Рулық институт һәм қазақ шежіресі қорғауға зәру
04.10.2023 2157

Қазақ шығу тегі бір, қандас рулардан құралған ұлт. Бұл басты ерекшеліктеріміздің бірі. Қазақ болудың басты алғышарттарының бірі – кез келген қазақтың қан туыстығы жағынан шығу тегін арыдан жалғап келе жатқан аталастар бірлестігі саналатын руының болуы. Демек, қазақ ұлты үшін рулық белгілер, әркімнің өз руын тануы, білуі, қандайда бір руға тән болуы, дәлірегі рулық институт үлкен нығмет. Бұл құндылықсыз қазақ ұлт болып өмір сүруін тоқтатады. Олай болса оны мемлекеттік деңгейде қорғау, бағалау және оның құрылысын зерттеп-зерделеу қажет.


Руыңды білу – өзіңді тану

Нақтылай түссек, қазақтың кез келген баласының қандайда бір рудың өкілі болуы, осындай миллиондаған өкілдің қазақ ұлтын қалыптастырып отыруы үлкен құбылыс әрі Жаратқанның үлкен сыйы. Демек, ұлтымызға тән рулық институт – ұлттық құндылық. Ал халқымыздың кез келген құндылығы мемлекеттің қорғауы мен қолдауына ие болуға тиіс. Бірақ біз бұл мәселені елдік қажеттілік ретінде бірде-бір рет күн тәртібіне шығарып көрген емеспіз. Өйткені, мұны қаперден шығардық не жабық, қозғауға болмайтын «ыңғайсыз» тақырыпқа жатқызып, жылы жауып келеміз. Бұл түсіне білгенге «қабырғалы» қателік. Неге? Сұраққа тұщымды жауап берілуі үшін бірқатар жағдаяттарға кеңірек тоқталып өткеніміз жөн.

Қазақтың рулық институты негізінен баз біреулер айтып жүргендей, ұлтты ыдыратушы, бөлуші емес, ұйыстырушы, қалыптастырушы, орнықтырушы, бірегейлендіруші күш екені сөзсіз. Бұрынғы қазақ солай қабылдаған. Солай болған да. Өкінішке қарай, қазақтың әлеміне жасалған ұзақ жылдарғы рухани экспансияның салдарынан рулық институтымыз зиянкес, бүлдіруші, ыдыратушы мәнге ие деген түсінік санада мызғымастай орнығып қалды. Бұл шын мәнінде қазақтың ең басты құндылықтарының бірегейі, ұлттың өзегі рулық институт екенін тап баса танып, оны қиратпай қазақты дегеніне көндіру қиын екенін ұққан сыртқы күштердің үлкен жеңісі еді. Олар бұл жеңіске рулық институттың зиянды, сырттай іріткі салушы ретінде көрінетін кейбір белгілерін, оның ішінде кезінде өзге күш жымысқылықпен енгізген басқару институтының өкілі болуға таласу жолындағы талас-тартыстан туындайтын сыбайластық пен қанға тартудың зардаптары сияқты келеңсіздіктерді айқайлап айтып, осыларды көлденең тарта рулық институтты тек жаман жағынан көрсету арқылы жетті. Тіпті мектеп қабырғасындағы жас буынға дейін рулық институтты теріс дәріптеп, ел ынтымағына сына қағушы тетік ретінде талмай түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осылайша, кешегі кеңестік заманда қазақтың руға бөлінетіні «қызыл қоғамдағы» ескіліктің қалдығы ретінде танылып, ол коммунистік идеологияның тепкісіне аямай түсті. Міне, содан келіп бір ұлттың негізгі құндылығының біріне теріс «мінездеме» таңылып, ол жаһұт емес, жасық, зиянды, елді алатайдай бүлдіруші механизм атанды. Бұл санаға бипаздап сіңірілді. Осы түсінік берік орныққаны соншалықты, әлі күнге рулық институтты қорғау, ол туралы білу қажеттігі жөнінде сөз қозғаудан қашқақтаймыз, бетімізді басып, қысылғансып, «мен қазақпын», өзгесін білмеймін деп мәймөңкелейміз. Бұлайша мәймөңкелеу – шындығына келгенде өтірік көлгірсу. Өйткені, өз руыңды білмеу, оны танымау – қазақтықтан бас тарту, қазақ болмау деген сөз.

Құдайдың құдіреті демеске, лажың жоқ! Неге дейсіз бе? Ғасырлар бойы үстем идеологияның илеуінде болған рулық институт, әр қазақтың өз руын білуі, оны мойындауы, соның арқасында жеті атаға дейін қыз алыспау, құдандалы болмау ғұрпы, аталған мәселеге қатысты басқа да игіліктер халық санасында сақталып, ел жадынан өшкен жоқ. Халқымызбен бірге жасасып келеді. Бұл әуелі Құдай, одан кейін ұлтымыздың ұлылығының белгісі. «Суға салса батпайтын, отқа салса күймейтін», қазаққа қан тамырындай жақын әлгі рулық институттың беріктігін білдірсе керек. Бұл өз кезегінде рулық институтты қазаққа Тәңірдің өзі ажырамастай етіп еншілеп бергенін көрсетеді. Десек те, Құдайдан берілген қандай игілік болса да оны күтіп ұстау, нығмет деп бағалау, қорғау, орнымен қолдану аса маңызды. Әйтпесе, сырт дұшпанның ұзақ жылдарғы тоқтаусыз кесірлі әрекеті бір нүктеге тұрақты түрде таматын тамшының тас жаратыны секілді рулық институтымызды жойып жібере алмаса да біршама іргесін шайқалтып, берекесін қашырды. Алайда, тәуелсіздік алғаннан кейін бұл салаға жан кіргендей, осы бағыттағы «өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей» болып бір серпіліп қалдық. Келмеске кеткен кеңкелес кеңестік жүйеден құтылдық, енді бәрі керемет болады деп марқайып арқаны кеңге салдық. Бірақ олай болмай шықты.

Өз руын білмейтін жастар көп

Кеңестік заманда қағажу көріп, қызыл идеологияның жұдырығын иіскесе де өлермендікпен өміршеңдігін көрсеткен рулық институтымыз тәуелсіздік жылдарында өз бағасын алып, мемлекеттік деңгейде бағалы қазына ретінде қарастырылып, аталған салаға айырықша көңіл бөліне ме десек, керісінше болып тұр.

Бүгінде өз руын білмейтін жастар қаптап өсіп келеді. Ұлтын білсе де ары қарай сұрасаң жақ аша алмайды. Мұнысына қысылмайды да. Кейбіреулері ұлтын, жүзін, негізгі бас руын білгенімен өзіне қыз алысуына рұқсат бермейтін руын білмейді, ол туралы хабары жоқ. Неге олай десең, ата-анасы ештеңе айтпаған. Ол несін айтсын, өзі білмесе. Міне, дәл осындай жастардан ертең табиғаттың өз реттеп берген рулық қатынастар қағидалары бұзылады, жеті атадан аспай қыз алыспау принципі өз мәнін жоғалта бастайды. Ал егер бұл жағдай қатты белең алып кетсе, рулық институтты сақтап қалу мүмкін болмайды, мұның соңында қазақтың талайлы тағдыры тұр.

Тақырыпты тарқата айтар болсақ, бүгінде табиғаттың өзі тудырған қазақы рулық институт жаһандану, сыртқы рухани агрессия, осы агрессияның құрбанына айналғандар, ұлттық болмыс-бітімінен ажыраңқырап қалғандар тарапынан үлкен соққылар алуда, зиян шегуде. Мұны тіпті дабыл қағарлық жағдайға жетті десек те болады. Кешегі интернационалистер мен ұлттық менталитетінен ажырағандардың бүгінгі ұрпақтары және батыстық жасық құндылықтарға жүгініп-табынған желкілдектердің рулық институтымыздың бар-жоғына мән бермеуі, өзінің «даңғыл жолымен» кетіп бара жатқаны ойлантуы тиіс. Бұлар да қазақ. Бұлар да қазақтың басты құндылықтарын тұтынып, оны қорғауы керек. Бірақ, жағдай басқа. Бәрінен де кеңес заманында интернационалистер мен ұлттық менталитетінен ажырағандардың бүгінгі ұрпақтарын айтпағанда, қолымызда өскен, қазақы танымға жақын жүріп жетілген қаракөздеріміздің өзінен ел аман, жұрт тынышта, талтүсте «көз жазып» қалып отырғанымыз, яғни, олардың да рулық қатынасымызға қатысты пікірлері сұйылып бара жатқаны өкінішті. Осынау зиянды үрдіс бүгінгі қоғамда анық байқалып тұр. Бұл ары қарай ұлғая берсе, рулық институтымыз күйреп қалуы әбден мүмкін. «Әлем азаматы» болуға құмартқан толқын қаптап өсіп келе жатқан қазіргі кезде мұны шын қауіп демеске лажың жоқ. Оның үстіне әлемдік ақыл-ойдың алып алаңында ұлттық мемлекеттердің келешекте өмір сүруі неғайбыл екені болжанып, солай болуын шын тілеп жүрген, мұны өркениеттің ірі жетістіктері санауға дайын жұрттың қарасы қалыңдай түскен бүгінде қазақтың өз тілі мен дінінен бөлек, ділінің де, соның өзегіндегі рулық институтын да қорғап, болашаққа қалпын бұзбай жеткізуі нақты орындалуы тиіс үлкен міндет болуға тиіс. Өйткені, бұл ата-баба аманаты, мұрасы.

Табиғи қатаң принциптер бұзыла бастады

Тағы бір айта кетер жайт, бүгінде ата-бабаларымыздың рулық қатынастарға, рулық институтқа қатысты қатаң принциптері бұзыла бастады. Бұл – осынау қазынамызды желге ұшырудың, бүлдірудің негізгі көздерінің бірі. Салаға қатысты табиғаттың өзі бекітіп берген, бабаларымыз ұстанған қатаң қағидаттарға жүрдім-бардым қарау үрдісі, тіпті, қазақы орта саналатын ауылдарда да аңғарылады.

Тағы бір айта кетер жайт, бүгінде некесіз бала туу ұят болудан қалды, ол ұят болу бұлай тұрсын, қымсынбастан алыс-жақыннан сүйінші сұрай беретін жағдайға жеттік. Мұндай жағымсыз ахуал барлық өңірде бар. Міне, дәл осыдан келіп рулық институттың ішкі мәселелері шиеленісе түседі: руын білмейтін не нағашы жұртының руын еншілеген топ пайда болады. Бұл – рулық институттың көзге көрінбес ішкі байланыстары мен дәстүрлерін бұзатын руынан жаңылған жұрт. Мұны біздің рулық институтымызға жылдар бойы жасалып келе жатқан қысастықтардың жойқын әрі аса қауіпті жаңа түрі деп айтуға болады. Оны тоқтату мүмкін бе? Өте қиын. Өйткені, некесіз туған қазақтың қалың легін қайда апарып жасырасың, қайтіп қан араластырмайсың, қайда апарып бөлек қондырасың? Бұған лайықты жауап беру үшін қалыптасқан жағымсыз үрдіске амалсыз мойынсұну, көндігуден арылып, оған қазақ қоғамы болып төзбестік танытып, мемлекеттік тұрғыда реттеу жағын ойластыру қажет. Егер бұлай болмаса, саладағы қауіп-қатер соңымыздан қалмайды. Ол ақыры дегеніне жетпей тынбауы да мүмкін.

Некесіз туған балаларды қазақ «көрдемше», «шата» деген. Дұрысы – қазақтың бұрынғы қоғамында оларды нақ осылай атаған. Ал бүгінгі заман, демократия талаптары оларды дәл осылай атауға рұқсат бермейді, яғни тең атаның ұлындай арамызда жүре береді. Түсін түстеп біле алмайсың. Сондықтан осы белгісіздік, оның жаңылыс руы аталған қазынамызды бүлдіреді. Бір ұлттың өкілдерінен некесіз туған бала – көрдемше, ал некелі не некесіз туғанына қарамастан, екі ұлттың өкілінің қосылуынан пайда болған нәресте – шата деп аталады. Соңғысын атам қазақ шежірені шатастырғанына қатысты «шата» деген. Алайда, шата сияқты көрдемше де шежірені жаңылыстырады.

Шыққан тегі бұлыңғыр немесе белгісіз адамдардың ұрпағы кесірінен дәстүрлі шежіре шатасатыны және жамағатқа жеті атадан аспай қыз алысуға, құдандалы болуға тыйым салатын, яғни, ұлт қанының таза сақталуына тікелей әсер ететін жөн-жосығына нұқсан келетіні бабаларымызды қатты алаңдатқан. Біз де осы салаға қатысты алаңдап, нақты шаралар қабылдағанымыз жөн. Өйткені, қоғамымызда рулық қатынасымызға нұқсан келтіріп, рулық институтымыздың жойылуына тікелей әсер ететін күштер пайда болып, оның ұсқынсыз нобайы сомдалуда. Бұл күштер қаны қазақ болғанымен жаны жаттанғандар, көрдемше-шаталар есебінен пайда болуда. Басқасын айтпағанда, көрдемшелердің көптігінің өзі көңілді қобалжытады. Бұдан қауіп етпей болмайды. Қараңыз. Соңғы кездерде халқымыздың санында некесіз туған балалардың үлесі әжептәуір. Деректер бойынша, қазіргі таңда елімізде дүние есігін ашатын бес баланың бірі некесіз туатын көрінеді. 1999 жылы 51 900, 2004 жылы 68 000, 2009 жылы 75 400 бала некесіз туыпты. Бұл жағымсыз көрініс кейінгі жылдарда да өз «келбетін» сақтап отыр. Жыл сайын елде 60 мыңнан астам сәби «әкесіз» өмірге келеді. Бұлардың барлығы да әкесіз балалар мен тастандыларға жатады. Ал бұлар өз руын қалай ажыратады? Бәрі болмаса да бір бөлігі руын адастыратыны сөзсіз. Міне, бұл да мәселенің үлкен төркіні. Ал осынау жағымсыз үрдіске қоғамымызда шалыс басқандар, жасы келгенде қараусыз қалудан қорқатын кәрі қыздар, «перзентті балалар», ұлтымыздың таза қанын бүлдірер, тегі белгісіз, өңі өзгеше шаталардың «белгілі-белгісіз» әкелері болып шыға келетін гастербайтерлер азаймай тұрғанда, оның үстіне медициналық жолмен ұрықтандыру әдісі, ер адамның шауһатын сату бизнесі пайда болған қазіргі кезеңде тоқтам салу мүмкін бе? Әрине, қиын. Дегенмен оны тоқтату мүмкін емес деп қол қусырып қарап отыруға әсте болмайды. Сол үшін тегін, қанын нақтылауды міндеттейтін заң, құқықтық норма қажет секілді.

Осы арада дәрігерлік жолмен ұрықтандыру мәселесін заңмен реттеуге әбден болады деп ойлаймыз. Өйткені жағдай дәрігерлердің бақылауында жүзеге асырылады. Ол қандай мәселе дегенге келсек, еркектен бір рет алынған шауһат 100-ге тарта әйелдің бала көтеруіне жететін көрінеді. Бұл осынша әйелдің бір аталықтың ұрығынан бала тууына мүмкіндік береді. Ал осылардың ішінен кейбіреулері отбасылық жұп құрай қалса, не болмақ? Әкесі бір, туған бауырлар ерлі-зайыпты ғұмыр кеше бере ме?.. Бұл ата жолына, шариғатқа мүлде қайшы. Иә, ананы медициналық жолмен ұрықтандыру ісін дініміз қолдайтын тұстар да бар. Ол үшін әйел мен ұрық иесі некелі жұп болуы шарт. Дұрыс-ақ. Бірақ осы шарт орындала бере ме? Сондықтан осы шарт заңмен бекітілуі қажет.

Кезінде Шортанбай ақын:

«Арам сідік болған соң,

Атасы бермес батасын.

Қазы, болыс қойыпты,

Некесіз туған шатасын...», деп жырлаған. Осындайда «Жеті атасын білмеген – жетесіз», «Ақырзаман боларда көрдемше көбейеді» дейтін қазақтың мән-маңызы жоғары ұғымдары санада жаңғырады.

Қалай десек те, жоғарыда сөз болған түрлі келеңсіздіктерден, кесірлі ықпалдардан өзімізге тән рулық институтымызды мемлекеттік тұрғыда қорғауды қолға алатын уақыт жетті. Оны қалай қорғаймыз, осы бағытта не істейміз деген сұраққа ел болып ақылдасқан жөн.

Иә, біз айтып отырған мәселеге қарсы пікірлер де айтылмай қалуы мүмкін емес. Біз білетініміздей, рулық институтты қорғауға қарсы пікірлер ел бірлігіне нұқсан келтіреді деген, сайлау және осы іспеттес басқа да науқандар кезінде ауылдас ағайынның арасына жік түсіретіні жөніндегі ойларға негізделген. Бұған айтарымыз бар. Қазір ХХІ ғасыр. Қазақ уақыт талабына сай не істеу керек екенін білетін көзі ашық ұлт. Әкім сайларда, қызметке не кез келген жұмысқа аларда бүгінгі халық не жеке адам руласыма болсын, ағайыныма болсын деп емес, жұмыс істей білетін алымды адамға таңдау жасайды. Бұл уақыт талабынан туындаған үрдіс. Осынау үрдіс «жұмыс істеп» тұрғанда ру түгілі ұлтқа да қарамайтын кезең келді. Кері әсерін тигізетін рушылдыққа бөліну үрдісінің күні өтті. Оның үстіне заң талаптары да сайлауларда, қызметке тұрғызу, жұмысқа орналастыру сынды мәселелерде бұра тартуға, жақыныңа бүйрегіңді орынсыз бұруға жол бере қоймайтын уақыт төбе көрсетуде.

Әрине, ру тақырыбына қатысты таптаурын жағымсыз көзқарас сіресіп тұр. Оны бұзу оңай да болмас. Дегенмен ойланып, нақты әрекеттерге баруымыз керек.

Шежіре жазу дәстүрі – баба жолы

Тағы бір ерекше тоқтала кететін жайт – шежіре мәселесі. Қазақ халқы және оның рулық құрылысы жөнінде сөз қозғағанда бұл тақырыптан айналып өту мүмкін емес. Бұған қысқаша тоқтала өтер болсақ, қазақ руларының ауызша және өте сирек болса да хатқа түсірілген шежіресін зерттеу-зерделеу, ғылыми айналымға ендіру маңызды. Сондай-ақ әрбір рудың шежіресін жүргізуді қолға алу қажет. Кезінде рулардың шежіресін атқарушы биліктің бір деңгейі саналған ақсақалдар институты, яғни, ру басылары, үлкендері саналы әрі ерікті түрде жүргізіп отырған (табиғи қажеттілік екенін бабаларымыз терең түсінсе керек). Бұл игі үрдіс кеңес заманында тоқтап қалғандай болды. Шежіренің небір білгірлері қуғындалды, асылып, атылып кетті. Отты жылдардан аман өткендері және басқа да жекелеген тұлғалар шежіре жүргізу ісін ата-бабасының аманаты ретінде қарап, өз руларының шежіресін жазуды жалғастыра берді. Бірақ бұлар өте сирек еді, сондықтан шежіре жазуда қазақ рулары түгел қамтылмады. Демек, бұрыннан келе жатқан дәстүрлі шежіре жүлгесі үзіліп қалды. Үзіліп қана қалған жоқ, шежіре жазу міндеті санадан ысырылды. Рас, тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап жекелеген тұлғалардың бастамаларымен шежіре жүргізу ісі қолға алынғанымен ол жаппай халықтық сипатта іске асырыла қоймады. Бұл шежіре жазу міндетінің санадан ысырылып қалғанының зардабы. Жекелеген тұлғалардың шежіре жазу бастамасы олардың өз руларының шежіресін түгендеу аумағынан аса алмады. Сөйтіп, қазақта қанша ру болса, жазылуы тиіс сонша шежіре баяғы үзілген тұсына жалғанбай тұр.

Рас, жекелеген рулар өз шежірелерін түгендеп, оны кітап етіп басып жатыр. Бірақ бұл істе жүйесіздік басым. Жүйелі іс жоқ жерде қателік болмай тұрмайды. Осы орайда қазақ руларының шежіресін түгелдеу, бұрынғы жүлгесімен жалғау мәселесін қолға алып, осынау іргелі істің маңыздылығын қазақтың санасына сіңіру қажет. Сонда ата-бабаларымыздан қалған мирас – шежіре жазу міндеті санада қайта жаңғырып, осылайша құрдымға кеткелі тұрған асыл құндылығымыздың бірін қайта жандандыруға оң қадам жасалар еді.

Енді, осы мәселеде не істемек керек? Ілгеріде рулар шежіресін жүргізу міндетін орындаған, жергілікті басқару буыны саналған ақсақалдар институтының міндетін өзіне алған бүгінгі атқарушы билік ресми түрде азаматтық қоғаммен үнқатыса отырып, қазақ руларының шежіресін түгендеу жұмысын қолға алуы керек. Сонда салада жүйелі жұмыс болады. Әрі тарт та, бері тарт тоқтайды. Бұл арада қазақ руларының шежіресін цифрландырып, оны үкіметтік egov.kz сынды порталдарда орналастырса, осындай алаңдар арқылы қазақ руларының шежіресі сапалы әрі заманауи форматта жүргізуге қол жеткізер едік. Бұл жерде порталға жаңа туған қазақ сәбиді тіркер кезде оның есімін өз руының шежіресіне енгізу талабы да ескерілуге тиіс.

Шежіре – қазақтың табиғи паспорты. Әр қазақтың осындай паспорты болса, рулық институт ешқашан зиян шекпейді, қазақпен бірге жасай береді.

Жолдыбай БАЗАР,

Журналист