Хакімнің тұңғыш суреті мен жаңа өлеңдері

Бөлісу

14.08.2025 2471

Осыдан сексен жыл бұрын ұлы ойшыл, ағартушы, ақын  Абай Құнанбайұлының туғанына 100 жыл толған мерекесі қарсаңында, «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылғы 15 тамыз күнгі № 168 санына хакімнің фотосы жарияланып, жаңадан табылған үш өлеңі шығыпты. Бұл фото басылым бетінде жарық көрген ақының тұңғыш фотосы екен. 


Абай хакімнің туғанына 70 жыл (1915), 80 жыл (1925), 90 жыл (1930) толған жылдары жарық көрген отандық басылымдарды шолып көрдік. Бұлардың ешқайсына хакімнің фото бейнесі жарияланбаған екен. 

Оның да өзіндік себебі бар тәрізді. 70 жылдағы халқымыздың рухани деңгейі әлі толық жетіліп, қалыптаспаған әрі патшалық Ресейдің отарлау ісі шегіне жетіп, «Сахараға қарасақ, Жайылған қойдай халайық, Бітіміне қарасақ, Қасқыр жеуге лайық» деп ақын Нарманбет Орманбетұлы айтқандай, қазақ жұрты Абайды үлгі тұтпақ түгілі «байтал тұр ғой, бас қайғы» болып жатқан заман. 

Келесі 80 жылдығы ақ патша құлап, қолына билік тиген қызыл большевиктер оңды-солды төңкеріліп, күллі қоғам тұрақ таппай теңселіп тұрған тұс. Бұл заман «Абайыңнан ойбайым» дегендей, тар жол – тайғақ кешу кезі еді. Тіпті оны айтамыз, дананың жол ұстартып, тәрбиелеген шәкірті Көкбай Жанатайұлы Шыңғыстаудың бөктеріндегі «Тақыр» деген қыстақта қайтыс болып жатты. Оны елеп, ескерген жан болмады. 

Ал 90 жылдығы (1930) қазақтың бетке ұстар қаймағына қауіп төніп, Абайдың ақын шәкірті һәм інісі Шәкәрім қажы қуғын көріп, тобырдан безіп шалғайдағы Саят қораға барып тығылған мезгіл. Байталау (кәмпеске) деген пәле шығып, Құнанбай тұқымын торғайдай тоздырып, қолындағы малынан, бойындағы жанынан айырып жатса, мына жақта елірген тобыр «Байлар мен молданы, Қойдай қу қамшымен» деп, жінігіп жік-жапар болып жатса, қайдағы той, қайдағы ойын. Бұған 1931-32 жылдары орын алған аштық пен 1937-38-дегі жойдасын қуғын-сүргінді қосыңыз. 

Құдая тәубе, кеңес одағы 1945 жылы герман фашистерін талқандап, жеңіске жетті. Күллі кеңес халқының жаны жадырап, жай тапты. Соның бірі – қазақ халқы.  Осы бір қаймана халықтың еңсесін серпілту үшін үкімет тарихта тұңғыш рет Абай тойын, яғни ақынның туғанына 100 жыл толу мерекесін өткізді. 

Ақынның осы 100 жылдық тойынан кейін «Абайтану ілімі» жоспарлы түрде жолға қойылып, хакімнің фотосы мен жаңадан табылған бір топ өлеңі ҚК (б) Орталық Комитетінің ресми органы «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланды.

 Бұл суретте дананың ойлы келбеті барынша әдемі көрсетілген. Басында оюсыз қара тақия, үстінде қаусырма өңірлі жағасыз шапан. Ежелгі сопылық муриттердің әдебіне тән оң қолымен шапан өңірін қусыра ұстап, төрт саусағын сыртына, бас бармағын ішіне алған, сол қолын тізесінің үстіне қойыпты. 

Ақынның «Социалистік Қазақстан» газетіне тұңғыш жарияланған фотосы мен өлеңдері. 1945 жыл, 15 тамыз.

Жалпы бәріміз білеміз, Абайдың дәл осындай жеке түскен суреті жоқ. Бұл фото 1896 жылы екі ұлымен бірге (Ақылбай және Тұрағұл) Семейде түскен суретінен көшіріліп алынып отыр. Бұл бейнені таспалаған адамның аты Н.Г.Кузнецов екен. Құнды жәдігерді 1941 жылы 6 наурыз күні № 40 қабылдау актісі бойынша жазушы Мұхтар Әуезов Семейдегі Абай музейіне сыйға тартыпты. 

Осы сурет жайлы жазушы Мұхтар Мағауин: «1896 жыл. Абай 51 жаста. Арылмас мұң қалыпты байыпқа айналып, сырттағы қайғы ішке түскен кез. Ой мен сыр, сезім мен парасат жарастық тапқан. Өзінің өлмесін, мәңгі жасарын айқын аңдаған пәни тіршілігі бақимен астасқан сәт» деп суреттепті. 

1896 жылы Семейде түсірілген сурет

Осы орайда, хакімнің 1896 жылғы фотосы негізінде көшіріліп алынып, газетке жарияланған суретті кім жасады, деген сұрақ туады. Бірақ кімнің жасағаны белгісіз ал жасатқан адам – кеңес дәуірінде абайтанушылардың арасында ұлы Мұқаңнан (Мұхтар Әуезов) кейінгі қасқа маңдайда тұрған тұлға – Қайым Мұхамедханов.

Семейлік зерттеуші – қаламгер Дәулет Сейсеновтің ұлы ақынның 175 жылдығы қарсаңында 2020 жылы жарық көрген «Ер қазақ» атты кітабында: «Қандай бір жұмыстан сырт қалмаған Қайым аға Әуезовтың ұсынысымен Абайдың 100 жылдық мерейтойын әзірлеу жөніндегі мерейтойлық Үкімет комиссиясының ғылыми хатшысы бола жүріп, Абайдың бұған дейін мәлім емес, тоғыз өлеңін айналымға қосты. Бұл өлеңдердің бірнешеуі «Ақының жарияланбаған өлеңдері» деген тақырыппен және ақының фотосымен «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылдың 15 тамыз күнгі нөмірінде жарияланды» деп жазады. 

Орайы келгенде айта кеткен жөн сияқты. Абайтану мен ақынды ұлықтау ісінде Қайым ағаның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қ.Мұхамедханов 2010 жылы жарық көрген «Тарта көр, Семейімнің топырағы» атты еңбегінің 5-бетінде: «Абайдың бұрын белгісіз болып келген 9 өлеңін таптым. Олар 1945 жылы шыққан Абай шығармаларының толық жинағына енді» деп жазса, 2011 жылы жарық көрген ғалымның көптомдық жинағына енген естелігінде: «Абай музейі ақының туғанына 95 жыл толған – 1940 жылы 16 қазан күні ақын өзі әркез қалаға келген 1875-1880 жылдары түстеніп һәм келіп-кетіп жүрген бұрынғы Загородная көшінде (қазіргі Абай даңғылы Б.Қ) ашылды. Абайға қатысты экспонаттар сақталмағандықтан жаңадан іздеу салынды. Нәтижесінде, 1940-1941 жылдары 56 жәдігер есепке алыныпты. Олар: ақынның ері, белбеуі, қалта сағаты, қымыз тегенесі, ожауы т.б. Бірақ 1954 жылы қалта сағаты ұрланып кетті. Музейдің беткеұстар экпонаттарын сыйға тартқан адам – Мұхтар Әуезов. Олардың ішінде –  Абайдың 1896 жылы түскен фотосы және 1887 жылы суретші Тобановский салған Абайдың дәл суреті болды. Сол сияқты жазушы Сәбит Мұқанов Абайдың 1909 жылы Петерборда шыққан өлеңдер жинағын табыстады» депті (Қайым Мұхамедханов. Көптомдық шығармалар жинағы. ІХ том. Алматы. «Ел-шежіре». 2011. Т.9. – 40 б). 

****

Жалпы Қайым аға 1940 жылдан бастап, өзі өмірден өткенге дейінгі аралықта Абайдың 30-дан астам өлеңін іздеп тапқан. Соның бір парасы жоғарыда  газетке 1945 жылы жарияланған «Домбыраға қол соқпа»,  «Ойға түстім толғандым» атты екі өлеңі және Абай мен шәкірті Көкбайдың қағытпасы. 

«Домбыраға қол сұқпа» атты өлеңнің жазылған жылы беймәлім. Бұл өлеңді 1940 жылы белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұқаметхановқа ақының інісі Ысқақтың немересі Әрхам беріпті. Ол ауыл азаматы Р.Мамырқазовтан жазып алыпты. Кейін бұл өлең Ғылым академиясының қорына тапсырылған һәм ақының 100 жылдығы қарсаңында жарық көрген жинағына енген екен.

Бұл өлеңнің мазмұнына қарағанда, ақын өмірінің соңғы жылдары жазған тәрізді. Өйткені, жыр мазмұны тым жабырқау, авторы көңіліне медеу іздеп, дүниенің баянсыздығын және қамсыз өткен күндерін аңсаудың ізі жатыр» дейді әдебиетшілер. 

Ал екінші өлең «Ойға түстім толғандым...». Бұл өлең ақынның кемел кезінде туған. Сол тұстағы қазақ қоғамының отарлау салдарынан бұрынғы әдет-әдеп жоғалып, тозған ой, тоқыраған ақыл, барар жер, басар тауын таптай дағдырысқа ұрынған сәтін айтады. Қолдағы дерекке сүйенсек, бұл өлеңді Қайым аға Бәткен деген ақыннан жазып алып, 1944 жылы Қазақ ССР ҒА-на тапсырған. Өлең аАлғаш рет ақынның 1945 жылы жарық көрген жинағына енген екен. 

Ал үшінші өлең Абай мен Көкбайдың қағытпасына келер болсақ. Қайым аға «бұл қағытпасны Көкбайдың баласынан жазып алдым» депті. Осы сөздің жоғарыдағы газеттің бетінде тұр. Тәпсірлеп айтар болсақ, хакімнің ақын шәкірттерінің бірі – Көкбай Жанатайұлы ұстаз-досы Абай Құнанбайұлына бір жағы әзіл, екінші жағы қағытпа өлең айтқысы келіп, былай депті:

Жүрісім тұрысымның бәрі Абайша,

Абайдан кем боламын мен қалайша,

Көп закон, азғана ақыл өзімде бар,

Ашылып көкірегім кең сарайша, - депті. 

Хакім жарықтық шәкіртінің сөз саптауына риза болып, бір күліп алып айтқаны екен:

Мен боламын демеңдер,

Аяқты алшаң басқанға,

Екі көзіңді алартып,

Құр қарайсың аспанға,

Бір ғылымнан басқаның,

Бәрі кесел асқанға, 

Өйткен адам жолығар, 

Кешікпей-ақ нұқсанға, - депті. 

Бөлісу