«Абылай ханның жорық жолдары және Ұлы даланың ұлы тұлғалары» атты конференция өтті
29.11.2023 1603

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Абылай ханның жорық жолдары және Ұлы даланың ұлы тұлғалары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталының тілшісі.


Алқалы жиынды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, Ақмола облысының әкімдігі және «Бабалар рухына тағзым» ҚҚ ұйымдастырды.

Абылай ханның туғанына 310 жылдығына орай өткізілген келелі басқосуға ҚР Парламентінің депутаттары, Ақмола облысының әкімшілігі қызметкерлері, ҚР ЖБМ Мемлекет тарихы институтының, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің ғалымдары, «Абылай ханның қара жолы» республикалыө экспедициясының мүшелері, музей қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының орынбасары Өміртай Амалбек жүргізіп отырды. Алдымен құттықтау сөз Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміреноваға берілді. Өз кезегінде Алтынай Байқадамқызы республикалық конференция жұмысына сәттілік тілеп, облыс әкімі Марат Ахметжановтың құттықтау сөзін оқып берді.

«Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен 2018 жылы бастау алған «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы биыл бесінші мәрте сапарға аттанды. Халықаралық деңгейдегі экспедиция Мысыр елін билеген Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы, қазақтың ұлы хандарының бірі - Абылай ханның 310 жылдығы, ақын Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығы, алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналды.

Зерттеу жұмыстары халқымыздың тарихи, рухани, мәдени өмірі мен салт-дәстүрімен, ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығымен, киелі орындарымен танысу бағытында біршама құнды мәліметтер жинақтады.

Сондықтан да Жаңа Қазақстанның өркендеп өсуіне, Отанымыздың бай мәдени құндылықтарын дамытудағы елеулі еңбектеріңіз үшін экспедиция мүшелеріне шынайы алғысымды білдіремін. Шығармашылық еңбегіңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық тілеймін!» деді Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлы.

Сондай-ақ тағылымды іс-шараның ашылу салтанатында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Талғат Жүнісов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айна Мысырәлімова онлайн форматта қатысып, конференция жұмысына құттықтау сөз сөйледі.

Республикалық жиынның басты шарасы «Абылай ханның қара жолы» республикалық экспедициясының зерттеулері негізінде жарық көрген «Абылай ханның қара жолы» кітабының (құрастырушы М. Ыдырысұлы) II томы таныстырылып және тұсаукесер рәсімі өтті. 

Тарихи танымдық, ғылыми-көпшілікке арналған кітаптың тұсаукесер рәсімін қазақтың батыр ұлы, ғарышкер, қоғам қайраткері Тоқтар Әубәкіров, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова, тарихшы ғалымдар Қаржаубай Сартқожаұлы, Серік Негимов, Жамбыл Артықтаев, Бүркітбай Аяғандар кесіп, ақ тілек, лебіздерін білдірді.

Республикалық жиынның екінші бөлімінде баяндамашылар сөз алды. Алдымен ҚР ЖБМ Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Қанат Еңсенов «Абылай ханның жорық жолдары» тақырыбында баяндама жасады. Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Жамбыл Артықбаев, «Шүршіт қырған шайқасы қазақ халқының тәуелсіздік үшін күресінің биік белесі», Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, фольклортанушы Серік Негимов «Ұлы Далының Ұлы тұлғалары, Алланың сөзі де рас, өзі де рас», Мемлекет тарихы институтының директорының орынбасары Бүркітбай Аяған «Қазақ халқының 1750-1760 жылдары Арқа өңірін қайтарып алуы: саяси қимылдар мен әскери тактика», түрколог, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Қаржаубай Сартқожаұлы «Қазақ-ойрат қатынастары» тақырыбында тарихи баяндамалар жасады. Шараның қорытындысында Өтеулі Әділ Абылай ханның «Шаңды жорық», «Қара жорға» күйлерін орындап, Біржан сал музейінің директоры, дәстүрлі әнші Дәулетхан Мұқтархан әннен шашу шашты.

Мұратқажы Ыдырысұлы кітап авторы, экспедиция жетекшісі:

«Абылай ханның қара жолы» республикалық экспедициясының 2021 жылғы шілденің 31-нен тамыздың 14-не дейінгі аралықта ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 8000 шақырымдай жол жүрді. Экспедициясының маршруты Абылай ханның жорық жолдары мен қазақ даласының Ұлы тұлғаларының іздері молынан сақталған қасиетті жерлермен жүрді. Сырымбеттен басталған экспедиция жолда Кенесары ауылы арқылы орта ғасырларда Шайбан әулетінің сұлтандары мекен қылған Жалтырға, одан мемлекетіміздің қара жаңырағы Қараөткелге соғып, қазақ тарихында өшпес ізі қалған небір майталман тұлғаларымен белгілі Ерейментау - Екібастұз - Баянаула - Мұса мырза ауылы (Теңдік) арқылы қазақ тарихында белгілі Сарыарқадағы Семізбұғы - Ботақара сияқты белгілі жерлерге ат басын тіреп, одан әрі Қарқаралы - Қазылық арқылы Қайнармен жүріп отырып, Абай атамыздың құт мекені Қарауыл мен Алаштың алтын бесігі Семейде тоқтап, одан әрі Шығыс Қазақстанның атақты Шілікті сақ қорғандарын көріп, одан Тарбағатай арқылы Жетісудың белгілі ескерткіштеріне тәу етіп, Балқаш - Ақжал - Ақсу - Аюлы - Қарағанды арқылы Көкшетауға оралды. Сол экспедиция барысынан материалдар жинақталып, кітап болып басылды».

Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

«Бұл жинақ қазақ шежіресінде Абылай Заманы аталатын Ерлікке толы кезеңге және қазақ даласының ұлы тұлғаларының тарихына арналған. Ал тарихи тұлғалар Қазақстан тәуелсіздігін мыңдаған жылдық мықты іргетасқа бекітетін алтын тамыр екені ақиқат. Сонымен бірге Ұлы даланың әрбір тауы мен тасы, өзіне мен көлі, тоғайы мен орманы тек топонимиялық ескерткіш қана емес, сонымен бірге мыңдаған жылдық алапат тарихтың дерегі. Міне бірнеше жыл бойы Мұрат қажы Ыдырыслы бастаған Республикалық "Абылай ханның қара жолы" экспедициясы ұлан-байтақ қазақ жерін аралап, бабаларымыздың ерлік жолында қалдырған ескерткіштерін түгендеп, оны қалың елге таныстырып жүр».

Серік Негимов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:

«Қоғам қайраткері, өлкетанушы Мұратқажы Ыдырысұлы ұйымдастырған ғылыми-тарихи, этнографиялық экспедициялық материалдарында, яғни, «Абылай ханның қара жолы» атты кітапта ел тарихындағы, руханият кеңістігіндегі ұлы оқиғалар, елдік, мемлекеттік, ұлттық ұлы идеялар, түйдек-түйдек қазына-бұйымдар, керуеншілер, ру-тайпа көсемдері, хандар, абыздар, билер, баһадүрлер, жыраулар, сал-серілер жөнінде мәнді мағлұматтар бар. Тарихи, мәдени, әдеби құндылықтарға мейлінше бай «Абылай ханның қара жолы» басылымында Шаһиахмет хазірет мешіті, Саңғыл би, Қазаншы әулие, Қарабура әулие, Ақбикеш мұанарасы, Баба түкті Шашты әзіз, Ысқақ баб, Бибі Мәриям, Жүніс ата кесенелері жайында тарихи-шежірелік деректер мен аңыздар берілген»