың бірі болып, бастамашысы болып, Алаш ісінен бейтарап қала алмады. Семейдегі ұлттық кеңестің, қазіргіше айтқанда, үкіметтің кіндік қаласы Алашқа жиналған игі жақсылардың ортасынан табылды. Ұлт көсемдері Әлихан, Ахмет, Міржақып және басқа да Алаштың, Алаш Орданың көрнекті қайраткерлерімен тығыз байланыста болды, олармен иық тіресіп тарихи фотосуретке де түсті. 

Көкбай ақын Алаштың саяси лидері Ə.Бөкейханға жыр арнап, оның тұлғалық қасиетін жазбай танып, күрес жолындағы қайраткерлік образын: 

«Қарағым, жалғызымсың қазақтағы, 

Ұл тумақ сендей болып аз-ақ-тағы. 

Өгіз өліп, болмаса арба сынып, 

Өмірің өткен жансың азаптағы. 

Бал тамған, ханзадам-ай, қаламыңнан, 

Тәңірім айырмасын талабыңнан!» деп сұлу сөзбен сомдады.

Абай айналасын тану, оның ақындық мектебінің талантты өкілдерін зерттеу ісі ғылым саласында жолға қойылып келеді. Көкбайдың Абайды танығаны секілді Көкбай тұлғасын ұлықтау жұмыстарында белгілі ғалым Жандос Әубәкір көп еңбек сіңірді. Ол «Көкбай ақын жəне Əлихан Бөкейхан» атты тақырыпта баяндама жасап, Бөкейхан туралы «Ұлылық өнегесі», «Абайтанудың негізін салған Алаш қайраткерлері», «Əлихан – тұңғыш абайтанушы», «Абай мен Əлиханның таныстығы», «Абай дəстүрінің жалғасы», «Алаш арыстары жəне Абайдың тұңғыш жинағы», т.б. зерттеу еңбектерін жариялады. 

Көкбайдың өлеңдері мен айтыстары «ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясы» (1985), «Бес ғасыр жырлайды» (1989, т.1), «Айтыс» (1988, т.2), «Абайдың ақын шәкірттері»  (1994, 2-кіт.) жинақтарына еніп, ол туралы зерттеу мақалалар «ХХ ғасырдағы қазақ ақындары» ұжымдық монографиясында мен Қ.Мұхамедханұлының «Абайдың ақын шәкірттері» кітабында қамтылды. Ж.Әубәкірдің құрастыруымен Көкбай ақынның толық шығармашылығы «Алтай-Ертіс» кітапханасы» сериясы аясында жарыққа шықты.

Абай мен Алаш – егіз ұғым, бірінен-бірін ажыратқысыз түсінік. Бұл еңбекте Абай мен Алаштың идеяластығы, мұраттастығы, бірлігі Алаш қайраткерлерінің абайтанудағы қыруар еңбектерінің негізінде дәлелдер келтіріліп, тұжырымдар ұсынылды. Алаш ұлт-азаттық қозғалысының өзегіне айналған отаршылдыққа қарсылық, азаттық идеясы, жер мен дін мәселесі, оқу-білім, ағарту саласында ой-пікірлердің бастауы Абайда жатыр, ұлы ақын-ойшыл мұрасымен танысқан Алаш зиялылары ұлттық қозғалыстың идеясына бағдар етті. Абайға алғашқы бағаны Алаш зиялылары берді, қалыптастырды және дәстүрге айналдырды. Ұлы ақынның өмірін таныды, шығармашылығын толық оқыды, дәріптеп қана қоймай, замандастарына Абайдай тұлға болуды, Абайша өлең жазуды нұсқады.

Абайды тану-таныту арқылы Алаш оқығандары қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалап қалыптастырды. Осы күнге дейін советтік идеология шеңберінде жазылып, қасаң пікір болып қалыптасқан «революциядан кейінгі қазақ әдебиеті мен мәдениеті» деген ұғым-түсініктердің қате, жалған екенін көрсетті. Алаш азаматтары өздері басқа ғылым саласының маманы бола тұра, олар Абайға сүйеніп, әдебиетке, ғылым мен білімге, оқу-ағарту саласына хал-қадарынша адал еңбек етті.

Сөзімізді қорыта айтқанда, біз осы мақаламызда ақын тұлғасының Алаш идеясына айналуына, оқығандардың ұстанымына, сөзіне, мінезіне оның ықпалы жөнінде һәм Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының абайтану ғылымына, Абай мұрасының насихатталуына қосқан үлесін бүкпесіз, шынайы айтуға тырыстық. 

Абай мен Алаш – Тәуелсіздік нышаны, ұлт қазынасы. 

Бөлісу