Оғыз хан қашан өмір сүрген?
26.12.2023 2653

«340» па, «3400» бе?

Ұлы Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» атты шағын зерттеу еңбегінің жалғасы іспетті жазылған Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» кітабы қазақ ғылымында үлкен маңызға ие. Бұдан бөлек ақынның «Қазақтың түп атасы – батыр Түрік» деп басталатын шежірелік дастаны бар. Шәкәрім қажы бұл шығармасында қазақтың терең тарихына үңіліп, тегімізді түгендейді. Барлық ұлт пен ұлыстарды хазірет Адам атадан таратып, топан судан кейін адамзатты екінші рет Нұх пайғамбардың Сам, Хам, Яфас атты үш ұлынан өрбітеді. Ал хазірет Нұхтың кенже баласы – Яфастан Түрікті тудырады. Түріктің шын аты – «Надұлұше» болады. «Түрік» сөзі – «темір тымақ» (дулыға) деген мағынаны білдіреді. Осыдан кейін Нұхтың оныншы ұрпағы Оғыз ханға тоқталып, оны әлемді билеген ұлы патша деп дәріптейді. Сонымен қатар, ол әйгілі билеушінің өмір сүрген уақытын да нақты айтып өтеді. Өкінішке қарай, автордың 1991 жылы шыққан кітабы мен кейінгі басылымдарында бұл мерзім қате берілген:

Жазады талай елдің жазушысы,

«Адамның өзгеше, – деп, – қылған ісі».

340 жыл бұрын пайғамбардан,

Атағы жер жүзіне шыққан кісі (Түрік, қазақ-қырғыз һәм хандар шежіресі. Алматы: Сана, 1991. 70-б.).

Кейінгі зерттеушілердің жаңсақ тұжырым жасауына түрткі болған бұл қателікті түзетудің бірден-бір жолы – текстологиялық әдіске жүгіну. Біз осы мақсатта «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының сирек қорында сақталған Шәкәрім шығармаларының қолжазбасына үңілген едік. Нәтижесінде шежірелік дастанның кейінгі басылымдарында келген «340  жыл»(үш жүз қырық) – «Қазақтың түп атасы» деген жырда «үш мың төрт жүз жыл» (3400) деп жазылғанына куә болдық (Шәкәрім Құдайбердіұлының қолжазбалары, №1588, 121-б.). 

Осы тұста «қолжазбада да қателік орын алуы мүмкін» деп уәж айтылушылар табылуы ықтимал. Дегенмен, Шәкәрім қажының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм ханлар шежіресі» (Орынбор, 1911) кітабы көңілдегі күмәнді сейілтеді. Ақын осы еңбектің «Хан шежіресі» бөлімінде: «Қара ханның баласы Оғыз хан. Аланшы [Нұх пайғамбардың жетінші ұрпағы – Б.М.] кезінде жұрт дінінен шығып еді, осы Оғыз мұсылман болып әркімді мұсылман қылғанын әкесі Қара хан естіп баласымен ұрсысып, сол соғыста Қара ханға оқ тиіп өліп, орнына Оғыз хан болды, мұның хан болғанын мұсылманша шежіре кітаптарда біздің пайғамбарымыздан 3400 жыл бұрын дейді. Бұл Оғыз хан бек мықты хан болып, жер жүзінің талай жерін алған хан еді. Оғыз хан деген атақты хан болғанын барша шежіренің бәрі айтады. Қайсы біреулер жоғарғы Мете яки Мөте деген хан осы десе де, оның уақыты дұрыс келмейді» (74-75 бб.) – дейді. Яғни ғұлама ақын Оғыз хан мен Ғұн көсемі Мөденің бір тұлға емес екенін дәйектеп, кейбір зерттеушілердің (Н.Я.Бичурин, А.Кабак­лы, т.б.) пікірін жоққа шығарады. Себебі, Оғыз хан Мұхаммед пайғамбардан (570-632) тұп-тура 3400 жыл бұрын өмір сүрсе, онда ол б.з.д. XXVIII ғасырда билік құрған болады. Ал Тұман ұлы Мөде қағанның б.з.д. 228 жылы дүниеге келіп, б.з.д. 174 жылы қайтыс болғаны белгілі.

 

Шыңжаңдық нұсқаның авторы кім?

«Бабалар сөзінің» 32-томы Қытайдағы қазақ фольклорына арналған. Томға ел арасында «Қазақ тарихы дастаны» деп танылған «Қазақтың түп атасы – батыр Түрік» деген шежірелік дастан кірген. Басылымның ғылыми түсінігінде бұл шығарманы «кім, қашан жырлағаны беймәлім» деп жазылған. Жырды Тарбағатай аймағы, Дөрбілжін қаласының тұрғыны зейнеткер Беделбек Еженбекұлы 1990 жылы аудандық мәдениет үйіне қолжазба күйінде табыс еткен екен. Бұл шығарма Іле «Халық» баспасынан 1992 жылы жарық көрген «Дөрбілжін ауданының қисса-дастандары» жинағында алғаш рет жарияланады. Беделбек жыршының «Үлкендердің аузынан бұл шежірені Шәкәрім Құдайбердіұлы жазған деген сөздерді естідім, бірақ анық-қанығын білмеймін» (Бабалар сөзі, 32-том, 2006, 376-б.) деген сөзіне мән берсек, Қытайдағы қазақтың көнекөз қариялары шежірелік дастанның авторы кім екенін білген деген ойдамыз. Өйткені Шәкәрім ұлы Зияттың алмағайып заманда бас сауғалап Қытайға өткені белгілі.

Шежірелік дастанның шыңжаңдық және сирек қордағы қолжазба нұсқаларын салыстырғанымызда, олардың бір шығарма екені нақтыланды. Екі нұсқаның көлемі бірдей болғанымен, кейбір сөздерінде айырмашылық бар. Мәселен, сирек қордағы нұсқада «Пәленше сахабаның затысың деп» келсе, бұл қатар шыңжаңдық нұсқада «Ғакаша [Укаша – Б.М.] сахабаның ұрқысың деп» берілген. Мұндай мысалдар жеткілікті. Сонымен қатар, шежірелік дастан Шәкәрімнің 1991 жылы шыққан кітабында толық жарияланбағанын айтуымыз керек. Бұл басылым: «Осыған соны қосып жаттап алсаң, Білерсің тұп атаңның барлық сырын» (Түрік, қазақ-қырғыз һәм хандар шежіресі. Алматы, 1991. 76-б.), – деген жолдармен аяқталады. Ал сирек қордағы қолжазба және шыңжаңдық нұсқалар: «Жаратқан Алла жар болып, Бейістен нұры шалқығай!» («Бабалар сөзі», 32-том, 2006, 72-б.) деп бітеді. Есептеп қарағанда, Шәкәрімнің 1991 жылғы басылымына жырдың 157 қатары кірмей қалған.

Ал енді шежірелік дастанның шыңжаңдық нұсқасында Оғыз хан пайғамбарымыздан қанша жыл бұрын өмір сүрген деп жазылған, соған назар аударайық:

Жазады талай елдің тарихшысы,

Адамнан өзгеше еді қылған ісі.

Үш жүз қырық жыл бұрын пайғамбардан,

Атағы жер жүзіне шыққан кісі (Бабалар сөзі, 32-том, 2006, 60-б.).

Көріп тұрғанымыздай, бұл нұсқада да қателік орын алған. Біздің ойымызша, Шәкәрім шығармасын көшірушілердің кейбірі шежірелік дастандағы санмен берілген «3400 жылдың» бір нөлін жаңылыс оқыған болуы мүмкін. Өйткені араб тілінде «нөл» саны – ноқат «٠» белгісімен жазылатынын ескерсек, қолжазбадағы екі нөлдің (3400) бірінің өшіп қалуы ғажап емес. Бұл мәселелер жуырда шығатын Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларының академиялық толық жинағында өз шешімін табады деген үміттеміз.

Сондай-ақ Шәкәрім шежіресін ғылыми тұрғыдан зерттеген тарихшы-ғалым Ж.Артықбаев «Қазақ ауызша дәстүрі оғыз тарихының кілті» атты мақаласында: «Оқырман бірден осы жырдағы «пайғамбардан 3400 жыл бұрын» деген  мәліметке назар аударуы керек, яғни ғылыми хронологияға салсақ Оғыз қағанның өмір сүрген уақыты қазіргі жыл санауымызға дейінгі 2800-ші жылдар» (e-history.kz, 2018), – деп өз пікірін білдірген.

Демек, Шәкәрім қажының шежіре кітабы мен шежірелік дастанында келген деректер бойынша Оғыз хан осыдан 4823 жыл бұрын өмір сүрген болып шығады (2800 + 2023 = 4823). Бірақ орта ғасырлық тарихи деректерде Оғыз хан дәуірі басқаша көрініс тапқан. Ендеше, осы мәселе төңірегінде Шәкәрімге дейінгі белгілі тарихшылардың не дегеніне көңіл аударайық.

 

Тарих таразысын тартқанда

Шәкәрім қажының шежіре кітабы: «Атамыз Адам пайғамбардан бері қарай атадан-атаға үзілмей жазылып келген шежіре ешбір жұртта жоқ» деп басталады. Дегенмен, орта ғасырдағы ғалымдар адамзат тарихындағы ең елеулі оқиғалардың болған уақыттарын қолдағы бар деректер арқылы анықтауға тырысқан. Мәселен, ұлы астраном Ұлықбек Мұхаммед Тарағай (1394-1449) «Турт улус тарихи» (Төрт ұлыс тарихы) атты еңбегінде ұлы ғалым Әбу Райхан Беруни және оның шәкірттерінің Нұх пайғамбар кезінде орын алған топан су мен хижра жыл санауына дейінгі мерзімді есептегендерін келтіреді. Олардың көзқарасы бойынша жұма күні басталған топан судан хижраның бейсенбі күніне дейін 3725 жыл 348 күн өтеді. Сондай-ақ Мырза Ұлықбек бұл деректі Хамның «Жаһан нама» рисаласынан алғанын айтады. Ол бұдан бөлек топан су мен хижраға дейін 3984 жыл өтті деген пікірдің де бар екенін тілге тиек етеді (Ташкент: «Чулпон» нашриети 1994., 30-бет). Демек, хижра жыл санауы 622 жылы басталса, одан 3725 жылды шегерсек, топан су оқиғасы – б.з.д. 3103 жылы орын алған болады (622 – 3725 = – 3103). Ал екінші пікірдегі 3984 жылды алсақ, нәтиже б.з.д. 3362 жылға тура келеді (622 – 3984 = – 3362). 

Хиуа хандығын билеген қоңыраттардың түгел тарихы жазылған «Фирдаусу-л-иқбал» (Мунис пен Агахи, ХІХ ғ.) еңбегінде Нұх пайғамбар мен Ибраһим пайғамбардың арасы 1500 жыл, ал Ибраһим пайғамбар мен Мұса пайғамбардың арасы 460 жыл деп келеді (Ташкент, 2019. 74-б.). Мұса пайғамбардың б.з.д. 1391-1271 жылдар аралағында өмір сүргені белгілі. Содан 1391 жылға 460 жылды қоссақ, ол Ибраһим пайғамбардың дүниеге келген дәуіріне тура келеді (1391 + 460 = 1851). Тарихи деректерде Ибраһим пайғамбардың б.з.д. ХІХ ғасырда туып, ХVІІ ғасырда қайтыс болғаны дәлелденген (wikipedia.org). Ал 1851 жылға 1500 жылды қоссақ, Нұх пайғамбардың заманы шығады (1851 + 1500 = 3351). 

Бұл мерзім Қадырғали Жалайырдың (XVI ғ.) «Шежірелер жинағы» еңбегінде келеді: «...Нұх ғалейһыссаламнан бері және ол заманнан соң түріктер әлемі кітапсыз, қауымында тарих жоқ еді. Оғыз заманынан (бастап) тарих бар еді, әрбір кітаптарда баян етілетін. Онан соң Қытайдың Алтан ханның (жазба) тарихы бар еді. Және тағы, моғолдың жазба тарихы әлі жоқ еді. Тағы Сұлтан Саид Ғазан ханның тарихы да жалпы жиынтығы Нұх ғалейһыссаламнан бері ибтида хижратқа (хижраның басталуына) дейін бес мың (5000) жыл өтті деп қысқаша айтылған...» (Алматы: Қазақстан, 1997. 49-50 бб.). Тарихшы мұнда Сұлтан Сейіт Ғазан ханның тарихы деп, оның Рашид ад-динге жаздырған «Жамиғ ат-тауарих» (Тарихтар жинағы) еңбегін айтып тұр. Бұл кітаптың ХІV ғасырдың басында жазылғанын ескерсек, әрі осы уақыттан 5000 жылды шегерсек, Нұх пайғамбардың кезеңіне дөп түсеміз (1300 – 5000 = – 3700). Нұх пайғамбардың 950 жыл ислам дінін уағыздап, кемі 1000 жыл өмір сүргенін қаперге алсақ, жоғарыдағы есептеулердің негізсіз емес екеніне көзіміз жетеді. 

Бір топ ғалымдар Адам атаның жерге түскен уақытынан Нұх пайғамбардың топан суына дейін 2242 жыл өтті десе, «Жаханоро» кітабының иесі 2200 жыл өткен деген пікірді алға тартады (Ұлықбек, «Төрт ұлыс тарихы». Ташкент, 1994. 30-б.). Ал Мунис пен Агахи «Адам ата мен Нұх пайғамбардың арасы 2500 жыл» деген көзқарасты келтіреді («Фирдаусу-л-иқбал». Ташкент, 2019. 74-б). 

 

Шәкәрім 1000 жылға қателескен бе?

Ал енді аталған тарихи еңбектер арқылы Оғыз ханның қашан өмір сүргенін анықтайық. Ол үшін Ергенеқон оқиғасы қай кезеңде орын алғанын білуіміз керек. Оған жауапты «Жамиғ ат-тауарих» (Тарихтар жинағы) еңбегінен табамыз: «Шамамен қазіргі (уақыттан) екі мың жылдай бұрын, көне заманда (кейіннен) мұғул аталған ру мен басқа түркі рулары арасында келіспеушілік орын алып, соңы соғыс және шайқаспен аяқталды. Құрметті де, шыншыл сөзді кісілердің (жеткізген) хикаясы бар, (сол хикаяда айтылғандай) өзге рулар мұғулдардан басым түсіп, оларды сондай қырғынға ұшыратты – (соңында) екі еркек пен екі әйелден артық (басқа ешкім тірі) қалмады» (Астана: Фолиант, 2018. 149-б). Рашид ад-Дин сөзінің жалғасында қырғыннан аман қалған (Оғыз хан ұрпағы) Елханның екі ұлы Қиян мен Нүкіз және екі келіні жаудан қашып, бір тауды паналағанын айтады. Олар жан-жағын таулар қоршаған шөбі шүйгін жерді «Ергенеқон» деп атап кетеді. Ергене – «тік», қон – «баурай» деген мағыналарды білдіреді. Қиян мен Нүкізден тараған ұрпақ осы жерде 450 жыл тұрады. Ақыры олар таудан түсіп, дұшпаннан ата кегін қайтарып, ел іргесін тіктейді. Олардың тауда жасаған мерзімін Әбілғазы Баһадүр хан «Түрік шежіресі» еңбегінде: «Олар төрт жүз жылдан артығырақ Еркіне қонда отырды» (Алматы: Ана тілі, 2006. 33-б.) – деп келтіреді.

«Жамиғ ат-тауарих» еңбегі Ғазан ханның арнайы тапсырысымен 1300 жылдары жазылғанын жоғарыда айтқан едік. Ендеше, осы кезеңнен 2000 жылды шегерейік: 1300 – 2000 = – 700. Нәтижеде Ергенеқон оқиғасы б.з.д. 700 жылдары орын алған болады. Ал Қиян мен Нүкіз ұрпақтары Ергенқоннан б.з.д. ІІІ ғасырда шығады (700 – 450/400 = 250/300). 

Бұл кезең (б.з.д. ІІІ ғ.) Ғұн империясының тарих сахнасына көтерілген уақытына тұспа-тұс келеді. Ергенеқондықтарды құрлас текті Бөрте шене бастап шықса, Ғұн империясын Мөде шанюй құрады. Ғылымда «чәниүй» (шанью) атауы жеке сөз ретінде не мағына беретіні әлі күнге белгісіз болса да, оны ғалымдар «тәңірқұты» деп аударған. Біздің ойымызша, Бөртенің «шене» және Мөденің «шанюй» атаулары бір сөз, яғни ол «бөрітекті (бөріні кие тұтқан) хан әулетінің ұрпағы» деген мағынаға саяды. Расында, «Оғыз нама» жырында Оғыз хан шатырында тынығып жатқанда көктен сәуле түсіп, ішінен көкжал бөрі шығып: «Ай, Оғыз!» деп тіл қатқаны, Оғыз хан әскерін сол көкжал бөрінің бастап жүргені жазылған (Оғыз-наме, Алматы, 1986, 40-41 бб.). Сондықтан да көне түріктер (оғыздар) бөріні кие тұтып, бөрілі байрақ көтеріп, қасқырдай өжет болған. Оған ақын Сүйінбай Аронұлының «Бөрі басы – ұраным, Бөрілі менің байрағым. Бөрілі байрақ көтерсе, Қозып кетер қайдағым!» деген жыр жолдары дәлел. Ал Бөрте [Бөрте-(Б)ө(р)те-Мөте-Мете-Мөде (Мәселен, бірлән-білән-бән-бен-пен-мен) – Б.М.] есімі «бөрі» атауынан шықса, шене (шанюй) атауы – ұрпағы, баласы (орысша – щенок) сынды мәндерде қолданылған болуы мүмкін.  

Ал Шараф ад-Дин Әли Йазди «Зафар нама» (Жеңіс кітабы, XV ғ.) еңбегінде Ергенеқон оқиғасы мен Оғыз ханның арасында 1000 жыл өткенін жазады: «Бұл оқиға Оғыз хан қайтыс болғаннан кейін арадан мың (1000) жыл өткен кезде орын алды» (Нұр-Сұлтан: «Ғылым» баспасы, 2021. 29-б). Сонымен қатар, бұл пікірді Мунис пен Агахи де қолдап: ««Дерларким, Ўғузхон вафотидин бу мансуба вуқуъиғача минг йилдин ортуқ ўтуб эрди (Оғыз хан қайтыс болғанына мың (1000) жылдан артық өткеннен кейін бұл оқиға орын алған еді)» («Фирдаусу-л-иқбал», Ташкент, 2019. 95-б.) – дейді. Ергенеқон оқиғасы б.з.д. 700 жылдары басталған десек, әрі оған кемі мың (1000) жыл қосылса, Оғыз ханның өмір сүрген уақыты – б.з.д. XIX-XVII ғасырларға сәйкес келеді. Демек, Оғыз хан Ибраһим пайғамбармен (б.з.д. XIX-XVII) замандас болған деген сөз.

Оғыз хан 72 жыл татарлармен соғысып, 73-жылы оларды бағындырып, жалпы 116 жыл патшалық құрады (Әбілғазы. «Түрік шежіресі»ү 2006. 23, 28 бб.). Оны кейбір тарихшылар әлемге ислам дінінің үстемдігін орнатқан ұлы билеуші Зұлқарнайынмен [б.з.д. IV ғ. өмір сүрген Александр Македонский емес – Б.М.] байланыстырады. Расында, тарихи деректерде Құрандағы Зұлқарнайын мен Ибраһим пайғамбар бір дәуірде өмір сүрген деп айтылады. Бір кезеңде әлемді екі патшаның билеуі мүмкін емес екенін ескерсек, онда Мәшһүр Жүсіп айтқан Озған [Оғыз хан (Уыз хан) – Б.М.] пайғамбар мен Зұлқарнайынның бір тұлға екені мәлім болады. Оғыз хан туралы тың зерттеулер мен соны жаңалықтарды кейінгі жазбамызда ашып айтамыз. 

Осы ретте айта кететін тағы бір мәселе, тарих ғылымында ерте темір дәуірі б.з.д. VIII ғасырдан бастау алады әрі осы кезеңде темір металлургиясы қолданысқа кеңінен енгізілді делінеді. Расында, Қиян мен Нүкіз осы дәуірде Ергенқонға кірсе, олар кейінгі темір дәуірінде (б.з.д. ІІІ) таудың тар өткеліне от қойып, оған көрік басып, темір қабатын ерітіп сыртқа шығады. Шынтуайтында, ерте темір дәуірінен мың жыл бұрын, яғни Зұлқарнайын (Оғыз хан) заманында да темір өндірісі мәлім болған. Мәселен, Зұлқарнайынның жабайы яжуж-мәжуж (гог-магог) халықтарын екі таудың арасына қамап, қорған соққанда темір мен мыс метальдарын пайдаланған. Бұл сөзімізге Құран Кәрімде келген Зұлқарнайын туралы аят дәлел: «Маған темір тақтайлар әкеліңдер» деді. Екі беттің арасы теңелген кезде: «Көріктеңдер» деді. Ол от болған сәтте: «Маған еріген мыс әкеліңдер, үстіне құяйын» деді» (Кәһф сүресі, 96-аят).

Сонымен Шәкәрім қажы өз еңбектерінде Оғыз ханды б.з.д. XXVIII ғасырда өмір сүрген десе, орта ғасырлық дереккөздер ұлы билеушінің заманын 1000 жылға бері жылжытады. Бәлкім, ақын да Оғыз ханды Мұхаммед пайғамбардан 3400 жыл емес, 2400 жыл бұрын өмір сүрген деп айтқысы келген болар. Өйткені араб тілінде екі (٢) мен үш (٣) сандары да өте ұқсас таңбаланады.   

Қорыта айтқанда, Оғыз хан осыдан милади 3723 (хижри 3835) жыл бұрын, яғни б.з.д. XIX-XVII ғасырларда өмір сүрген деп батыл тұжырым жасай аламыз: 2023 + 1700 = милади 3723 жыл (хижри 3835 жыл).

 

Бауыржан МЫРЗАҚҰЛ,

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және

өнер институтының ғылыми қызметкері