«Астана Опера» оныншы мерейтойлық маусымын ғаламат симфониялық концертпен аяқтайды
13.07.2023 3960

16 шілдеде «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында оныншы мерейтойлық маусымның ауқымды жабылуы өтеді. Көпшіліктің назарына «Астана Опера» театрының бас дирижері, әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаевтың бағдарламасы ұсынылады. Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың «Құрманғазы» операсынан сюитаның премьерасы, сондай-ақ Антонин Дворжак пен Густав Малердің туындылары кештің сәнін келтіреді. 


«Астана Опера» театрының Симфониялық оркестрі ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен тыңдармандарға нағыз асқақ өнер мерекесін тарту етеді. Бұл кеште есімі бүкіл әлемге мәшһүр болған атақты виолончельші Цзин Чжао Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетпекші. Мерейтойлық маусымның және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтіп жатқан «Опералия» халықаралық фестивалінің жабылуында танымал музыканттар біртуар композиторлардың туындыларын ұсынады. 

– Кешімізді Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың «Құрманғазы» операсынан Симфониялық сюитаның премьерасымен бастаймыз. Осылайша, біз өзіміздің ұлттық өнерімізді қолдау – «Астана Опера» қызметінің басты бағыттарының бірі екенін атап көрсетеміз. Ахмет Қуанұлы Құрманғазы туралы опера жазуды армандаған, бірақ үлгермеген. Ол өмірден өткен соң бұл туындыны оның қызы Ғазиза Ахметқызы аяқтады. Мен сюитаның концерттік нұсқасына осынау қуатты операдан бірнеше жарқын симфониялық үзіндіні таңдап алдым. Ғазиза Ахметқызының аспаптауы көркем, оркестрдің соқпалы бөлігі кеңейтілген. Том-том, бонго, маракас, қоңыраулар, вибрафон, ксилофон және басқа да соқпалы аспаптар «Құрманғазыны» оркестрге лайықтауда айрықша колорит қосады. Одан кейін біз атақты, керемет виолончельші Цзин Чжаомен бірге Антонин Дворжактың жауһары – Виолончельге арналған концертін орындаймыз. Бұрын біз онымен Жапонияда жұмыс істедік, оның Астанада өнер көрсетуге шақыруымды қабыл алғанына өте қуаныштымын. Ал концерт пен театрдың мерейтойлық маусымын Малердің «Титан» атты ғаламат бірінші симфониясымен аяқтаймыз. Осында енді жұмыс істей бастағанымда, өзіме бірден: «Астана Опера» оркестрімен Густав Малердің барлық симфониясын орындаймын» деп өр мақсат қойған едім. Густав Малер – 19 ғасырдың соңындағы және 20 ғасырдың басындағы ең ірі композиторлардың бірі. Оның симфонияларын орындау – әрдайым үлкен оқиға. Оның симфонияларының түгелге жуығы оркестрдің үлкен құрамына арнап жазылған, ал оларды орындау музыканттардан асқан шеберлікті талап етеді деп айтуға болады. Бұған дейін біз оның Екінші, Бесінші және Сегізінші симфониясын орындаған болатынбыз. Осыдан кейін барлығы неден басталғанын білу үшін оның басқаларға ұқсамайтын Бірінші симфониясын орындауымыз заңдылық. Оркестрімізбен бірге Малердің барлық симфониялар топтамасының ортасына жақындап қалғанымызды сезіну біз үшін үлкен қуаныш болмақ, – деді Алан Бөрібаев кеш туралы егжей-тегжейлі айта келіп. 

Өз кезегінде Цзин Чжао театр үшін айтулы оқиға қарсаңында өзінің әсерлерімен және естеліктерімен бөлісті. 

– Мен маэстро Алан Бөрібаевпен 2016 жылы Жапонияда таныстым. Маған: «Сен осы маэстромен міндетті түрде ойнауың керек. Ол тамаша дирижер» деп барлығы айтатын,  бақытыма орай біз бірге жұмыс істедік. Мен онымен бірге Макс Брухтың Kol Nidrei оркестр мен виолончельге арналған пьесасын және П.Чайковскийдің «Рококо» тақырыбындағы оркестр мен виолончельге арналған вариацияларын орындадым. Дайындықтардан үлкен әсер алдым. Әсіресе, маэстроның зеректігі таңғалдырды, ол солистің нені қалайтынын бірден сезеді екен, біз бір-бірімізді сөзсіз түсініп отырдық. Оркестрге не қажет екенін айту үшін ол бірден іске кіріседі. Оның әрбір музыканттан музыканы «суырып шығаратын» құдіреті және күші бар. Осыдан кейін, әрине, оркестрдің шығарған үні барған сайын жақсара берді, – деп атап өтті аспапшы. 

Ал Цзин Чжаоның өзінің нәзік саздылығы мен дәулескерлігі бар, ол өзін халықаралық деңгейде өз қатарластарының ішіндегі ең жан-жақты виолончельшілердің бірі ретінде танытты. Ол музыкалық білім алуды Қытай мен Жапонияда бастаған. Маэстро Сэйдзи Одзавадан зор қолдау көрген ол кейін оқуын Берлин филармониялық оркестрі жанындағы Караян академиясында жалғастырған. Гастрольдер географиясының кеңдігіне қарамастан, Цзин Чжао «Астана Опера» сахнасында алғаш рет өнер көрсеткелі жатыр. 

– А.Дворжактың Оркестр мен виолончельге арналған концерті, си минор – әлемдегі барлық виолончельшілер үшін ең айтулы концерттердің бірі. Мен үшін бұл туынды симфония, оркестр партиясы – теңіз, ал виолончельдің жеке партиясы теңіздегі қайық тәрізді немесе оларды ғалам мен жұлдызға ұқсатамын. Концерт оркестрге керемет лайықталған. А.Дворжактың виолончельге арналған концертіндегі секілді дәл мұндай оркестрлік өңдеумен виолончельге арналған басқа бірде-бір концерт жоқ. Аталған туындыда барлығы бар. Бұл ғаламат, көркем, терең мағыналы және эмоционалды шығарма. Виолончельдің партиясы осынау аспаптың мүмкіндіктерін мейлінше аша түседі. Бұл композиция шебер құрылған. Осы туындыны орындаған сайын солистің мүмкіндігі сыналады, – деп қорытындылады Цзин Чжао. 

Концерттің басталуы 18:00-де.