"Еуропада қалай екен деп заңдарын қарап шықтым. Еуроодаққа қарайтын елдер өздерінің ұлттық мәдениетін сақтау әрі дамыту бағытында 400-ден астам құқықтық және нормативтік акт қабылдаған". Еліміздің саяси-мәдени өмірінде көп өзгерістер болып жатыр. Осы жөнінде белгілі заңгер, Мәжіліс депутаты Абзал Құспанмен әңгімелескен едік.
«Сапалы заң шығарыңдар...» деген ишара деп ұқтым...»
– Абзал Темірғалиұлы, жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын арнады. Биылғы Жолдаудың ерекшелігі неде?
– Президент Жолдауын мен тұңғыш рет Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде тыңдадым. Бұны айтып отырған себебім, бұрын өзім сынасам, енді сынайтын емес, айтылған мәселелерді жүзеге асыруға, кемшіліктерді түзетуге болатын жерде отырмын. Қасым-Жомарт Кемелұлы заң шығару процесіне тоқталып, Үкіметке жаңа мемлекеттік сатып алу жүйесін енгізуді тапсырғанын айтты. Бұл – өте маңызды, бәрімізге қатысты мәселе. Өйткені «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң – ең тұрақсыз заң. Оған жылда өзгерістер мен толықтырылулар енгізіледі де жатады. Физика заңы бойынша, өзгеріс енгізілген дүние жақсара түсуі керек қой, бұнда керісінше нашарлай түседі. Нәтижесінде, мемлекеттік сатып алуға қатысушы субьектілер – кәсіпкерлер, ұйымдастырушылар онымен танысып, құжат жинауға үлгермей жатады. Бұл – қолдан жасалып отырған процесс. Мен бұрын да дәл осы жерде мүдделі топтар мен Үкіметте заңды ұсынатын комиссияның арасында байланыс бар деп есептейтінмін. Яғни, лай суда балық аулағандай дүние. Ал судың лай болғаны кімге пайдалы екенін ұғып отырған боларсыз. Кәсіпкерлердің қолын байлап келген мәселенің енді Мемлекет басшысының аузынан шыққанын естігенде қатты қуандым. Бір жағынан бұл бізге айтылған сын деп қабылдап, «сапалы заң шығарыңдар» деген ишара деп ұқтым. Әріптестеріме: «Заңды оңды-солды өзгерте бермейтіндей етіп әзірлейік» дедім. Заң шығару процесі анау айтқандай қиын шаруа емес. Бейнелі түрде айтқанда, заң – ойын ережесі. Ол – әділеттілікке негізделуге тиіс.«Жолдауда айтылған мақсаттың бәрі үш жылда орындалуға тиіс» – деп Президент нақты мақсат қойды. Байқасаңыз, Жолдауда кәсіпкерлерді қолдау, ішкі нарықты қорғау мәселесіне басымдық берілді. «Дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауынша, біздің елдегі ішкі нарықты қорғау деңгейі төмен» екенін айтқан Мемлекет басшысы: «Біз сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасауымыз керек» – деді. Біздің бірнеше одақтық шарттарға қол қойғанымыз мәлім. Онда қазақстандық кәсіпкерлердің мүддесі үнемі аяқасты болатынын, қорғалмайтынын бәрі біледі. Бірақ бұрын бұл билік тарапынан айтылмай келді. Керісінше, құзырлы органдар тарапынан айтқызбауға, «жабулы қазан» күйінде қалдыруға күш салынды. Енді, міне, Президенттің өзі ашық айтып отыр. Міне, биылғы Жолдаудың ерекшелігінің бірі – осы.
Соңғы кездері түркі мемлекеттерінің бірігуге ұмтылып жатқаны байқалады. Ал Қазақстан мен Түркиясыз түркі елдері деген ұғым шықпайды. Жолдаудан кейін біз ТИҚ – түрік инвестициялық қоры деген ұйымды ратификацияладық. Ортақ бюджеті бар ұйым. Жолдауда тікелей айтылмаса да, біздің болашақта қай елдермен біріге дамитынымыз туралы ұққандай болдым.
Киік санын реттемесе, болмайды!
– Ел арасында болып, сайлаушылармен кездестіңіздер. Елдің жағдайы қалай екен? Жұртшылық қандай мәселелерді көтеріп отыр?
– Менің сайлаушыларым – Батыс Қазақстан облысының тұрғындары. Көбі – ауыл шаруашылығының мамандары. Сондықтан да мен осы саланың жұмысына араласпай тұра алмаймын. Өз басым Дінмұхамет Қонаевтың барлық шығармаларын жастанып жатып оқыған адаммын. Ол кісі Қазақстанның болашағын ауыл шаруашылығымен байланыстырады. Тоқсаныншы жылдардың басында жазылған бір еңбегінде қазіргі биліктің аталған салаға қатысты көзқарасын сынайды. Расында да, ауыл шаруашылығының әлеуеті өте үлкен. Бұл туралы биылғы Президент Жолдауында да айтылды. Бірақ біз соны пайдалана алмай отырмыз. Жасалып жатқан реформалар түбегейлі бетбұрысқа бастайтындай болмай тұр. Қазір әлемде табиғи таза өнімге деген сұраныс басым. Іргемізде екі ірі нарық – Ресей мен Қытай бар. Ешқандай ашық теңізге шығудың қажеті жоқ. Қытайға өнім шығару арқылы-ақ бақуатты өмір сүруге болады. Қарапайым шаруалар бізден осыны ұқсататын заңдарды күтіп отыр. Әңгіме ауанынан соны ұқтым.
Батыс Қазақстанда тағы бір күйіп тұрған мәселе – киік санын реттеу. Саны азайып бара жатқандықтан, Қазақстанда 2015-2019 жылдар аралығында киік атуға мораторий жарияланғаны мәлім. Кейін ол 2023 жылға дейін ұзартылды. Осы жылдар ішінде ақбөкен саны тез өсті. КСРО кезінде жасалған ғылыми зерттеулердің нәтижесіне сәйкес, Орал популяциясына 700 мың киік сыяды. Қазір оның саны 3 миллионға жуықтады. Олар жайылымдарды тып-типыл етіп, егістіктерді таптай бастады. Яғни, шаруаларға қып-қызыл зиянын тигізіп отыр. Бірақ атуға рұқсат жоқ. Өйткені қоғам киіктерді атуға наразылық танытып отыр. Бұл – түсінбеушіліктен шыққан дүние. Мысалы, әр адам өзінің қорасындағы малын реттеп отырады ғой. Қартайғанын сояды, семізін сатады, керек-жарағына жаратады дегендей. Бұған да солай қарауымыз керек.
Мәселе Президентке жеткенде ол: «Мамандармен ақылдасыңыздар» деген болатын. Содан кейін БҰҰ-ның мамандары шақырылды. Өйткені киікті ату үшін БҰҰ-дағы «Қоныс аударатын жануар түрлері» комитетінің келісімі керек. Еуропаның ғалымдары келді. Мамыр айында Батыс Қазақстан облысына бірге бардық. Жағдайды өз көзімен көрген олар: «Мемлекетке 100 пайыз пайда әкелетін дүниеден неге бас тартып һәм зиян шегіп отырсыздар?» деп қатты таңғалды. Расында да, бұл – абсурд. Киіктің терісі мал терісіне қарағанда, анағұрлым бағалы. Ал мүйізінің бір килогра-мы – әлемдік нарықта 1-4 мың доллар аралығында. Ал Батыс Қазақстанда жылына 50 тонна мүйіз далада шіриді. Өйткені, заң – қатал. Тіпті, өлген киіктің мүйізін кесіп алған адам 7-8 жыл арқалайды. Ал киіктің мүйізін сот орындаушылары өртеп жібереді (!). Мал көметін орындарға киікті көміп жатырмыз. Осы жерде БҰҰ өкілдері айтқан тағы бір мәселе бар. Киіктің көбеюі – жануарлардың өзіне де зиян. Жұқпалы ауру тараса, қырылып қалады. Ендеше, Еуропа ғалымдары айтқандай, осы киік санын реттеп отыратын мекеме құру керек. Мысалы, кеңес заманында «Охотпром» деген мекеме болған. Етін халыққа сатып, терісін қажетімізге жаратып, мүйізін сатуымыз керек. Пайда табуымыз керек. Ал біз зиян шеккеніміз өз алдына, өз азаматтарымызды соттап жатырмыз. Бізбен кездескенде жұртшылық осы мәселені ашына айтты.
– Тағы қандай мәселелер көтерілді?
– Халық мені адвокат ретінде танитындықтан құқық қорғау саласына қатысты, соттың әділетсіздігіне байланысты көп шағым айтты. Тоқсаныншы жылдардан бастап, құқық қорғау органдарына үнемі реформа жасап келе жатырмыз. Бірақ нәтиже жоқ. Неге? Өйткені біз сот саласын реформалауды сотқа, прокуратура саласын реформалауды прокуратураға, ішкі істер органдарын реформалауды ішкі істер органдарына тапсырамыз. Олар өз жалақыларын көбейтіп, өкілеттіктерін кеңейтіп, санын арттырумен шектеледі. Бір ғана МАИ саласын алайықшы. Бір министр келіп: «Ала таяқты алып тастау керек» дейді, екіншісі, оны қайта қалпына келтіреді. Немесе, бір министр МАИ бекетін алып тастайды, екіншісі қалпына келтіреді. Осы реформа ма? Шын мәнінде, реформаны қоғамдық институттар жасауы керек. Реформа – халықтың билікке деген сенімін арттыруы ләзім. Өкінішке қарай, бізде олай болмай келеді.
– Қазір елімізде, жұртшылықтың, әсіресе, жастардың құмар ойындарына тәуелді болуы белең алып барады. Мемлекет басшысының бұл мәселені Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында айтуы жағдайдың әбден ушыққанын көрсетсе керек. Бұл жөнінде не дейсіз?
– Бұл – біздің отыз жыл бойы тек қана материалдық байлықты бірінші орынға шығарғанымыздың кесірі. Рухани азғындыққа ұшырағанымыздың көрінісі. Қоғамдағы қандай да бір келеңсіз көрініс үшін белгілі бір тарап жауапкершілікті мойнына алуы керек. Мына жерде мемлекет алуға тиіс. Президенттің әрекеті осыны меңзейді.
Әрине, осыған дейін талпыныстар болған жоқ десек, әділетсіздік болар еді. Мысалы, «Рухани жаңғыру» – тәп-тәуір жоба болатын. Бірақ ол кейін сұйылып кетті. Ақыры «су аяғы – құрдымға» айналды. Біз казиноларды жаппай жауып тастау арқылы бұл мәселені шеше алмаймыз. Өйткені интернет бар. Интернет-казиноны Қазақстанда жапқаныңызбен, Америкада ашып алып, Қазақстанда жұмыс істей беруге әбден болады. Ешкімнің қолындағы смартфонды тартып ала алмайсыз. Демек, тыйым салу арқылы мәселе шешілмейді. Ендеше, мәселені мемлекеттік деңгейде қолға алып, халықтың демалысын, мәдени өмірін дұрыс ұйымдастыра алуымыз керек. Руханиятқа нақты көңіл бөлуіміз қажет. Мен Президенттің сөзін осылай ұқтым.
«Мәдениет туралы» заңды қайта жазу керек!
– Нақты көңіл бөлу дегенді таратыңқырап айтыңызшы. Әйтпесе, руханиятқа көңіл бөлу керек дегенді әркім де айта алады. Мысалы, депутат Абзал Құспанның нақты ұсынысы бар ма осы жөнінде?
– Бар. Ең әуелі мәдениет саласын ретке келтіруіміз керек. Есі дұрыс елдің мәдениеті мемлекет тарапынан қорғалады. Тәуелсіздік алдық дейміз. Тәуелсіздік бізге не үшін керек? Экономикамызды көтеру үшін бе? Жоқ. Біреуге бодан болып отырып та аузынан ақ май ағып отырған елдер бар. Тіпті егемендік алса, тұрмысы қиындап кетуі мүмкін. Демек, халықтың жағдайын жасау үшін тәуелсіздіктің керегі жоқ. Ол бізге төл мәдениетімізді қорғау үшін керек! Мәжіліс депутаты болғанға дейін де осылай ойлайтынмын. Сол заң шығаратын органға келдім. Енді біреуге өкпе артуым қисынсыз. Әріптестеріммен тізе қосып жұмыс істеп, соны ретке келтіруім керек.
– Бәрекелде, бірақ ниет бар да, оны іске асыру бөлек әңгіме ғой...
– Ниет болған жерде іс те болады. Мен бұл мәселеге тас-түйін дайындықпен келдім. Біз наурыз айында депутат болып сайландық. Біздің алдымызда «Қазақстан Республикасы мәдени саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітіліп кетіпті. Сол көлемді құжатты қолыма алып қарап шықтым. Ішім ұлып қоя берді. Дәстүрлі мәдениетіміз, оны дамыту туралы бір ауыз сөз жоқ. «Мәдениет туралы» заңымызда «қазақ», «қазақтың төл мәдениеті», «ұлт мәдениеті» деген сөздерді шаммен іздеп таппайсыз. Мен тұжырымдаманы жасаған адамдарды көргім, тілдескім келді. Жіптің ұшы бір басқарманың мамандарына барып тірелді. Демек, біздің мәдениетіміздің марғасқалары, көзі тірі классиктер бұл тұжырымдаманы жасауға қатыстырылмаған. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновке өтініш жасап, зиялы қауым өкілдерімен кездескенімде аңғарғаным, олар тұжырымдаманың мәтінінен мүлде хабарсыз. Менен естіп, қатты таңғалды. Ал бұның зардабы орасан зор. Өйткені бюджет осы тұжырымдамаға сәйкес құрылады. Бір ғана мысал келтірейін. Астана опера және балет театрының бір жылдық іссапары үшін 1 218 176 776 теңге қаржы қарастырылған. Ал Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыка театрына 11 миллион 804 мың теңге ғана бөлініп отыр. Осы әділеттілік пе? Әрине, жоқ. Мен Дулат Исабеков бастаған зиялы қауымға Президентке осы мәселені жеткізу жөнінде өтініш жасадым. Өйткені, заң бойынша, мен тікелей Мемлекет басшысына үндеу жасай алмаймын. Ал кезінде Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған сауалыма нақты жауап ала алмадым. Іске мүлде қатысы жоқ, жасалатын жұмыстардың тізбегін жіберіпті. Қазір ол да, сол кездегі министр де жұмыстан кетті. Ал проблема сол күйі қалып тұр...
– Заңда төл мәдениетімізді дамыту жөнінде сынық сөйлем де жоқ дейсіз. Ал әлемдік тәжірибеде қалай екен?
– Кез келген мемлекет төл мәдениетін заңмен қорғайды. Еуропада қалай екен деп заңдарын қарап шықтым. Еуроодаққа қарайтын елдер өздерінің ұлттық мәдениетін сақтау әрі дамыту бағытында 400-ден астам құқықтық және нормативтік акт қабылдаған. Жарайды, ол дамыған Еуропа ғой, көршілерімізде қалай екен деп үңілгенімде аңғарғаным, біз Орталық Азиядағы барлық елдерден қалып кетіппіз. Әзербайжанда «Әзербайжан халқының фольклорын қорғау» туралы арнаулы заң бар. Қырғыздар «Манас эпосы» туралы арнаулы заң қабылдады. Ол заң бойынша манасшылар ерекше құқыққа ие. Елімізге жасаған сапары кезінде Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров қазақстандық манасшы Баянғали Әлімжановпен арнайы кездесіп, иығына шапан жапты. Көрдіңіз бе, қандай құрмет?! Ал біз әлемдегі эпос тудырушы санаулы ұлттың біріміз ғой. Біздің фольклорымызбен шендесетін қазына жер бетінде аз.
Жақында Парламент Мәжілісінің депутаттары Үнзила Шапақ пен Жарқынбек Амантай арнайы шақырумен Моңғолияға барып келді. Ұлы Хуралдың (Парламент – Б.Б) депутаттарымен кездесіп, пікір алмасты. Мен әріптестеріме өтініш жасап, «Мәдениет туралы» заңын алдырттым. Қазір аудартып жатырмын. Екі жарым беттік құжаттың отызға жуық жерінде «ұлттық» деген сөз айтылады. Әрі қарай салалық заңдарында төл ұстанымдарын бекіте түседі. Мысалы, «Моңғол ұлтының ұлттық мейрамдары» деген салалық заңы бар екен. Сонда «Ұлттық шапан» күні бар. Сол күні күллі мемлекеттік қызметшілер ұлттық киім киеді. Бұл – көзбен көру арқылы ұлттық кодты жаңғыртып отырудың бір жолы. Міне, қараңыз, барлық ел төл мәдениетін заңмен қорғайды. Қағынан жеріп отырған біз ғана.
Екі жылда ретке келтіруге мүмкіндік бар
– Тұжырымдама қабылданып кетті деп отырсыз. Қайтпек керек?
– Біз, қанша қиын болса да, осы тұжырымдаманы қайта қарауымыз керек. Рас, біраз айқай-шу болады, жұмыс көбейеді, бірақ тәуекелге баруымыз қажет. Себебі 6 жыл күтіп отыруға уақытымыз, төл мәдениетімізді өгейсітуге хақымыз жоқ. Сосын «Мәдениет туралы» бейінді заңды қайта қарауымыз керек. Онда жазушының, басқа да өнер иелерінің статусы жоқ. Есесіне «Опера және балет театрының айрықша статусы» туралы норма бар. Демек, осыдан бастау керек. Біздің ұлттық болмысымыз заңымызда көрініс табуға тиіс. Содан кейін өнер, музей, т.б. туралы салалық заңдарды қабылдауымыз керек. Ары қарай, «Әдебиет туралы» бейінді заң қабылдауға тиіспіз. Соған сәйкес, айтыс өнері, жыршылық дәстүр бойынша салалық заңдар қабылдануы керек. Ұлттық биімізді де заңмен бекітуіміз қажет. «Заң шығару бастамасы» деген ұғым бар. Ол бойынша Президент Әкімшілігі, Үкімет және Парламент депутаттары ғана бастама көтере алады. Президент Әкімшілігі ерекше жағдайларда ғана бастама көтереді. Үкімет арқылы ұсыну көп уақыт алады. Өйткені, көп органдармен келісуі керек. Заңды жылдам қабылдаудың төте жолы – Парламент депутаттары арқылы ұсыну. Егер зиялы қауым қолдаса, мен сала мамандарының ұсыныстарын екшей отырып, сол заңдарды жазуды өз мойныма алар едім. Бар-жоғы екі жылда мәселе реттелер еді. Заң қабылданса, барлық жүк жеңілдеп сала береді. Мысалы, бізде айтыс өнері белгілі ақын Жүрсін Ерманның жанкештілігінің арқасында ғана өріс алды. Ол да қазақылығы бар әкімдерді жағалауға мәжбүр. Заң шықса олай болмайды. Ешкімнің қас-қабағына қарамаймыз. Қажетті қаржы бюджетке салынады, бітті.
Жоғарыда айтқанымдай, біз эпос тудырған санаулы ұлттың біріміз. Еуропа қазір жыршыларынан айырылып қалды. Бізде бар. Манасшылар секілді бізде де жыршыларды ерекше қамқорлыққа алу керек.
– Оралда алыстан жыршы шақырып тыңдауды үрдіске айналдырып едіңіздер. Оның пайдасы болды ма?
– Иә, бір топ азамат халықтың жадын жаңғырту мақсатымен ана жылы Семейден Дүйсенғазы Нығметжанов ақсақалды алдырдық. Екі көзі әз болып қалған бұл кісі қазір Қарттар үйінде екен. «Мені қазір Семейде де ешкім іздемейтін еді...» деп қатты толқыған қарияда біраз дүние бар екен. Алдыңғы жылы белгілі жыршы, мықты ғалым Берік Жүсіп келді. «Қадыр орталығында» керемет кездесу өтті. Кейін Бекең: «Жыр тыңдаудың өз мәдениеті бар. Жыршы сахнада отырғанда халықтан алыстап кетеді. Негізі, ол халықтың ортасында отырғаны абзал» деп сын айтты. Биыл Бесқала жыр мектебінің өкілі Сәрсенбай Рахманбердиевті Бейнеуден алдырғанда осыны ескердік. Үш киіз үй тіктік. Бірінде ас-су әзірленсе, екіншісінде жырау демалды, үшіншісінде жыр тыңдадық. Құдды бір бабаларымыздың заманына барып келгендей әсер алдық. 5 жастағы ұлымды бұтыма қысып отырып, тыңдаттым. Осылайша, Оралда жыр тыңдау мәдениеті қалыптасып келеді.
– Бізде төл мәдениетімізді дамытуды ескіліктің қалдығы деп санайтын көзқарас бар. «Технологияны неге дамытпаймыз? Әлем халқы жасанды интелектіні дамытып жатыр, роботтарды пайдалануға кірісті, ал біз әлі киіз үйдің ішінде жыр тыңдап отырмыз...» дегендерге қандай уәж айтасыз?
– Кез келген мәселенің екі жағы бар. Қазір әлемде адамның жаны үшін күрес жүріп жатыр. Егер, біз төл мәдениетімізге, тұнық бастауымызға бұрылмасақ, лудомания, педофилизм, т.б. азғындықтар көбейе береді. Әр мемлекет өз халқының болмысын сақтауға қызмет етуі керек. Алақандай Моңғолияның өз мәдениетін қалай қорғайтынын жоғарыда айттым. Ақпараттық салада балаларға арналған бағдарламаның 70 пайызы отандық өнім болуын талап етеді екен. Ал сол Моңғолияға неге туристер ағылады да жатады? Табиғаты үшін емес. Бізде оның әкесіндей жерлер бар. Қателігіміз де сонда жатыр, сұлу табиғатымызға турист тартқымыз келеді. Ал туристерді қызықтыратын ең басты мәселе – ұлттық ерекшелік. Олар тарихи аңыздарды іздейді. Біз Түркістандағы жалғыз жәдігер – Қожа Ахмет Ясауи кесенесін де насихаттай алмай отырмыз ғой. Барып көріңізші, ел аузында айтылатын аңыздардың бірі де жоқ. Сол аңыздар туристермен бірге күллі әлемді аралап кетер еді ғой. Біз этномәдениетті дамыту арқылы ғана турист тарта аламыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ
Дереккөз: turkystan.kz