«Талды-әлемдік өркениеттер тоғысында» халықаралық фестивалі өтті
Бөлісу:
17.10.2023991
Қарағанды облысының Шет ауданындағы Талды тарихи-археологиялық паркінде «Талды - әлемдік өркениеттер тоғысында» атты халықаралық археологиялық-этнографиялық фестивалі өтті, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталы.
Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған фестивальге ҚР Парламентінің депутаттары, Қарағанды облысы әкімдігінің аппараты, Қарағанды облысы басқармаларының басшылары, ҚР музейлерінің басшылары мен мамандары сондай-ақ Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ ғалымдары мен көрнекті қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Халықаралық фестивальдің мақсаты Талды тарихи-археологиялық паркінің тарихи-археологиялық ескерткіштерінің бірегейлігін әлемдік және қазақстандық қоғамдастыққа көрсету. Талды тарихи-археологиялық паркін тек Қарағанды облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын танымал етуде сұранысқа ие туристік өнім ретінде дамуына ықпал ету.
Шараның салтанатты рәсімі Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және отандық белгілі ғалымдар мен археологтардың қатысуымен өткен конференциямен ашылды. Ғалымдар Талды өзені бойын бойын адамзат баласы ежелден қоныс еткен екендігін тілге тиек етті. Бұл өркениет ордасы андроновтар, сақтар, ғұндар, түркілер мен алтынордалықтардың киелі ордасы болғандығы айтылды. Көп жылдан бері Талды тарихи-археологиялық паркіне зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген ҚарУ-дің археолог зерттеушілері өз ойларын ортаға салды.
Шара барысында облыстың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен театрландырылған қойылым қойылып, концерттік бағдарламалар көпшіліктің назарына ұсынылды. Ұмыт болған қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылған көрме, сондай-ақ қазақтың тазылары мен жыртқыш құстардың көрмесі өтті. Ұлттық спорт түрлері бойынша да шеберлік сабақтары өтіп, бүркітшілік, садақ ату өнерінің кіл мықтылары өнер көрсетті.
Фестиваль аясында қола балқыту, қыш құмыра жасау, ұлттық киім түрлерін тігу және т.б. түрлі бағыттар бойынша шеберлік сабақтар өткізіледі.